Дүйсебай қажы мен оның ұлы Түлембай
07.12.2018 1654
МақаладаЖетісу уәлаяты Верный үйезі Үлкен Алматы болысының биі, қажы Дүйсебай Шоманақұлының әулеті мен оның ұлы Түлембайдың өмірбаяны және қызметі архив деректеріне сүйеніп зерттелді

Дүйсебай Шуманақұлы – Үлкен Алматы болысының биі, Меккеге барып қажы атанған, мешіт салдырған дінбасы, Қасқарау елінің сөз ұстаған кісісі. Мұрағат құжаттарына қарағанда Дүйсебай 1889 жылдан бері 3 жыл сайын билік сайлауына түсіп, Үлкен Алматыда болысында 21 жыл қатарынан би болған. Би болып мансапқа алданбай, жұмысын әділ атқарады. Бұл туралы өзі:

Би болдым жиырма бір жыл қызмет етіп.

Отырдым сол қызметте знак іліп,

Мақтау қағаз, медалды қосып алдым

Сонда да сүйсінбедім жұмыс біліп... – деп айтады.

1911 жылы биліктен бас тартып Мекке Мәдинаға қажылыққа барудың қамын қылады.  Ол кезде қажылық сапар өте ауыр болғандықтан, ниеттенген кісі қайтып келер-келмесін білмес еді. Сонда Дүйсебай би қажылыққа барар алдында ел-жұртымен біржола қоштасып тұрып, Жетісудың жақсыларына арнау қылып өлең түрінде хисса кітап жазып қалдырған. «Хажы сапары» деп аталған хисса кітабын балалары дәл сол уақытта, яғни 1911 жылы Верный қаласындағы Жетісу облыстық баспаханасына тапсырады, кітап басылып шығып, Дүйсебай бидің қажылыққа барар алдындағы Жетісудың игі жақсыларымен қоштасқан сөзі екен деп халық арасына кеңінен тарап кетеді. Хисса мына сөздермен басталады:

Әуелі сөз бастайын Әғүзу билләһ..

Жақсыдан ат, молладан хат қалсын деп,

Жамағат, құлағың сал, сөзім тыңла!

Азырақ тамаша сөз жаздым мұнда.

               

Өсиет тыңлағанға Дүйсебайдан,

Талаб қып баруменен жақсы жайдан,

Баласы мұсылманның азаматтар,

Тілей көр қабыл қыл деп бір құдайдан.

 

Қалады білген ерге жақсыдан нам*

Баласы адамзаттың сүт емген хам*,

Алла деп күнбатысқа қадам қойдық,

Құдайым Байтолладан* бұйыртқай дәм.

(*нам – жақсы ат, даңқ, *хам – шикі сүт, *Байтолла – Меккедегі қағба).

Хиссада жалпы Жетісу жұрты Қарқара, Сөгетіден бастап Қордайға дейінгі 11 болыс елдің, өзі өмір сүрген тұстағы тәмам саны 529 кісінің аты аталады. Бұл кісілердің әрқайсысына жеке-жеке өлеңмен сәлем жолдап, жақсылықтарын айтып, ақылдарын айтып, бір-екі ауыз өлеңмен қоштасқан.  

Қазір осы кітаптың бір түпнұсқасы және электронды нұсқасы Қазақстан Ұлттық кітапханасында және бір нұсқасы Ғылым ордасының ғылыми кітапханасында сақталып тұр. Қызыққандар барып, көріп, кітапхананың оқу залында отырып оқыса болады.

Кітап ескіше төте жазумен жазылған. 1999 жылы бұл кітап «Иман Қазақстан» рухани орталығы ұсынысымен төте жазудан аударылып кітапша болып басылып шықты, бұл іске демеуші болған: Қазақстан Республикасы Ат спорты федерациясының президенті Қайрат Сатыбалдыұлы Назарбаев еді [1].

Бұл кітапшада құрастырушылар Дүйсебай қажының хиссасымен бірге оның өмірбаяны мен шежіресіне қатысты біраз ауызша мәліметтер жинақталған. Бірақ та кітапшаны құрастырушылар архивпен жұмыс істемегендіктен деректерді талдауда қатты шатасқаны көрініп тұр. Кітапшада құрастырушылардың  жазғандарының бір сөзі бір сөзіне сәйкес келмейді. Дейтұрғанмен, осынша еңбек қылып, Алматы маңындағы дулат, жаныс қасқараулар мекендеген ауылдарды аралап, қариялардан ауызша деректерді тірнектеп жинаған кісілердің осыншама еңбегін ескеріп, оларға үлкен алғыс білдіреміз.  

Жетісудың Верный үйезіндегі Үлкен Алматы болысының негізгі халқын дулат тайпасының ішіндегі жаныстан тарайтын қасқарау елі құрайтын еді. Дүйсебай Шуманақұлының тегін таратар болсақ, осы Қасқарау елінің Жолсейіт руынан шыққан. Ол туралы өзі жазған кітабында:

Һәр жерден талаб қылсақ дәм татамын,

Дүйсебай Шуманақ ұғлы менің атым,

Болады Жолсейіттен нәслі затым,

Жамағат, келіспесең айып етпе,

Хисса қылып тыңласаңыз жазған хатым... – деп жырлаған.

Сондай ақ, архивте сақталған құжаттарға қарап Шуманақ әулеті туралы мол мәліметтер ала аламыз. Шуманақ атаның тағы бір ұлы Талқанбай ауыл ақсақалы деп жазылған. «Бәйдібек баба – алып бәйтерек. Жаныс шежіресі» кітабы бойынша Шоманақтан (Шуманақтан) Жанбосын, Данай, Мырзабек, Қылышбай тарайды деп жазылған. Данайдан Дүйсебай, Талқанбайдан Сәрсенбай тарайды деп көрсетілген [2].

«Материалы по обследованию туземного в Семиреченской области, Верненский уезд» жинағында сол Талқанбай (немесе Толқынбай) Үлкен Алматы болысында ауыл ақсақалы болса, оның інісі Дүйсебай би болған еді. Құжатта «Толкун Чуманак, мекені Қаскелең, Үлкен Алматы болысы 2-ауыл» деп жазылған. Әрине, біз «Бәйдібек баба – алып бәйтерек. Жаныс шежіресі» кітабында көрсетілген Шуманақ әулетінің шежіресі тұп-тура дұрыс деп кесіп айта алмаймыз.

Тарихқа көмекші пән болып келетін шежіре (генеалогия) тарихшыларға көп көмек тигізеді. Бірақ шежіренің кемшілігі жиі кездеседі. Себебі адами фактор деген бар. Шежіре ауызша жетіп қағазға түскендіктен, көп нәрсе ұмыт қалады. Кейде бір немесе бірнеше атаның аты шежіреден бір тізбек болып ұмытылып қалуы мүмкін.

Халқымыздың басына түскен қуғын-сүргін, кәмпеске, ашаршылық сияқты қасіреттерде аталарымыздың сүйегі көмілмей қалған замандар, балапан басымен, тұрымтай тұсымен болып кеткен кезеңдер болды. Қолда барға шүкір дейміз. 

Осындай кезде, біз тарихшылар, шежіренің кемшілігін  архив құжаттары арқылы толықтыра аламыз. Жаныс қасқарау шежіресінде аты аталмаған немесе ұмыт қалған тағы бір Шуманақ ұрпағы бар. Ізденіс нәтижесінде Орталық мемлекеттік архивтен жаңадан табылған құжаттарда ол кісінің аты Жақыпбай Шуманақов екенін таптық. Жақыпбай 1904 жылы патша өкіметінен қыстау салуға несиеге 100 рубль ақша сұрапты, бірақ несие беруші орган рұқсат етпеген, себебі несиені жер өңдеуге қажет құрал-сайман, темір соқа сатып алу үшін ғана береміз деп жауап берген [3]. Бұл Жақыпбайдың Нүсіпбек деген ұлы болғанын, оның медицина оқуын бітіріп, Верный үйезінде дәрігерлік қызмет атқарғанын білдік. Ол туралы кейінірек баяндаймыз.

Дүйсебай бидің үлкен ұлы Түлембай да тегін адам болмаған. Архивтен табылған туу туралы куәлігіне қарағанда 1884 жылы Үлкен Алматы болысында туған. 1894 жылы 10 жасында Верный ерлер гимназиясына оқуға қабылданған. 

Дүйсебай үлкен ұлы Түлембайға ерекше үміт артқанын хисса кітабынан көреміз, онда бірнеше рет аты аталады. Тағы да «Түлембай, Ыбырайым балаларым» деп өз ұлы Түлембаймен қатар Ыбырайымның да атын атайды. Бұл жерде Ыбырайым деп отырғаны әскери губернатордың аудармашысы Ибраһим Жайнақұлы еді, ол да Үлкен Алматы болысында туып-өскен, рулас ағайыны, Ұлы Жүздің ірі биі, қасқарау Жайнақ Қараталовтың ұлы еді. Ыбырайым да, Түлембай да  Верный гимназиясын оқығаннан кейін губернатор кеңсесіне тәржіман болып кіріп, қызметті бастаған. Ол кезде би болыс болған кісілер баласының 7 кластық гимназияны толық тәмам қылуына ниеті болмаған. Орысша үйреніп, хат жазып, аударма жасай алатын болса,  гимназияның 2, 3 класынан соң, түрлі себеп тауып оқудан шығарып алып, ел басқару қызметіне орналастырған. Құнанбайдың Абайды оқудан шығарып алып болыстық қызметке салғаны сияқты. Түлембайдың өмірбаяны да осыған ұқсайды.

Түлембайды әкесі гимназияның 5 класында оқып жүргенде, яғни  «отбасы жағдайына байланысты» деген себеппен оқудан шығарып алады. Бұл туралы гимназия директорының берген куәлігі бар.  Құжат Түлембай Дүйсебаевтың 1894 жылдың тамыз айынан бастап 1902 жылдың қыркүйек айының 12 дейін оқығанын растайды.  Куәлікте тәртібі өте жақсы, сабақ үлгерімі тарих сабағынан «4», басқа орыс тілі, латын тілі, француз тілі, математика, география деген сабақтардан «3» деген баға берген.

Түлембай Шамалған болысы Мәңке Исмаиловтың қызын алып, Мәңке болысқа күйеу бала болған. Бұл туралы ҚР Орталық Мемлекеттік архивінде сақталған құжаттар айғақтайды. Бұл құжаттарды Түлембай Дүйсебаев Верный округтік сотына канцелярия қызметшісі болып мемлекеттік қызметке тұру үшін жинаған. Округтік сотқа аудармашы болып қызметке кірер алдында Ант қабылдаған. Бұл антта «Құран алдында ант етемін, аудармашы қызметін адал және әділ атқарамын, ешкімге зиян келтірмеймін. Аудармашы қызметін адал атқаруға ант етемін Уаллаһи, билләһи, таллаһи!» деп жазылған. Кейін осы және басқа құжаттардың барлығы Верный округтік сотының архив қорында Түлембай Дүйсебаевтың атына ашылған жеке іс бумасында сақталып қалады [4]. 

1905 жылы Түлембай Дүйсебаевтың жоғары басшылықтан  Шамалған болысының бастығы Мәңке Исмаиловтың қызы 19 жасар Мариямен үйленуге келісім сұрап  жазған өтініш хаты бар. Патша кезеңінде мемлекеттік қызметтегілер неке қию үшін губернатордан рұқсат сұрап, өтініш жазатын ереже болған. Шамалған болысының неке кітабынан алынған көшірме де сақталған. Бұл көшірмеде Күйеу туралы мәлімет: аты, әкесінің аты: Түленбай Дүйсебаев, Қай болыстан: Үлкен Алматы, Жасы: 22-де; Қалыңдық туралы мәлімет: аты, әкесінің аты: Мария Манкинова, Қай болыстан: Шамалған, Жасы: 19-да, Көшірменің дұрыстығын растап қол қойған Шамалған болысы бастығы М. Исмаилов, хатшысы Қарымсақов деп жазылған.

Бірақ мынаны да атап өту керек, жоғарыда біз айтып өткен «Қажы сапары» кітапшасын құрастырушылар Дүйсебай қажы туралы естігендерін жазып келіп оның ұлы Төлеубай (Түлембай) туралы да бір-екі ауыз сөз естігендерін жазған. Ол кітапты құрастырушылардың айтуынша Түлембайдың бір аты Бопақ молда екен. Сондай басқа бір кісімен шатастырып алған тәрізді. Авторлар Бопақ деген кісі бір орыс әйелмен отбасы құрды, ол отбасынан екі қыз бала бар дейді. Қыздан туған немерелері бар. Түлембайдың тағы бір баласы бар, аты Кененбай. Яғни Дүйсебай қажының басқа ұрпағы жоқ деп аяқтапты. Ал мына біз анықтаған құжатта Түлембай Дүйсебайұлының өздерімен терезесі тең Мәңке болыстың қызы Мариямен үйленгені анық белгілі болып тұр. Ауызша шежірені жеткізушілер Мария деген орыс қызы дейді. Сонда бұл қалай?

Түлембай Верный округтік сотындағы қызметінен соң сол 1905 жылдың  Пішпек уезіне жандарм қызметінің аудармашысы болып қызмет бабымен ауысады. Пішпектен соң Пржевал (Қырғызстандағы қазіргі Қарақол қаласы) уезінде де қызмет атқарғанын құжаттардан байқаймыз. Пішпек және Пржевал уезіндегі қызметі 1916 жылғы көтеріліске дәл келеді. Көтеріліс кезінде қатты ашынған Пішпек және Пржевал уезіндегі қазақ, қырғыз халқы орыс крестьян қара шаруаларын қырып тастайды. Крестьяндармен бірге патша өкіметінің жергілікті шенеуніктері, болыстары мен аудармашыларын да қуғынға ұшыратады. Сол кездегі мәліметтерге қарағанда, Пржевал қаласында көтеріліс кезінде қазақтар мен қырғыздардан қанды кек алмақшы болған орыс шаруалары қазақтар мен қырғыздарды тонап, өлтіре бастайды. Орыс шаруалары Пржевал уезі басқармасында шенеунік қызметіндегі Түлембай Дүйсебаевтың қаладағы үйін қиратып өртеп кетеді, отбасы да зардап шеккен. Дүйсебаевтың жанында оның бауыры дәрігер Нүсіпбек Жақыппаев болды деген дерек кездеседі.  Нүсіпбек – жоғарыда аты аталған, шежіреде аты кездесетін Жақыпбай Шуманақұлының баласы, яғни Түлембайдың немере інісі болып келеді. 1911 жылы Верный ерлер гимназиясын бітірген, 1916 жылы Киев университетінің медицина факультетін үздік бітіріп келіп Жетісуда дәрігерлік қызметке орналасқан кезі еді.

Сол 1916 жылғы көтеріліс кезінде Нүсіпбек Түлембай ағасының жанында болған. Қырғызда мен қазақтардың көтірілісінен қашқан орыс шаруалары жақсы қорғалған Пржевал қаласына келе бастайды. Көрген сұмдықтарын айтып қаладағы орыс халқын толқытады, ашу-ызасын тудырады. Енді Пржевал қаласындағы қазақ, қырғыз, дұнған сияқты мұсылман ұлттардың үйлері тоналады. Кек алу мақсатымен орыстар мұсылмандарды жаппай тонау, өлтіруді бастайды. Пржевал түрмесінің бастығы Хромых: «Үйездік шенеунік Дүйсебаев пен оның бауыры көксулық дәрігер Жақыппаев, подгорныйлық дәрігер Жақсылықовты және олардың қатын, бала-шағасын, барлығы 41 адам өз қорғауыма алдым, түрмеде олар қонатын жер таппаған соң қалалық аурухананың палатасына жатқыздық. Жақсылықов пен Жақыппаев Алматыға кеткен соң, Дүйсебаевты өз пәтеріме алдым» дейді. Бұл туралы Тұрар Рысқұловтың басшылығымен жинақталған «1916 жыл» кітабында айтылған. Көтеріліс кезіндегі жағдайлар туралы бірнеше рет Түлембай Дүйсебаевтың басқарма басшысы атына жазған рапорттардан үзінді келтірілген [5].

Пржевал уезіндегі толқу кезінде де Дүйсебаевтың аты көп аталады. Оқиғаның дәл ортасында жүргені байқалады. Басқа бір құжатта Албан көтелісіне қатысқан кісілер мен олардың басшысы Ұзақ Саурықовты ұстап алып келуге Қарқараға Түлембай Дүйсебаевты 8 қарулы кісімен бірге жұмсағанын білеміз [6].

Ұзақ батырға қарсы Түлембайдың адамдары кару қолданыпты деген сөз жоқ. Соған қарағанда Түлембай Ұзақ батырды сөзге көндіріп, ол адамдарымен бірге Қарақолға (Пржевал) өз еркімен келеді. Бірақ Қарақол түрмесінде Ұзақты және оның басқа жанындағы сарбаздарын орыстар айуандықпен өлтіріп тастаған. Тек 4 адамның қашып шығып құтылғаны мәлім. Бұл тарихты Албан көтерілісіне қатысты мәліметтерді жазған тарихшылар да айтып өткен. Сол көтеріліс соңында патша жандармдары көбірек адамды дарға асып жазалау үшін дерек іздеп, куәлерден куәлік сұрайды. Көтеріліс басы қасында болған Алаш азаматтары осы тұста бірауыздан куәлік беруден бас тартқан. Полиция басқармасына құпия хат жазған бір жағымпаз кісі «Ишаналы молда (Ишаналы Арабаевты айтып тұр) Алматыда бір топ адаммен кездесті. Олар Түлембай Дүйсебаев, Ыбырайым Жайнақов, Қайсерке Тоқсанбаев, Қалдыбай Абдуллин, тағы басқалары. Олар мал сойып, қолдарын қанға батырып, көтеріліс туралы көрген білгендерін еш жерде айтпауға бата қылды» деп көрсеткен.

Түлембай Дүйсебайұлының 1916 жылғы көтерілістен, Қазан төңкерісінен кейінгі қызметі жайлы да біршама анық деректерге қол жеткіздік. Төңкеріс орнағаннан кейін бір жыл бойы Верный (Алматы) шаһарында Совет үкіметі орнай қоймады. Алматыда  Уақытша үкіметтің уақытша комиссарларының бірі М. Тынышпаев еді. Бұлармен қатар «Жетісу облыстық Алаш» комитетінің де билігі жүрді. Жетісу облыстық Алаш комитетін Ыбырайым Жайнақұлы басқарды. Жайнақұлының көмекшісі, осы ұйымның хатшысы қызметін Түлембай Дүйсебайұлы атқарды. Жоғарыда айтқан, Дүйсебай қажының кітабында Ыбырайым, Түлембай балаларым деп екеуінің атын қатар атағанына қарағанда, Ыбырайым мен Дүйсебай екеуі балалық шақтан бері дос, жолдас болған сияқты.

1918 жылы 3 наурыз күні Советтер Алматы қаласындағы билікті күшпен басып алады. Билікті қолға алысымен Советтер дереу совет жаулары деген жаламен бұрынғы патша өкіметі органдарында қызмет істеген азаматтарды тұтқындау, ату, асу сияқты террорлық әрекеттерді бастап кетті. Сол наурыз айының 9 күні Советтер Алматы қаласындағы Алаш басшыларын Ыбырайым Жайнақұлы, Отыншы Әлжанұлы, Сатылған Сабатайұлын қамауға алып, Революциялық трибуналдың сотына береді. Осы уақытта Түлембай Дүйсебайұлы бұларды босатып алу үшін әрекет етіп, Жетісудағы бостандықта қалған Алаш азаматтарымен бірге оларды түрмеден шығарып алу жөніндегі кампанияны басқарады. Жетісудың әр түкпірінен қазақ халқының, Алаш комитетінің атынан қол жинап, Советтердің кеңселеріне күнбе күн хат, телеграмма жазады. Босатып алу ісі сәтті аяқталып, 1918 жылғы 24 сәуірде Жетісудағы Совет үкіметі мен алашордашылар бейбіт келісімге қол қойып, 26 сәуірде қылмыстық іс жабылады [7].

Жоғарыда аты аталған Жетісудағы Алаш комитетінің басшылары үш азаматты осылайша революциялық трибуналдың сотынан босатып алады. Бұл туралы Алматы облысы мемлекеттік архивінде мол мәлімет сақталған, олардың біршамасы 2017 жылы жарық көрген «Алаш қозғалысы және оның Жетісулық қайраткерлері» атты архив құжаттары жинағында жарияланды. [8].

Алаш партиясын мүше болғандар қатарында Үлкен Алматы болысынан шыққан: Алматыдағы әскери губернатордың аудармашысы қызметін атқарушы Ы. Жайнақұлы, аграном С. Сабатайұлы, Пржевал үйезі басқармасының аудармашысы Т. Дүйсебайұлы, үйездік дәрігер Нүсіпбек Жақыпбайұлы, т.б. бар (Н. Жақыпбайұлының өмір тарихы әлі толық зерттелмеген, жеке зерттеуді қажет етеді, Алашордаға Жетісудан мүше болып қабылданған, Жетісу уәлаяты Алаш комитетінің құжаттарында «врач Н. Джакуппаев» деп қол қойған). Бұлардың барлығы Жетісу облыстық Алаш комитетін құрған азаматтар, сол аумалы-төкпелі заманда халықты ұйымдастыруға еңбек етті [9].

Және бұл жергілікті Алаш комитетінің құрамында Отыншы Әлжанұлы (Алаш полкін құрушы, Азамат соғысында қызылдардың қолынан қаза тапты), Асылқожа Құрманбаев (облыстық сотта аудармашы) Қайсерке Тоқсанбайұлы (аудармашы), Біләл Сүлеев (мұғалім, ағартушы), ағайынды Керімбай және Мырзахан Төлебаевтар (Мырзахан кейін қазақтың алғаш зоопаркын құрушы болды), Т. Дүйсебайұлының жоғарыда аты аталған болыс қайын атасы Мәңке Исмайлов, қайын ағасы Жәңке Исмайловтар, Иса Тергеусізов, Жәнібек Майлыбаев, Әжібай Шағатаев, Қалдыбай Абдуллин, Сәйідәзім Қадырбаев, ірі миллионер байлар Ғали Ордабаев, Шүкірбай Құрманбаев, бұлардан бөлек қазірше аттары белгісіз Тастеміров, Бажанов, Үмбетпаев сықылды азаматтар, Пішпек уезінен қырғыз азаматтары Ишаналы Арабаев (қырғыздың тұңғыш филолог ғалымы, Байтұрсынұлының шәкірті, қырғыз әліппесін жасаушы, Алашорданың Пішпек бөлімін құрушы), ағайынды Жанек Солтоноев, Белек Солтоноевтар (Белек Солтоноев қырғыздың тұңғыш кәсіби тарихшысы, Кенесары шапқыншылығы туралы алғаш рет тірі куәгерлерден сұрап, ауызша деректерді жинап тарихын жазған ғалым) тағы басқа көптеген қазақ және қырғыз азаматтары болған. Бұлардың барлығы өзара туыс, ағайын, құда-жегжат, қызметтес, таныс-біліс, көзі ашық, оқыған зиялы кісілер еді. Бұл мақалада аты аталып отырған кейбір кісілер – тарихшыларымыз жазған Алашорда тарихы туралы ғылыми зерттеулерде ешбір аты аталмаған, Алашорда партиясына қатысқандар деген тізімге енбей қалған кісілер. Жаңадан табылған деректермен Алашорда партиясына қатысқандардың тізімі жаңартылуы тиіс. 

(Жалғасы бар)

Нұржан СӘДІРБЕКҰЛЫ, Алматы облысы мемлекеттік архивінің

Ғылыми анықтамалық аппарат және құжаттарды пайдалану бөлімінің архивисі

 

Архивтік дереккөздері мен пайдаланылған әдебиеттерге сілтемелер

Қажы сапары. Дүйсебай қажы Шоманақұлы. Алматы: Шапағат-Нұр, 1999. Бәйдібек баба – алып бәйтерек. Жаныс шежіресі. Алматы: Өнер, 2004.  «Дело о выдаче из киргизской ссудной кассы ссуды киргизам Верненского уезда» ҚР Орталық мемлекеттік архиві, 44-қор, 1-тізбе, 1334-байлам, 27336-іс ҚР Орталық мемлекеттік архиві, «Верный округтік соты» 77-қор, 1-тізбе, 43-іс. «Дело канцелярии председателя Верненского окружного суда. О службе канцелярского служителя Тюлембая Дюйсебаева»  Восстание 1916 года в Киргизстане. Документы и материалы, собранные Л.В.Лесной. Под редакцией и предисловием Т.Р. Рыскулова – М., 1937 ҚР Орталық мемлекеттік архиві, 44-қор, тізімдеме, 16926-іс «Дело об осложнениях и волнениях туземцев в связи с призывом их на работы в Армию и о мерах администрации для водворения порядка и безопасности (начато 10 июня 1916 г – закончено 31 декабря 1917 г)»  Алматы облысының мемлекеттік архиві, 348-қор, 1-тізімдеме, 35-іс Алаш қозғалысы және оның Жетісулық қайраткерлері (құжаттар мен материалдар жинағы), Алматы облысының мемлекеттік архиві, 2017 ж. Алматы облысының мемлекеттік архиві, №270, 348, 489, 558 қорлар.