Қайрат Сәки – қазіргі таңда еліміздегі бірден-бір мәмлүктанушы. Аталмыш тақырыпты ұзақ жыл зерттеп, нәтижесінде; «Пирамида үстіндегі киіз үй немесе Байбарыс туралы» (2000), «Қыпшақ мәмлүктер» (2006), «Бағдаттағы Жалайыр билігі» (2007), «Мәмлүктер» (2015), «Ер қаруы – бес қару» (2020), «Юрта на вершине пирамиды» (2020), «Сұлтан Байбарыс» (2022), «Байбарс - султан мамлюков из Дешт-и Кыпчака» (2023), «Сұлтан Байбарыс және ислам өркениеті» (2024) т.б. туындылары жарыққа шықса, автордың мәмлүктер тақырыбында жазылған кезекті кітабы «Шеркеш мәмлүк сұлтандары» елордадағы «Фолиант» баспасынан жарық көріп жатыр.
Сәтін салса, ертең (19 қаңтар) елорда төріндегі Ұлттық академиялық кітапханада көлемі аталмыш кітаптың («Шеркеш мәмлүк сұлтандары») тұсаукесер рәсімі өтпекші. Осы орайда шығарма авторымен жолығып, тарихи туындының мазмұны және осында баяндалған оқиға желісі хақында сұхбаттасқан едік.
– Құрметті Қайрат Ұзақұлы, сізді ежелгі мәмлүктер тақырыбында жаңадан жарық көрген кітабыңыз «Шеркеш мәмүлік сұлтандары» атты туындыңыздың оқырманға жол тартуымен құттықтаймыз. Қалам-қуатыңыз мұқалмасын.
– Рақмет.
– Сіз бұған дейін мысырлық қыпшақ-мәмлүктер тақырыбында жеті-сегіз кітап жазып тастадыңыз. Ал бұл реткі кітабыңыздың бұрын жазылған еңбектеріңізден қандай айырмашылығы бар?
– Бұл кітаптың бұрынғы туындыларымнан айырмашылығы – ортағасырлық мысыр тарихшыларының еңбегінде айтылғандай, Ұлы Даладан барған қыпшақ-мәмлүктер Мысыр пен Шам өлкесінде (Сирия, Палестина, Ирдония) 1250 жылдан бастап, 1517 жылға дейін шамамен 267 жыл билік құрды. Осы уақытты мәмлүктанушылар екі кезеңге бөліп қарайды: алғашқысы 1250-1380 жылдар аралығында үстемдік жүргізген бахри қыпшақ билігі де, екіншісі 1382-1517 жылдары билік құрған бурджи шеркеш үстемдігі.
Кітапта соңғы 135 жыл патшалық құрған бурджи шеркеш сұлтандарының билікке келу тарихы, атақты тұлғалары, мемлекет басқару мен рухани даму салаларында қалдырған ізі, сақталған мұралары жөнінде сөз болады.
Сондай-ақ бұл туынды шеркеш мәмлүктердің шыққан тегі және олардың басқа ұлыстармен этникалық, лингвистикалық, этнографиялық байланысын анықтауға арналған. Өз басым бұл тақырыпты қаузау барысында, қолға түскен ортағасырлық жазба мұраларды електен өткізіп, шеркеш сұлтандарының шығу тегі мен этно болмысын айғақтайтын сирек деректерді сараптап, оқырманға ұсындым.
Шеркес мәмлүктері орналасқан бурджа-мұнаралы казарма
– Сөзіңізді бөлейін, көкейімізде сіз зерттеген шеркеш мәмлүктері «түркілер ме, кавказдықтар ма?» деген көлденең сұрақ тұр. Осыны тарқатып көрсеңіз?
– Орынды сұрақ қойдыңыз. Әуелі, біз Мысыр, Шам, Хижаз өлкелерін біріктіріп шеркес сұлтандығын құрған қауым қай этносқа тән екенін біліп алуымыз қажет. Яғни бұлардың түркілік этнонегізін зерттеп алмайынша, олар қазіргі қазақтың Кіші жүз құрамындағы Байұлы тайпалық бірлестігінің белді руы шеркештермен қатыстылығын анықтай алмаймыз.
Ортағасырлық мысыр тарихшылары 1250 жылы билiк басына келіп, мәмлүктер құрған ұлысты «Түркi мемлекетi» деп бірауыздан мойындайды. Арабша айтқанда, «Даулат ат-турк». Мысалы, сол дәуірдегі Мысыр тарихшыларының атасы әл-Мақризи өз еңбектерiнде «Түркi мемлекетi, түркi әскерi» секiлдi сөз тiркестерiн қолданған
Осындағы «Түркі мемлекеті» деген атпен пайда болған ұлысты жоғарыда айтқанымыздай, 1250-1382 жылдар аралығында қыпшақ сұлтандары басқарды. Солардың алғышқысы – Құтыз сұлтан 1260 жылы Айн Джалут шайқасында Хулагу хан әскерінің бір бөлігін талқандап, мұсылман туын жықпай ұстап қалса, Байбарыс сол дәстүрді жалғастырып, 1292 жылы крестшілер жорығы кезінде мұсылмандарды қорғап қалды.
Сөзімізді түйіндеп айтар болсам, Таяу Шығыста мемлекет құрған шеркес сұлтандарының кавказдықтарға қатысы жоқ. Олар түркітектес қауымнан шыққан тұлғалар. Сол себепті өздері құрған ұлысты «Түркі мемлекеті» деп атады.
Жалпы алғанда, шеркеш атқамінерлері түркілік мәртебеге шаң жуытпаған. Мәмлүк жылнамашы Ибн Ийас: «Түркі шеркес сұлтаны Шайх Алеппо қаласының тұрғыны шайқы-имам Насим ад-Дин ан-Насими түркілердің сеніміне тіл тигізгені үшін оның басын шауып, терісін сыпырып алып, қала қақпасына іліп қойды» деп жазады.
Шейх сұлтанның мешіт-мазары. Каир қаласы
– Айыпқа бұйырмағайсыз, төтесін сұрақ қойсам: сіз жазып отырған, яғни Таяу Шығыста Түркі мемлекетін құрған шеркес сұлтандары қазіргі таңда қазақ халқының құрамындағы үш топтың бірі Кіші жүз бөлігі, Байұлы руының «шеркеш» тайпасымен тарихи-генеологиялық байланысы бар ма?.
– Бұл сұраққа тура жауап бермес бұрын сол дәуірде орын алған тарихи оқиғалар мен әлеуметтік аспектілерге тоқтала кеткен жөн сияқты. Атақты Кетбұға бабамыз қаһарлы Шыңғыс қағанға «Теңіз бастан былғанды, Кім тұндырар, ей, ханым, Терек түптен жығылды, Кім тұрғызар, ей, ханым» деп айтқандай, әуелі әңгіменің басын тұндырып алайық.
Мысырлық көне жазбаларда «шеркес» сөзінің этимологиясы – араб тілінде «джаркас», көпше түрінде «джаракиса» деп жазылып жүр. Сол замандағы атақты мәмлүктанушы египеттік тарихшы-ғалым Абдусаид Хаким: «Бурджи (мұнара) мәмлүктері көптеген жылдан соң «джаркас» деп атала бастады», – деп көрсетсе, шеркеш сұлтандарының биографы һәм оларға араб, түркі тілдерінде дін үйреткен ұстазы әл-Айни: «Джаркастар (шеркестер) сөзсіз, таза түркілер» деп басып айтқан.
Яғни сол заман тарихшылары шеркестердің түркі тектес қауымнан екеніне ешқандай шек келтірмеген. Демек ортағасырлық мысыр шеркестері түркілік тектен шыққан болса, сөз жоқ, қазіргі қазақ халқының құрамындағы шеркес тайпасы ежелгі джартастармен генеалогиялық һәм қандас-туыстық байланысы бары анық. Бұл ортағасырлық мысырлық тарихшылар еңбегінде толық көрініс тапқан.
Инал сұлтан мазараты
Хошқадам сұлтан жерленген мешіт
Түменбай сұлтан мазары. Каир қаласы
– Түсінікті. Сіз айтқан тұжырымды дәлелдей түсетін ортағасырлық мысыр тарихшыларының қандай еңбектері бар?
– Мысалы, ортағасырлық атақты мысыр тарихшылары: ибн Халдун, әл-Мақризи, ибн Ийас, ибн Тәңірберді, т.б. еңбектерінде шеркес сұлтандарының шыққан жерлері Қыпшақ елінің оңтүстік таулары, Қара теңіз бен Каспий теңіздерінің арасындағы аймақ деп анық жазылған. Кейбір тарихшылар шеркес деудің орына «буржи» терминін қолданады. Өйткені, олар шеркеш термині саяси жүйеге емес, шыққан тектеріне қатысты деп санайды. Бірақ да қыпшақ мәмлүктерін бахри және бурджи деп бөлуі кейінгі тарихшылардың жіктеуі екенін есте ұстаған жөн.
Келесі кезекте айтарымыз: қазіргі таңда «шеркес» атауын иеленген: адыгейлер, абхаздар, шешендер, аварлар, лезгиндерден тұратын кавказдықтар тобы бар. Адыгей тарихшыларының өздерінің айтуынша, шеркес атауы Солтүстік Кавказда тұратын халықтардың ешқайсысының атауы емес және Кавказда шеркес деген этникалық топ жоқ. Бұл кейін түркілер берген атау. Кавказды жаулап алушы патшалық Ресей шеркес деп Солтүстік Кавказды мекендеген барлық халықты атаған.
Тағы бір есте болатын дерек: Ресей империясы 1864 жылға қарай Солтүстік Кавказды басып алғандықтан, көптеген кавказдықтар туған елдерін тастап, Осман империясына қоныс аударды. Орыс шеңгелінен қашқан тау халықтары Осман империясы ұсынған жерлерге барып қоныстанды. Османлы билігі 1878 жылы Анадолыда немесе басқа өлкелерге шеркестердің қоныстануына жағдай жасады. Кейбір отбасылар Мысырға барып, сонда орнығып қалды. Көріп отырғанымыздай, біз сөз етіп отырған шеркеш мәмлүктер мен XIX ғасырдың соңында Таяу Шығысқа қоныс аударған солтүстік кавказдық шеркестердің үш қайнаса сорпасы қосылмайды.
Одан кейін «шеркес» сөзінің этимологиясы турасында айтар болсақ: «шеркес» сөзі соционим болады, яғни халықтың әлеуметтік тұрмыс салты бойынша, өмір сүру тәсіліне қарай берілген атау. «Қазақ» этнонимі де онымен үндес, ұғымдас. Сондықтан болар, оралдық зерттеуші Нұрлыбек Брманов «Большой путь славного народа» деген еңбегінде «қазақ» және «шеркес» сөздері синонимдер деп көрсетеді.
Сондай-ақ, «шеркес» сөзінің этимологиясына қатысты түрлі интерпретациялар бар. Солардың ішінде ақылға қонымдысы XIII ғасырдағы қыпшақ-латын сөздігінде «шери» – әскер, «шерибаши» – әскербасы делінген. Демек «шер» сөзінің түбірі жауынгер, әскер, яғни тәртіпте өмір сүретін адам дегенді білдіреді. Т. Лапинский «шеркес» сөзі өте ескі және бастапқыда Днепр өзенінің жағасында кең таралған қарақшылар тобын атау үшін қолданылған. Ол түрік-татар тіліндегі «шер» немесе «шар» (күту, іздеу) және «кес» (кесу, тонау, өлтіру) сөздерінен тұрады дейді.
– Мысырда билік құрған шеркес сұлтандары заманы және олардың ғаламдық өзгеріске оң ықпалы хақында не айтасыз?
– Шеркештерді билікке әкелген Қалауын сұлтан деп айтылады. Оның ұлы, тақ мұрагері Халил сұлтан құл базарынан екі мыңнан астам шеркеш сатып алып, оларды мұнаралы казармаларға орналастырады. Осы мұнаралы казарма «бурджи» деп аталатындықтан бұл атау кейін шеркес сұлтандарының саяси билік атауына айналады. Шеркес сұлтандары билік құрған 134 жылда 24 сұлтан билікке келіпті.
Бірақ шеркеш сұлтандар, жалпы алғанда, абсолюттік билікке ие болмады. «Кім күшті— билік сонікі» деген принципті ұстанған ықпалды бектер сұлтандарды кез келген сәтте тақтан түсіре немесе өлтіре салатын. Мысалы, шеркеш мемлекетінің негізін қалаған Барқуқ сұлтанның баласы Фарадж сұлтан Дамаскіде өлтірілсе, Инал сұлтанның баласы Ахмет резиденциясынан сытылып шығып, қашуға мәжбүр болды.
Жалпы алғанда бахри және бурджи династияның қай-қайсыда өз кезегінде әлемдік діндер шинелісі кезінде исламға қорған бола алды. Мысалы, 1250-1382 жылдар аралығында билік жүргізген бахри мәмлүк билеушілері өз биліктерін қорғап, ұлыс бірлігін нығайтумен қатар, Батыс Еуропа елдері тарапынан жүргізілген әділетсіз, басқыншылық мақсатта ұйымдастырылған крестшілер жорығы мен ортағасырлық моңғол шапқыншылығы негізінде Таяу және Орта Шығыста құрылған Елхан әскеріне қарсы екі майданда шайқасты. Олар Хулагу хан әскерін талқандап, 1292 жылға қарай крестшілердің қамалдарын жойып, өздерін теңіз асырып қуып тастады.
Бахри мәмлүктердің басты жаулары — крестшілер, елхандар мен армяндар болса, шеркеш мәмлүктердің басты жауы Ақсақ Темір империясы, Кипр, Родос христиан иеліктері, португалдық теңіз күштері және күшейіп келе жатқан Осман империясы болды. Шеркеш сұлтандары кезінде Ақсақ Темір қатерінен османлылар және Елхан империясының қойнауынан шыққан Жалайыр мемлекеті мәмлүктердің табиғи одақтастарына айналды. Бурджи шеркештердің шайқас алаңындағы ең зор жетістігі 1421-1426 жылдары Кипр аралын жаулап алуы еді.
Сондай-ақ бурджи шеркеш мемлекеті тұсында құрылыс жұмыстары қатты дамыды. Мешіттер мен кесенелер ерекше әсемдікпен салынды. Барқуқ сұлтанның мешіті мен кесенесі, Қайтбай мешіті және әл-Ғури мешіті ерекше көрікті болып шықты. Олардың ішіндегі ең көрнектісі – Қайтбай кешені. Бұл кешен мешіт, қабірстан және қауыздан тұрады һәм қабырғалары қызыл және ақ түсте жасалып, өсімдік ою-өрнектерімен әшекейленген. Каирдегі Барқуқ, Шайх, Қайтбай сұлтан кешендері шеркеш сәулет өнерінің үздік туындылары болып саналады.
Барқуқ сұлтан жерленген мазарат. Қаир қаласы
Сондай-ақ шеркеш сұлтандары ислам дінін қорғау ісінде айтарлықтай еңбек сіңірді. Алғаш 622 жылы Мұхамед пайғамбар негізін қалаған Ислам халифатының байрағы 1259-1517 жыл аралығында мәмлүктер қолында болды. Сол тұста далалық араб-бәдеуилер тарапынан сауда керуендері мен қажыларды тонау жиілеп кетуіне байланысты, қажылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Дамашық пен Хиджаз арасында бекінісі бар қонақүйлер салып, бекіністің қауіпсіздікті қамтамасыз ететін күзетшілер тұратын казарма, қажылар түсіп, аттанатын қонақүй қызмет етті. Бұл бекіністер жергілікті тұрғындар, қажылар және жалпы саудагерлер үшін қан базарларға айналды.
– Кітабыңызда Мысыр Түркі мемлекетін 1382 жылдан 1517 жылға дейін 24 шеркеш сұлтаны басқарғаны туралы жазыпсыз. Осылардың ішінде тарихта аты қалған мықтылары кімдер?
– Шеркеш сұлтандарының басында 1382-1389 жылдары, екінші дүркін 1390-1399 жылдары билік құрған Барқуқ сұлтан тұр. Ортағасырлық мысыр тарихшы Ибн Тәңірбердінің көрсетуі бойынша Барқуқ «Египет жеріндегі 25-ші түркі, бірінші джаркас сұлтаны». Бұл адам шамамен, 1362 жылдары қыпшақ даласынан құлдыққа сатылып, Қырым арқылы Мысырға жеткізіледі. Оны атақты атабек Елбұға әл-Хассаки ан-Насири сатып алды. Барқуқ сөзі арабша «бадырақ көз» деген мағынаны білдіреді. Барқуқтан кейін баласы Фарадж сұлтан таққа отырады. Одан кейін әр жылдары Абдулазиз сұлтан, Мустаин халифа, Шайх сұлтан, Ахмет сұлтан, Татар сұлтан, Мұхамед сұлтан, Барысбай сұлтан, Юсеф сұлтан, Шақмақ сұлтан, Осман сұлтан, Айнал (Инал) сұлтан, Ахмет сұлтан, Хошқадам сұлтан, Белбай сұлтан, Темірбұға сұлтан, Қайтбай сұлтан, Мұхамед сұлтан, Қансу әл-Ашрафи сұлтан, Жанболат сұлтан, Түменбай сұлтан, Қансу әл-Ғури сұлтан, ең соңғысы Әл-Ашраф сұлтан тұсында шеркеш мәмлүктер билігі ақырласады.
Бұлардың ішіндегі ең мықтысы – Барысбай мен Қайтбай сұлтан. Көне жазбаларда Барысбай сұлтанның толық аты-жөні мен лауазымдық титулы: «әл-Малик әл-Ашраф абу ан-Наср Сейфуддин Барысбай» деп жазылыпты. Бұл кісі 1422-1438 жылдары сұлтандық құрып, крестшілердің жорығында маңызды рөл атқарған Кипр аралын жаулады. Ортағасырлық тарихшы ибн Тәңірберді: «Барысбай сұлтан – Египетті билеген отыз екінші түркі, сегізінші шеркес сұлтаны» депті.
Барысбай да басқа шеркеш сұлтандары сияқты сатылып келген құл. Оны Доқмақ деген бек сатып алып, жоғарыдағы Барқуқ сұлтанға сыйлаған. Барысбай өз өмірін бұрынғы мәмлүктер секілді әскери мектепте соғыс және дін негіздерін үйренуден бастаған. Мықтылығының арқасында бостандық алған. Фарадж сұлтанның кезінде сақи (сусын құюшы) қызметін атқарып, Шайх билікке келген кезде жүзбасы мансабына қолы жеткен. Кешікпей «Шақмақ бүлігіне» қатысты түрмеге қамалады. Татар сұлтан таққа отырған тұста оны түрмеден босатады. Оның баласы Мұхамед сұлтан атанғанда бір топ бектермен бірге Александрия абақтысына тасталады.
Барысбай сұлтан мазары
Осындай қиындақтарды бастан өткерген ол 1422 жылы 1 сәуірде түркі-шеркес мемлекетінің сұлтаны болып жарияланады. Барысбай сұлтан билік құрған 17 жылында, ұлыстың сыртқы қатынасын жақсартып, күшейіп келе жатқан Османлы мемлекетімен достық қатынас орнатты. Еуропа жұртымен сауда-саттықты түзеді. Әсіресе порттарда саудагерлерге салынатын алымдарды азайтады, олардың тауарларының амандығына кепілдік береді. Өз атымен динар қолданысқа кіргізеді. Мысыр тарихшылары: «Мәмлүк мемлекеті екі гүлдену кезеңін бастан өткерді: алғашқысы атақты сұлтандар Құтыз, Байбарыс, Қалауын кезі, екіншісі шеркес сұлтаны Барысбай тұсы» деп жазады.
Барысбай сұлтан тұсында мәмлүк флоты қаһарлы күшке айналады. 1425 жылы тамызда мәмлүк әскері мұсылмандардың сауда жолына қауіп төндіріп тұрған Кипрді тізе бүктіріп, бес мың тұтқын және мол олжаны алып Каирге қайтады. Сөйтіп Кипр тарихта тұңғыш рет мәмлүк билігіне бойұсынып, қала тұрғындары христиандар болғандықтан, жыл сайын мұсылмандарға джизия-салығын төлейді. Кипр 1517 жылы Түркі мемлекеті жойылғанға дейін Каирге бағынды.
Барысбай сұлтан Бадруддин әл-Айни сияқты дін ғұламаларын шақырып, ілім үйренеді. Оның «Әл-Айни болмағанда ислам дінінен де жұрдай болатын едік» деген сөзі бар. Сөйтіп 17 жылдық билігінен кейін 1437 жылы қайтыс болып, денесі Қаирдағы Байбұға мешітіне жерленді. Оның есімі кресшілерге қарсы шайқасқан жауынгер, Кипрді бағындырған қолбасшы ретінде тарихта қалды.
Ал шеркес – мәмлүктерінен шыққан екінші зор тұлға 1416 жылы туып, 1496 жылы өмірден озған атақты Қайтбай сұлтан. Бұл кісінің толық аты-жөні және титулы: «әл-Малик әл-Ашраф абу Наср Сейфуддин Қайтбай әл-Махмуди аз-Захири». Ортағасырлық тарихшы Ибн Ийастың жазуы бойынша, бұл кісі «Египет жеріндегі қырық бірінші түркі, он бесінші джаркас (шеркес) сұлтаны». 1468 жылы таққа отырған Қайтбай сұлтан бурджи-шеркеш мәмлүктердің ең ұлы билеушісі болып саналады.
Бұл адамда әуелі құл болып айдалып келеді. Оны 13 жасында Шақмақ сұлтан сатып алды. Кейін бас бостандығын алып, 28 жыл патша атанды. «Патшалардың патшасы» деп дәріптелген бұл шеркеш сұлтаны мемлекеттің экономикасын тұрақтандырды. Осман империясымен сауда байланыс ісін дамытты.
«Қайтбай сұлтан бүкіл өмірін құрмет пен молшылықта өткізді. Бек атанып сұлтан болғанша қамауға алынып, кісенделіп абақтыда жатқан емес, жер аударылған емес. Ақылды, мемлекеттік істерді білетін. Әр затты орнына қоятын, асықпай шешім қабылдайтын. Өзінің жеке байлығын көбейте алды. Соның арқасында сұлтандық таққа отырғанда мемлекет қазынасына қол сұқпай, билеуші ретінде елеулі қайырымдылық шараларын жасай алды», – деп жазады сол дәуір тарихшылары.
Қайтбай сұлтан жерленген мазарат
Қайтбай сұлтан өз заманында сәулет өнерін дамытуға аса мән береді. Өз билігінде болған Мекке, Мәдина, Иерусалим, Дамашық, Алеппо, Александрия және Каир қалаларында бұл сұлтан жасатқан 230-ға жуық өнер ескерткіші әлі күнге дейін аман тұр. Атап айтар болсақ, Иерусалим мен Газада салдырған субұрқақты медресе ғимараттары бүгінге жетсе, 1481 жылы Мәдинадағы болған үлкен өрттен кейін Пайғамбар қабірі Қайтбайдың қамқорлығының арқасында мұқият жаңартылып, Алла елшісі жатқан жердің төбесіне үлкен күмбез орнатады. Одан кейін пайғамбар уағыз айтқан мінберінің үстіне кіші күмбез салдырады. Кейін үлкен күмбезді жасыл түспен боятады. Екі күмбездің ортасы «рауда» болып есептеледі. Сонымен қатар, мәмлүктер стилінде төрт мұнара жаңадан орнатады. Дәл қазір осы төрт мұнараның бірі «Қайтбай мұнарасы» деген атпен әлі күні аман тұр. Оның қандай жағдайда бұзылмауына себеп, мұнараның тағаны 10 метр тереңдікте құйылған екен. Мешіттің үстін 72 шағын күмбезбен көмкерген. Мешітке кіріп-шыққандарды бақылау үшін бұрынғы 24 есігін 4-ақ есік қылған.
Қайтбай сұлтан қамалы. Александрия қаласы
Қайтбай сұлтан қолданған ыдыс. Ыстамбұл, Түрік ислам өнер музейі
Қайтбайдың тұсында шеркес сұлтандары Кіші Азия аумағында пайда болған жаңа күш Осман мемлекетімен бәсекеге түсе бастайды. Сөйтіп, 1485 жылы Кіші Азия аумағында османлылармен алғашқы соғыс басталды. Қайтбай екі шайқаста да жеңіске жетті және 1491 жылы османлылар Елбистан мен Киликияға деген талаптардан бас тартып, Мысыр үшін тиімді бейбітшілік орнатылды. 1494 жылы Қайтбай сұлтанның денсаулығы айтарлықтай нашарлап, ақыры 1496 жылы өмірден өтеді. Мүрдесі көзі тірісінде өзі салдырған Каирдің солтүстік мазарына жерленеді. Бұл мазаратта пайғамбардың аяғының ізі түскен тас сақталған.
Қайтбай сұлтанның қылышы мен байрағының айшығы Ыстамбұлдағы Топкапы сарайының қару-жарақ мұражайында экспонат ретінде сақтаулы тұрса, өз қолымен пайғамбар мешітіне арнап жасатқан мінбері Мәдина музейінде тұр.
– Мазмұнды әңгімеңізге рақмет!