Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Көкшетау көнеліктері: құрбаншалғыштар

2473
Көкшетау көнеліктері: құрбаншалғыштар  - e-history.kz
Бұл тастардың ерекшелігі сонда, олардың таралу аймағының тек Қазақстанның солтүстігі және Ресейдің Орал Тауларындағы ормандыдаладан бастан Туваға дейінгі аумақты қамтиды

Адамзаттың даму тарихы жолында тастың рөлі өте жоғары болғаны археологиялық зерттеулерден белгілі. Алғашқы адамдар тастан адамдар қарапайым еңбек құралдарын, кейінгі кезеңдерде қарулар, ыдыстар, мүсіндер дайындаудан тамаша жетістіктерге жетті. Тас қашау өнері дамыды. Сақ, Түрік кезеңінде тас жазу тақтасына айналып әлемдегі құнды тарихи-мұраға айналды. 

Олардың ішінде сирек археологиялық олжалар да кездеседі. Солардың қатарына құрбаншалғыш тастар жатады. Бұл тастардың ерекшелігі сонда, олардың таралу аймағының тек Қазақстанның солтүстігі және Ресейдің Орал Тауларындағы ормандыдаладан бастан Туваға дейінгі аумақты қамтиды. Кейбір даналары осы аумақтан алыс Кавказ сырты, Иран, Солтүстік-Шығыс Каспий маңынан да табылған. Қазіргі кезде бұл тастардың 40 жуығы белгілі. Қазақстан бойынша 10 шақты данасын ғана кездестіруге болады. Солардың ішіндегі төртеуі Ақмола облысынан, ал басқалары Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Жамбыл, Маңғыстау облыстарынан табылған. Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музейдегі екі плитка Ресейдің Орынбор (Орынбор Қазақстанның тұңғыш астанасы болған) облысынан [1]. 

Зооморфтық плиткаларды фин тарихшысы, археолог Арне Михаэль Тальгрен тұңғыш рет зерттесе, ал топтастыруды ХХ ғ. 40-ыншы жылдардың соңында Павел Александрович Дмитриев ұсынған, кейін Наталья Петровна Матвеева талдап зерттеген (Дмитриев 1948, Матвеева 1986). Тальгрен плиталарды қола ғасырына, Дмитриев ерте темір дәуіріне жатқызды. Кейінгі зерттеушілер біреулері біріншісіне, немесе көпшілігі екінші көзқараста.

Зерттеушілер олжаларды стилдік дәрежелері бойынша – шынайы, сипаттау, нобайлау деп аталатын үш топқа бөліп қарастырады. 

«Шынайы» деп аталатын топқа геометризм тән. Койдың басы призмаға ұқсас, шығыңқы қырында көзі, мұрыны, ерні орналасқан. 

«Сипаттау» тобының үлгісі әсем, жоғарғы дәрежеде ортақтастырылу тән, барлық деталдардан тек жануардың мүйізі ғана көрсетілген. Келесі «нобайлау» тобына жануардың бет-пішіні айқындалмаған, үлгісі ғана берілген. 

Бөлу шартты түрде болғандықтан шынайы плиткаларда сипаттаудың элементтері және сипаттау мен нобайлау топтарында шынайы элементтер кездесіп жатады [2]. 

Құрбаншалғыш плиткаларды топтастырған кейінгі зерттеушілердің бірі Ольга Ченченкова, оған Қазақстан плиткалары да кірген. Кейінгі кезде олжалар саны өсуде, солардың қатарына 2012ж. Алматы облысы Қарасай ауданы Ұзынағаш ауылынан келсаппен бірге табылған жаңа олжаны айтуға болады. Ол қазір Астана қ. Түрік академиясында сақтаулы [3].  

8a8caec8029dd6417e13ae1c97b1a1a5.jpg

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі қойдың басын бейнелейтін тастар әр жылдары, әр түрлі жағдайға табылған. Алғашқы құрбаншалғыш тасты музейге 1928 жылы Бурабай (бұрынғы Щучье) ауданының жергілікті тұрғыны өткізіпті, ол 1951 ж. 29 наурыздағы қайта жазылған №18 (96) актіде көрсетілген. Сонымен қатар, музей қорында сақтаулы өлкетанушы С.Я. Комраковтың №3 «Археология» дәптерінде бұл бұйымның Бурабай көлінің жанынан табылғаны жазылыпт. Нақты табылған жері белгісіз [4]. 

Ашық қоңыр түсті ұсақ құмды тастан қашалған. Ұзындығы 35 см, ені 26 см, биіктігі 6,5 см келетін бұйым бұрыштары дөңгеленген жалпақ паралелепипедке жақын. Жоғарғы және төменгі беттері тегіс, бүйір жақтары тік. Қойдың басы пликаның төменгі жағынан көтерілген. Мұрын тұсы жұмсақ ойылған. Аузы және танауы көтеріңкі бедерленген. Қойдың мүйізі плитаның жоғарғы жағындағы ортаңғы шекарасынан дөңесті сызықпен көрсетілген, ал төменгі жақтағы алдыңғы жағы бедерлі сызықпен ойылған. Екі мүйіз ортасында шыңы мүйіздердің түбіне қараған әлсіз бедерленген үшбұрыш орналасқан [5]. 

Музейдегі екінші плитка тас Зеренді ауданы Кеңөткел ауылы маңынан 1985 жылы кездейсоқ табылған. 1995 жылы ауыл тұрғыны оны сол жерді зерттеуге барған археологтар арқылы музейге өткізді.

Плита тас кара-қошқыл түсі, көптеген сызаттар мен бұдырларден тұрады. Сызат асты ақ түсті, сондықтан мүсін тас толық боялған болуы мүмкін дейді ғалымдар. Ұзындығы 32,0 см, ені 26,5 см, биіктігі 7 см. Қойдың мүйізі мен бетінде тасты өңдеудің іздері сақталған. Төменгі жағында тереңдігі 1 см дейін жететін үш жолақ бар. 

Плитка дөңгелек-тамшы тәрізді. Қабырға сыртында белдеулі екі жолақ бар. Жоғарғы сыртының ортасында диаметрі 10 см, тереңдігі 0,2 см дөңгелек білінер-білінбес ойық бар. Қойдың басы аздап көтерілген. Плитаның төменгі жазығы басына жеткенде жартылай дөңгеленіп көтерілген. Қойдың беті төмен қарай бейнеленген, қырынан қарағанда дөңмұрынды. Көзі, аузы, танауы айқын берілген. Бедерлі сызықпен ойылған мүйізі, шекесінің жанынан басталып алдыңғы жаққа дейін түсіп тұр [6]. 

99a555c51906e822fdbf5fb277c0f6f0.jpg

Осы қарастырып отырған плита тастар «шынайы» үлгідегі топқа жатады. Көне заманның тас қашаушы бәдізшілері қойдың бет-бейнесін асқан шеберліккпен бере білген. Бірі кеші өрістен келіп кең тыныс алып тұрғандай болса, екіншісі моп-момақан күйде жаздың ыстық аптабында үйелеп тұрғандай әсер қалдырады. 

Павловка ауылы маңынан 1956 жылы табылған плитка тас қазір Астана қаласындағы ҚР Ұлттық музейі экспозициясында. Ол тастап кеткен әк кені орнынан табылған. Ол жерге жақын қола ғасырының қонысы Павловка (бұрынғы Шағалалы ІІ) және ерте темір дәуірінің қорымдары орналасқан. Ол ашық сұр түсті ұсаққұм тастан дайындалған. Көлемі 24,5х19х6,5 см. 

f1d082acdecf85e3ad5ac80c2d868ec2.jpg

Плитка төртбұрышты үлгіде, жанындағы бұрыштары дөңгеленген. Жоғарғы бетінде диаметрі 10см, тереңдігі 0,2 см білінер-білінбес шұңқыр бар. Қойдың басы сүйірленіп алға қарай шығып тұр. Қойдың мүйізі плитканың жоғарғы жағындағы ортаңғы шекарасындағы дөңесті сызықтан басталып, сонан кейін плитканың дөңбекті жағына шығып, бедерлі сызықпен ойылып ширатылған. Мүйіздерін қосатын ортаңғы сызықта көзін білдіретін екі дөңес орналасқан. Бұл тас плитка «сипаттау» үлгісі тобына кіреді. Мұнда тек мүйізі ғана айқын бейнеленген [7]. 

2003 жылы Зеренді көлінің жағалауындағы «Сұңқар» демалыс аумағынан кездойсоқ табылған плитка тасты О.П.Ченченкова Солтүстік-Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне өткізіпті. Бұл нобайлау үлгісінде жасалған плитка тастардың бірі. Тас кішкене ғана өңделген, өз табиғи пішінін сақтап қалған. Тастың төменгі беті тегіс, алды және артқы жағы кішкене көтерілген. Жоғарғы беті дөңес және алдына және көлденең осіне қарай қиғаш. Нашар өңделгендіктен қойдың басы мен мүйізінің жалпылай нұсқасы берілген [8]. 

Осы өлкедегі ерте темір ғасырының басындағы Кеңөткел Х қонысынан плитка тас бөлшектерінің табылуы, осы аймақта қойды бағалы жануар ретінде тасқа бейнелеу бастау алған шығар деген ой туады. Себебі Кеңөткел Х қонысының егіншілік пен мал шаруашылығынын, сонымен бірге ұсталық өнердің де тұрақты орталығы болғанын табылған археологиялық материалдар дәлелдеді [9]. 

Сонымен, Көкшетау өлкесінде бірнеше тас плиткалар: біреуі Бурабай көлінің жағасынан, қалғандары Қошқарбай шатқалынан табылды. Олардың ішінен алғашқы дайындамалар да, нобайлау, сипаттау және шынай түрлері кездесті. Енді осы бұйымдардың қызметі туралы зерттеушілер не айтады екен? 

c2530c6ecb1e9fd6d4dc5721f16ab9b6.jpg

Культік мағынасы болғанын бәрі мойындайды. Мынадай қызметтерде қолданылуы мүмкін: заттарды және бояуды үгітуге, от алу үшін, қайрақ ретінде, қыш шырақтың тұғыры ретінде, абыздық жиынтықтың қосымша атрибуты ретінде, су құйылғаннан кейін рәсімді айна ретінде, құрбандық малдың етін бөлшектеу үшін. Немесе бірнеше міндетті қатар атқарды. 

Плиткалардың міндеті бояумен байланысты болуы да мүмкін. Барлық плиткаларда қызыл және көк түстердің іздері табылған. Плиткалардағы қызыл бояу бұл рәсімдік символға байланысты – қанның символы болуы керек. Сонымен қатар от пен күннің культіне байланыстырады. Көк түс плиткаға қосымша мағына берген болу керек. Көк түсі аспан символымен байланыстырады. Кейде плиткалардың жоғарғы сыртының ортасында дөңгелек білінер-білінбес ойықтар кездеседі. Оны зерттеушілер арнайы дайындаған болуы мүмкін дейді. Мысалы, шырағдан ретінде пайдаланған ыдысты қоюға ыңғайлы. 

Еуразия кеңістігіне олар қайдан пайда болғаны туралы ғалымдар түрлі пікірлер айтады. Кейбіреулері осындай бұйымдардың нұсқалары б.з.б. IV мыңжылдықта белгілі болған Ираннан шыққан десе, басқалары таралуын, индоирандықтардың жылжуымен байланыстырады. К. Иеттмар Каспий маңының Солтүстік-Шығысынан және Үстірттен табылған плитка тастардың ұқсас екендігін, олардың қатынас жолдары арқылы келгендігін анықтады. Плитка тастардың пайда болуын қой культімен байланыстырады, А.М. Талльгрен жануарлар қолға үйреткен аумақта тууы мүмкін, бұл плиткалар – негізгі шаруашылықтарының табысы үшін адамдардың пайдаланған арнайы тұмарлары деп көрсетті [10]. 

Осындай культ ерте темір дәуіріндегі көшпенділерде айқындалған. Сақтар мифологиясында тұяқтылар бейнесі, соның ішінде қой солярлы культпен біте қайнасты және жаратылыстың ортаңғы құрылымын құрды. Тұяқты мүйізді жануарлар Әлем бәйтерегінің зооморфты нышандары болып табылатын. Өзге де ежелгі өркениет ескерткіштерінде кеңінен белгілі болған бұлар, оның өмір бәйтерегімен, Әлем өзегімен байланысын айғақтайды. Бұл бейне «жануарлардың арқасында өсетін ағашы немесе оның атрибуты (мүйізі) ...Ежелгілерді мүйіздің екі ерекшелігі қызықтырды – өсетін қабілеттілігі және сыртқы түрінің ағашқа ұқсайтыны». Әлем ағашы бейнесімен қатар шиыршықта (спираль) композициялық символға енді [11]. Сондықтан «шынайы» үлгідегі плиткадағы қойдың мүйізі кілт шиыршықты көрсетілген. Уақыт өте келе Әлем ағашы түріндегі қошқармүйіз қолданбалы өнердегі ою-өрнектерде ұшырасты [12]. 

Скиф-сармат, сақ, хорезм және алан және басқа көптеген халықтарда қой отпен және күнмен бірге, құдайдың қайырымды тіршілік иесі-фарнға айналады. Сонымен бірге скиф-сарматтардың алтарь қазандары жиектерінде немесе тұтқаларында кездеседі. Сырдария аймағындағы қойға табыну белгілері де ерте кезеңдерде аңғарылғанын К.Байпақов зерттеуінде көрсетті. Отырар және оның жанындағы қалалардан табылған қыш бұйымдардағы қой бейнелері және қой мүйіздері екі мыңжыл аралығында өз іздерін қалдырыпты. Түрлі халықтарда фарн таяу уақытқа дейін асқан береке-байлық, бақыт, денсаулық, қаскөй күштерден қорғаныс және үй ішінің гүлденуі рөлін атқарып келгені мәлім [13]. 

Қойға табыну оғыздар мен түрікмендерде кең тараған. Оғыз тайпаларының шығу тегін «қоймен» байланыстығын зерттеушілер рудың немесе тайпаның қамқоршысы ретінде қойды құрметтеуімен түсіндіреді Қой шаман ғұрыптарында құрбандыққа шалынатын жануар ретінде пайдаланылған. Бауыздалған қойдың қанымен шамандар науқасты емдеген. Қой қазақтардың діни көзқарастарында маңызды рөл атқарды, оларда қой құрбандыққа шалынатын жануар әрі киелі ырыс ретінде бағаланған. 

Қой бейнесі мыңдаған жылдар бойы адамдардың сенiм-нанымында культтiк мәнге ие болып қана қоймай, олардың идеологиялық танымында да бекінді. Айталық, аластау, құрбандық беру, жаратқанға табыну, тасаттық жасау қатарлы мiнажаттары мен адамның тiршiлiк циклiндегi кез келген рәсiмдерiнде қой түлiгiнiң басты атрибут ретiнде жүрді. Малға анимистiк сипаттың балануы мен олардың сүйектерiне фетиштiк сипат телiну қөрiнiсi олардың наным-сенiмдерi мен мәдени дәстүрлерiнде өз iзiн қалдырды [14]. 

Әрине қаншама ғасырлар бойы осы айтулы бейнедегі нанымдар өзгерді, кейбіреулері жоғалды, кейбіреулері жаңадан пайда болды. Қилы этникалық үрдістер, тайпалардың жылжулары, олардың қосылулары алып мүйізді қошқар-қой культін ұмыттыра алмады. Сонымен қатар, қазіргі музей экспозицияларындағы «табыну тастарын» сол дәуір адамдарының барлық құпияларын сақтаған тамаша өнер туындылары ретінде тамашалаймыз.

Роза Кенжебекова, ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері 

Пайдаланған әдебиеттер: 

1 О.П. Ченченкова. Каменная скульптура лесостепной Азии эпохи палеометалла ІІІ-І тыс. до н.э. – Екатеринбург: «Тезис» 2004, 6-б. 

2 Сонда, 320 бет 

3 Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының Астана қ. филиалының еңбектері І том. Хасенова Б.М.. Новая находка плитки с изображением головы барана и песта на территории Жетысу. – Астана, 2012. 154-б. 

4 С.Я.Комраков. Археология. Тетрад № 3, 279. 

5 О.П.Ченченкова. Каменная скульптура лесостепной Азии эпохи палеометалла ІІІ-І тыс. до н.э., Екатеринбург «Тезис» 2004, 26-27 бет 

6 бұл да сонда, 18-19-б. 

7 бұл да сонда, 74-75-б. 

8 бұл да сонда, 92-93-б. 

9 Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін. – Алматы: Атамұра. 88-89-бб. 

10 О.П. Ченченкова. Плитки с изображением головы барана из лесостепного Зауралья. Охранные археологические исследования на среднем Урале, сборник статей, выпуск 4, стр 128-137. 

11 З. Самашев. Қазақ Алтайының кереметтері. Қазақ әдебиеті № 3(104) 2007 ж.) 

12 Ш.Ж. Тохтабева. Ұлы дала жауһарлары. – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. 130-б. 

13 К.М. Байпаков. Культ барана у сырдарьинских племён. Археологические исследования древнего и средневекового Казахстана. Алма-Ата: 1980. С. 32-45. 

14 Оросханұлы Б. Қазақтардағы жануарларға байланысты наным-сенімдер

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?