Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Паразиттер» фильмінің пәлсапасы қалай?

1904
     «Паразиттер» фильмінің пәлсапасы қалай? - e-history.kz

Украин халқының саяси қайраткері Корчинский «Халық республикаға айналу үшін публика мен полемика кезеңінен өту керек. Сосын, әлемдік әрбір мәдени және саяси құбылыстарды бүкілхалықтық талқылау тезіне салған да ғана ұлт  тез сергіп кетеді» дейді. Мұны айтып отырғанымыз қазіргі әлемдік киноиндустрия көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап дамып барады. Былтырғы  «Канн», биылғы «Оскар» байқауларының бас жүлдегері атанған «Паразиттер» фильмі жайында қазақ көрермендері қандай көзқараста екен? «Жас келсе іске» дейді ғой  Міне, осы сұрақтар төңірегінде біршама білімдар жастармен әңгімелсіп көрген болатынбыз. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің  студенті   Алтынбек Мерсадықпен осы фильм жайында аз-маз әңгіме құрған едік.

- Байқайсың ба, қазіргі кино өнері өзекті тақырыптарды игеруде ең жетекші рөлге ие бола бастады ғой?

- Рас айтасыз. Кез-келген дамыған қоғамның алдыңғы орынға қойған өзіндік тақырыптары, өзекті мәселелері болады ғой. Өнер атаулының басты мұраты, бәлкім, сол проблемалармен күресу шығар? Бәлкім... Қазіргі таңдағы көзі тірі ресейлік   кинорежиссер Андрей Звягинцевтің сөзімен айтсақ: «Өнердің басты мақсаты -тұрмыстық шындықты емес, көркем шындықты көрсету». Бұл сөзге қосымша, «өнердің басты мақсаты - кез келген шындықты көркем бейнелеу»-деп, сәл ғана түзету енгізсек, жөн болар деп ойлаймын. Себебі, қай заманда да, қай дәуірде де шындық өзінің патшалығын құрмай қоймайды. Бұлай деуіміз де негізсіз емес.Жақында, төрткүл дүние таңдай қағып, көз тіккен кино саласына қызығатын жандарға етене таныс «Оскар» жүлдесінің марапаттау рәсімі өтті. Жылдың үздік фильмдеріне, актерлері мен операторларына, тағы да басқа кино мамандарына, былайша айтқанда, үздіктердің үздігіне «Оскар» жүлдесі бұйырды. Бір қызығы, жылдағыдан бөлек, төрт бірдей номинацияны, соның ішінде «үздік фильм», «үздік шетелдік фильм», «үздік дара сценарий» аталымдары бойынша оңтүстіккореялық режиссер Пон Чжун Хоның «Паразиттер» фильмі және режиссердің өзі де «үздік режиссер» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. 2019 жылғы Канн фестивалінің «Алтын пальма бұтағынан» да бас жүлдені жеңіп алған фильмнің ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері де аз емес еді. Енді әңгімеміздің ауанын басқа арнаға бұрып, жеңімпаз атанған «Паразиттер» фильмінің өзіне тоқталсақ, құба-құп болар еді.

Ендеше  осы фильмнің өн бойына азырақ тоқтала кетсең?

Өз басым осыған дейін Канн фестивалінің жүлдесін де, «Оскар» сыйлығының жүлдесін де  қатар алған фильмді кезіктірген емеспін, мүмкін, болған да шығар. Десе де, бұның өзі «Оскар» сыйлығының мәртебесін биіктетіп, тек көркем дизайн мен графикаға емес, ойлы дүниелерге де мән беріліп келе жатқандығын  білдірсе керек.  Киноның қысқаша оқиғасы былай. Екі баласы бар Ким Китхэк есімді әке мен Чхунсук есімді ана аядай жерде, дәлірек айтқанда, жертөледе өз күнін әрең көріп жүреді. Пицца қорабын жинап, оны өндіруші компанияның қызметкерлеріне өткізіп, табыс тауып жүрген отбасының жағдайы тым мүшкіл еді. Содан бір күні Ким әулетінің ұлы Киу-ге өзінің досы Мин келіп, бақыт пен баққа жол ашатын үлкен «тасты» әкеліп, сыйға тартады. Өзінің белгілі себептермен шетелге кететінін айтып, досына өзінің орнына өте бай Пак әулетінің қызына ағылшын тілінен сабақ беруді ұсынады. Осылайша, байлыққа қызыққан кедей отбасынан шыққан Киу әпкесіне жалған құжат жасатып, Пак әулетіне жұмысқа тұрады. Кейін қулық пен сұмдық араласып, осы әулеттегі жұмысшыларды қасақана жұмыстан кетіру арқылы әпкесі Киджон кішкентай ұлдың тәрбиешісі, кейін әкесі Китхэк көлік жүргізушісі, тіпті, анасы Чхунсук үй қызметшісі болып, өте бай Пак әулетіне жұмысқа орналасады. «Надан адам сенгіш келеді» демекші, қанша жерде бай болса да, күдіктенуге, күмәндануға Пак әулетіндегі ана мен әкенің деңгейі жетпейді. Керісінше, аздап ауытқушылық байқалады дейтін кішкентай ұл қызметкерлерден бірдей иіс шығатынын сезіп қояды.

Иә, бұл жәй ғана иіс емес, таптық бөліністің айрықша деталі саналатын жертөленің иісі еді. Дегенмен, Ким әулетінің Пак әулетінің даңғарадай үйінде қызықты күндері өтіп жатады. Бірақ, «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» демекші, бір күні Пак әулеті жоқта зәулім үйде өздерін бақуатты сезініп жүрген Ким әулетінің қызығының үстінен (бұлардың әдейі жасаған қулығының кесірінен жұмыстан қуылған) бұрынғы үй қызметшісі Мунгван ханым түседі. Оқиға шым-шытырыққа ұласып, талас пен тартыс күшейе түседі. Себебі неде? Себебі, Мунгван ханымның бұл үйге келуіне себеп несиеге әбден белшесінен батқан өзінің күйеуі еді. Сөйтсе, Мунгван ханым бұрыннан Пак әулетіндегі үйдің жертөлесінде күйеуін жасырып келіпті. Фильмнің соңында күтпеген жағдайлар орын алып, Пак әулетінің отағасын Ким Китхэк өлтіріп, Ким әулетіндегі қызды Мунгван ханымның күйеуі өлтіреді. Фильмнің басы драма, ортасы комедия, соңы трагедияға, тіпті триллерге айналады. Ең соңында, кино басты кейіпкер Киудың бай болуға ұмтылған асқақ арманымен аяқталады.

- Осы жерде режиссер  көк пен қара, сары мен қызыл бояу арқылы нені ишаралап отыр?

- Әрбір өнер иесі өзінің төл шығармасын түрлі түске бояп, құбылтуы, белгілі бір оқиғаны баян етуі үшін ғажайып символдар жасыруы, кейде тылсым сиқыр сақтауы да бек мүмкін. Ал кез келген «сиқырдың» өз құпиясы бары анық. Фильмдегі  құпия деп санаған кейбір детальдарды байқағандықтан да, сол туралы айтуды жөн деп ойлаймын. Әрине, киноға қатысты кез келген әлеуметтік желідегі жеке каналдар мен видео материалдарды қарасаңыз, барлығы дерлік көбіне ағылшын тілінде. Орыс тілінде де ақпараттар, видео материалдар жетерлік. Қазақ тілді контентті көп кезіктіре бермейсіз, тіпті жоқтың қасы. Бұл тұрғыдан, фильмнің сюжетін баяндау барысында қызық мәліметтерге тап болдым. Мысалы, бұл фильмді алғашында пьеса ретінде қоюды жоспарлағанын, фильмдегі байдың зәулім үйінің арнайы осы фильм үшін салынғанын, тағы сол секілді көптеген мәліметтерді көзім шалып қалды. Енді жаңағы сұрағыңызға оралайын. Аталған фильмге байланысты «Кинопоиск» арнасының интерпретациялаған бейне материалын көріп шықтым. Сонда мынадай дүниелер баяндалады... Ким әулетінің ұлы Киу-ге өзінің досы Мин келетін жері бар еді ғой. Сол кезде екеуара әңгіме барысындағы досы Миннің артындағы көшеге зер салып қарасаңыз, көшенің жарығының түсі сары түстен гөрі қызыл түске көбірек жақын екенін көресіз. Киномамандардың пікірінше, түс  көбіне символдық мағына ие. Айталық, қызыл түс кейде құштарлықты, кейде ажалды, ажалмен келісімді білдіретіні бар. Фильмдегі осы көрініс  неміс философы, жазушы Гетенің «Фауст» шығармасындағы Фауст пен Мефистофельдің образын көрсеткендей болады. Құдды қара ниетті рух иесі Мефистофельмен шарт жасасқан Фауст тағдыры... Тек Фаусттың орнына кедей Киу, Мефистофель орнына орта тап өкілі Минді қойсаңыз жеткілікті. Басы өтірікпен басталған өзінің зұлым идеясына сендірген досы кейін жоқ болып кетеді. Бұның өзі бір жағынан, қызық жағдай... Бақыт пен байлыққа бастайтын ізгі мұратының символына айналған тастың да ақырында Киудің өзін өлтіруге шақ қалғаны, бәрібір, басқа салғанға көндігу керегінің айғағы секілді. Фильмде мынадай қарапайым сюжет бар: кенеттен кедейлер тұратын ауданды топан су басып, Ким әулетінің де жертөлесінің быт-шыты шығады. Сол кезде Ким әулеті баспалдақ арқылы төмен түсіп, көк түсті жер асты жолына түсіп кететіні бар. Жалпы, фильмде баспалдақты жиі байқауға болады. Сөз барысындағы сол «Кинопоиск» ұжымының дерегіне зер салсақ, бұл көрініс суретші Ян Ван Эйк пен Сандро Ботичеллидің «тозақ» ұғымы, «тозақ жолына» қатысты шығармаларын еске салыпты. Ал көк түстің өзі психологияда тұрақтылық пен мәңгілікті білдіреді. Яғни, байлық жолына Пак әулетінің баспалдағы арқылы арам жолмен көтерілгісі келген Ким әулетін қайтадан өз қалпына түсіріп отырған табиғаттың тылсым күштері екені анық. Бұл жердегі «баспалдақ» - жәй ғана төмен не жоғары көтерілуге қажет құрал ғана емес, таза иерархиялық бөліністің нышаны. Әйтпесе фильмде бай отбасының төмен қарап тұрғанын, төмен түскенін де байқамайсыз. Оны тіпті, бай отбасының өз үйінде жертөле барын білмегенінен-ақ аңғаруға болады. Кедей отбасыда керісінше, тұрақтылық жоқ. Жоғары яки төмен қозғалысты, көбіне төменге қарай түскенін жиі байқаймыз. Енді бір сәт бай отбасы демалуға кеткенде зәулім үйде өздерін бай сезінген кедей отбасыны есіңізге түсіріп көріңізші. Иә, фильмде сондай көрініс бар. Өте кең, жайлы Пак әулетінің ауласында кедей отбасы зәулім үйде демалғанда аспанның қалай тұнжырап, қара түске боялғанын көрдіңіз бе? Бәрібір де, табиғат бір жаманшылықты сездіріп тұрғандай. Дегенмен, кедей отбасы бірер сәттік болсын байлықты сезіне алғанын көрдік. Ал бай отбасы ше? Олар үнемі кедей әкеден шығатын иістен жиіркенді ғой. Дәлірек айтсақ, бұл тек жертөленің иісі емес, «кедейліктің иісі» еді. Тағы да бір мысал, кедей отбасы бай отбасының үйінде демалып жатқанда кенеттен жаңбыр жауып кетеді. Зәулім үйдің терезесінен жауған жаңбырға тамсанып, өздерін бақытты сезініп жүргенде, олардың жертөлесін топан су басып, быт-шыт болады емес пе? Кейін лас суға малынып, өздерінің керекті заттарын жинап, қашып жүрген тек Ким әулетін емес, біраз отбасын байқаймыз. Келесі күні Пак әулетіндегі бай әйелдің «кеше жауған жаңбыр қандай жақсы болды, барлық ласты жуып кетті» деген сыңайдағы әңгімені біреуге айтып жатқан көрініс те бар. Көрдіңіз бе, жаңбырдың өзі біреулер үшін қасірет, ал біреулер үшін қуаныш. Біз бұдан кедей адам дүниеге байдың көзімен қарай алатынын, бірақ, бай адам ешқашан кедейдің көзімен қарамайтынын ұғынамыз. Біз байқаған кейбір түстердің сиқыры бәлкім, осында шығар...

- Осы фильмінде белгілі бір саяси астар бар ма, қалай ойлайсың?

- Бұл сұраққа нақты жауап беру - әрине, қиын. Осындайда бір сұхбат кезінде Г. Маркестің «жазушы - ең алдымен, саясаткер» дегенге саятын жауабы есіме түсе кеткені... Бәлкім, жазушының айтқаны бір жағынан шындық, екінші жағынан жалған болуы да мүмкін. Ал біз Паразиттер фильмінен көрініс тапқан саясатты байқағандай болдық. Егер фильмге зер салып қарасаңыз, бай отбасыдағы жертөле жәй ғана жертөле емес, соғыс бола қалған жағдайда қорғануға арналған бункер екені айтылады. Фильмдегі кейіпкер Мунгван ханым бір елдің басшысын сомдап, әжуалайтыны тағы бар. Оның қай ел екенін көзі қарақты жұртшылықтың бәрі біледі. Оған қоса «банджи» деп аталатын жертөлелер 1950 жылдары орын алған соғыстың нәтижесінде пайда болған. Кейін уақыт өте келе үйдің бағасы шарықтап кеткендіктен, әлі күнге дейін оңтүстік корея тұрғындарының кейбірі жертөледе тұрады екен. Фильмнің көтерген әлеуметтік һәм саяси мәселесі де осы болса керек.

- Сонымен бұл үш жанұя арасында өрбіген оқиғаның шын паразиттері қай отбасы  болды?

- «Паразит» ұғымы тек бір ғана ұлтқа қатысты емес, барша адамзатқа, қоғамға қатысты екені айдан анық. Режиссер Пон Чжун Хоның да жеткізгісі келгені ойы күллі адамзат атаулыға ортақ деп санаймын. Фильмдегі «бай немесе кедей отбасының қайсы паразиттер?» деген сауалға қатысты пікірлер әлеуметтік желі бетінде қаптап жүр. Анығында, кедей отбасы фильмнің басында «паразит» екені анық болды ғой.

Меніңше, бай және кедей отбасыдан гөрі нағыз паразит Пак әулетінің жертөлесінде жатып, несиеге белшесінен батып, әйелінің асырауына мәжбүр болған еркек секілді көрінді. Әрине, әркім әр түрлі пайымдайтыны анық. «Паразиттер кімдер?» деген сұрағыңызға оралар болсақ, біздің қоғамда да аталмыш фильмдегідей паразиттер жетіп артылады. Кез келген істе масылдыққа салынатын, бәз біреулердің еңбегінің есебінен күн көретін, Шәкерім айтқан «арам айла, зорлықсыз мал табу» принципін ұстанбаған адамдардың бәрі дерлік - паразиттер. Бірақ біздің я сіздің «паразит» не «паразит емес» екенімізді өз ұятымыз ғана салып бағамдасақ  болады.

- Тұшымды әңгімеңе көп-көп рахмет!


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?