Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Əкімшілік-əміршілік идеологияның қазақ тарих ғылымына ықпалы: азаттық қозғалыстар мəселесі

2463
Бодандық бұғауынан босанып шыққан ұлттар өздерінің болашақта бет түзер бағдарын айқындау мақсатында өткені мен бүгінгісін жаңаша сүзгі-сұрыптан өткізуде.

Өткен соңғы екі ғасыр көптеген елдердің тарихында басқыншылардың отаршыл озбырлығына қарсы толассыз бас көтеріп, сөйтіп тəуелсіздік тұғырына талпынуларының қасіретке толы белестері болып тарихқа енді. Бодандық бұғауынан босанып шыққан ұлттар өздерінің болашақта бет түзер бағдарын айқындау мақсатында өткені мен бүгінгісін жаңаша сүзгі-сұрыптан өткізуде. Ұлттық тарихымыз бен ұлттық санамызды, тарихи тұлғаларымыздың қызметтерін саралап алмай тұрып, толық ұлттық рухани тəуелсіздікке жете алмасымыз анық. Ал қандайда болмасын ішкі, сыртқықпалымен пайда болған рухани тəуелділік тұрған жерде ұлттың дербес ойлау жүйесі тиісті-деңгейде қалыптаса алмайды.

Ұлт-азаттық көтерілістер мəселесі еліміздің тарихында қай кезде болмасын келелі тақырыптардың бірі болып келеді. Өткенге көз салсақ оның парақтарында осы тəуелсіздік, ел егемендігі үшін күрестер айтарлық тай уақытты, кең көлемді алып жатыр. Ғалымдар мен зерт теушілерде бұл оқиғаларды аз зерттеп, ол туралы аз қалам тартқан жоқ. Дей тұрғанмен-де осы көтерілістер шынайы нақты бағасын алып, толық мəнде танылуы сипаты ашылды деп айту қиын болар еді. Себебі, еліміз бірнеше тарихи кезеңдер мен қоғамдық құрылыстардан өтті жəне олардың əрқайсысының тарихты баяндауға талаптарын қойып, өз идеологиясының шеңберіне енгізуге ұмтылулары, өз дегеніне қарай бұрмалаулары болғанын ескерген жөн. Əрбір қоғам өзінің мүшелерін өз ықпалынан шығармауға күш салады, əлеуметтік экономикалық, тарихи, саяси, мəдени салаларын да осы бағыттан тыс жібермеуге ұмтылады. Алысқа бармай, ақ кешегі кеңестік жүйе, өзінің басты құралдарының бірі ретінде таптық моноидеология мен ұлы державалық шовинизмді қару етіп тарихтағы ұлт-азаттық күрестердің барлығын үстем тапқа қарсы, антифеодалдық көтерілістер деп сипат бере отырып өзгертуге, ал оның шеңберіне сыймағандарын халық жадынан мүлдем сызып тастауға ұмтылды. Өздері хан тұқымынан шыққан Арынғазы, Қаратай, Жəң гір, Қасым, Саржан, Кенесары, Есенгелді сынды төрелер бастаған көтерілістер тарих бетінен аяусыз аластатылды. Бұл тақырып туралы жазуға əрекет жасаған зерттеушілер идеологиялық жаулар, ұлтшылдар деп айыпталып, кеңестік идеология шырмауынан шығарылмады. Дегенмен-де, олардың есімдері мен халық үшін жасаған қызметі қазіргі кезде тарихи зерттеулерде өз орнын алуда.

Жалпы еліміздің тарихы 20 жыл ішінде жаңаша зерттеліп, көптеген еңбектер, монографиялар жазылып жатыр. Алайда еңбектер көп болғанына қарамастан өткен ғасырлар мен жылдар қойнауында əлі-де ашылмай жатқан парақтардың да саны жеткілікті. Сондай, ақтандақ беттер 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тарихында да баршылық. Бұл көтерілістің жүру барысы, оның жетекшілері мен қатысушыларының жан қияр лық ерлігі туралы арнайы ғылыми еңбектерден бастап, көркем əдеби шығармаларға дейін арқау болғанына қарамастан, зерттелетін жақтары əлі-де жеткілікті.

Кеңестік кезеңнің тарихнамасында əлемдегі отарлық езгіге қарсы қозғалыстардың тарихы қомақты орын алады. Бірақ кеңестік дəуірдегі тарих ғылымында Ресейдің ұлттық аймақтарындағы азаттық күресінің зерттелуіне шет елдердегі отарлауға қарсы қозғалыстармен салыстырғанда жеткіліксіз көңіл бөлінгені, ақиқат. Өйткені, мемлекеттің идеологиялық жүйесі одақтас республикалардағы ұлттық сана сезімнің өсуінен қауіптенгендіктен бұл мəселе бойынша ғылыми зерттеулерге қатаң бақылауының орнатуында еді. Соның салдарынан мəселеге қызығушылықтың салыстырмалы түрде бəсеңдеуі орын алды. ХХ ғ. 20–30 жылдары Қазақстан жəне Орта Азиядағы 1916 жылғы қозғалыс мəселелеріне арналған бірқатар еңбектер жарық көрді. Олардың қатарына мəселені ең алғаш зерттеудің басында тұрған тарихшылардың аға буын өкілдері С.Асфендияровтың, Т.Рысқұловтың, С.Меңдешевтің т.б. еңбектерін бірінші кезекте атап көрсетуге болады. Сонымен бірге, олардың бəрі-де сол жылдардағы қаһарлы оқиғаларды көзімен көрген, ал кейбіреулері тікелей қатынасқан адамдар еді. Бұл авторлар еңбектерінің маңызы осынысымен ерекше. Бірақ олардың бəрі-де тоталитаризмнің құрбандығына ұшырап, еңбектері ұзақ жылдар бойы тарихнамаға енбей, атаусыз қалды [1]. Қуғын-сүргіннің екінші толқыны мəселенің зерттелуіне елеулі соққы берді. Егер алғашқы уақытта 1916 жылғы көтерілістің болғанына республика көлемінде өткен 10 жылдық, 20 жылдық мереке күндері кең атап өтіліп, нəтижелі пікірталастар мен жаңа зерттеулердің пайда болуына түрткі болса, кейін бұл қарқын идеологиялық қысыммен басылып қалды. Осыдан келіп жалпы ұлт-азаттық көтерілістерге, əсіресе 1916 жылғы қозғалысқа назар дұрыс аударылмайтын болды. Сұрапыл Ұлы Отан соғысы аяқталған соң ел күйзелісте болғанына қарамастан 1946 жылы көтерілістің 30 жылдығын өткізгеннен кейін, мұндай көлемдегі шаралар біртендеп ұмыт қалғаны аян.

Осы кезеңде тарих ғылымы күрделі жағдайда дамыды, ол жеке басқа табынумен, қоғамдық ғылымдарда саяси көсемдердің сөздерін кел тіруі мен жəне догматизммен байланысты еді. Зерттеу материалдары сұрыпталып, тарихи зерттеулер саяси мекемелердің «сүзгісінен» тексеріліп өтіп, негізгі құрамы, мəні жəне мағынасы əлеуметтік принциптерге негізделді. Əсіресе, 30-жылдардың аяғы мен 50-жылдардың басында саяси жағдай күрделене түсті. Сол уақыттағы идеологиялық жұмысқа кері əсерін тигізген əр саладағы ғылыми жұмыстармен шұғылданатын кейбір интеллигенция өкілдерінің өнімді-де өтімді, жаңалықтарға толы шығармашылығын режимнің саясатына жағымпаздықпен əбден берілген ғалымдар асығыс дөрекі бағалауға бой алдырды. Мəскеудің талап етуімен тарихшылар Кеңес Одағындағы халықтар өзінің қоғамдық, əлеуметтік жəне мəдени дамуында орыс халқымен ұзақ əрі бақытты өмір сүріп, нəтижесінде, коммунизмнің шексіз шарықтауын заңды құбылыс етіп жазуға тиісті болды [2, 316].

Тоталитарлық режимнің басшылары Ұлы Отан соғысы басталған кезде халықтың рухын көтеру үшін ұлттық патриотизмге баса назар аударуға мəжбүр болған еді. Басқыншыларға қарсы соғыста халықты ұйымдастыра білген қолбасшылармен көсемдердің азаттық жолындағы күресін зерттеу ресми бақылау дəрежесінде болса да, кең насихаттау жұмысы біршама ілгері басты. Алайда, соғыс аяқталар кезде, тарих ғылымын да шынайы зерттеулердің нəтижесінде енді ғана қалыптаса бастаған ұлт-азаттық соғыстар тарихына қатысты тұжырымдамалар кеңестік элитаның мүддесіне сай келмей, оларды қанағаттандырмады [3, 21–22]. Сталин өз диктатурасын тарихи жағынан нығайту түсу мақсатында Иван Грозныйды, бірінші Петрді дəріптегені аян. Олардың тұсында болған мемлекеттің күші мен құдіретін, тіпті патшалардың жүргізген агрессиялық саясаттарын мадақтау арқылы өз мансабын бүтіндеуі қажет болды [4, 6]. Сөйтіп, Ұлы Отан соғысының барысында саяси басшылықтың патриотизм туралы ұғымы өзгерді. Енді ол тек қана кеңестік тамырлармен ғана шектелген жоқ. Бұл ұғым бойынша патриоттық болып, «Ресей — халықтар абақтысы» түсінігіне сəйкес бағындырылған халықтардың азаттық үшін күресі емес, Ресейдің, яғни орыс халқының ұлттық аймақтардағы халықтармен достығы, қамқорлығы ғана кең дəріптеле бастады. Бұл жағдай қазақтардың немесе басқа орыс емес халықтардың тарихын тарихи материалдар жүйесімен бұрмалаусыз шынайы жазуда қүрделіктер тудырды. Кімде-кім өзгеріп жатқан ресми тұжырымдамаға сай ғылыми зерттеуін əдейі бұрмалап бейім деп жазбаса жəне шығармаларында бұл талап толыққанды орындалғанына күмəндік байқалса, онда ол «халық жауы», «ұлтшыл» атанып, тиісті жазасын алған еді [5, 9].

40-шы жылдардың аяғында тарихшылар орыс емес халықтардың Ресей империясына қосылуы ерікті түрде жүзеге асқанын мойындады. Ал осы өз еркімен қосылған халықтардың Ресей империясының құрамында болып отарлық қанауға қарсы көтерілістер тарихы мүлдем зерттеусіз қалды немесе тарих оқулығында «жан-жақты реакциялық" сипатта жазылды. Осыған орай, Сталиннің жеке басына табыну уақытында, əсіресе 50-шы жылдардың басында, Қазақстандағы, Кавказдағы т.б. жерлердегі түрлі кезеңдерде болған ұлт-азаттық қозғалыстар жоғарыда көрсетілген əдіснамалық бағытта «терең" де «зерделі» қарас тырылып, тарихшылардың алдына жалпы ұлттық қозғалыстарды ресми сарында талдау міндеті қойылды. Бір жағынан, Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңде қоғам санасына орыс халқының соғыстағы шешуші рөлін қалыптастыру арқылы ұлы ұлттың тарихын тереңнен насихаттау, зерделі зерттеу бірінші орынға қойылды. Оның есесіне, ұлттық аймақтардағы азаттық үшін күрес тарихын зерттеу қарқыны басылды, мəні көмескілене түсті. Өйткені, ол отарлық үстемдікке қарсы күрес емес, орыс халқына қарсы бағытталған деген тұрғыдан қарастырыла бастады [6, 41].

Қазақ елінің Ресейге қосылуы, басқа көрші мемлекеттерге қосылғаннан гөрі тиімді деген пікір қалыптасып, қазақ халқының отарлауға қарсы күресінің негізгі мазмұны да осы тұрғыдан қарастырылды. Бұл дегеніміз ұлт-азаттық қозғалыстар мəселесі рөлінің төмендеуі, оның есесіне кейбір таптық сипаттағы элементтері басым ха лық көтерілістері хандық жəне патша үкіметінің билігіне қарсы, кедейлердің феодал-шонжарлар билігіне қарсы бағытталған сипатта қаралып, жан-жақты зерттеліп толықтырылды. Мұның өзі 50-жылдардың басында объективті зерттеу əдіснамасынан бас тарта алмаған Қазақстандық тарихшылар арасында қарама-қайшылықтар тудырып, ұзақ талас-тартыстың нəтижесінде жүзеге асты. Бұл талас-тартысқа алып келген саяси жүйенің, оның идеологиясының бағыты ұлт аймақ тарында ғы халықтардың ұлттық сана-сезімінің өсуінен, егемендікке ұмтылуынан үрейленген Мəскеудегі орталық биліктің саяси астарлары еді. Бастапқыда ұлт-азаттық көтерілістер жөнінде зерттеулер 1920 жылдары пайда болып, қалыптасқан тұжырымдама түрінде 1943 жылы А. М. Панкратованың басшылығымен шыққан «Қазақстан тарихы» тұң ғыш ұжымдық еңбегінде сол кездегі уақыт талабына сай ресми бекітіліп, көрініс тапқаны белгілі [7]. Бұл еңбекте 50-жылдарда ғылыми айналымға енген зерттеулермен салыстырғанда қазақ халқының азаттық үшін күресінде отарлауға қарсы бағытқа ерекше назар аударылған болатын. Объективті түрде оның пайда болуы отандық тарих ғылымының, оның ішінде Қазақстан тарихнамасының жетістіктерімен байланысты еді. Бірақ, бұл жетістік ұзаққа созылмады. 1945 жылы 14 тамыз күні Қазақстан КПОК-нің «Қазақ ССР тарихының 2-ші басылымын дайындау туралы» қаулысында: «1943 жылы шыққан „Қазақ ССР тарихы“ Қазан революциясына дейінгі Қазақстан тарихы „өндіргіш күш тер“, „өндірістік қатынастар“ жəне сондай-ақ таптар жəне таптық күрес тарихы тұрғысынан емес, негізінен қазақ халқының өзінің тəуелсіздігі жолындағы жүргізген күресінің тарихы ретінде жазылған», — деген сын тағылып, ескертіледі [8, 12–16].

Сол уақытта ұлт-азаттық көтерілістер жөнінде зерттеушілердің көзқарастарында екі түрлі пікір қалыптасқан еді, біреулері патшалық Ресейге қарсы бағытталған бүкіл ұлт-азаттық көтерілістер прогрессивті десе, енді бірі керісінше барлығын керітартпа деп санады [9, 26]. Жоғары да айтылғандай, соғыс аяқталар кезде патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы бағытталған көтерілістер туралы зерттеулер сынала басталып, сталиндік тоталитарлық режимінің саясатын, ақтау үшін олар кертартпа мəнді болды деген тұжырым қалыптасты. Сталиннің уақытында патриотизмді жалған бағалаудың нəтижесінде Ресейдің патшалық кезеңдегі жүргізген сыртқы саясатын, ақтау тенденциясы пайда болып, ол əрі қарай дамыды [10, 54–79]. Тарихшылардың тарапынан орыс тарихшысы, профессор Яковлевтің саяси билікке сүйеніп, 1943 жылы шыққан «Казақ ССР тарихының" бірінші басылымына берген рецензиясы жаңа ұлы державалық концепцияны, осыған ұқсас, кезінде сыналып ұмыт қалған реакциялық-монархиялық тұжырымдама мен ұштастыру талпынысы еді. А. М. Панкратованың қарсылығына қарамас тан тарихшылардың басым көпшілігі іле-шала осы концепцияны қолдай түсті. Соған орай, Қазақстанда белгілі тарихшы Е.Бекм хановтың «XIX ғасырдың 20–40 жылдардағы Қазақстан» монографиясы, оның ішінде Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс тұжырымдамасы талқыға түсті. Ақыры, баспасөз бетінде қатты сыналып, ұлт-азаттық көтерілістерге қатысты тұжырымдаманы түбірімен қайта қарау керектігі жөніндегі бағыт бой алды [11, 11–15]. Осы тұста, «Пат ша лық Ресей халықтар абақтысы» əдіснамасы теріске шығарылып, самодержавиенің саясаты толығымен кертартпа болған жоқ, қайта прогрессивті мəні болды деген бағыт өрістеді. Саяси басшылық 1951 жылы 10 сəуірде Қазақстан КОКП-нің «Правда» газетіндегі «Қазақстан тарихының мəселелері маркстік-лениндік тұрғыдан шешілсін» атты мақаланың ұсыныстарын, «Қазақ ССР тарихы екінші басылымын дайындау туралы» 1945 жылғы 14 тамыз күні Қазақстан КПОК-ның шешімдерін орындамады жəне халық қозғалыстарын бағалауда бірінші басылымдағыдай қателіктер жіберілді деп идеологиялық қысымды күшейте түсті. Сонымен қатар К/б/КП ОК-ті өзінің 1951 ж. 10 сəуір күнгі қаулысында Қазақ ССР тарихының өткен басылымдардағы ұлтшылдық бұрмалаулармен қателіктерді жойып, 1951 жылы жаңа басылымның бірінші томын шығаруды Қазақ ССР ҒА Президумына жəне оның Тарих, археология жəне этнография институтына жүктеп, талап етті [12, 86–88]. Осындай жағдайда, Қазақ ССР Ғылым академиясы Қазан революциясына дейінгі Қазақстандағы ұлттық қозғалыстардың сипатын анық тау мақсатында 1952 жылдың басында тарихшы-ғалымдардың жиынын шақырды. Зерттеушілердің бір бөлігі Қазақстанның Ресейге қосылуы прогрессивті шара деп атап көрсетіп, XVIII ғасыр мен 1916 жылғы көтеріліс аралығындағы бүкіл ұлттық қозғалыстарды жоққа шығаруға талпынды [13, 4]. Осы аталған пікірталаста 1916 жылғы көтеріліс бойынша баяндаманы маман ретінде Б.Сүлейменов жасайды [14, 1–6]. Бұл мəселе бойынша ғылыми зерттеулерін ол Ұлы Отан соғысы аяқталар кезінде бастаған болатын. Осы көтерілістің тарихымен айналысқан авторлардың көпшілігі көтеріліс тек екі облыста болды, яғни көтерілістің ірі ошақтары Торғай жəне Жетісу облыстарында өрістеді деп санаса, Бекежан Сүлейменұлы көтеріліс бүкіл қазақ жерінде болғандығын, тек көтерілістің ішкі ерекшелігі Торғай жəне Жетісу облыстарындағы көтерілістермен салыстырғанда қалған облыстарда əлсіздеу өткенін атап көрсеткен. Мəселен, Т.Рысқұлов Түркістанның басқа облыстарымен Жетісу облысында көтеріліс кешірек, яғни салыстырмалы түрде тамыз айының басында басталды деп пайымдаған [15, 22–23]. Оның ізінше С.Асфендияров, Т.Елеуовтер-де сол көзқарас шеңберінен аса қоймаған еді [16, 14]. Ал Б.Сүлейменов іс жүзінде Жетісу облысында көтеріліс 1916 жылдың шілде айының басында басталғандығын дəлелдеп, жоғарыдағы авторларды толықтыра түсті.

Сол уақыттан бастап халқымыздың тарихындағы ұлт-азаттық көтерілістердің басым көпшілігінің сипаты теріске шығарылып, 40 жылдай уақыт зерттеуден тыс қалып, тарихымыздағы «ақтаңдақ" беттердің біріне айналғандығы белгілі. Бұл тұрғыдан көпшілік қауымға қазақ халқының бостандық пен тəуелсіздік жолындағы күрестерінен идеологиялық «шеңберге» жақын тек үшеуі ғана — 1783–1797 жылдардағы Сырым Датұлы мен 1837–1838 жылдардағы Исатай Таймановпен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық көтерілістері жəне 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы ғана кеңірек таныстырылған. Алайда, осы қозғалыстардың өзі-де кеңестік дəуіріміздің белгілі бір кезеңдерінде тарих сахнасынан орынсыз ысырылып, ол жайында айтылған шындық сөз буржуазиялық-ұлтшылдықтың көрінісі ретінде айыпталды [17]. Ұлт тық қозғалыстарды методологиялық тұрғыда қайта қарауға ең алғаш түрткі болған, көпшілікке мəлім, И.Сталиннің 1941 жылғы Ф.Энгельс тің патшалық Ресейдің сыртқы саясаты жөніндегі еңбегін сынап, өз көзқарастарын білдірген мақаласы еді [18]. Бұл мақалада Сталин ашықтан-ашық патшалық Ресейдің жаулап алушылық ұлы державалық сыртқы саясатын, ақтауға тырысуының өзі сол сұрапыл саясаттың ізін басқан кеңес үкіметін «сүттен, ақ, судан таза» ететін саяси астарлармен байланысып жатты. Орыс халқы басқа халықтарға тек қана прогресс əкелуші, ал оған қарсы көтерілістер барынша көлеңкеленіп, кертартпа сипаттағы қозғалыстар деп қарала бастады.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тарихын терең зерттеген ғалымдарының бірі X.Тұрсынов «Восстание 1916 г. в Средней Азии и Казахстане» атты қомақты еңбегінде көтерілістің сипатын анықтау мəселесі бойынша екі бағыт өріс алғандығын атап, олардың кемшіліктеріне-тоқталады. Əсіресе, 1916 жылғы көтеріліс біржақты кертартпа, ұлтшылдық сипатта болды деген көзқарастарды сынайды. Сондай-ақ «Қа зақ ССР тарихы» (1-том) екінші басылым авторларын сондағы қателіктерді, оның ішінде Жетісудағы оқиғаларды тиісті ашып көрсетпе ген деп сынайды. Осы орайда екі қарама-қарсы көзқараста болған тарихшылар арасындағы талас-тартыстың шешілуіне 1952 жылы көршілес республика ғалымдарының қатысуымен Алматы қаласында өткен пікірталас отырысының мəні зор болды дейді. Бұл дискуссияның жоғары инстанциялар тарапынан ұйымдастырылуының өзі, ұлт-азаттық көтерілістерді прогрессивті жəне кертартпалық деп бөліп қарауға бағытталды. Х.Тұрсынов «1916 жылғы көтерілістің сипаты» атты негізгі баяндаманың төнірегінде талас-тартыс болды деп негізгі баяндамашы Б.Сүлейменовтың көзқарастарына мынадай баға береді: «Б.Сү лей ме нов тың баяндамасында ұлттық қозғалыстарды зерттеудің əдіснамалық мəселелері, көтерілістің алғышарттары, қозғаушы күштері жəне сипаты негізделіп көрсетіледі. Ол кейбір тарихшылардың Қазақстандағы 1916 жылғы көтерілістің прогрессивті ұлттық-азаттық сипатын жоққа шығаруға талпынған көзқарастарын орынды сынаған. Б.Сүлейменов қозғалыстың тарихи мəні мен сипатын азаттық, əрі революциялық деп бағалайды. Сонымен бірге, Б.Сүлейменов 1916 жылғы көтерілісте патриархалды-рулық құрылыстың қалдықтары салдарынан реакциялық көріністер орын тапқанымен, бұл жекелеген реак циялық көріністер 1916 жылғы Қазақстандағы қозғалыстың прогрессивті жəне ұлт-азаттық сипаттағы мəнін өзгертпейді» дейді [19, 23–24]. Осы жерде X.Тұрсынов, 1954 жылы Ташкентте қабылданған ресми əдіснамаға сəйкес, Б.Сүлейменовті былай деп сынға алады: «Б.Сүлейменов көтерілістегі жау элементтерінің зиянды салдарлары жəне мəнін ашып көрсетпейді. Баяндамашы Жетісу көтерілісінің кертартпалық сипатына жеткілікті назар аудармаған». Сөйтіп, қарсы əрекеттердің болғанына қарамастан, Б.Сүлейменов жəне пікірлестері осы мəселені жоғарыда аталған айыптаулардан сақтап қала алды.

Алаш қозғалысының жетекшілері сол кезеңдегі қарама-қайшылықтарды күшпен шешуге наразылығын білдіріп, халықтың ымыраға келуіне күш салды. Алайда, отарлық езгіден əбден мезі болған халықты жүйелі іс-қимылға көндіру мүмкін емес еді, енді ұлттық интеллигенция халық көтерілісін «таптық" сипат алуына жол бермей, керісінше патшалық қанау аппаратына қарсы бағыттауға тырысты, басқаша айтқанда, көтерілісті ұлт-азаттық қозғалыспен ұштастыруға талпынды [20, 85]. Б.Сүлейменов 1916 ж. қозғалыста қарапайым халықтан шыққан қазақ радикалды-демократиялық интеллигенциясының бұқара халық күштерін ұйымдастыруға тікелей қатысқандығын атап көрсет ді. Зерттеушінің Ə.Бөкейханов басшылық жасаған «Қазақ" басылымының айналасында топтасқан интеллигенцияның тек осал жақтарын ғана көрсетіп, бірбеткей пікір жасауынан кемеліне жетіп тұрған əкімшілдік-əміршілдік жүйе идеологиясының салқыны сезіледі. Жалпы айтқанда, 1916 ж. ұлт-азаттық қозғалыста қазақ интеллигенциясы осал жақтарымен қатар жарытымды іс-əрекеттерін көрсете білді. Деректер айғақ, біреулердің қатысуы тек тілектестік білдірумен немесе арыз құрастырумен ғана шектеліп жатса, көпшілік /TT3 1 бөлігі 1916–1917 жж. қиыншылықтарды халықпен бірге бөлісіп, аяғына дейін болды.

Айта кету керек, 1996 жылдың 18 қазан күні Алматы қаласында өткен «1916 ж. Қазақстан мен Орта Азиядағы ұлт-азаттық қозғалыс, оның сипаты, қозғаушы күші, тағылымына» арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда қазақ зиялыларының 1916 жылғы көтеріліске байланысты көзқарастары мен іс-əрекеттері, олардың осы оқиғалардан алатын орнын нақты көрсетуге талпыныс жасалды.

Кеңес мемлекеті тұсында пайда болған зерттеулерде азаттық қозғалыс мəселесін əлі-де терең зерттеу үшін құнды пікірлер жəне деректік мағлұматтар кездеседі. Зерттеушілер қозғалыстың кең қанат жайғандығын, күрестің барысын жəне қозғаушы күштерін дұрыс сипаттап, қолданған əдістемесіне байланысты көтерілістің бірқатар күрделі белгілерін объективті талдай алмағандықтан, өз пікірлеріне өздері қарсы келетін тұстары да жоқ емес. Бір жағынан көтерілістің ұлттық, азаттық, бұқаралық сипатын дұрыс бағалай отырып, екінші жағынан алдыңғы қатарлы ұлттық интеллигенция, ру басшылары, байлар, дін иелері, халық сайлаған хандар т.б. жалпы ұлттық ұрандармен күреске шықса да, зерттеушілер оларды кертартпалық, сатқындық роль ойнады деп сынайды. Мұндай пайымдаулар ең алдымен Сталиндік жүйе кезеңіндегі тарихи құбылыстарды бағалауда таптық əдістің күшейіп, үстем принципке айналып, оның шектен тыс идеологияландырылуымен түсіндіріледі. Тəуелсіздік алғаннан кейін ұлт-азаттық қозғалыстардың зерттеу методологиясын дамытуға белгілі бір үлес қосқан бір қатар зерттеулер жарық көрді [21]. Сайып келгенде, қалыптастыратын жаңа теориялық көзқарастарымен əдіснамасын негіздеу үшін ғылыми айналымға енгізіліп жатқан мұрағаттық жəне баспа мағлұматтарын ой елегінен өткізіп, кеңінен пайдалану қажет.

Пайдаланылған əдебиеттер мен деректер тізімі:

1. Асфендияров С. Д. Национально-освободительное восстание 1916 года в Казахстане. АН СССР. Каз. фил. Алма-Ата: Казкрайиздат, 1936. 149 с.; Брайнин С. X. Амангельды вождь восстания 1916 года в Казахстане. А.-А.: Казиздат, 1939. 106 с.; Брайнин С., Шафиро Ш. Восстание казахов Семиречья в 1916 году. Алма-Ата — Москва: Казкрайиздат, 1936. 103 с.; Шарипов С. Национально-освободительное восстание казахских трудящихся против царизма 1916 года. Алма-Ата: Казкрайиздат, 1937. 316 с.; Рыскулов Т. Восстание туземцев Средней Азии в 1916 г. В 2-х частях. Кызыл-Орда: Госиздат КазССР, 1927. 163 с.; Рыскулов Т., Бройдо Г. Восстание казахов и киргизов в 1916 г. Респрективноеиздание. Лондон: 1989. 169 с.; Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарындағы қазақ тарихи біліміне жасалған қиянат // Алаш. № 3. Алматы, 2007. 121–129 бб.
2. Олкотт М. Б. Казахи // Из истории казахов. Сост. С.Аккошкаров. Алматы: Жалын, 1997. 448 с.
3. Козыбаев М.К, Алдажуманов К. С. Тоталитарныйсоциализм: реальность и последствия. Алматы: Фонд «XXI век», 1997. 28 с.
4. Қозыбаев М. Ақтаңдақтар, ақиқаты. Алматы: Қазақ университеті, 1992.
272 б.
5. Ахметова А. Патриотизм в ракурсе истории. Алматы: Санат, 1996. 224 с.
6. Касымбаев Ж. К. Изучение проблем историиосвободительных движении в Казахстане, как факторконсолидации национального единства // Қалалық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. Алматы: 21, ақпан, 1998 ж. С. 40–49.
7. История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней. Алма-Ата: КазОГИЗ, 1943. 671 с.
8. За высокою партийность в общественной науке Казахстана // Вестник АН КазССР, № 1–2, 1947. С. 12–16.
9. Козыбаев И. М. Историческая наука Казахстана (40–80 годы XX в.). А.-А.: Қазақ университете, 1992. 152 с.
10. Письма Анны Михайловны Панкратовой. Вопросы истории. № 11. Москва: 1988. С. 54–79.
11. Шоинбаев Т., Айдарова X., Якунин А. За марксистко-ленинское освещение вопросов истории Казахстана // Правда., 1950, 26 декабря; Большевик Казахстана, 1951. № 1, 11–15 бб.
12. Работа над первым томом «Истории Казахской ССР». Изд. третье // Вестник АН Каз ССР, 1951, № 12. С. 86–88. Қорғасбеков Ж. Қазақ халқы тарихындағы көтерілістер // Қазақ əдебиеті, 1990, 8, ақпан. 4 б.
14. Сталин И.В. О статье Энгельса «Внешняя политика Русского царизма» // Большевик, 1941, № 9. С. 1–6.
15. Дахшлейгер Г.Ф. В. И. Ленин и проблемы Казахстанской историографии. Алма-Ата: Изд. Наука КазССР, 1973. 216 с.
16. ҚР ҰҒА архиві II-қор. I-тізбе. 92-іс. 14 п.
17. Рыскулов Т. Восстание туземцев Средней Азии в 1916 г. Собр. Соч. В 3-х томах. Том 2, Алматы: Казахстан, 1997. 384 с.; Соныкі, Кыргызстан. Москва: Госсоциздат, 1935. 200 с.
18. Асфендияров С. История Казахстана. Алма-Ата, Москва: Казкрайиздат, 1935. 263 с.; Соныкі, Национально-освободительное движение 1916 года в Казахстане. Алма-Ата: Казкрайиздат, 1936. 150-б.; Елеуов Т. Народно-освободительное восстание 1916 года в Казахстане. Казгосиздат, 1955. 39 с.
19. Турсынов X. Восстание 1916 года в Средней Азии иКазахстане. Ташкент: Госиздат УзССР, 1962. 428 с.
20. Сулейменов Ж.Б. О некоторых вопросах участия национальной интеллигенции восстании 1916 года // Национально-освободительное движение вКазахстане и Средней Азии в 1916 году. Алматы: Институт истории и этнологии им. Ч. Ч. Валиханова. Mа-АН РК, 1997. 84–88 б.
21. Қозыбаев М. Проблемы методологии, историографиии, источниковедения истории Казахстана (Избранные труды). Алматы: Ғылым, 2006. 272 с.; Омарбеков Т, Омарбеков Ш. Қазақстан тарихына жəне тарихнамасына ұлттық көзқарас. Алматы: Қазақ университеті, 2004. 388 б.; Касымбаев Ж. Теоретические, историографические и источниковедческие аспекты антиколониальных восстаний в Казахстане. Книга 3. Алматы: 2010. 204 с. Əбжанов Х. Бекмаханов жəне ұлт-азаттық қозғалыстарды зерттеу əдіснамасы // Қазақ тарихы. 2006. № 3. 3–9 бб.; Соныкі. Ұлт-азаттық қозғалыстары: тарихнамалық пайым мен зерттеу методологиясы // Қазақ көтерілістері жəне азаттық мұраты. Алматы: 2012. 7–19 бб.

Самат Есқалиев
Ақтөбе аймақтық мемлекеттік университетінің доценті, т.ғ.к., Ақтөбе қ.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?