Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Отан тарихы: елестен ақиқатқа

13259
Отан тарихы: елестен ақиқатқа - e-history.kz
10 шілдеде институтта «Егемен Қазақстан» газетімен бірлескен «Отан тарихы: елестен ақиқатқа» атты дөңгелек үстел өткізілді.

10 шілдеде институтта «Егемен Қазақстан» газетімен бірлескен «Отан тарихы: елестен ақиқатқа» атты дөңгелек үстел өткізіліп, оның жұмысына  белгілі С.С. Сартаев, Т.О. Омарбеков, Ғ.Қ. Кенжебаев, Ә. Ғали сияқты ғалымдар шақырылды және институттың ғылыми қызметкерлері қатысты. Институт директоры т.ғ.д., профессор Х.М. Әбжановтың алғы сөзімен ашылған дөңгелек үстелде  ұлттық тарихты зерделеу мәселесіне қатысты ойлар мен тұжырымдар ортаға салынды.

  «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Қорғанбек Аманжол осы күндері жиі көтеріліп жатқан ұлттық тариыхымызды зерделеуге байланысты республиканың әр жерінде тарихшылар арасында қызу пікірталастар өткізіліп жатқандығын айта келе, бүгінгі дөңгелек үстелде тарихшылардың толымды ойлар мен тұжырымдар туындайтындығына сенімді екендігін білдірді.

Институт директоры т.ғ.д., профессор Х.М. Әбжанов дөңгелек үстелде  тарихты насихаттау, тарихты зерттеу, тарихты оқыту сияқты ірі үш мәселенің қаралатындығын атап өте келе, ұлттық тарихымыздың кемшін тұстарына тоқтала кетті. Барлық басқосуларда тарих ғылымында методология мәселесінің ақсап тұрғандығы сынға алынатындығы, бірақ осы мәселемен сөйлегендердің өзі методологияның нақты түсінбейтіндігін үлкен кемшілікке жатқызса, осы мәселені әл-Фараби ат. ҚазҰУ профессоры т.ғ.д. Т.О. Омарбеков те құптап, кейінгі тарих ғылымындағы жастардың методологияны жете меңгермегендігіне қынжылыс білдірді. Ғалым соңғы кездерде қаған, би, мемлекет қайраткерлерін зерттеуге аса көңіл бөлуді әдетке айналдырып алғандығымызды, ұлттық тарихты зерделеуге байланысты өткен кеңестен кейін тәуелсіздік жылдары зерттеу нысанына айналған, жақсы зерттелген ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстандағы ұжымдастыру, ашаршылық, қуғын-сүргін мәселелерді «әлі зерттелінген жоқ» деп айтушылардың барлығын, бұл тақырыптаға қатысты қаншама докторлық, кандидаттық диссертация қорғалғандығын мысалмен келтіре кетті. Тарих ғылымында тарихи мазмұнда жазылған кітапқа сын жазу барысының ақсап отырғандығын, әуесқойлар тарапынан мерзімді баспасөзге соңғы кездерде жиі халықты шатастыратын мақалалардың жарияланатындығын, оған тарихшылар тарапынан ешқандай да қарсы пікірлер айтылмайтындығын да атап өтті. Сонымен қатар ғалым соңғы кездерде тарихшы мамандар емес, тарихшы оқытушыларды даярлауға көшкендігін, студенттердің қолдануына қажетті оқулықтардың мазмұндық сапасын көтерудің қажеттігін баса айтып, жаңа жазылып жатқан «Қазақстан тарихы» көптомдығын оқу үрдісіне бейімдей жазудың маңыздығын нақтылады.

Институттың бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Қ.С. Алдажұманов та Мемлекеттік хатшы М. Тәжиннің қатысуымен өткен тарихшылардың кеңесінен кейін өтіп жатқан талқылауларда тарихымыздың осал тұстарын сынға алушылар кеңес үкіметі тұсындағы ашаршылық, Алашорда тарихын нақты зерттелмей жатыр деген пікірге қарсы уәж айта келе, академик М. Қозыбаев институтта басшылық еткен жылдары Қазақстан тарихында нақты зерттеле қоймаған немесе кеңестік билік тұсында зерттеу нысаны болмаған «ақтаңдақ» аталған мәселелер тарихшылар тарапынан тереңдете зерттелініп, өз бағасын алғандығын, ашаршылық, қуғын-сүргінге арналып комиссия жұмыс істеп, тұжырымдарын жасағандығын келтіре кетті. Ғалым соңғы кездерде Алашорда тарихын зертттеуді көкке көтеріп, ал кеңес билігі тұсында мемлекет тарапында қызмет еткендерді қаралаған ғылыми еңбектердің барлығын атай отырып, олардың барлығы ел мүддесі жолында қызмет еткендігін еске алып, объективті түрде бағалау қажеттігін көтерді. Сонымен қатар тарихты жазуда орыс тілді тарихшылар ұлт тілінде жазылған еңбектерді, материалдары оқымайтындығына, қолданбайтындығына қынжылыс білдіре отырып, ұлттық тарихты ұлттық рухы бар тарихшылар жазу керек деген тұжырым жасады.

  Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры, т.ғ.д. Әзімбай Ғали ұлттық тарихты жазуда шетел тілін білудің маңызын атап өтсе, осы университеттің проректоры Ғ.Қ. Кенжебаев өткізіліп жатқан басқосуларда ұлттық тарихты көтеретіндей мәселелерге тоқталу, жоғары оқу орындарында оқытылатын оқулықтардың сапасын жақсарту қажеттігін, жастарды патриоттық сезімде тәрбиелеуде оқытушы мамандардың біліктілігін арттырудың керектігін баса көрсетті.  Ал Ш. Уәлиханов атындағы институттың бөлім меңгерушісі Г.Н. Ксенжик те ұлттық тарихты зерделеуде заманауи технологияға сүйенудің маңыздығын нақтылады.

Т.ғ.д. С.О. Смағұлова тарихшылардың жазғаны тарихты оқитын, қызығатындарға, әсіресе ауылды жерлердегі оқырмандарға жетпей жатуының басты себебі БАҚ-тың тарихи мазмұндағы мақалаларды жарияламауынан дей келе, ұлттық тарихты насихаттауды мерзімді баспасөз арқылы қолға алуды, тарихи құндылықтарды телеарна аясында тереңірек насихаттау керектігін және тарихи фильмдерді түсіруді тарихшы мамандармен кеңесе жүзеге асыру қажеттігін көтерді.

Дөңгелек үстелге қатысушылар алда мынадай ұсыныстарды жүзеге асыруды маңызды санады: 1) Алдағы екі-үш жыл ішінде аса өзекті жобаларды анықтау; 2) Осы жобалардың нәтижесін жариялау; 3) Бұл жобаларды екі немесе үш шығармашылық топқа бөлу (балама); 4) Тарих бойынша жобаны атқарушылардың ішіне тарихшы емес, экономист, тіл, мәдениеттану мамандарын тарту; 5) «Отан тарихына» қатысты зерттелінетін тақырыптарды анықтау.

Смағұлова С.О.