Астрономиялық «Амал»
Аспан қозғалысын бақылау бірнеше мыңжылдықты қамтитын ілім. Сол ілім бойынша Күн жүйесіне кіретін 12 шоқжұлдызды/зодиак Күн жарықтық жыл бойына «аралап» өтеді. Шамасы, Жердің осы шоқжұлдыздарға қатысынан мүшелдік цикл қалыптасып, ғылыми ілімнен этнотанымға ұласса керек. Ежелгі аспан денелерінің шығыстық атаулары айуандарға қатысты болуы бұл салаға ежелгі дейтүркілік (Серікбол Қондыбай термині) құндылықтың қатыстылығын әйгілейді.Себебі, ескі дәуірден үзілмей келе жатқан аңшылық/малшылық өмір үлгісі тек қана түркітектілерге тән екенін жоққа шығару қиынның қиыны. Аспандық үдерістер бойынша бұл күндері Амал жұлдызы мен Күн бір түзудің бойына шығып, Жерден қарағанда беттесіп тұрғандай әсер етсе керек. Және де осы жайт қыстың кетіп, жазғытұрғы үдерісті бастайтын ғарыштық түрткі болып табылмақ. Сол себептен де қысы қатал далалық аттылы түркілер үшін бұл үдеріс қыспен бірге ескі жылмен де қоштасу болып табылған. Яғни, Амал мен Күннің «қауышуы» далалықтардың да ежелгі көкірек түйістіру дәстүрінің туындауына түрткі болған. Алайда, салттың бұлайша қарабайыр қалыптасуы мүмкін емес, оған міндетті түрде іргелі таным негіз болады.
Шоқан Уәлихановтың қазақы күнтізбе туралы жазып, астрономиялық кескінін келтіріп салған суретінде үш тілдегі күнтізбе сипаттамасы Наурыз айынан басталады. Суретте Шоқан Амал жұлдызына Күн жүйесінің жолығуын бейнелеген.
Сөйтіп,Наурыз айы туғанда, яғни бүгінше, Григорианша – 14 наурыз (ескіше, Юлианша – 1 наурыз) Күн Тоқты шоқжұлдызындағы қозғалмайтын Амал жұлдызына беттеп, «көріседі» де, соның әсері жерге беріліп, жыл маусымы алмасады: тоқсан күн қыс 13 наурызбен бітіп, жылдың да, көктемнің де басы 14 наурыз болып есептеледі. 14 (1 - ескіше) наурыз – түркілік мүшел шеңберінің жігі, Көктемнің, жылтоқсанның әрі мүшелдік жылдың басы. Қазақы танымның бір ұшығы жылдық мезгілдерді төрт тоқсанға бөледі: жылтоқсан (су дүлейі, «жылға» сөзінің түбірінен), 2 оттоқсан (А.Сейдімбекте – жазтоқсан, от дүлейі), күзтоқсан (жер бетін топыраққа қызмет етіп күзеледі), желтоқсан (ауа дүлейі).
Елдің ортаңғы аймағында да қазақтар Наурыз мейрамын Күн мен Түннің теңесуінен емес, ескіше айдың басында бастап кеткен, оны «әптікей» аталатын құстың келуімен байланыстырған. Бұнысы – наурызек яғни жыл құсы.
Лингвистикалық Амал
Амал жұлдызы әлемге ертеден мәлім болған. Птолемейдің «Альмагест» еңбегінде бұл жұлдыз шоқжұлдызға енбегендердің қатарынан аталады. Амал - сонымен бірге жылжымайтын жұлдыздардың бірі. Гиппарх «тұмсықтағы жұлдыз» атаса, ертеде ол «тас төбедегі жұлдыз» деген атаумен танылған. Тағы бір дереккөзде Тоқты шоқжұлдызының маңдайындағы сары жұлдыз кейде «Тоқтының екінші мүйізі» аталған.
«Амал» - жұлдыздық күнтізбеге қатысты рәсім және ол Наурыз мейрамының ажырамас бөлігіне ертеден-ақ айналған. Бірақ «амал» немесе «көрісу» мерекенің атауы ретінде этнографияда қалыптасқан емес. Бұл сөздер атау ретінде Наурыз мерекесінің күнтізбесі 1988 жылдан бастап ауысып, 21-22 наурызға ығысқаннан бастап өзекті бола бастады. Наурызды 14-нен бастап мерекелеу дәстүрге айналған жергілікті жұрт амалсыз «Амалды» алға тартты. Тіпті «наурыз» парсыша, «амал» қазақша мереке атауы деген жасанды пайым пайда болды. Алайда, осы «амалды» мерекелейтін өңірде «амалкөже» емес «наурызкөже» аталатын мерекелік тағам бар екені ескерілмейді.
Ресей қазақтары «қамал», біздің елде «амал» дегенмен, бұл арапша жазбаларда «һамале», парсыда «хамаль» түрінде кезігеді. Бұны қазбалайтын болсақ, этимологиясы дейтүркілік һа/қа+мал сөз тіркесінен туған «қамал» сөзін індетеміз. Қа – маңдай, мал – қозы, тоқты. Бұрынғы қыпшақты ұсақ малды, нәрсені «мал» атағаны кеше еді, содан орыс тілінде «малый/ая», «маленький» сөздері, ал қазақ тілінде «малта» сөзі бар.
Ал «қа» сөзі «маңдай» екенін тіліміздегі қа+ыс/қас – маңдайдағы күйе, қа+бақ/қабақ – маңдайды күзетуші деген этимологиясы бүгінде бұлдыр сөздер дәйектеп тұр. Тіпті, хандардың ханы да ҚА+ҚАН/қаған аталды: «маңдай хан» немесе «хандардың ханы», «төбе хан» деген тіркес еді. Дешті қыпшақтың басты билік ошағы саналатын Кавказ, Еділ-Жайық маңында Амалдың «қамал» аталуы осыдан.
Сайып келгенде, амал/қамал ұғымдары ежелгі астрономиялық ттанымнан еді. Тоқты шоқжұлдызының бас жағына таман орналасқан жұлдыз атауы болатын. Бұл таным кешегі кеңестік дәуірлен кейін бұрмаланды, басқаша интерпретацияға ұшырады.
Әдебиеттегі Амал
Амал шарасының Наурызға қатыстылығын әйгілейтін әдеби жәдігерлер қыруар. Күн мен Амал жұлдызына қатысты көктемнің келуін ортаазиялық ақын Рабғұзи (Насреддин) «Көктем» өлеңінде (С.Е. аудармасы) былайша суреттейді:
Ғаламның Күні кезіктіріп Тоқтыдағы Қамалды,
Қар мен мұзды ерітіп, аласапыран басталды.
Аяз бенен қарға бөккен ел еді...
Қарашы енді:
Күн келеді, Күн келеді!
Солнце мира вступило в созвездие Овна – в Хамаль,
Растопила и льды и снега.
И бывала зима ль?
Солнце,солнце идет!
Абай атамыз өзінің әйгілі «Жазғытұры» өлеңінде Амалды Көктем күйінде бейнелеген:
Жазғытұры қалмайды қыстың сызы, Масатыдай құлпырар жердің жүзі. Жан-жануар, адамзат анталаса, Ата-анадай елжірер күннің көзі. Жаздың көркі енеді жыл құсымен, Жайраңдасып жас күлер құрбысымен. Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал, Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен. Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып. Шаруа қуған жастардың мойыны босап, Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.
Тарихтағы Амал
Тарихи жазбаларды еске алсақ, Амалға қатысты алдымыздан молынан деректер жолығады. Шәкәрімұлы Ақат өзінің Наурыз туралы естелігінде былай дейді: «Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март (14-март – ескіше 1-март), қазақша жаңа жыл, ұлыстың (бұл «ұлы іс» тіркесі – С.Е.) ұлы күні дейді...»
Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің 8 күндік Наурыз мерекесіне куә болады. Бұл турасында Мәжһүр Жүсіп КӨПЕЙҰЛЫ былай жазады: «Орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурыздамасында болған той, мереке қызығы Бұхар мен Қоқанда да болмаған!» – десіп сөйлейді. Қайда атақты асқан бай бар болса, наурыздаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында наурыздаманың қадыр-құны астан, тойдан ілгері болады екен.»
Ғұрыптағы Амал
Көрісу – қазақтың қуаныш пен қайғыдағы ниет біріктіру ырымы, ғұрпы; адамдардың бір бірімен төс қағыстыра сәлемдесуі.
Наурыз айы туғанда, Күн Тоқты (ежелгі түркіше – Қозы/қоды, М.Қашқари) шоқжұлдызындағы қозғалмайтын Амал/Қамал жұлдызына беттеп, «көріседі». Қазақтардың көрісу дәстүрінің астрономиялық мәні осында жатыр. Өйткені, дәстүрдің түбінде мифологиялық негіз болады да, халық соны дәстүр етіп сіңіріп, оны әдеп пен тәрбие көзі етеді. Сондықтан Көрісу салтының негізі аспандық үдерісте болса, екінші жағы далалық өмір үлгісінен туындайды.
ХІҮ ғасырдың басында Әбілқайыр ханның ордасына келген ағылшынның суретшісі Джон Кестельдің салған суреттері арасында Көрісу ғұрпы көрініс тапқан: екі ер кісі қолдарын алған күйі арнайы рәсімдік қимылмен көрісуде, олардың артында тізе бүккен әйел қос қолын бүгілген тізеге салып сәлем етуде.
Көрісу жоралғысы ұлы Абайдың «Жазғытұры» өлеңінде де көрініс тапқан: ...Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып...
Аңырақай жотасындағы Таңбалытастағы бір біріне құшақтарын жайған құдыреттердің сұлбасына қарағанда оны да көрісу ғұрпының ежелгі нұсқасы ретінде мойындауға тура келеді. Ендеше бұл ғұрып қазақы қыстан шығудың қарапайым сәлемдесу дәстүрі емес, ритуалдық сипаты барын аңғартады.
Табиғаттағы Амал
Наурыз-Амал-Көктем үштігі бір бірінен ажырамас тұтас ұғым екенін ескерсек, оның қазақ аңдаған табиғи нышандары бар. Ол нышандар өсімдік, аң-құс, жәндіктердің қылығымен тығыз байланыста.
Жыл гүлі
Қазақтың аңдауы бойынша Наурыз айдың 21-22 күндерін күтіп тұрмайды, 90 күн тоң кететін айдың басын күтеді. Сол жібу басталар сәтте-ақ, бәйшешек гүл шешек ата бастайды. Бұны бертін келе «наурызгүл» атаған, ал ежелгі «бәйшешек» атауы ежелгі наурыздық ұлы салтанатпен, «бай,бақ» ұғымдарымен байланыстыра атағаны көрініп тұр. Яғни, гүл атауында адамға келетін бақтың нышаны жасырылған. Бәйшешек- Жылтоқсанның белгісі. Жансыз нышанның бірі - Наурызгүл, оны халық Бәйшешек атайды. «Бай» сөзі ежелгі түркілік ұғымда киелі,қасиетті ұғымын беретінін ескерсек, далалықтар көктем белгісіндей бұл гүлді ерекше бағалаған секілді. Бәйшешектің құдыреті сонда, ол қардың еруін күтпей, қарды тесіп көктей бастайды. Бұл гүлді жапондардың сакурасындай әспеттеп, дәріптеуге лайық!
Жыл құсы
Наурыз айы «наурызек», «наурызша», «әптиек» аталып кеткен көкала торғайдың келуімен Табиғатта хабарланады. Наурызек - Көктем хабаршысы. Жыл құсы - осы!
Жыл жәндігі
Белгілі фольклортанушы Берік Жүсіп фейсбуктегі өз блогында «Бәріңізге белгілі, жыл басы – тышқан. Ежелден халық арасында: «Тышқан қалай жыл басы болды?» дейтін ертегілер тараған... Алдымен еркегі, сосын ұрғашысы, соңынан барып балпанақтары тұрады. Сөйтіп, інінің іші мен аузын бір тазалап қояды. Содан соң бір-бірімен кісі сияқты кәдімгідей көріседі (Бұған таң қалмаңыз. Суыр деген аңның түрі бар. Олардың "Суырдың қыз ұзатуы" деген рәсімі болатынын аңшылар жақсы біледі). Мұнысы жыл басында айналасын тазартып, кір-қоңын жуып, киімін жаңалап киетін далалықтардың тіршілігіне
қатты ұқсайды. Осы мақұлықтың жылдағы әдетінен бір танбайтынын білетін және үнемі бақылап жүретін біздің жақтың әулие шалдары осы күнді «Жыл басы» дейтін.»
Осы бір жарқын мәлімет Табиғат оянысының әдемі үлгісін алдымызға тосып отыр. Осыған қарап, Наурыздың тағы бір нышаны – балпақ тышқан екенін ескеруге мәжбүрміз.
Қорыта айтсақ, Күн мен Түннің теңесуі бар да, мүшелдік жылдың басы бар, соңғысы күндік күнтізбеге негізделген Юлиан бойынша 1 наурыз, Григориан күнтізбесі бойынша – 14 наурыз. Бұл мүшелдік құбылыс пен астрономиялық құбылыс бір бірімен қабысып, бірігіп кеткен. Енді оның танымын ажыратқанмен, біртұтас құндылық ретінде қарауымыз керек.
Серік Ерғали, мәдениеттанушы