Жуықта Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында: «Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін», – деп айтқан еді.
Осы орайда біз өткен ғасыр басында қазақ баспасөзі «Наурыз мейрамы хақында қандай ұстанымда болды?», деген сұрақ төңірегінде ой қозғауды құп көрдік. Өйткені, бұдан бір ғасыр астам бұрын жазылған бұл деректер сол дәуірдің түсінігі мен ұлттық мейрамға деген бұқараның көзқарасын айшықтары анық. Оның сыртында осында айтылған кейбір мәліметтер қазіргі таңда наурызтану бойынша еңбек етіп жүрген зерттеушілерге қажет болар деген ойдамыз.
Бұл жазбаларды жинақтап бізге ұсынған адам деректанушы Абай Мырза бауырымыз: «Ғасыр басындағы баспасөз құралдарына сол тұстағы қазақ ағартушылары ұлттық мейрам Наурыз хақында өздерінің пайымын жазып қалдырған һәм бұл мейрамның тарихи маңызы мен ғұрыптық ерекшелігіне де тоқталған. Жазбалардың құндылығы осында» дейді.
Сонымен... өткен ғасыр басында халықтың көз-құлағы «Қазақ» газетінің алғашқы саны 1913 жылы 2 ақпанда шыққанын білеміз. Бұл қыстың соңғы айы болатын. Алда көктем. Яғни, наурыз мейрамы. Бұны аттап өтуге болмайды... Сөйтіп, жарық көргеніне бір ай ғана толған газет редакциясы басылымының 1913 жылғы 9 наурыз (март) күнгі 5-ші санына «Наурыз» атты бас мақала жариялапты. Онда:
«Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде әр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп ауылдан ауылға, үйден үйге жүріп кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді. Хәтті наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында әр түрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілері тоғызында келеді деседі. Әр жұрттың белгілі күнде жаңа жылы туады. Ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт нәсіп болсын!» деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді.
Орыстың жаңа жылы қыс ортасында, нағыз сақылдап тұрған суықта келеді. Біздің жаңа жылымыз – наурыз марттың басында болсын, ортасында болсын – әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынасымен «Жаңа жыл» деп айтуға лайық. Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаздың жақындағанын сезіп көңілденетін кез. Шаруа адамдарының бейнеттен қолы шешіліп, алты ай қыс баққан арықтарын үмітті күнге жеткізіп дем алып отырған кез. Ағаш, шөптер қар астынан сілкініп шығып гүлденіп жасаруға даярланып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып жоғары көтеріліп бүтін ғаламға нұрын шашып үйсізді үйлімен теңгеріп, бай мен жарлыға бірдей сәуле беруге тұрған кез. Міне табиғаттың осындай көңілді өзгерісінің кезеңінде біздің жаңа жылымыз – наурыз туып, ата ғұрпымызды ұмытпай белгілі бір күнді жыл басы қылып алсақ ұнамды іс болар еді.
Осы туралы білетін адамдар «Қазақ»-қа жазса екен: біздің жаңа жыл – наурыз анық жылдың қай айында һәм қай күнде басталады. Біз оқушыларымыздың жаң жылмен құттықтауға наурыздың анық қай күні туатынан біле алмадық, ғафу өтінеміз» делінген екен. Бірақ жазбаның авторы көрсетілмеген. Бірақ бас мақала ретінде жаряиланғанына қарағанда авторы Ахаңның (А. Байтұрсынұлы) өзі сияқты.
«Қазақ» газетінің 1914 жылғы, 9 март күнгі № 53 санында:
Әуелі газеттің бірінші бетіне үш шумақтан тұратын «Наурыз» атты арнау өлең жарияланыпты.
Сәлем бердік! Жас наурыз, жылдың басы!
Жұрттың күткен мінеки ықыласы!
Көжесін қып, күйбеңдеп, басын асып,
Бермек әр кім барынша қонақасы.
Келгеніңе құттықтап бірін-бірі,
Қуанышта, көрісіп кәрі жасы.
Көңілі түгіл адамның сен келген соң,
Самарқанның елжіреп тұр көк тасы.
Күйін көріп қуанған мұңсыз деме!
Толып жатқан көбінің бар мәдісі,
Табақ тартып «амин» деп қол жайды жұрт,
Батаңды бер жарылқар, жыл мырзасы!
Одан кейін тағы да авторы белгісіз «Наурыз құтты болсын» деген тақырыппен шағын жазба жарияланыпты. Онда былай деп жазылған екен:
«Наурыз» парсы сөзі. Бұл қазақша айтқанда, «жаңа күн» деген сөз. Неліктен бұған жаңа күн деп ат қойған? Әрбір өткен, кешегі күн, ескі болып, әрбір үстіміздегі бүгінгі күн жаңа болмақшы емес пе? 9-шы март күнін «жаңа күн» деп атаудың мәнісі не? Оның мәнісі мынау:
9-ншы мартта түн мен күн теңеледі. Сонан кейін күн ұзарып, жылы бола бастайды. Күн жылыға айналғаны жазға айналғаны. Сондықтан 9-ншы март жазбасы болып табылады. Жаз болса, дүние жаңаланады: ағаш, шөп жасарып, жапырақтанып, гүлденіп, жаңа бұтақтар жаяды, мал, мақлұқтар балалап, төлденіп, жаңа ұрпақ жаяды. Жылдың төрт тоқсанның ішінде дүниені жасартып, жаңалайтын тоқсаны – жаз.
Сол тоқсанның басы 9-ншы март болғандықтан, бұл күн «Наурыз» яғни «Жаңа күн» деп аталады.
Қысқан қыс өтіп, жайлы жаз келгені, адам түгіл қимылдаған, қыбырлаған жанның бәрi мейрам ететiн бiр мезгiл. Мұны жаңа жылдың басы деп, мейрам ету – дүниедегі нағыз бас ұнамды істердің бірі. Наурызды мейрам етушілер Үндістан, Иран, Ауған, Бұхара, Кауказ, Түркістан һәм біздің қазақ жерінде. Ертерек заманда Наурызды қазақтар тегіс мейрам етуші еді. Бас салып, ет асып, бидай көже істеп, атқа мініп ауылдан ауылға жүріп, бірін-бірі құттықтап, көрісіп, асқан еттерін жеп, көжелерін ішіп, Наурыз күнін тәуір шаттықпен өткізуші едi. Бұл заманда Наурызды мейрам етушiлер қазақ арасында сиректеп бара жатқан сияқты көрiнедi. Басқалар тастамай Наурызды мейрам етіп отырғанда, бiздiн қазақтың тастайтын жөні жоқ-ақ.
Жаз – қазаққа бір қуанышты шақ. Қыс қайғысын өткізіп, жазға iлiнiп, көңiлдерi жадырап, малдары балалап, ірі малға төл қосылып, ауқатының артқаны қазақтың көзіне көрінетін мезгіл - жаз. Қыс бойы көрге қамалғандай, бықырсыған, пысынаған, сасық там үйде тұншыққан қазақ киіз үй тігіп, жазыққа шығып, таза ауаны шөлдегендей құмарланып жұтып, жаны кенеліп, «үh!» деп, бойын жазатын мезгілі-жаз. Жер көгеріп, мал тойынып, мал тойынса ақ шығып, ел тойынып, қазаққа тоқшылық кіретін мезгіл жаз. Сулар тасып сарқырап, құстар шулап ың-жың болып, түйе боздап, қой маңырап, сиыр мөңіреп, жылқылар шұрқырап кісінеп, қазақтың көңіліне шаттық келтіретін мезгіл жаз. Сонша сүйінішті, қызықты жақсы мезгілдің басы 9-ншы март болса, бұл күнді мейрам етпегенде, қандай күнді қазақ мейрам етер?
Жаңа киім кисе де, жаңа үйге кірсе де құтты болғай деп кірмей ме? Сол «құтты болғай»-ды жаңа жылға да айтарлық жөні бар емес пе? Жылда 365 күн бар. Ол бірталай уақыт. Бір айлық сапар шықса да, жолы болып, аман барып, аман қайтқай еді деймiз. Бiр жыл адамның өмірі жүзінде бір жылдық сапар. Бір айлық сапардан бір жылдық сапар кем бе?
Жаңа жыл туған күні бір-бірімізге «құтты болсын» айтуымыз тастарлық ұнамсыз, мағынасыз іс емес.
Жаңа күн, жаңа жыл, жаңа қадам құтты болсын!
«Қазақ» газетінің 1915 жылғы 9 март күнгі №110 санында:
Басылымның алғашқы парағына «Жаңа жыл құтты болсын!» деген тақырыпта ақын Сәбит Дөнентаевтың төрт шумақ жыры жарияланыпты:
Жаңа жыл құтты болсын Алашым!
Мал мен басың өссін – өнсін тарасын!
Жаңа талап, жаңа дәулет, жаңа бақ
Беріп жұрттың толықтырсын шаласын.
Тоқшылықпен, тұнықтықпен, саулықпен
Шаттандырсын үлкен бала шағасын.
Өрттен, жұттан аман сақтап шаруасын,
Төрт түлік пен бытырлатсын даласын.
Жақын, малын аямайтын ұлты үшін,
Айтып берсін мұнда туған баласын.
Ақ көңілдік, ақ пейілдік нәсіп қып,
Жұрттың жойсын жүректегі қарасын.
Тілек бір, ниет де бір, іс те бір,
Тістейтіндер жаңа жылдың қалашын.
Біреу аяқ, біреу ауыз, біреу қол,
Болып әркім қызметіне тарасын!..
Одан кейін газеттің ішкі бетіне «Орынбор, 9-шы март» деген тақырыппен мына жазба жарық көріпті:
Бүгін жыл басы Наурыз. Міне, «Барыс» кетіп «Қоян» келіп тұр. «Қоян» халыққа жайсыз жылдың бірі. Осымен төрт қоянды көрейін деп тұрмын. Бұл төртеуі де халыққа жайлы болған жоқ. «Қоян» жылы не малға, не жанға ауырмалдық түсірмей өткен емес. 1880 жылы «Қоян жұт» болып, қазақ малы қатты қырылды. Қар кеткенде жер жүзі өлексеге толып кетіп, ана жер, мына жерде көздерін қарға шұқып үңірейткен өлекселерді көріп, бала кезімде шошынғаным бар. Ол «қоянда» қатты ашаршылық болды. Пәлен жерде аққұлақтың басын үгіп, көже қылып ішіпті деп, үлкендердің аңыз ғып айтып отырғандары есімде бар. Қазақтан басқа жерге ол «қоян» қандай болғанын білмеймін.
1892 жылғы – қоянда қазақтар жұтады. Бүтін Росияда да ашаршылық болып көнек аурудан, обадан адамдар көп қырылды. Бұ «қоян» Орынборда оқып жүрген кезімде болды. тамағымыз аш деп инспекторға арыз еткенімізде сендердің бұл ішіп отырған тамақтарыңды таба алмай отырғандар көп. Басқа жерде аштықтан мынаны нан ғып жеп отыр деп, ала ьотаның үккен басын әкеліп көрсеткені есімде бар.
1904 нші жылғы «қоянда» қазақ жұтаған жоқ. Бірақ ауырмалдығы адамға түскен сияқты: Росия мен Жапония арасында соғыс басталып, адам қырғыншылығы болды. Қазақ жұтамағанымен соғыс болған соң қалыптан тысқары күстенше шығындардан құр болған жоқ.
Мынау «қоян» дүниеде болмаған зор қырғын соғыстың үстіне келіп тұр. Адамға түскен ауырмалдық үстіне мал ауырмалдығын қоспай өтсе, қазақтың бағы. Бұрынғы жұт қояндардай болып, малға да салмағын салса, қазақ жүгі көбейіп, көтеруге әлі келмес. Түндік ақша екі есе көбейіп тұр; соғыс салығы түсейін деп тұр; нәрсе қара қымбаттап тұр; малдың еті мен сүтінен басқаның бәрін сатып алатын қазаққа бұда жеңіл тимес. Құдай жұтқа ұшыратпасын. Жұтаса қазақ бұрынғыдай тез оңала қоймас. Өткен жаздың шаруаға жәйлі болғандығынан жұртта пішен мол, шаруаның іші жәрбелі. Жаз өте жайсыз болмаса, «қоянның» қаупі мал жағынан онша зор бола қоймас еді деп, алдағы жаздан үміткерміз. Наурызбен құттықтап, жаңа жыл жайлы болуын тілейміз.
Ескерту: Бұдан бір ғасырдан астам бұрын жарияланған жазбалардың стилі мен грамматикалық ерекшелігіне тиіспедік.
Жалғасы бар…