Қаныштың бес аяны
24.06.2024 1204

Бағанашылдағы жасыл төбенің басы. Қараша күз. Күн жылы. Алатау тура шүйдеде. Кейінгі үш жылда ішімді кемірген сұраққа дауа таба алмай жүріп, кенет басымды көтеріп қалған екенмін деймін. Қарасам Қаныш аға (иә, түсіме ол кісі менің туған ағам боп кірді). Түр-тұлғасы тура зиратының басындағы сеңгір тастағы бедеріндей зор, тек бойына жан кірген, өңі мейірімді. Неге келгенін түсіне қойыппын. Ол баяу басып жүре берді, мен соңынан ере бердім.


О, ғажап!

Мынаны қараңыз, Қан ағаңды және сол кісінің өзіне қатысты айтылған тіршілігінде және кейінгі отыз бес жылда (иә, мен түсімде есептегенім есімде) айтылған сөздердің иелері мен кейіпкерлері үйіріле-үйіріле топталып тұр. Соның ішінде ет жақыны да, дұшпаны (солай қабылдаймын) да жүр. Бір де бірі жақындамайды. Мен Қан ағаңның айтайын деген сөзін көзінің қиығынан-ақ түсінеді екенмін. Ал жанары әлгілердің бәрімен қанша жыл өмір сүрсе, сонша уақыт қадалғандай тым баяу қозғалады. 

Мүсін шығар деп сипап көріп ем, тірі екен. Тірімін дегендей ақырындап қана қолымды қысып қойды. 

Қаныш ағаның неге және не айтқысы келгенін, осының бәрін маған неге көрсетіп жүргенін мен де, төбенің басындағылар да жақсы біледі екен. Олардың Қаныш ағаның бетпе-бет келе алмайтындай себептері болса керек.  Бұлардың барлығы Медеудің «Қазақтың Қанышы» арқылы таныс сүлделер екен.

Мен әдеттегі шыдамсыздығыма басып бастырмалата сұрақты қойып, тез жауап алып, ағамның жанын қинамай, серуенді жылдамдатып аяқтағым келді. Бірақ мені мысымен баспайды, алайда асықпа дегенін көз қиығынан сезе қоямын. Төбені жоталап Алматыға қарай аяңдадық. Сөзбен емес, көңілмен ғана тілдесеміз. Қан ағаңның сұрағы тура бүгінгі күннен басталды.

– Мына шіңкіл не шіңкіл? 

Қап, ұятты болды-ау. 

«Шіңкіл» деп дәл тауып айтуын-ай дегдарымның. Мен мұны «шәңкіл» деп жүрсем. Шәңкіл – қасиетсіз, дәрменсіз, дүрегей иттің дауысы. Тегі ит болған соң үреді. Қабады. Азуының тыртығы қалады балтырыңда. Шәңкілге шәңкіл қосылса кәдімгі шиебөріленіп көрінеді. Ал «шіңкіл» – темірді темірге соққандағы шығатын үн. Одан темірдің де, тұлғаның да түгі кетпейді. Тек құлақ жарған шіңкілі ғана қалады. Бары да, жоғы да белгісіз шіңкіл ғана. 

Жан-жағыма қараймын, әлгі шіңкілдердің иесінің бейнелерін іздеймін: «Е, бұл шіңкілдер көбейіп кеткен соң, оның дауысы Қан ағама да жеткен екен-ау. Тыныштық бермеген соң тірілген-ау. Қан ағамның ұсақшыл мінезі жоқ деп есептеуші едім. Насыбайы жоқ боп, құрышын қандыра алмай қапыда жүрмесін, сірә», – деймін. 

Ол маған сондай мейірімді жүзбен ақырын ғана жымиды. Қой, жұбатайын бұл кісіні: «Сіз данасыз. Даналардың артынан сөз ереді. Сізді жақсы көргендіктен де жабыла «шіңкілдейді». Дананың өмірін саралау – ұлттың рухани тарихын саралау. «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып», – деп Абай атамыз айтқандай, әлде кімнің қолындағы шірік сапты, тотыққан балға ғой олар», – деймін. 

Байқаймын, жүрісі сәл баяулаңқырап қалды. Абайдың бір өлеңін есіне түсіріп тұр екен деймін. Қайта қарағанда көз қиығынан: сол жасық темірді өзім саптап едім – деген емеурін танытты. Енді – қарасам ... әлгі шіңкілдер ғайып болған. Бірақ ауаға еріп кетсе де сол маңда бар екенін сезіп тұрмыз. Маған: «Әй, бұл «шіңкілдер» енді сап тыйылатын шығар деген ой келеді. Тегі, Қан ағаңның рухы жан дүниесіне сіңген бір таза дауыс қалмаған ба?» – деп күбірлеймін. Ол үндемей жүре берді. 

Артымыздан бір дауыс естілді. Бірақ сыңғыр ма, шіңкіл ме, айыра алмадым. Ол байыппен ғана бұрылып: «Ей, рухымды басынбаңдар, тыныштық беріңдер. Мен үшін жаныңды қиып беретін болсаңдар ғана саған рухым риза!» – деген сыңай танытады. Өзі туралы бір ащы да ақиқат, әділ сөзді іздеп жүрген сияқты және оны таңдауға кет әрі еместей көрінді.Ұлылар аңғал болады деуші еді. Қан ағаң да алғаусыз мақтауды күтеді екен-ау деймін де қас-қабағына қараймын. Ондай әділ сөздің бар екенін бұл кісі білмейтін болып шықты ғой…

Дей берейін дегенімде екінші топ көрінді. 

Үнсіз өсиет. Бұл топтың кеңістігі кең және ауасыз үнсіз тылсым. Еш дыбыс жоқ. Сүйсініс те, кейіс те, керіс те байқалмайды. Тым-тырыс. 

Қаныш ағамның тағдырына, тамырына ине сұққан және сұғуға толық мүмкіндігі болғандардың тобыры екен деймін... Сұмдық-ай, мынадай да болады екен-ау... Әлгілердің ешқайсысының беті жоқ, тек арқалары мен желкелері ғана көрініп тұр. Қазақтар мұны «ту сыртын беріп тұрғандар» дейді. 

Таныс жауырын, таныс арқа, таныс желке. Өздері үйір-үйірімен тұр. Еш дыбыс жоқ екен оларда. Бәрін шола қараймын. Тек Қаныш ағам ғана маң-маң басып жүріп келеді. Мен дызақтап, тура осы арада шындықтың бетін ашып, аналардың кім екенін білгім келеді. Біліп-ақ тұр екенмін деймін, бірақ олардың аттарын ағамның өз аузынан естігім келеді. Мен әлгі тісін-тісіне басып, дыбыс шығармай шықшытын шайнап, жағы қарыса қасарысқан тұлғалардың ішкі психологиясын  аңғармаппын.  Қу мүйіздердің (ұлылардың даналық түйсігін зерделеп жүрген кезім болса керек) артымнан қалмауын қарашы. 

О, тоба! Кенет Қан ағамның бет әлпеті, ұзын тұлғасы тасқа айналып кетіпті. Бірақ әлгі сүлдерлердің жанынан жылжып өтіп барады. Қолтықтай алдым. Түу, тірі екен. Сырты ғана тас, іші жып-жылы. Өзімше: «Сыртыңды берсең де, ішіңді берме», – деген осы екен-ау. Абай атасының: «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» дегеніндей, заманының тылсымынан сол екеуіне – ақыл мен қайратына сүйеніп аман шыққан екен-ау. Ал қазір неден именеді? Соны естіп алайын, біліп қалайын деп ойлағаным сол  еді, басын шайқады. Ол – сырыңды алдырма дегені екен. 

Біз үнсіз, ішкі түйсікпен сөйлесіп келеді екенбіз және бір-бірімізді айтпай түсінеді екенбіз. Шындыққа қашан жетеміз. Шындыққа! – деймін. Ол кісі: шындық дегенің – екі жүзді қанжар. Мінезден сауытың болмаса өзіңе қадалады. Ақылыңды да, қайратыңды да, мінезіңді де сыртыңа шығарма. Абай: «Мінезің – ақылыңның сауытында болсын», – дегендей боп ишара танытады. 

Түсінбедім (Қазір де түсіне қойған жоқпын). Сол түсінбеген күйі тылсымнан өтіппіз. Артыма қарасам әлгі тұқыл денелер мен желкелерге бет бітіпті. Бірақ тылсымның ішінде қалыпты.

Бұл – осы көрген түстің, жоқ аянның ең ауыр тұсы, кешіріңіз, ең ауыр меңіреу жолы болды. Бәрі де анық. Алайда беті жоқ тұлғалар... Сол бетсіз тұлғаларға бет бітсе Қанағаңның өсиеті Лаухул-махфуздың тақтасындағы жазудай боп оқылар еді деймін іштей. Ол:

– Артым қалай болды? – дегендей емеуірін білдіреді.

Міне, осы арадан бастап кездескен адамдардың бет әлпеті, кескіні, алыс-жақындығы нақтылана бастады. 

Қан ағаңның ұрпақтары әкесін жерге қаратпағандығын жақсы білемін. Бәрі де маңында жүр. Жанын өзім жақсы түсінетін күйеу баласы Оразай ағамды да шырамыттым. Әдеп сақтап алыстау жерде күліп тұр. Қан ағаңның жүзі мейірлі. Бірақ көзінің қиығында маған таныс сұқ бар. Неге? Әкесінің даналық тұғырын асқақтатудың желеуімен сол тұғырдан өзін көруге ұмтылатын, не соны бөлісе алмайтын, әкесі, атасы аталған тұстан өз есімін естігісі келетін, сол үшін әруақтан неғұлым аулақ жүргендерді бауырына тартып, рухы қонғандардан қызғыштай қоритын дертке олар ұшырамаған сияқты еді. 

Мен әдеттегі тіршіліктегідей олармен емін-еркін шүйіркелесе бастаймын. О, тоба! (Шәмшиябану, Мейіз апайлардан кешірім сұраймын) Қан ағаңның өзінен айнымайтын ұлы бар екен деймін. Тіпті екеуінің киім киісі де, түр түсі де, жас мөлшері де (ұлы бар және тірі екен ғой!) бірдей. Түс көріп жатып осы сұрақты қойып жатырмын, оның шындық емес екенін біліп те жатырмын, сол арада сөйлесіп те жатырмын, сұрақты үстемелеп кіші Қанышқа беріп те жатырмын. Ғажабы әлгі кіші Қаныш та Қан ағаңның маған айтқысы келген емеурінін түсіндіріп жатыр. Біраздан кейін екеуінің орны алмасып кеткендей де еді. Кенет алдыға озып кеткен Қан ағаңды өткізіп сала бергенімде біреу менің жеңімнен тартты. Іле ту сыртымнан: «Менің ешкімге қиянатым жоқ. Тек араша түсе алмадым» деген дауысты естідім. Қай туысы екенін аңғармадым. Әлгі мойынса сөзге Қан ағам риза болғандай, тіпті мейірленіп кетті. Осы жолдарды жаза отырып, әлі де түсімде болса да Қан ағаңның бұл мінезінің байыбына бара алар емеспін. 

Әлде ұрпақтарынан дәметкен бір сөзі бар ма екен?

Бұл серуен ұзаққа созылды. Енді Қан ағаң екеуіміз қойтастың үстінде қатар отырмыз. Емін еркін сөйлесеміз. Жаңағы аралап жүріп көрсеткендерінің барлығы маған айтқан аманаты не өсиеті, не жеткіз деген тілегі екенін анық ұғынамын. Бұл арада не айтқысы келеді? Жоқтаушым жоқ деп айта алмайды. Үрім бұтақтары мәуелі бақтай айналасында жүр. Бірақ құпия да қарапайым бір арманы бар екен деймін. Оны өз бетімше түсініп, өз бетімше соны таба алмай дел-салмын. Қан ағаңның бағанағы өзара түсінікті емеуріні де жоқ, келбетінен түк те білінбейді. «Сонша несіне назаландыңыз. Іздеушіңіз де, жоқтаушыңыз да, тұқымдарыңыз да бар ғой», – деймін. 

Кіші Қаныш жаққа қарап қояды. Сонда ғана бұл ағамыз өзі адасып, не айрылып қалған жандарды, жақындарын, шетінеп кеткен ұлын іздеп жүр екен деймін. Кіші Қаныш бір аппақ қабырғаны айналып кетті. Астафир-Алла! Мынау мола ғой! Әлгінің қалқасына барсам кіші Қаныш бұрышта тұр... Қан ағам да қасына бара қалыпты. Е, адамның өзі өлсе де арманы өлмейді екен, о, дүниеге бірге ала кетеді екен ғой. Ұрпақтарының бұл дүниедегі қадамын қадағалайды екен ғой. Сол кезде: «Осы Қаныш ағаға арнап қатым қашан түсірілді екен? Әлгі Оразай ағамнан сұрайыншы? Медеу ағама айтайыншы», – деген ой қылаң ете қалды. Екі Қаныш та үнсіз.

Міне, ұрпақ не үшін керек! Баянауылдың шелпегін сағынған екен ғой, қайран аға! Тым ырымшыл, қазақы дәмді сүйсіне татушы еді дейтіні рас боп шықты. Мен солай ойлап тұрғанымда... Екі Қаныш екі жағымда тұрып бір үлкен тұғырды нұқи ишара жасады. Ақ қабырғаның бұрышы…

Аманат. Енді Қаныш аға тұлғаланып, биіктеп кеткен. Кіші Қаныш кәдімгі адам қалпында. Қан ағам алып тұғыр тасқа қарап: «Мынаны кім айтады. Ананы мына кісі біледі. Міне, айтып тұр ғой. Менің жанымның жарасы сол арада. Анда қарашы, ана кісі соның куәсі. Сен білесің ғой!» – деп мені емеурінімен нұсқай тұқыртып барады. Кіші Қаныш та: «Түсінсеңші бұл кісіні сен», – дегендей маған елжірей қарайды. 

Әлгі тасқа көзінің сұғы түскенде, не сұқ саусағын нұсқағанда айтылған мұрағат парақтары мен ғұлама адамдар бірінен кейін бірі көз алдыма көрініп, бірінің орнын бірі алмастырып жатты. «Иә, оларды Кенесарының бас сүйегін іздеп жүргенде архивтен кезіктіргемін», – деймін. Бірақ: «Мынаны кім айтады? Ананы неге іздемейсіңдер? Әлгі жанымның көмбесін таппадыңдар ма?» – деп бар наласын сыртына шығарып, назаланып сөйлей жөнелді (Мен де пендемін ғой, сондықтан да, жорылмаған түстің емеурінін ашып жатпаймын. Түсті жалғыз адамға жорытатынын өздеріңіз де түсінерсіздер). 

«Тыңдасаңшы. Сені сол үшін ертіп жүр ғой», – дейді кіші Қаныш.

Жаратылыстану ғылымынан менің сауатым шамалы. Іздеушісі бар ғой деймін. Қан ағам барлық жан құпиясын, ғылымның тылсымын ашып салды да, қалыппен қалаға – Ғылым академияның ғимаратына ұзақ қарады. Тым ұзақ... Дыбысым шықпайды. 

Енді аға емес, тіршіліктегі дана, бірақ рухы маған қонбаған ұлы Қаныш Имантайұлына айнала берді... Жаным қыстығырылып жатып:«Медеу бар ғой», – дедім дауыстап. Сәл үнсіз тұрды да ғайыпқа айнала берді... 

Демек, Қан ағамның соншама салмақпен аманаттап әлденені тапсырып жатқанына қарағанда, біздің қолымызға түспеген бір ұлы қазынасы, мынау тіршілік иелеріне аманаттап кеткен көмбесінің бар болғаны ғой. Егер осы көргенім жай түс емес, рухтың аяны болса, онда соған келер ұрпақтың көзі жететіні кәміл, – деп жұбатамын өзімді.

Қан ағам ұзап барады. Ойымды жеткізе алмадым-ау деп мен қалдым. Алайда рухым қуатты екен. Тек сенім жоқ. Сол кезде ақ қабырғаның бұрышынан кіші Қаныш шығып, сондай мейірлі жүзбен қарап, әкесі сияқты көзқиығын салып, мені жұбата бастады: – Ол кісіні түсінсеңізші! Бар қызметіңе әзірмін, – дейді. 

Ұзақ сөйлеген жоқ, бірақ әлгі көңіл-күй ұзаққа созылды. Алматының ішіндегі биік қабатты үйдегі пәтеріне шақырып дәм де ұсынды, таныстырып та жүр... Ойымда, енді құран оқып ауыз тиейінші деген ниет бар. Бұл үш күн қатарынан кірген түстің, жоқ, аянның қорытындысы екенін де білетін сияқтымын. Енді соны тіршілікпен салыстырып әуреге түсіріп тұрғанымда әлгі кіші Қаныш (міне ғажап!) Айтжан ағама – қазақтың бүгінгі таңдағы ғұламасы, Қан ағамның сүйіктісі, академик Айтжан Абдуллин ағама айналып сала берді. 

Ғайыптың ісі деген осы-ақ шығар! Бұрын бір-екі рет сапарлас боп, Қан ағам туралы көлемді естелік жазу туралы өтініш еткенім бар еді, соны арқаланып көргенімді жылдамдата түсіндіре жөнелдім. Ең соңында: – Қан ағамның алдында еш қысылғаным жоқ. Емеурінінің бәрін түсіндім. Оның барлығын Медеудің кітабынан оқып алғамын. Соным абырой болды, – деп арасына өзімнің назымды да қосып тақылдай жөнелдім. 

Кенет (Айтжан ағамыз кешірер, өз басым Салық Зиманов екеуін қазақтың бүгінгі күнгі тірі жүрген ұлыларының қатарында бағалаушы едім) ол кісі қайтадан кіші Қанышқа айналды. Жүзі жылы. Бағанағысынан жастау көрінеді: «Біз айтып болдық, ендігісін өзің біл», – дегендей ишара танытып ғайыптана берді. 

Қаныш аға неге менің түсіме кірді? 

Рухыңа тағзым, Қан ағам! Мұны Медеу ағаға айтайыншы, – деп жатып оянып кеттім. 

Жеке басыма қарата алғанда осынау түсті, түс емес аянды өзім жақсылыққа жорыдым. Бірақ: «Мынаны кім айтады!» – деп аманаттап, қадағалап айтқаны ойымнан шықпай, сол емеуріндерді біреу болмаса біреу түсінер деп көпшілікке жеткізіп отырмын. Мұндай аян түстің тұсында «Қазақтың Қанышы» арқылы жерге қаратпаған Медеуге ризамын. Ол кісінің еңбегін түсімде Қан ағама айтып үлгердім. Ал «Қазақтың Қанышының» қалған аманатын Сіздерге осы мақала арқылы жеткізіп отырмын. Мұндағы айтылған емеуріндер мен түсімді тарқатып, жорып беруді сіздерге тапсырдым.

Қайталап айтайыншы:

Ана «шіңкілдер» не шіңкіл? Тыйылатын күні бар ма олардың?

Түсімдегі тылсымда көрген тұлғалар неге бетсіз? Бетсіз тұлға бола ма?

Қан ағама қатым түсірілді ме, Сіздің өзіңіз түсірттіңіз бе?

«Мынаны кім айтады? Неге іздемейсіңдер? Әлі жанымның көмбесін таппадыңдар ма?» – деп зіл тастағаны несі?

Көңіліміздің жұбанышы не?

Академияның ғимаратына неге ұзақ қарады?

Бір салбурынға шыққан екенбіз. Қан ағамыздың мына дүниеде өтелмей жүрген аманаты бар сияқты. Ағайын-жұрт атымыз бар емес пе, сол Дала дегдарының еншісін түгендеуге жазсын. Әмин. 

                                                          13.09.2000 жыл.

P.S. Әлқисса, бұл аян-түсті көргеніме де он бес жылдан асыпты. Сол уақыттың ішінде, асылық демеңіз, Қан-ағамның әруағын алаңдатқан біраз құпиялардың шиі шықты. Мысалы, Академияның ғимаратының іші академиктерсіз қалды. Ал, аманаттағаны не екен? Ол менің ақыл-еншіме тиесілі сыбаға емес сияқты. Тірлігімізді, барлығымызды білдіретін қандай уәж табылар екен десеңші?!. Жалған ғылымға бет бұрып алдық.  Оның бетін қайыруға келгенде біз де шарасызбыз. Мүмкін оны орындау сіздің еншіңізге бұйырар... Бетіңізден жарылқасын.

Аян түс болғандықтан да ырымдап, бұл жазбамды  жылдар салып барып жариялап отырғаным қауым иелеріне түсінікті де шығар деп өзімше жоримын.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, жазушы, ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері