Әлихан Бөкейхан: Кабинет жеріндегі қазақтар
05.03.2018 1180
«Кабинет жері» дейтін жер – орыс патшасының өз мүлкі, Том губернесіндегі Алтайск округтегі кабинет жерінің мөлшері 45 миллион десетина. Орыс қол астындағы Алтай тауының бəрі осы кабинет жерінің ішінде

Абылай хан жоңғарды шауып Ертістен өтіп, Ертіс пен Об арасындағы далаға келіп орныққан. Абылай хан мен жоңғар ұрысы Еуропа есебінше 1750-інші жыл шамасында болған.

Қыпшақ Қошқарбай батыр 1755-інші жылы жоңғарды1 Обдан өткізе қуған. Осы Қошқарбай əуелі бұ күнде Ақмола облысында, Омбы оязында, Шарлақ болысында, Қараөзек деген жерде отыр2.

Қошқарбай батырдың жолдасы Қосайдар Қыпшақ Тілеуберді сонан бері Құлынды, Қарасуық даласында қалған. Бұған 150 жылдап болады.

1906-ыншы жылы сентəбрде патша указ шығарып, кабинеттің ағашынан һəм кенінен басқа жерін переселен мекемесі арқылы 49 жылда төлеп бітіретін қылып десетинасын 10 сом 78 тиыннан мұжыққа сатты. Өткен ІІІ-інші Дума 1911-інші жылы əлгі 10 сом 79 тиынды патшаға қазына төлесін деп осы указ сөзін закон қылып шығарды.

Бұл кабинет сатып отырған жер əуелде кабинет жері емес, қазына жері, қазына өз жеріне өзі ақша беріп сатып ала ма, кабинетке қазынадан ақша берілмесін деп Сібір депутаттары Белоусов, Некрасов, Скороходов һəм Дзубинскийлер сөйлеп еді, мұндай сөзге белгілі саңрау ІІІ-інші Дума кабинетке ақша берілсін деп закон шығарды.

1899-ыншы жылы 31-інші майда Алтай округындағы бұрыннан отырған елге жер берілсін деген закон шыққан еді. Осы закон бойынша Құлынды, Қарасуықта отырған Қосайдар Қыпшаққа 15 десетинадан ер басына есеп қылып жер берді.

Бұл қазақтар күні бүгін Семей облысы, Павлодар оязы, Орақ  болысының жазуында. 1911-інші жылы кестіріп алған жері Барнауыл оязында, Том губернесінде. Бұларға жер кесіп берген төрелер өткен феврəлде көршілес мұжық старшины арқылы мəлім қылған: «Жер қазақтікі деген акт қағазды (землеотводная запись) қазаққа береміз, бірақ əуелі мынау қастарыңдағы көрші мұжық болыстарына бөлек-бөлек болып жазылыңдар, егер жазылмасаңдар, сендерге жер тимейді, Семей облысына көшіреміз» деген. Қазақтар бұрынғыдай Семей облысында тұрып жер (надел) алмақ.

Бізге көрінеді: көрші мұжық болысына бөлек-бөлек болып жазыл деген төрелер де, Томда жер алып, Семей хатында боламыз деген қазақтар да, законнен шығып адасып, арам тер болып отыр.

Облыс пен губернелер арасы законмен өзгеріледі. Қазақ Том губернесінен жер алып, өздері Семей облысының жазуында қалуы үшін Семей мен Томның шекарасы Дума һəм Государственный Совет арқылы өзгерілсе керек. Қазақ үшін бүйтіп һеш кім закон шығармайды ғой. Бұл күнде қазақтың қадірі қандай екенін көзі бар көретін, құлағы бар еститін қазақ байқаса керек еді ғой. Осы күнгі қазақ Уəли хан, Бөкей хан, Шаншар төре емес-ау: мешіт салып беріп, маңдайынан сыйпап отырған. Берген жерді қазаққа бекітіп алуға бірақ жол бар: Том губернесі, Барнауыл оязында қазақ булус деген болыс3 болу керек.

196-ыншы ыстатияда айтылған, жер бекітетін актіге жазылады: Губерне, ояз, болыс, селение. Қазақ алған жер Томда болып, өздері Семейде тұрса, бұл ыстатияны орнына келтіремін деп жер берген төрелер қазақтарға Томның мұжық болысына жазыл деп тұр. Қазақтар Томға жазылып болыс көрсетпесе, акт қағазға бұл бейшара төрелер не жазады? Осы 196-ыншы ыстатияда «Болыс яки ведомство» деп жазылған.

Алтай округінде болыс орнына ведомство деген сөзді қолданып, Алтай тауында черновый, татар, төленгіт, төлес деген құрама елдер болады, осы елдерді закон «инородец» дейді. Актіні ведомствосы бар жұртқа беретін болса, бір болыс болып Томға қараған қазаққа да берсе керек, законның таза əрпіне салмай-ақ жолына салса. Закон адам пайдасына жазылады, адам закон үшін тумайды ғой.

190-ыншы ыстатияда жоғарыдағы жер бекітетін акт селениеге беріледі деген. Жер беретін төрелер осы ыстатияны арқа тұтып, қазаққа қала сал деп отыр. Алтай округіндегі жоғарыдағы айтылған татар, төленгіт қыстауы Құлындыдағы қыпшақ қыстауынан көп болмайды, бұлар қазақтан артығырақ көшпелі. Құлындыдағы қыпшақ жаз киізүй тігіп отырғаны болмаса, жарытып көшпейді. Бұл 190-ыншы ыстатияда төленгіт, татар қала салсын, жер акті сонда ғана беріледі деген жоқ.

190-ыншы ыстатияда егін, пішен өзге жері бір болса, жер акті екі һəм мұнан көп селениелерге бір беріледі  деген. 48-інші ыстатияның4 бірінші қосымшасында жазылған: «Мұжықтың аз қалалары «деревня» – жер қорушы болса бір селский общество болады, егер адамы 20-дан көп болмаса» деген. Қосайдар қыпшақ қыстауы 4-7 үйден, бір үйде 3 еркек болады.

Законның ақ жолына салса, осы қазақ қыстауы 48-інші ыстатияның 1-інші қосымшасында жазылған мұжықтың кішкене қаласына пара-пар.

Жоғарыда жазылған 48-інші ыстатия қазаққа шығарған «Степное положениенің» 58-інші ыстатиясымен бірдей, бірінде «сельское», бірінде «аулное общество», аты ғана бөлек, һеш закон – ақ жолы бір. Құр закон закон деп мазаны алмай, законның құр бос əрпін қумасқа тиіс еді; Мұнан адамға не пайда, адам жылап отырса, орнына келген закон əрпі кімге опа бермекші;

Законның ақ жолы мен Қосайдар қыпшаққа жер бекітетін жол бар емес пе!?

Қазақ қыстауын аз «деревня» деп, бірнеше қыстауды «сельское общество» деп, қазақты өз алдына бір болыс қылып «землеотведная записка» жазса, мұжық законының 49-ыншы ыстатиясында, қазаққа шығарған «Степной положениенің» 57-нші ыстатиясында болсын, тұтас болса біреуден аттап өтпесе жарайды» деген шартқа тура келеді. 49-ыншы ыстатияның 2-нші қосымшасында жазған: «Бір ояз ішінде колонистер болыс аттап өтіп болады» деп. «Колонист» деп мұжық ішіндегі немісті айтады.

Уфа, Орынбор, Самар губернелерінде татар, башқұрт, неміс болыстары аттап өтіп бір болыс болып отыр. Кабинет қазағын осыларша болыс қылса законге де һəм өздерінің тұрмысына да қарсы болмас еді.

Осыны Том губернаторынан жұрт приговорымен ауыл-ауылдан сұрану тиіс. Томнан жер алып, Семей хатында боламыз деген, көпірсіз суға арба салғанмен бірдей, мұнан түк пайда шықпайды, босқа арам тер болғаннан басқа.

ҚЫР БАЛАСЫ, «Қазақ», № 10, 1913 жыл.

Сілтемелер:

1 Азия К. Риттеръ. пер. Г.Н. Патепина, П.П. Семенова.

2 ІХ т. труды экспедиции Ф.А. Щербины. Омский уезд.

3 ІХ т. св. зак. 544 стр. Раздель объ устр. Въ Алтайскомъ округе.

4 ІХ т. раздель ІІ объ устр. сел. общ. и вол. общ. упр. 10 стр. - ІҮ Т. Трудовъ Экспедиции К.А. Щербины. Павлодарский уезд.

 

Əлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1866-1937). Шығармаларының 7 томдық толық жинағы. 
– Астана: «Сарыарқа» БҮ, 2009. - ІІІ том. 413-416-бб.