Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Киіз үйде отыру тәртібі

3345
Киіз үйде отыру тәртібі - e-history.kz
Киіз үй ішінде отырған адамдардың отырысындағы семантика мәселелері көп зерттелмеген, осыған байланысты этикеттік нормалар жиі кездеседі.

Бұл этикет кешенінің тұтастай зерттелуіне жан-жақты тоқталмай-ақ, оның кейбір маңызды тұстарына көңіл аударайық.
Қазақтарда отырудың төмендегідей тыйым салынған түрлері бар:
-Сүйеніп, тіреліп отыруға болмайды — бұл ауру адамның отырысы.
-Таянып отыруға болмайды:
а) жерді таяну -бұл жақын адамның өлімін білдіретін қайғы-қасірет белгісі. Жер таянды деген сөз қатты қайғыруды, жылауды білдіреді. «Артыңа таянба» деген қатаң тыйым бар;
ә) белді таянбау; егер ер адам белін таянып отырса, күшінің кеткенінің белгісі.

Сондай-ақ бұл марқұмды жоқтаушы әйелдердің отырысан ұқсайды. Н. И. Гродеков былай жазған: «…жесір әйелдердің бәрі жоқтау айта алмайды. Сондықтан жерлеуге арнайы жоқтаушыларды шақырады. Жоқтаушы қос қолымен бүйірін таянып алып, алдыға қарай еңкейіп отырады " [1]. Бұл тыйым «бүйіріңді таянба» деген тыйымға ұқсас. Егер әйел осылай отырса, оған: «Бүйіріңді таянба, кімді жоқтап отырсың?" дейтін болған.
-Жағын таянуға, маңдайды тіреуге-де тыйым салынады (былай отыру да уайым-қайғының белгісі).
Қолын төбесіне қойып немесе желкесіне қойып отыруға болмайды -«қолыңды төбеге көтерме, қолыңды тарақтама, қолынды қусарма, әйтпесе Құдай қолыңды байлағаны» дейді.
Тізені құшақтап немесе қолдарын айқастыра, тізені тартып отыруға болмайды.«Тізеңді құшақтама, керме».
Жұртқа қарап керілуге болмайды. Киіз үйде жастардың жамбастап жатуына болмайды (бұл егде адамдардың жатысы); жатып ішуге болмайды, бұл ауру адамның жатысы.
Аяғын созып отыруға болмайды — көсіліп жату, мұндайда «ит аяғын созады» дейді. Мұндай жатыс кішкентай балаларға ғана жарасады [2].

Киіз үйдің ішінде жүрелеп отыруға болмайды. Бұлай отыру ерлерге ғана тән деп саналады. Қазақта бұл адамның аз уақытқа келгенін, асығыс екенін білдіреді. Әдетте былай отырған адамға: «Жөндеп отырсаңшы, асығып барасың ба? Қойың кетіп бара ма?» деген. Қазақтардың бұлай отыруға деген көзқарасы туварлықтардағы «егер жүрелеп отырсаң, кедей болып қаласың. Кедейлер, қаңғыбастар, отбасы да, малы, мүлкі-де жоқтар осылай отырған. Егер осылай отырсаң, пәлеге жолығасың жаман болады» дейтін ұғымға ұқсас.

Қазақта ер адамның дұрыс отыруы «малдас құру»; күйеуі бар әйел, бәйбіше — ошаққа қарап, оң аяғын астына басып, сол аяғының тізесін бүгіп отырады. Ерлер тамақ таратуға көмектескен кезде (қымыз, шай, т.б. құю) осы әдіспен отырады, бірақ олар қарама-қарсы, ерлерге арналған жақта отыратындықтан астына басатын аяғы және бүгетін тізесі әйелдіктеріне керісінше болады. Бұл моңғолдардағы: «көтеріңкі аяқтың тізесі…міндетті түрде есікке қаратылуы тиіс. Сондықтан әйелдер әдетте оң аяғына отырып, сол жақ тізесін алдына қойған, ал ерлер керісінше сол аяғына отырып, оң тізесін алдына қойған» деген ұғымға келетін сияқты [3].
Қазақта әйелдің отырысы мынадай болған: бір қырындап, аяғын астына басып отырады; аяғының басын көйлегінің етегі жауып тұруы тиіс.

Халық дәстүрі киіз үйге байланысты барынша қатаң этикеттік талаптарды қалыптастырған. Қазақта салт атты адам киіз үйге артқы жағынан келуі керек. «Киіз үйдің артынан келмей, алдынан орап өту әдепсіздік саналады… Киіз үйдің артына келіп тоқтап, атты сол жерге байлап, содан кейін үй иелерін: „Сөйлес! Адам бар ба?“ деп шақырған». Осыған ұқсас «ер алдынан өтпеу» деген тыйым бар, ердің жолын кессе, сәтсіздікке ұшырайды. Бұл тыйым «алдыңғы жақ -артқы жақты» қарама-қарсы қою семантикасына, сондай-ақ киіз үйдің антропозооморфтылығы туралы түсініктерге байланысты сияқты.

Киіз үйге есік жақтан келуге тыйым салудың маңыздылығы соншалық, қазақтардың әдеттегі құқық ережесінде бекітілген: «Егер киіз үйдің алдына байланған ат баланы теуіп жіберсе…оның өліміне толық құн төленеді. Егер ат үйдің артында тұрғанда тепсе, сол жерге барған баланың өзі кінәлі болады. Егер жылқы сол жерде теуіп өлтірсе, тек қана жылқының құны алынады, ал иесінің кінәсін ауырлататын жағдайларда құнның жартысы төленеді» [3].

Қазақтарда киіз үйге қолына қамшы ұстап кіру жөнсіз саналған; бұрынғы заманда «…егер сұлтанның киіз үйіне білегіне қамшы ілген біреу кірсе… сұлтан кінәлі адамның атын тартып алуға бұйрық бере алады. Киіз үйге қамшымен кіруге тыйым салу тувалар мен моңғолдарда да бар. Қамшы атқа мінгенде ғана пайдаланып қоймай, көшпелі адамның қару-жарығы да болған. Оны киіз үйге алып кіруге тыйым салу пышақты белдіктен, ағытып алу және мылтықты сыртта қалдыру ұғымдарымен қатар айтылады. Бұл әрекеттер келген қонақтың дұшпандық ниеті жоқ екенін білдіретін болса керек.
Киіз үйге бірдеңені шайнап, жеп кіруге болмайды: «киіз үйге тамақ жеп кірген жақсы емес, керісінше тамақ жеп шыққан жақсы»; «досыңңын асын қасыңдай іш, қасыңа барарда қанып іш»[4]. Егер үй иесі біреудің тамақ шайнап үйге кіріп келе жатқанын байқаса, қайткен күнде тамақ ауыз тиюі тиіс.
Осылайша, киіз үй көшпелілер баспанасының ежелгі түрлерінің бірі ретінде, күрделі дүниетанымдық кешенге ие. Киіз үйдің салыстырмалы түрде шағын көлемі адамның туыстық және ерекшелік жүйесіндегі орнына, жасына, жынысына байланысты нақты бөлінген. Адамның өмірі киіз үйдің оң жағынан басталып, оң жағынан аяқталған, яғни тіршілік шеңбері тұйықталған.

Киіз үйдің негізгі семантикалық міндеті оны мекендеушілердің денсаулығын, өсіп-өнуін, берекесін қамтамасыз ету болған. Әрбір киіз үйде «құт» — үйдің берекесін сақтаушы болған, үйге кірген әрбір адам құтқа байланысты салтанатты сөздермен сәлемдескен, ал киіз үйден шығарда «Жолыңыз құтты болсын!» деген тілекті естіп аттанған.

1. Гродеков Н. И. Киргизы и каракиргизы Сыр-Дарьинской области. Юридический быт. — Ташкент, 1989. — Т. 1. — 66 б.; Кенесбаев С. Фразеологический словарь казахского языка. — А.-А., 1997. — 258б.
2. Потапов Л. П. Древний обычай, отражающий первобытно-общинный быт кочевников // Тюркологический сборник АН СССР. 1955. — № 1. — 175 б.
3. Гродеков Н. И. Киргизы и каракиргизы Сыр-Дарьинской области. Юридический быт. — Ташкент, 1989. — Т. 1. — 6б.6; Кенесбаев С. Фразеологический словарь казахского языка. — А.-А., 1997. — 249б.
4. Валиханов Ч. Ч. Следы шаманства у киргизов // Собр. соч. в 5 том. — Алма-Ата, 1961. — Т. 1.

Мақала п.ғ.д., профессор А.Қалыбекова «Қазақ халық тәрбиесінің асыл мұрасы» кітабынан алынды, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптама кеңесінің ұсынысымен жарияланды, 2011 жылы.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?