Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Табаны жерге тимеген

2698
Табаны жерге тимеген - e-history.kz
Ат танудағы талғамы биік Бошай Кітапбаевтың қырағы көзі Новоберезовка көшелерімен балалар шауып жүрген тайды бірден байқайды. Жеңіл қозғалысқа икемді оның артық күш жұмсаусыз шабатыны көзге ұрып тұрды

1981 жылы қостанайлық айғырмен шағылысқан биеден туатын құлын Бошай ақсақалдың қолына тиісімен «Тайжирен» деген ат алады. Совхоздың ветеринарлық технигі Бердібек Қалиевтің баптауындағы Тайжирен алғашқы жеңісін келер жылы-ақ Қазақстан чемпионатында көрсетеді.

1985 жылы наурыз айында Алматы ипподромының директоры Халел Измайлов Бошай ақсақалға қоңырау шалып, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 40 жылдығына арналған республикалық ат жарысына аттай қалап шақырды. 9 мамыры күні Алматының республикалық атшабарында бәсекелестеріне шақ келтірмеген Тайжирен көмбе сызығын жалғыз-дара қиып өтті. Тайжиреннің ұзаққа созылған әрі екпінді үдеме шабысы соңғы айналымда қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмаған. Осыдан соң, аламан доданың басым бөлігінде негізгі топпен бірге шауып, қарсыластарын соңғы бірнеше қашықтықта басып озу Тайжиреннің өзіндік мәнеріне айналды. Және бір ерекшелігі, нағыз аламан бәйгенің аты болғанымен, ол ұшқырлар шабатын қысқа қашықтықта да дес бермейтін.  Оның бойы биік емес, тыныш және көнбіс мінезді еді. Тұлпар басы қатты Құланқарадай емес-ті, тізгінге бағынымды әрі шабандозға ешқандай қиындық тудырмайтын.

Тайжиреннің Ақсуаттың атақты жүйрігі Еркежиренмен таласқа түскен 1987 жылғы бәйгесі елдің есінде ұзақ сақталды. Соңы трагедияға ұласа жаздаған бұл тартысты жарыс заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылған ат бәйгесінде орын алды.

Көрген куәгерлердің айтуынша, сөреден бірден бес ат суырылып алға шыққан. Кітапбаев әкелген екі жүйрік, Ақсуат ауданынан Еркежирен мен және екеу ытқып оза шапқан. Қалған қатысушылар көшбасындағы тұлпарлардың үдей түскен шабысына ілесе алмай, алыстап қала беріпті. Қашықтықтың барлық тұсында Еркежирен өзінен еш қылқұйрықты оздырған жоқ. Осылайша аяулы жүйрік аламан бәйгені ұтып алады. Ал Ақбақай мен Тайжирен мәреге үшінші және төртінші болып келді.

Кейіннен бұл оқиғаның мән-жайы анықтала түседі. Сөйтсе, соңғы екі сәйгүлікті сыртқы шеңбермен шабуға мәжбүрлеп жіберсе, қалғандарының бәрі ішкі шеңбермен айналған екен. Ішкі солығын әрең басқан шабандоз баланың айтуына қарағанда, милиция көлігі оларды  қақпайлап отырып, ішкі шеңберден итеріп шығарған. Ал сыртқы шеңбер ішкі шеңберден бірнеше жүз метрге ұзақ болғанымен қоймай, жердің топырағын, жоғарғы жұмсақ қабатын жел үрлеп жалаңаштап тастағаны Тайжирендерге оңай соқпаған, шабысқа кедергі келтірген. Табанға бататын тастақ топырақ жануардың аяғын қатты зақымдағандықтан, Тайжирен төртінші айналымды әрең еңсеріп, соңғы айналымның алдында мүлде тоқтап қалады. Шабандоздың қамшысынан соң жарысты жалғастырды. Алайда жарыстан соң, елге жеткізіп, оның аяғын емдеді, «Рахман қайнарындағы» радонды суға жуып та көрді, толығымен жазылмады. 

Ұлттың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің мерейтойына арналған жарыс Тайжирен үшін өмірін қатерге тіккен сындарлы сәт болды. Бұл бәйгеге қатысы бар-жоқ арам адамдардардың кесірінен бекзат болмысты жылқының жел гулеген тұяғы тасқа кетіліп, жарысты ерте аяқтауына тура келді. Жарысы не, бүкіл өмірді тоқтатуына көп қалмаған.

Есімі елге белгілі атбегі, ауылшаруашылығының үздік қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, майдангер-шежіреші Бошай Кітапбаевтың атбегілік қыры мен ол баптаған, ұйымдастыруымен жүлде алып жеңімпаз атанған әйгілі жүйріктердің тағдырлы тарихы осындай. Бір жылы бір үйір қылқұйрықтыны құйықтыра айдап, Өскеменнің Фонтан көпірі жағынан қалаға кіргізген аңыз атбегіге қаланың ыңғайлы тұсынан көркем де еңселі ескерткіш соқса деген ой бар. Бұл орындалған жағдайда жаны жылқымен бірге жаралған қазақ баласының рухының үстемдігіне, келешекке деген тәтті үмітінің оятуына, ұлт тарихына қайта түптеп үңіліп отырған рухани жаңғыруымызға, Президент мақаласын өңірде орындалуының басты көрінісі ретінде көрсетуге, ең бастысы әйгілі атбегі мен оның сәйгүліктерін ұлықтай отырып, ҚАЗАҚ пен ЖЫЛҚЫ құдіретіне қойылған ешқашанда ескірмес естелік болар еді. Лайым осы күнге жеткізсін. 

 


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?