«Папа жақтың туысы» сіздің кіміңіз?
05.07.2024 2324

Әсіресе жастардың аузынан «папа жақтың туысы, мама жақтың туысы» дегенді жиі еститін болдық. Қарапайым қарым-қатынаста ғана емес, ел алдында сұхбат бергенде де, әлеуметтік желідегі ресми парақшасында да солай айтатын қазақтың қыз-жігіттері көбейді. Тіпті, тіке туысының тойына келіп тұрып той иелерінің өзіне кім болатынын дұрыс айтып бере алмай жатқан көзқарақты кісілердің «қызығы» әлеуметтік желіні шарлап жүреді. Соны әзілге айналдырып жүрген асабаның түпкі мақсаты елді күлкіге қарық қылу ғана емес шығар. Оның ар жағында баласының құлағына құя алмаған ата-ананың осалдығы мен жастардың туыстық қарым-қатынасқа селқос қарауы жатса керек. Алайда біз ешкімді кінәламаймыз, тек айтамыз. 


Қай ұлттың болсын туыстық атауларға арналған арнайы терминдері бар. Басқасын айтпағанда қытайлар мен орыстардың туыстық атаулары қазаққа қарағанда әлдеқайда күрделілеу. Оны жаңадан тіл үйреніп жүргендер бірден байқап, дәл сол терминдерден қиналып жататыны бар. Ендеше туысқандық терминдер қалай айқындалады?

Туысқандық терминдер, ең алдымен өз алдына оқшау құрылымы бар тілдік белгі (языковой знак) болса, екінші жағынан әлеуметтік жүйе аясындағы адамдардың синхронды және диахронды байланысы. Сондықтан да ол лингвистикалық және этнографиялық тұрғыда зерделенеді. Лингвистер туыстық терминдерді фонетикалық, морфологиялық, грамматикалық, семантикалық, салыстырмалы-тарихи немесе компаративтік тұрғыда зерделейді. Ал этнологтар болса, туысқандық терминдер мен әлеуметтік-экономикалық ұйымдар арасындағы байланыстардың мән-мағынасын ашып көрсетуге ден қояды. Белгілі этнограф, жазушы Ақселеу Сейдімбек «Қазақтың ауызша тарихы» (шежірелік деректерді пайымдау) атты кітабында осылай түсіндіреді. «Дәстүрлі қазақ қоғамындағы туысқандық жүйе деген, түптеп келгенде, әрбір жеке адамды тұтас этножаралыммен сабақтастыратын, жай ғана сабақтастырып қоймай, әрбір жеке адамға этностың бір мүшесі екенін терең сезінетін, сол арқылы жалпы этникалық туысқандық жүйені әркімнің жақсы білуін өмірлік мұқтаждыққа айналдыратын, нәтижесінде «қарға тамырлы қазақ» деп аталатын біртұтас этнос аясындағы біршама тіршілік-әрекетті (жизнедеятельность) реттеп отыруға тегеурінді ықпал ететін және әлеуметтік қатынастардың барлық деңгейлері мен типтеріне бірдей қатысы бар этноақпараттық кеңістік болып табылады», – деп қадап айтады автор аталмыш еңбегінде. Демек,  туысқандық термин «папаның немесе маманың туыстары» деп қана жалпылама айтыла салуға тиіс емес. «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген қазақтың баласы, басқаны айтпағанда, өз жұртындағы кімнің кім екенін айыра алмайтын деңгейге түспеуі керек деп есептейміз. 

***

Жігіттің өз жұрты, нағашы жұрты және қайын жұрты сынды үш жұрты болатынын бәріміз білеміз. Жаңағы айтқан «папаның туысы» – өз жұртыңыз, «маманың туысы» – нағашыңыз, ал әйеліңіздің төркіні – қайын жұртыңыз болмақ. Ендеше (ер кісіге қатысты) туысқандық атауларды дәл сізден, яғни өз жұртыңыздан бастап көрейік. 

Сіздің жеті атаңыз:

Өзіңіз – бірінші ата, әкеңіз – екінші ата, атаңыз – үшінші ата, ұлы ата (арғы ата) – төртінші ата, баба – бесінші ата, ұлы баба (арғы баба) – алтыншы ата, түп ата – жетінші ата. 

Сіздің жеті ұрпағыңыз:

Сіз – бірінші ұрпақ, балаңыз – екінші ұрпақ, немереңіз – үшінші ұрпақ, шөбереңіз – төртінші ұрпақ, шөпшегіңіз – бесінші ұрпақ, шөбелегіңіз – алтыншы ұрпақ, ал немене – жетінші ұрпағыңыз. Сегізінші ұрпақты – немелтай, тоғызыншы ұрпақты – шөбелтай, оныншы ұрпақты – жүрежат, он бірінші ұрпақты – туажат, он екінші ұрпақты – жекжат, он үшінші ұрпақты – мұрағат, он төртінші ұрпақты – қаймана дейтін де дәстүр бар. Бұдан бөлек: 

Әже – әкеңіздің анасы;

Аға – бірге туған жасы үлкен ер бауырыңыз;

Іні – бірге туған жасы кіші ер бауырыңыз;

Әпке – бірге туған жасы үлкен әйел бауырыңыз;

Қарындас – бірге туған жасы кіші әйел бауырыңыз;

Жезде – әпкеңіздің күйеуі;

Күйеу бала – қарындасыңыздың және өз қызыңыздың күйеуі;

Жиен – әпкеңіз бен қарындасыңызды балалары;

Бала – өзіңіздің ұлыңыз немесе қызыңыз;

Жеңге – ағаңыздың әйелі;

Келін – ініңіздің және ұлыңыздың әйелі; 

Немере аға – әкеңіздің ағасы немесе інісінің сізден жасы үлкен ұлы;

Немере іні – әкеңіздің ағасы немесе інісінің сізден жасы кіші ұлы;

Немере әпке – әкеңіздің ағасы немесе інісінің сізден жасы үлкен қызы;

Немере қарындас – әкеңіздің ағасы немесе інісінің сізден жасы кіші қызы;

Жиен – қызыңыздың, әпкеңіздің немесе қарындасыңыздың ұл-қыздары;

Жезде – әпкеңіздің күйеуі.

Нағашы жұртыңызға келетін болсақ: 

Нағашы ата – анаңыздың әкесі;

Нағашы әже – анаңыздың шешесі; 

Нағашы аға – анаңыздың ағасы және інісі;

Нағашы әпке – анаңыздың әпкелері мен сіңлілері;

Бөле – анаңыздың әпкесінің немесе сіңлісінің ұл-қыздары. 

Қайын жұртыңыз: 

Қайын ата – әйеліңіздің әкесі;

Қайын ене – әйеліңіздің шешесі;

Қайын аға – әйеліңіздің ағасы;

Қайын бике – әйеліңіздің әпкелері; 

Балдыз – әйеліңіздің інілері мен сіңлілері; 

Бажа – әйеліңіздің әпкесінің және сіңлісінің күйеуі...

***

Қазақ жігіттің үш жұртын анық айтқанменен, қыз баласына, әйел затына келгенде басқаша түсіндірген. Қыз қай халықта болсын жат жұрттық. Сондықтан да қыздың өз жұрты түтінін түтеткен, келіп болып түскен жері болып есептелінеді де, руын сұраған кісіге күйеуінің елін айтып жатады. Ал өзі туып-өскен жұрты қашанда төркін деп аталған. Демек «папа жақтың туысы» – сіздің төркініңіз, «мама жақтың туысы» – нағашыларыңыз. Ендеше сіздің туыстарыңызды тарқатып көрелік:

Өз жұртыңыз: 

Ата – күйеуіңіздің әкесі;

Ене – күйеуіңіздің анасы; 

Қайын аға – күйеуіңіздің ағасы;

Қайны – күйеуіңіздің інісі;

Қайын әпке – күйеуіңіздің әпкесі;

Қайын сіңлі – күйеуіңіздің қарындасы;

Абысын – қайныңыздың әйелі;

Ажын – қайын ағаңыздың әйелі;

Жезде – өз әпкеңіздің және қайын әпкеңіздің күйеуі;

Күйеу бала – өз сіңліңіздің және қайын сіңлілеріңіздің күйеуі.

Төркініңіз:

Әке – өз әкеңіз;

Ана, шеше – сізді өмірге әкелген анаңыз;

Аға – бірге туған жасы үлкен ер бауырыңыз;

Іні – бірге туған жасы кіші ер бауырыңыз;

Әпке – бірге туған жасы үлкен қыз бауырыңыз;

Сіңлі – бірге туған жасы кіші қыз бауырыңыз;

Немере аға – әкеңіздің ағасы немесе інісінің сізден жасы үлкен ұлы;

Немере іні – әкеңіздің ағасы немесе інісінің сізден жасы кіші ұлы;

Немере әпке – әкеңіздің ағасы немесе інісінің сізден жасы үлкен қызы;

Немере сіңлі – әкеңіздің ағасы немесе інісінің сізден жасы кіші қызы;

Жеңге – ағаңыздың әйелі;

Келін – ініңіздің және ұлыңыздың әйелі;

Жиен – қызыңыздың, әпкеңіздің және сіңліңіздің ұл-қыздары.

Нағашы жұртыңыз

Нағашы ата – анаңыздың әкесі;

Нағашы әже – анаңыздың шешесі; 

Нағашы аға – анаңыздың ағасы және інісі;

Нағашы әпке – анаңыздың әпкелері мен сіңлілері;

Бөле – анаңыздың әпкесінің немесе сіңлісінің ұл-қыздары.

Ер мен әйелге ортақ айтылатын атаулар: 

Өгей әке – белгілі себеппен анаңыздың келесі тұрмысқа шыққан күйеуі;

Өгей ана – белгілі себеппен әкеңіздің келесі тұрмыс құрған әйелі;

Құда – келініңіздің атасы, әкесі, ағалары және басқа жасы үлкен ер кісілер;

Құдағи – келініңіздің әжесі, анасы, жеңгелері; 

Құда бала – келініңіздің және күйеу балаңыздың інілері және жасы кіші ер кісілер;

Құдаша – келініңіздің әпке-сіңлісі және күйеу балаңыздың әпке-қарындастары...

Осылайша жиі қолданылатын атауларды ер мен әйелдің тарапынан қысқа ғана түгендегендей болдық. Әдебиеттерді ақтарып отырып, халқымызда диалект болғанменен туысқандық атауларға келгенде аса бір өзгерістердің жоқ екенін байқаймыз. Бұл жеті атаға толмай қыз алыспайтын текті ұлттың ортақ ұстанымы болса керек. Сондықтан да қазақ кімнің кім екенін анықтап қана қоймай, соған сәйкес сыйлап, ат тергеп отырған. Ендеше, ат тергеу тақырыбын келесі мақаламызға қаузармыз.