Қазақ календары: мүшел һәм амал есебі
11.07.2024 1268

Қазақ календары – дегеніміз ежелгі түркі күнтізбесінің жалғасы. Бұл туралы ұлттық күнтізбе һәм жаратылыстануы ғалым, педогогика ғылымдарының кандидаты Мыңбай Өтежанұлы Исқақов 1963 жылы жарық көрген «Халық календары» атты еңбегінде: «Көне түркілердің әжертәуір астрономиялық білім болған. Олар ерте заманның өзінде-ақ мүшел календарын қолданған» деп жазады.


Мүшел календары – дегеніміз қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, 12 жылдық жыл санау. Яғни, 12 жыл бір мүшел болады. Яғни, бірінші жыл – Тышқан,  екінші жыл – Сиыр, үшінші жыл – Барыс, төртінші жыл – Қоян, бесінші жыл – Ұлу, алтыншы жыл – Жылан, жетінші жыл – Жылқы, сегізінші жыл – Қой, тоғызыншы жыл – Мешін, Оныншы жыл – Тауық, он бірінші жыл – Ит, он екінші жыл – Доңыз. 

Жоғарыдағы мүшел аяқталып, келісі 13-шы жылды санағанда тағы да Тышқан жылынан басталады. Жалпы мүшел есебін қолданатын халықтар көп. Қазақтардан бас түркітектес жұрт: қырғыз, ұйғыр, өзбек, түрікпен, әзербайжан, татар, башқұрт, чуваш, чулым, тыба, қалмық, моңғол, шор, алтай халқы, осман түріктері т.б. «Мүшел есебін  ерте дәуірде Үнді, Мысыр, Вавилон, Рим, Греция, елдері қолдаған» деп жазады жаратылыстанушы ғалым Мыңбай Өтежанұлы (Халық календары. - Алматы: Қазақстан, 1980 ж. 254-б). 

Мысалы, көне түркілердің мүшел есебін қолданғанына бір дәлел, VІІІ ғасыр мұрасы Күлтегін жазба ескерткішінде «Ұлу жылы тоғызыншы айдың оны күні жазылды» деген ескі мәтін бар екен. Сонымен қатар ХІ ғасырда жазылған ұйғыр халқының мұрасы ескі жазба: «Бічін иыл (Мешін жылы) шақшапұд ай икі янбқа...» деп басталса, Алтын Орда билеушісі Тоқтамыc ханның (1380-1395) Биқажы атты шонжарға берген мандатында: «мешін жылы берілді» деген сөйлем бар. 

Сол сияқты, жоғарыдағы Тоқтамыc ханның Польша королі Ягойлаға жазған хатының соңына «тауық жылы, хижраның 795-ші жылы» деп белгі соғылған. Келесі бір дерек, атақты Ақсақ Темірдің Қарсақпай өңірінде жазып қалдырған тасында: «Қой жылы көктемнің айында Тоқтамыстың қанын қашып құрту үшін жорық жасады» деген жолдар бар. 

Жоғарыдағы деректерден біз мүшел есебі қазақ халқына ежелгі түркі бабаларынан қалған мұра екенін аңғарамыз. Осы орайда, тағы бір ескеретін оқиға қазақ күнтізбешілері жалпы уақытты ай санау негізінде мүшел есебіне бағындыра отырып, өздері өмір сүріп отырған ортаның табиғи-географиялық ерекшелігі мен жыл мезгілдерінің ауысыуына қатысты амал есебінде жүргізіп отырған.

Осындай амал есебінің бірін қазақтар «Қамбар тоғысы» деп атапты.  Ол Қамбар  жұлдызының  (Арыстан) қозғалысына  негізделген. Қамбар жұлдызы күз айларында туып, көктем айларында батады. Қамбар жұлдызы көк жүзінде Аймен бес рет кездеседі, есепшілердің тілімен атқанда бес мәрте тоғысады. Алғашқы тоғыс қазан айында өтеді. Қамбар жұлдызымен Ай өзінің тоғыз жаңасында тоғысады. Сондықтан осы айды тоғыздың айы, Қамбармен бес жаңасында тоғысуын бестің айы (желтоқсан), үш жаңасында тоғысуын үштің айы (қаңтар), бір жаңасында тоғысуын бірдің айы (ақпан) деп атайды. Әр тоғыстың арасы, шамамен, 28-29 күн болады. Қамбар тоғысы бойынша, сөйтіп, бес айды кемімелі тақ санмен атаса, қалған жеті айды жай сөзбен айтқан. Олар: аласапыран, отжақпас, құралай, жұтшашқан, т.б. тәрізді байырғы атаулар болуы ықтимал . 

Қамбар тоғысына тән бірдің айы, үштің айы тәрізді атаулар Қазақстанның шығыс өлкесінде, Алтайда, Шынжанда күні бүгінге дейін қолданылады. Туыстас қырғыз тілінде де токуздун айы, жетинин айы, қалған жеті айдың атауы: жалган куран (наурыз), чын куран (көкек), бугу (мамыр), кулжа (маусым), теке (шілде), баш оона (тамыз), аяк оона (қыркүйек) деп жай сөз тіркесімен айтылады. 

Қамбар тоғысы бойынша жыл басы мейрамы айдың бірінші жаңасында басталады. Мейрамның аты «Қызыр Ата мейрамы» немесе «Ақтың мейрамы» деп аталады. Түркі-моңғол ұлыстарын сонау ХІІІ ғасырда аралаған жиһанкез Марко Поло «Ақтың мейрамы күні барша жан үстілеріне ақ киетін болған, бір-біріне ақ зат сыйлаған, бір-бірімен құшақтасып, төс түйістіріп көріскен» деген дерек қалдырған («Марко Поло». – А., 1990, 102-б). 

 Үркер тоғысы – халқымыздың байырғы тұрмысында аса кең тараған амалдың бірі. Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» сөздігінде (ХІ ғ.) бұл атау «Үлкер» деп айтылады. Осы сөздің түп төркінін түрлі әр қырынан салыстыра тексерген ғалымдар (француз шығыстанушысы Л. Базен) оның түбірін үл және кер деп бөледі. Үл деген көне түбір «бөліну», «оқшаулау» деген мағынаны білдірген. Үркер сөзі қазақ тілінде  үле, үл-ес, үле-с-тір деген сөздермен төркіндес болып шығады. Айырмасы: Қамбар жұлдызына қарағанда Үркердің күн белдеуіндегі жүретін жолы әлдеқайда ұзақтау.

Қазақ қауымы үшін Үркер тоғысының бірнеше қолайлы жағы бар . Ескі жылдың шығуы мен жаңа жылдың кіруі бұрынғыдай қыс мезгілінің аяғында (ақпан) емес, көктем мезгілінің соңына сәйкес келеді. Үркер мамырдың 10-нан  бастап, жаңа туған Аймен тоғысады. Бұны есепшілер «бір тоғыстың айы» деп атап, оны жылдың басы етіп белгілеген. 

Мамырдың 10-ы шамасында батқан Үркер шамамен қырық күн «жерде жатады» (аспанда көрінбейді) да, маусымның жиырмаларында туады. Ай өзінің жиырма үш жаңасында таң ағарып қалған сәтте Үркермен тоғысады (шілде айының ішінде). Бұл тоғысты жіті қадағалап жүрген есепшілер болмаса, жай адам көре бермейді. Бұдан кейін Ай жиырма бір жаңасында таң алдында Үркермен тоғысады. Бұл тоғысты есепшілер «жиырма бір тоғыс» деп атайды. Арада 27-28 күн өткен соң Ай өзінің 19 жаңасында Үркермен тағы да тоғысады. Бұл «19 тоғыс деп» аталады. Осы рет бойынша Айдың Үркермен тоғысуы кемімелі тақ санмен есептеледі. Есепшілердің тілімен айтқанда, «Үркер таққа тоғаяды».

Қазақ күнтізбешілері Үркердің тәуліктік қозғалысын астрономиялық меже етіп алып, түннің ұзақтығы, қысқалығы тәрізді құбылыстарды анықтайды. Үркер қас қарая көрініп, таң атқанша батпайтын болса, ең ұзақ түн (қыс ортасы), ал түн ортасы ауа батып кетсе, күннің ұзарып, түннің қысқара бастағаны. Сөйтіп, есепшілер Үркердің жылдық жолына ғана емес, тәуліктік қозғалысына да назар аударды. Осыдан тәуліктегі уақыттың басталуын межелеген.

Үркер тоғысының тағы бір артықшылығы – ауа райын болжауға, жыл мезгілдерінің (солярлық уақыттың) қалай өтетінін жорамалдауға қолайлығы. Үркер есебі бойынша жыл екі мезгілге бөлінген. Үркер жерге түсіп, көрінбей кеткен кез – жаз, ал Үркер көрінетін кезі – қыс. Көне түрік  жазбаларындағы  «Үркерлі айдың бәрі қыс» деген жазудың мәні осындай астрономиялық  эмпирикадан туған. 

Қазақтар Үркер мен Қамбар тоғысын уақыт санауға да пайдаланған. Ол қайталап отыратын ауа райындағы құбылыстарға негізделген  фенологиялық  календарь амал есебі.  Оны жыл бойы жауын-шашын, жел, боран, ыстық, суық т.б. қай кезде болатынына сүйеніп, шаруашылық ұйымдастыруға қолданған. Ол бәрібір Тоғыс есебінің   көмегіне сүйенген аралас уақыт санау жүйесі болады.  

Айталық, «Киіктің матауы» деген амал он жеті тоғысқа (қыркүйектің аяғы, қазанның басына) сәйкес келеді. Бұл кезде киік, ақбөкен, қарақұйрық, жайран, т.б. қоңыр аңдардың текелері үйірге түседі. Ал, елік, құралай лағын көкектің басында өтетін 5-10 күндік салқында өргізеді. Үш тоғыстағы бұл амалды «Құралайдың салқыны» дейді. Он бес тоғыста (қазанның аяғы, қарашаның басында) өтетін жауын-шашынды 5-10 күндік амалды есепшілер «Бұғының мойын жуары» деп атаған. 

Бұл кезде бұғы маралмен насай топыр құрады. Таутекенің тауешкімен, құлжаның арқармен үйірге түсетін уақытын (қарашаның аяғы) қазақтар «Теке бұрқақ» амалы деген. Арқар мен тауешкі төлін майдың ортасы ауа өргізеді. Он бір тоғыстағы (желтоқсан) қаңтардың қарлы бораны деген амалдан соң, тоғыз тоғыста (қаңтар) өтетін аязды күндері «Ай мүйізді алтын күн» немесе «Ақпан тоқпан» аязы деп атаған. Орыс бұл аяз «крещенские морозы» дейді. 

Кейбір жылдары, мысалы ақ қоянның жылы қыс қатты болып, көпке дейін күннің сағы сынбай тұрады. Малға жайсыздау тиетін мұндай кездегі амалды «Ай мүйізді алты күн, қаһарлы келсе – қатты күн, қырына алса-қырық күн» дейді. Бес тоғыстың бес жуары деген сөз орамы бес тоғыстағы (наурыз) амалдың (жауын-шашынды 5-10 күн) шаруаға жайлы өтетінін білдіреді.

Сол сияқты жылдың бас айы – отамалы мерзімі жағынан мамыр айына сәйкес келеді. Бұл атаудың төркіні от «шөп» деген мағынадағы сөз екені шүбә тудырмайды. Әдетте отамалы айында көк қаулай шығып, әжептәуір көтеріліп қалады. Ал одан кейінгі ай – саршада көкорай шалғын өсіп, толады да, айдың аяғына қарай шөп басы сарғыш тартып пісе бастайды. Бұл айдың сарша аталуы да сондықтан. Ал тамыз сөзі «күйдіру» деген мағынаны аңғартады. Б.А. Куфтиннің тамыз сөзін «жағу», «тұтату» мағынасындағы етістік, одан тамыздық сөзі туындаған деуі қисынсыз емес. Бұл айда күн аптап болып, шөптің басы қурай бастайды. 

Тамыздан кейінгі ай – қыркүйекте қошқар, текеге күйек байланады.  Желді немесе қазан – алғаш үсік жүріп, күннің суыта бастайтын шағы. Қазан парсы тілінде «күз» дегенді білдіреді. Қарашада жердің оты кетіп, бет-бедері қоңырқай тарта бастайды, ай атының «Қараша» деп аталуы да осыған меңзейді. Желтоқсан кейде тоқсан деп те аталған. О баста күз айлары желдіден басталып, тоқсанмен аяталған. Қаңтар – «күннің қаңтарылып байланатын, одан әрі тұқырып, қысқара алмайтын айы» болғандықтан айдың аты да осылай аталған.