Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Бөке батыр бастаған ұлы көш туралы бірер сөз

3927
Бөке батыр бастаған ұлы көш туралы бірер сөз - e-history.kz

Еуропаға қарай қоныс аударған қазақтардың алғаш табан тіреген жері Үндістан елі болып  есептеледі. Нақты айтар болсақ ат-түйемен Тибет өтіп, Гималай асып келген қазақтардың алғашқы легі 1941 жылы Кашмир қаласына келіп тоқтайды. Осы жерде аздап аял тапқан олар ары қарай Түркияға өтеді. Одан әрі Англия, Германия, Дания, Франция секілді еуропа мемлекеттеріне қоныс аударды.   

Зертеушілердің айтуынша, Алтайдан ауа көшіп еуропаға қоныс аударған қазақтардың бұл көші екі кезеңнен тұрады. Алғашқысы – Елісхан және Зайып батырлардың жетекшілігімен болған 1938 жылғы көш. Ат-түйемен Тибет өтіп, Гималай асып келген бұл қазақтар 1941 жылы Үндістанға келіп пана тапты. Екінші көш бұдан сәл кейін яғни он жылдан кейін басталды. Нақты айтар болсақ, қытайдағы Мау Зыдұңның төңкерісінен кейін бастау алды. Қалибек әкім, Құсайын Тәйжі, Дәлелхан Жаналтай, Зуқа батырдың ұлы Сұлтаншәріп сынды төрт адамның бастауымен болған ауыр азапқа толы бұл сапар үш-төрт жылдай уақытқа созылды. Бұлар да 1951 жылы Үндістанның Кәшмір қаласына келіп орналасты. Ары қарай Хайдарабатқа бет алады. 

Кейбір деректерде 18-48 мың аралығында болғаны айтылады. Өкініштісі сол, Тибеттің қатал табиғаты мен Гималайдың шың-құздары мен шатқалдарынан жол тауып жүре алмай қаншама адам қаза табады. Бір ғана Такламакан шөлінің өзі қаншама адамның өмірін жалмайды. Осының салдарынан Алтайдан 4-5 түмен болып аттанған  қазақ үнді жеріне небары 1852 ғана адам болып жетеді. Үндістанның табиғаты да оңай болып шықпайды. Әр түрлі ішек аурулары мен белгісіз дерттен тағы біраз адам адам қайтыс болған.

Белгілі тарихшы Әбдуқап Қараның айтуынша, бұл Үнді елінің екіге бөлініп, Үндістан және негізінен мұсылмандардан тұратын Пәкстан Республикасы құрылып жатқан кезі болатын. «Мұсылман болғандығы үшін қазақтар Пәкістан тарапында қалады. Жаңа құрылған Пәкстан мемлекетінде қазақтардың да мәлім дәрежеде орны болды. Ол ол жерде Шығыс Түркістан Қазақ босқындар қоғамын құрып толық бостандықта өмір сүріп жатты. Алайда аталарымыз Пәкістанда қалуды мақсат тұтпады. Пәкістан да мұсылман мемлекеті. Оның құрылғанының басы-қасында болған қазақтардың онда тұра беруге еркі де бар, тек тілі, мәдениеті алшақ. Бірақ аталарымыз «Пәкістанда қала берсек, келер ұрпақ қазақтығынан да, тілінен де айырылады» деп қауіптенді. Негізінен Алтайдан ауған қазақтар о бастан-ақ «Түркия» деп жолға шыққан екен. Өйткені, Түркия – бауырлас ел. Әрі мұсылман мемлекет. Олардың бұл арманы 1952 жылы ғана орындалды.  Түркияның сол уақыттағы Басминистрі Мендерестің жетекшілігіндегі ел үкіметі 1952 жылы 13 наурызда арнайы қаулы қабылдайды. Сол қаулы негізінде  Пәкістан және Кашмирдегі қазақ босқындары Түркияға қабылданады. Осылайша екі кезеңде жолға шыққан көш 1950 жылы бір мезгілде Анадолы елінде табысады”, - дейді Ә.Қара.

Осы екі көштің де ізін салған Шығыс қазақтарының әйгілі батыры Бөке батыр еді. Өкінішке қарай Бөке батыр табиғаты қатал Тибет жерінде қайтыс болады. Осыдан кейін басында айтып өткенміздей бүтіндей елдің тағдыры Елісхан және Зайып батырларға жүктеледі. Кейін бұлардың қатарын Әліп Тәйжі мен Зайып Тәйжі бастаған қазақтар толтырды.

Түркия еліне келген қазақтар алдымен екі жылдай бейімдеу орталығында болады. Тіл үйренеді. Қазақ – қайда да қазақ Түркия Үкіметінің ұйғаруы бойынша көшіп келген қазақтар елдің бірнеше өңіріне бытырап орналастырылады. Нигде-Ұлықышлаға 160 үй, Нигде-Ақсарайға  60, Қайсары-Девелиге 75, Қайсары-Яхиялаға 15 шаңырақ орналастырылады.  Қайсары-Жасылхисарға да 25, Кония-Исмилге  60, Кония-Ереглисиге — 15, Маниса-Салихлиға — 180 шаңырақ көшіп барады. Түркияның жағдайында әбден  бейімделген қазақтар 1950 жылдың соңынан бастап Ыстамбұлға шоғырлана бастайды.

Бір қызығы, ауыр азап пен қиыншылықпен Үнді елінің Кашмир қаласына барып пана тапқан қазақтарды АҚШ өкілдері келіп, Америка Құрама  Штаттарына алып кетпек болыпты. Барлығына да баспана, жұмыс береміз деген. Балаларды оқытамыз, қысқасы барлық жағдай жасалады деп кепілдік берілген. Алайда ақсақалдар алқасы ақылдаса келе, АҚШ үкімітенің бұл ұсынысынан толық бас тартады. «Америкаға барсақ, әлбетте тоқ боламыз. Қарнымыз тояр, киіміміз бүтінделер, балаларымыз оқып ержетер. Бірақ рухани аштыққа ұшырайтынымыз анық. Ұрпағымыз дінінен, салт-дәстүрінен ажырап қалады» деп АҚШ өкілдерін кері қайтарған.
 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?