Биыл ғалым қақпасын ашып Ұлу жылы кірді. Осы орайда көне жыл санаудың білгірі А.Н.Самойлович (1880-1938) «Ұлу – қандай жануар?» деген сұраққа жауап іздеген екен. Осы кісі келтірген деректе: қырым татарлары ұлуды «қара түсі көбелек сияқты жәндік» десе, Ставрополь түрікмендері «бір кішкене құс», құмандықтар «кербалық», телеуіттер «шалық суда жүретін үйрек сияқты құс», ұйғырлар «балық», жапондар «татзу», моңғолдар «луу», мәнжулер «мудури», тибеттер «бруг», кхмерлер «рең», абазиндер «ұлу», қабарды шеркестер «ұлу-бәж» деп атайтыны жөнінде жазып қалдырыпты.
Ал орыстың Н. Северин деген шығыстанушы ұлуды орыс тіліне «улитка» деп аударса, қытайлар ұлуды төрт аяқты алып айдаһар бейнесінде символдық рәмізге балап «луун» деп атаған. Бұл сөз орыстың «дракон» дегеніне сай. Ал ұлу термині қазақ танымында сыртқы пошымы дөңгелек қабыршықты, суда тіршілік ететін жәндік. Байырғы заманда қазақ әйелдері ұлу деген атауды тергеп «шолпетер» деген эфемизммен алмастырғаны туралы ғұлама-ғалым Мәшһүр Жүсіп атамыздың еңбектерінде айтылады.
Жаратылыстанушы ғалым М. Исқақов өзінің 1963 жылы жарық көрген «Халық календары» атты монографиясында, логикалық жағынан алып қарағанда ұлудың көбелек, маса, қоңыз болуы қисынсыз. Бұндай ұсақ жәндіктер ел өмірінен елеулі орын алмаған. Ұлудың балық болуы да екіталай дей отырып: «Ұлу атауы көне түркілердің «ұлы» (үлкен, зор) сөзіне жақын Бұл сөздің көне нұсқасы «ұлы» емес, «ұлұғ» болуы мүмкін. Яғни «Ұлұғ жыл» деген сөз. Уақыт өте келе ұлудың нақты мағынасы ұмыт болып, ол фантазикалық хайуанға айналып кеткен. Сондықтан ұлуды орысша «дракон», «рыба» т.с.с. деп аудармай орыс тіліндегі атауын «улу» деп айтқан дұрыс» деген пайым айтады. Сондай-ақ шығыстанушы-түрколог П.М. Мелиоранский (1868-1906) парсылардың ұлуды «неһеңгі» немесе «темсақ» деп атайтыны туралы мәлімет келтіреді. Бір қызығы, ұлу бейнесі өте ерте ғүн дәуірінен бастап, заттық бұйымдарға бәдізделіп, символ ретінде әспеттелген екен.
Ұлуүзеңгі
Бұл үзеңгі дәл қазір АҚШ елінің Нью-Йорк қаласында орналасқан Метрополитан атты өнер музей қорында сақтаулы тұр. Жәдігер туралы анықтамалықта: негізі материалы алтынмен күптелген темір екені мәлім етіліп, өлшемі: 15.9 см x 14 см деп көрсетілсе, салмағы 421 грамм екені жазылған. Музейге 2012 жылы 10 тамыз күні тапсырылыпты.
Сондай-ақ үзеңгінің қапталында көзге шалына бермейтін ұсақ әріптермен айналдара бәдізделген көне тибет жазуы бар. Жазудың ағылшынша трансклипциясы «Luu-tu ene dorugeki yi qonin jil-ün tabun sar-a-yin qoyar sini-de Obu?adai Tayijita Kiy-a Darqan kibe» деп беріліпті. Оны қазақшаласақ: «Ұлу әшекейлі үзеңгіні қой жылы бесінші айдың екінші жаңасында Обуадай тайшыға арнап Хиа ұста жасады» дегенге саяды.
Зерттеушілер үзеңгідегі жазу мен адам есімдеріне қарап бұл жәдігер ХІІ-ХIV ғасыр мұрасы деген пайым жасауда. Сондай-ақ үзеңгіге ұлу бейнесін бәдіздеу, біріншіден, шығыстық жыл санаудың бір мүшесі ұлудың мифтік образын айшықтаса, екінші жақтан, ұлу әшекейлі бұйым қарапайым бұқараға емес, әлеуметтік тұрғыдан дәрежесі биік мансап иелеріне арналып жасалады екен. Осы орайда ұлу бейнесі орта ғасырда адамдар арасында дәреже-сипатын анықтайтын билік өлшемі болғанын аңғарамыз.
Ұлу дулыға
Мына бір қапталына ұлу бейнесі бәдізделген дулыға Жапония ұлттық музейінің «Моңғол шапқыншылығы» атты бөлімінде тұр. Жәдігер туралы анықтамалықта, бұл бұйым жоғары лауазымды әскери қолбасшы тұлғаға тән екені айтылып, ХІІІ-ХІV ғ.ғ. Шыңғыс қағанның немересі Құбылай негізін қалаған Юань империясы тұсында жасалған деп пайымдалыпты.
«Ал дулығадағы жарқыраған інжу-маржанды шеңгелдеп ұстауға тырысқан тырнақты айдаһар бейнесі сол кездегі әскери шендінің билік лауазымына қатысты немесе оның қолбасшылық дәрежесін анықтайтын титулдық симбол болуы мүмкін», – депті зерттеушілер.
Осы орайда Юань империясы қолбасшысының дулығасы Жапонияға қалай барды деген сұраққа ғалымдар Құбылай құрған флот Күншығыс еліне екі дүркін жойқын шабуыл жасаған кезеңмен үйлестіріп жауап беріпті.
Юань империясының кемелері 1274 жылдың күзінде Цушима, Ики аралдарын иеленіп, Кюүшү аралының Хаката бұғазына тұмсық тіреп тоқтайды. Суда майдан салып үйренбеген моңғол жасағы бұл жолғы жорықтан нәтиже шығара алмайды. 13 мың шерігін теңіздің түбінде жерлеп, тірі қалғандары еліне оралды. Ал жапондар болса жеңісіне мастанбай жау келетін жағалауға 2-4 метр биіктікте 40 шақырымдық қамал соғып үлгереді.
Құбылай екінші дүркін 1281 жылдың күзінде жер қайысқан кемесін бастап, Жапонияның жағалауын келіп тоқтайды. Шайқас нағыз қызған тамыз айында теңіз дауылы көтеріліп, судың бетінде қаптап тұрған моңғол кемелерін қидай сыпырып, үстіндегі жауынгерлерімен бірге теңіз түбіне мәңгілікке шөктіреді. Жоғарыдағы жәдігер осы шайқас кезінде теңіз жағалауына жақын жерде су түбіне шөгіп қалған екен.
Ұлу шапан
Ежелгі қытай жұрты әлемге жібек бұйымдар өндіруімен әйгілі болған. Италиялық саяхатшы Марко Полоның сөзімен айтсақ: «Бүкіл қытай жібекке оранған». Ал тарихта «Жібек жолы» деген термин осы жібек саудасына байланысты айтылғаны анық.
Ал мына бір шапан ортағасырлық аса құнды қытай жібегімен тігіліп, арқасына ұлу бейнесі алтын жіппен зерленген екен. Бұл жәдігер осыдан бірқанша жыл бұрын Мафэнде (Сицзян) жүргізілген археологиялық қазба кезінде табылған. Жәдігер жұқа матадан жасалған.
Дизайн мотиві қытайлық шеберлерге тән: ромбтар, торлар, стильдендірілген бұлттар жолағы және шапанның етек жағында жануар сипатты фантастикалық құбыжықтар, ал жеңіне жапырақты бейнелер ашық сары түсті материалмен әдептелген.
Дәл осындай қытайда жасалған жібек шапандар Еуропа музейлерінде баршылық. Атап айтқанда, Мин және Хан әулеті дәуіріне тән бұндай жәдігерлер қазіргі таңда Британ, Берлин және Фогг музейлерінде (Гарвард) сақталған. Сондай-ақ Вэй дәуірінде император Минди жапон императрицасына дәл осындай Ұлу бейнелі шапан сыйлапты. Ол жәдігер қазір Жапонияның Шосоин музейінде сақтаулы көрінеді.
Қос ұлу мүсіні
Ал мына бір-біріне құйрықтасып тұрған қос ұлу бейнесі 2019 жылы Моңғолияның Арқанғай аймағының территориясынад орналасқан ғұн ақсүйегінің қорғаны «Гол мод ІІ» обасына жүргізілген археологиялық қазба кезінде табылған. Қазір Ұланбатыр қаласындағы Шыңғыс хан музейінің экспозициялық көрме залында тұр.
Аталмыш жәдігерді АҚШ-та жарық көретін Archeologyжурналы 2019 жылдың үздік 10 артекфактісі қатарына жатқызыпты.
Жоғарыдағы қазба жұмысын басқарған ғалым Ұланбатыр универсиетінің профессоры Д.Эрденебатырдың мәліметіне жүгінсек, бұл қос ұлудың ғұмыры б.з.д. ІІІ ғасыры мен б.з. І ғасырына тән мұра екен. Тұлғасы таза күмістен құйылған қос ұлудың шоқтығы мен қанатына алтын жалатылған. Жәдігердің жасалу стилі аса шеберлікпен орындалған.
«Біз бұл ұлулар не үшін, ненің құрметіне жасалағаны хақында зерттеу үстіндеміз. Десек те, ғұндар ұлуды қазір тұтып, ұлыстың қуат-қарымының симболы ретінде таныған деген пікірдеміз», – дейді маман тарихшылар.
Ұлу тұтқалы шәйнек
Бұл жәдігер шамамен XVIIІ ғасырдың ортасында Тибет жерінде жасалған. Шәйнектің негізі тұлғасы жезден құйылып, сырты алтынмен апталған. Ал шүмегі мен тұтқасы арнайы қоладан соғылып, жапсырылған. Бұл бұйымды 1947 жылы ерлі-зайыпты саяхатшылар Кэролайн ханыммен күйеуі Артур Шустерлер сатып алып, Кембриждің «Археология және антропология» музейіне тапсырған. Қордағы реттік саны – 1947.711. Өлшемі: 255,0 мм x 300,0 мм x 123,0 мм, салмағы 1,78 кило екен.
Тибеттер ұстанатын буддистік ламаизм діні ұлу (айдаһар) бейнесін қадір тұтады. Сол себепті мұндағы ұлу тұтқалы шәйнекпен жоғары дәрежелі монахтар шәй ішкені анық. Тағы бір ескертетін дүние – ежелгі көшпенділерден жалғасып келе жатқан дәстүр шаңыраққа келген қонаққа алдымен шәй ішу ұсыну туралы жазылмаған заң бар. Бұл жәдігер осы мақсатта қолданылғаны хақ.
«Бұл құмыра шәйнектің пішіні тибеттің дәстүрлі шәйнектеріне ұқсамайды, қайта Құбылай іргесін қалаған Юань ұлысының ақсүйектері қолданған ыдыстан аумайды. Сондай-ақ тұтқадағы ұлу бейнесі ежелгі қытай жұрты әспеттейтін ұлу символының көрініс табуы», – дейді мамандар.
Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, жоғарыдағы жәдігерлерде бейнеленген ұлу мүсіндерінің алды б.з.д. ІІІ ғасырға тән болса, соңы XVIIІ ғасыр үлесінде екен. Сөйте тұра бәрінің символдық мәні мен жасалу стилі бірдей. Демек, бұл жәдігерді адамдар өте ерте кезден бастап, әлеуметтік-тұрмыстық және әкімшілік басқару жүйенің геральдикалық белгісі ретінде қолданып келгені шындық. Соған қарағанда, жәндік ұлудың жәдігерге айналған символдық тарихы тереңде жатыр.