Айдалған қазақтарға Ахмет Байтұрсыновтың ара түсуі
12.09.2023 2878

«QAZAQSTAN TARIHY» порталының өткен 23 мамыр күнгі жариялымында «Қашқын қалмақтың лаңы», сондай-ақ 13 және 20 маусым күнгі шығарылымдарында «Айдалған ел, аңыраған жұрт» һәм «Қобда беті қазақтарының көтерілісі» атты тарихи-деректі мақалалар жарияланған болатын. Бұл жазбаларда өткен ғасырдың басы 1912 жылдары еліміз шекарасынан тыс өмір сүріп жатқан қазақтардың бастан кешірген қуған-сүргіні туралы кеңінен толғаған едік. Осы орайда, аталмыш порталдан жоғарыдағы жазбаларды оқыған адамдар арнайы хабарласып шытырман оқиғаның жалғасы жайлы баяндауды өтінгенін болатын.


Ендеше, портал оқырмандарының сұранысын қанағаттандыру мақсатында әрі бұрынғы жазбалардың жалғасы ретінде, деректі мақала ұсынып отырмыз. Бұл жазбада қуғынға түсіп, қиындық көрген қандастарына алаш арысы, ағартушы – ұстаз Ахмет Байтұрсынов ара түсіп, олар үшін қабырғасы қайысқаны жайлы айтпақпыз. Сонымен...

Шүйге ауған қазақтар

Жоғарыдағы жазбаларда айтқанымыздай 1912 жылдың күзінде халқа шерігін қырып салған қазақтар Бөкемөрін өзенінің басын кесіп өтіп, бес күн, бес түн жол жүріп, Қошағаш өлкесі Қобда беті қазақтарының тілімен «Шүйге» табан тірейді. 

Бірақ айдалған ел түгелдей Шүйге келген жоқ. Тарих­шы Құрметхан Мұхамәдиұлының жазуына қарағанда осы дүрбелең кезінде Қылаңға қарасты 50 түтін 110 адам дөрбет жерінде (Қандығатайда) көшпей отырып қалды десе, Сарай Асқанбайұлы: «Қосағаш ауған қазақтар саны 300-ден астам шаңырақ болса, Қылаңның қасында 50 шақты үй көшпей қалып қойды», ‒ депті (А.Сарай «Революциядан бұрынғы қа­зақ халқы», Өлгей – 1991 жыл. - 30-б). 

Арып-ашып, аш-жалаңаш, үрей мен қорқыныштың күйін кешіп Шүйге жеткен жұртқа демеу болған дүние, Жаламадан бұрын заманның тыныш кезінде Ресей орыс шебіне жақын Аласа кірен, Борқақ, Қақ өңіріне баяғыда жетіп алған Қиюбай елі қуғын көріп келген ағайындарына қоңды малын ұсынып, тозған елге қамқорлық көрсеткен екен. Осы еңбегі арқылы Қиюбай айдалып келген қазақтың ықыласына бөле­ніп үлгер­гені байқалады. Яғни ел алда-жалда осы өлкеде табан тіреп қалатындай күн туса, қиядан жол табатын сұң­ғыла Қиюбай Ақышұлына (1849-1919) билік тізгінін ұстатуға мақұл болады. 

Тарихшы Зардыхан Қинаятұлы ресейлік алтайтанушы Алексей Коноваловтың зерттеуіне сүйене отырып: «Қосағаш­қа келген ел Семей облыстық губернаторына қамқорлығына алу жайлы хат жолдады», ‒ деген деректі келтірсе, Ақыт қажы:

Ақсүйек сөзге доғал төре Дотан,

Дұшпанға сөз бермеген Көкітайым,

Орыстың айтуынша болыс болды,

Ол дағы заңға жеттік Қиюбайым, ‒ 

деп жырлаған екен. 

Ақын Нәжікеш Таңқайұлы: «Семейге кісі салдық жүй­рік хатқа, Қолына тарту бердік алтын ақша», ‒ дей отырып, бұл хатты ұйымдастырушылар ретінде Қиюбай, Күлкетай, Бақтыбайлардың атын атайды. 

Бұл оқиға жайлы нақты айту қиын. Өйткені бұл өлкеде қазақтар екі қыс, бір жазды өткізген. Бұл соншалық әкімшілік бірлік құрып, орнығатындай уақыт емес. Біздің пайым бойын­ша ауған қазақтар уақытша жергілікті билік жүйесіне бағы­нып мұндағы елге Қиюбай бастық (болыс) болған сияқты. Өйткені болып жатқан оқиғаның басы-қасында жүрген нақты куә Нәжікеш ақын:

Осындай болды елге өмір дайын,

Таныстық Шүй елінің ауыл жайын.

Орысқа кірген кезде болыс болды,

Законға жүйрік екен Қиюбайым, ‒ 

деп жырлағаны анық. Жоғарыда Зардыхан Қинаятұлының «қазақтар Семей облыстық губернаторына қамқорлығына алу жайлы хат жолдады» деген мәліметінде ептеген ауытқу бар. Бұл тұста Шүй өлкесі Семей губерниясына емес, Томск губерниясына бағынышты болған. Демек олар басқа губернияға қалай өтініш айтады?

Өйткені қазақтардың Шүй өңіріне ауып келгені жайлы Ресей өкіметін хабардар еткен адам – дума депутаты Николай Виссарионович Некрасов. Бұл кісі 1879 жылы Петерборда туған, танымал орыс саясаткері. 1907 шақырылған ІІІ және 1912 жылы шақырылған ІV мемлекеттік думаға Томск губерниясы атынан депутат болып сайланған. 

Осы кісі (Некрасов) моңғолдан қорлық көріп Томск губерниясы Шүй өлкесіне жансауғалап асып келген қазақтар жайлы Ресейдің «День» газетіне мақала жазып, бұларға қамқорлық жасау қажеттігі жайлы үн тастайды және бұл істі тексеріп-тергеу жайлы ресейлік жандармерияға хат жолдайды. 

Дума депутаты Николай Виссарионович Некрасов

Бұл мақала ғайыптан Алаш арысы Ахмет Байтұрсын­ұлының қолына түскен. Қандастары тап болған қиындыққа қайран Ақаңның жаны күйзеліп, егіле отырып 1913 жылы «Қазақ» газетіне «Орыстың мейірманшылығы» атты мақала жазыпты. Содан үзінді: «Алтай тауының моңғол бетіндегі қазақтар мен моңғол төрелері арасында үлкен жанжал шығып, 11 төре өліпті. Мұнан кейін моңғолдар қазаққа қарсы әскер аттандырыпты. Қазақтар қорыққаннан 1000 үй, 120 мың малымен орыс қол астына қашып тығылып, орыс хүкіметіне арыз береді, «бізді қол астына алсаң» деп. Қазақтардың бұл арызы Петерборға жеткеннен кейін арыздарын аяқсыз қалдырып, өздерін моңғолға қайтаруға бұйрық шығарған. Қазақтар еркімен моңғолға қайтпайтын болған соң, оларды зорлықпен көшіруге әскер жіберген. Осы күні моңғол әскері қазақтардың қайтуын күтіп отыр. Олар әліпте кек алмақшы һәм басқа патшалыққа шыққаны үшін жазаландырмақшы. Енді бишара қазақтардың қаны төгілмей, мал-мүлкі шабылмай, қалай аман қалар екен? Некрасов айтады: моңғол төрелері бізге сонша қымбат па, олардың кегін қайтару үшін бірнеше мың қазақты құрбан қыларлық?» (А.Байтұрсынұлы. Ақ жол. Алматы, «Жалын» баспасы, 1991, 251-бет).

Ақаң жаны күйзеліп, осылай депті. Бұл ретте тарих үшін Ақаңның пікіріне сәл-пәл түзету енгізген дұрыс сияқ­ты. Қазақтардың қашып орыс жеріне барғаны рас. Бірақ моңғолдар кек алмаққа қазақтарды қайтарып алған жоқ. Ресей билігі ауған қазақтарды қайтарып алу жайында Боғда хандық Моңғол үкіметіне талап қойған. Олар жалт беріп, «Жаламаның лаңын Моңғол үкіметі мойнына алмайды, сол себепті қазақтармен ешқандай араздығымыз жоқ. Осының дәлелі ретінде босып кеткен қазақтарды қайта қабыл­дай­мыз», ‒ деп, ал Жалама мәселесін біржақты етуді Ресей тарапы өздеріңіз шешіңіздер дегенге тоқайласқан.

Жаламаны тұтқындау шарасы

Сөйтіп, алаяқ лама Дамбижансынның кесірінен тыныш жатқан Батыс Моңғолияда не түрлі бүлік орын алды. Бұл бейбақ басқаны былай қойып, орыс консулдығына қарсы шықпасы бар ма. Өйткені ол күндердің бірінде Батыс Моңғолды жеке билеуіне орыстардың көлденең тұрарын білді де, олармен ерегесті.

Бұған дейін орныққан тәртіп бойынша Қобда қаласын­да орналасқан Ресей консулының отын-су, шөп-жемін жер­гілікті әкімшілік иелері дайындап беретін тәртіп болған. Өлке билігі Жаламаның қолына өткен соң, бұл жұмысты орындау оның үлесіне тиген. Бірақ ол өзін зор санағаны соншалық: «Бір түйе отынға 60-80 копейка төлеңдер, әйтпесе бұл жер сендерге ұзақ мекен болмайды», ‒ деп шіренген. Осы мәселеден кейін Ресей консулы В.Ф.Люба 1913 жылы 3 қыркүйек күні орталыққа оқиғаны баяндап ресми хат жіберген. 

Сондай-ақ 1913 жылдан бастап орыс шенеуніктерінің ықпалымен Күреде қаласында моңғол тілінде жарық көрген «Шинэ толь» («Жаңа айна») газеті былай деп жазыпты: «Соң­ғы кезде батыстағы Қобда шебінде Лувсандамбийжанцан (Дамбижансын) деген лама момын бұқараны адастырып, қауіп тудырғандықтан, Моңғол үкіметі бірнеше жауапты министрді тағайындап, елдің шетін тыныштандыруды мақсат етеді. Ұзынқұлақтан естігенде, әлгі Дамбижансын деген пенде орыстың адамы екен. Айдархан (Астрахан) өлкесінің қалмағы дейді. Жас кезінен ел кезіп диуана атанған екен. Тіпті бірнеше дүркін түрменің де дәмін татқан-мыс. Қамаудан босаған соң моңғол-тибет жерін аралап, ақыры Қобда өлкесіне табан тіреп, әртүрлі тайпа-рудан құралған халықтың басын айналдырып, түп мақсаты соларға билік жүргізбекке бекініпті. 1913 жыл».

Қош, сонымен... екі-үш жылдың ішінде дәуірлегені соншалық, Батыс Моңғолияда кішігірім хандық құрып үлгерген Жалама моңғолды былай қойып, орыстардың бас ауруына айналды. Сыртқы Моңғолды мәнжі-қытай ықпалынан бөліп алып, сырттай жеке мемлекет тәрізді сипатта ұстап, іштей өздері басқарып отырғысы келген орыстардың саясатына алаяқ лама көлденең түсті. Сөйтіп, оның көзін құртуға сол тұста Боғда хандық Моңғол мемлекетінен бұрын орыстар мүдделі бола қалды.

Қысқасы, Жаламаның бүлігі Патшалық Ресей билігінің иерархиясы ІІ Николайдың құзырына жетіп үлгергені бай­қа­лады. Өйткені 1914 жылы 22 қаңтар күні Қобда қаласындағы консулға патша ағзам ІІ Николайдың атынан №46 тележазба келеді. Онда «Жалама тұтқындалған соң Ресейдің Томск өлкесіне жеткізілсін және оның туған жері мен іс-әрекеті анықталсын!» ‒ делінген дейді И.Ломакина ханым (Инесса Ломакина. Жаламан толгой. Ұланбатыр. 2005 ж. 124-б), келесі бір деректе А.Бурдуков: «1914 жылдың қаңтар айының 31-і күні Уләсутайдағы Ресей консулдығына Ресейдің Сыртқы істер министрлігі тарапынан Жаламаны ұстау туралы тапсырма беріліп, Дамбижансынды тұтқындау ісіне Моңғолдың әкімшілік ұйымдарын қатыстырмай, Петербордан шыққан шешім бойынша 1914 жылдың 6 ақпаны күні капитан Булатов басқарған 50 атты казак әскері аттанды», ‒ дейді.  Бұл екі құ­жатта көрсетілген тұтқындау жайлы уақытта сәл айырмашылық бар. Десек те, тұтқындау ісін сыртқы істер министрлігі басқарғаны байқалады. 

Ал тұтқындау шарасы қалай жүргізілді дегенге келсек, ол тұста алаяқ лама осал емес еді. Оның қолында маңайындағы ойраттектес бұқарадан жинап алған өзіне бағынышты 500-ге тарта жасағы бар, оның сыртында Күреден келген, әрі талай шайқасты бастан өткізіп, әбден шыңдалған, ресейлік офицерлер жаттықтырған Мақсыржаб басқарған 400 шерік Жаламаны қорғап жатқан. Моңғол тарихшылары атақ­ты Мақсыржаб қолбасшысының Жаламаның қазанына қарап, оған қолбала болып қалғанын ешқашан айтпайды. Біздің пайым бойынша, Қобданы азат еткен Мақсыржаб басқарған Боғда хандық Моңғол мемлекетінің шеріктері Күреге қайтпай қалып қойған. Оларға ішетін тамақ керек, аттарына жем-шөп қажет. Ол тұста 400 шерікті бағып-қағатындай Батыс Моңғо­лия­да жаңадан орнап жатқан Боғды хандық әкімшілікте көк тиын жоқ. Бұған дейін бір-біріне көмектесіп, ұштасып келген Қобдадағы манжы-қытай амбысын орыстардың айдап салуымен өз қолдарымен жойып жіберді. Сөйтіп, далада қалған Масайт-Мақсыржаб асып-төгіліп шалқып жатқан Жаламаны паналаған. Шындық осы. Одан кейін «асын ішсең, жырын жырлайсың» дегендей атақты қолбасшы Мақсыржаб алаяқ ламаның қолшоқпарына айналып шыға келген.

Орыстардан айла асқан ба, 1914 жылы 5 ақпан күні Сарысекке (Бурдуковша – Мүнжік) орнығып жатқан Жалама мен Мақсыржабқа былай деп хабар жібереді: «Ресей асқан қазақтарды қайтарып әкелу үшін баруы тиіс Мақсыржабқа көмектесуге Булатов басқарған 50 казак отряды бара жатыр. Олар Қобдадан шығып, жолай Мүнжік аялдайды» (А.В.Бурдуков. В старой и новой Монголии. Ұланбатор, 1987 г. Стр.-113). Шынайы оқиғадан бейхабар Дамбижансын бол­са меймандарды қарсы алу мақсатымен шатыр тіктіріп, 
дас­тарқан мәзір әзірлеп жатады.

Жаламаны тұтқындау шарасын тікелей атқарған Байқал-Сібір казак-орыс жасағының капитаны Булатовтың алаяқ ламаны қалай тұтқындағаны жайлы рапортында: «Қобда қаласында отырған Ресей консулының «Дамбижансынды тұтқын­дау туралы» 160-шы нөмірлі құпия тапсырмасын орындау үшін Сібір казак әскерінің 3-полкіне қарасты 50 солдатты бастап, 6 ақпан күні таңмен аттандым. Жүзбасы есаул Комаровскийге бір күннен кейін: «Біздің артымыздан әскер алып аттан», ‒ деген арнайы тапсырма берілді. Тапсырманың құпия-
­ланғаны соншалық, солдаттардың өзі: «Қосағаш асқан қазақ­тарды қайтаруға бара жатырмыз», ‒ деген ойда болды. Қобда қаласынан Жаламаның қонысына дейін 110 шақырым жолды екі күнде басып өттік. Жол бойы қашқын ламаның қонысы және ондағы адамдар мен әскерлердің саны, орналасуы жайлы дерек жинадым. Ақпан айының 7-сі күні таң бозымен ламаның бекінісіне келіп түстік. Бұл жерде Жаламаға қарасты 850 шерік бар екен. Олардың 400-і арнайы дайындықтан өткен қолбасшы Мақсыржабтың басқаруындағы халқа жасақтары. Бұлар өз қолбасшыларына адал әрі мықтылығымен көзге ұрып тұрды. Әрине, мұндағы 850 шерікпен соғысу бізге де оңай емес. Ақпанның 8-і күні таңмен тұрып, қасыма жүзбасы Копейкинді ертіп алып, қонысты фотоға түсіріп жүрген сыңай танытып, жер жағдайын барладым. Қоныстың топ ортасына орналасқан төбешікке көзім түсті. Егер осы биіктікті иеленіп алған жағдайда қонысты толық бақылауға мүмкіндік барын аңғардым. Сонымен:

Шеріктердің орналасу жағдайы;Қару-жарақ қоймасының жайы;Жаламаның жеке қорғаушылары қанша адам, олардың қаруы қандай?

Жоғарыдағы мәселелерді зерттеп, қорытынды жаса­дым. Әуелі атақты жауынгер-қолбасшы Мақсыржабты шақырып алып, шекара асқан қазақтарды қайтарудың жай-жапсары жайлы ақылдасқан болдым. Оған әскерін дереу Қосағашқа аттандыруды өтіндім. Ол ақпан айының 14-іне дейін ешқай­да әскер аттандырмайтыны жайында баян етті. Сөйтіп, хал­қа жасағын қоныстан аластату жайлы консулдың берген кеңесі нәтижесіз аяқталды. Өз басым моңғол шеріктерінің жайын жақсы білем. Мақсыржабтың жасағы болмаса жер­гілікті моңғолдар қауіпті емес...

Мақсыржабты араағайындыққа салып, бірнеше дүркін Жаламаға жолығуға әрекеттендім. Бірақ ол: «Қатты ауырып жатырмын», ‒ деген сылтау айтып қабылдаудан бас тартты. Осы екі арада біздің соңымыздан келуге тиіс есаул Комаровскийдің жасағы келіп жетті. Сол күні кешке хорунжий Веремеев, Блохин, Копейкин үшеуін шақырып алдым. Соңы­мыз­дан келген әскерилер өздерінің не үшін келе жатқанынан хабарсыз еді. Оларға «Жаламаны тұтқындау жайлы» үкімді таныстырып, барлығына бұйрық түсірдім. Жоспар бойынша жүзбасы Блохин мен Копейкин екеуі 40 әскерді бастап менімен бірге Жаламаны тұтқындау опрециясына кірісетін болды. Мен төрт солдатты бастап, ламаның үйіне басып кірем, Копейкин сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Есаул Комаровкий мен хорунжий Веремеев мен ламаны қолға түсірген соң 50 солдатты бастап, жарты шақырым жерде орналасқан моңғол шеріктерінің ордасына барып, оларға аудармашы арқылы қару-жарақтарын тапсыртып, тізе бүгуге үндейді. Егер бұйрық орындалмаса күш қолданады...

Жоғарыдағы жоспарды әлденеше рет пысықтаған соң, Мақсыржабтың бір өзін шақыртып алдым. Дәл осы сәтте Сібір казак елулігі, Байқал әскери жүздігі ‒ барлығы 120 сол­дат сақадай сай дайын тұрды. Мақсыржабқа айттым: «Ма­ған жаңа ғана консулдан хат келді, оны Жаламаға табыс­тауым қажет». Қолбасшы бірден бас тартты. Онымен қоймай: «Маған беріңіз, мен апарып берейін», ‒ деді. Мен дереу бұйрық түсіріп: «Мақсыржаб мырза, Жаламаға сіз менімен бірге барасыз», ‒ дедім. Өйткені бұл адамды ешқашан жеке қалдыруға болмайтын еді. Осылай халқа жасағын басшысыз қалдырсақ, қауіптің беті қайтқаны. Менің бұйрығымды Мақсыржаб жылы қабылдай қоймады, еріксіз бағынған сыңай танытты. Сөйтіп, Сібір казак әскерінің 40 солдатын бастап, Мақсыржабты алдыға салып, Жаламаның ордасына басып кірдік. Орданы қорғап тұрған 12 шерік қарсыласып та үлгермеді. Оларды қарусыздандырдық. Мен төрт әскерді бастап, ламаны ұстадым. Соның арасында лама қолындағы винчестер винтовканың шақпағын тартып үлгерген екен, бірақ атып үлгермеді. Бұлай боларын білмесе керек, лама сасқалақтап не істерін білмей қалды. Таңдайына он-оннан 20 оқ басып, сақтық үшін оттығын ағытып дәл қасына қойған екі маузер мылтығын алып үлгердік. Оған тұтқындалғанын ескертіп, әуелі Қобдаға баратынын, одан кейін Ресей үкіметіне тапсыратынымыз жайлы айттым. Ол: «Қазір ауырып жатырмын. Денсаулығым түзелген соң Қобдаға өзім барайын», ‒ деп жалтарды. Осы сәтте менімен бірге ордаға кірген бір солдат: «Байқаңыз, ана тұтқын сол қолын шапанының етегіне жасырып бір затты ұстап тұр», ‒ деп ескертті. Дереу мен тұтқынның оң қолын, аудармашы сол қолын қайырып ұстай алдық. Таңдайында 10 оғы бар шағын жанқару жерге түсті...», ‒ деп жазыпты (Инесса Ломакина. Жаламын толгой.  Ұланбатыр. 2005 ж. 113-118-бб).

Жүрген жеріне шөп шықпайтын алаяқ қалмақ осылай тұт­қын­далды. Булатов бастаған орыс-казак әскері сақтық үшін Моң­ғол шеріктерінің қолындағы қару-жарақты жинап алады. Атап айтқанда, шеріктердің қолынан 696 винтовка және әлі қолданылмаған 10 жәшік бесатар, 21 көне қылыш, 104 жәшік оқ тәркіленіпті. Сонымен қатар ламаға жақ­паған­дақтын дүре соғылып, өлімші халде жатқан 30 адам құт­қарылған. Бұларды Сібір казак жасағының дәрігері Андрей Маховенко мен Верхный Удэ полкінің дәрігері Тагир Галаметдинов екеуі күнді-түні емдеп сауықтырыпты (СПб. ФИВ Ран, Ғ 414, №16).9 ақпан күні хорунжий Веремеев басқарған комиссия (мүшелері – Ермолина, Попов) моңғол сардары Мақсыржабты қатыстырып, Жаламаның дүние-мүлкіне санақ жүргізеді. Нәтижесін­де, жүздеген құйма күміс, қымбат тастар, жібек маталар, аң терілері, т.б. кәмпескеленеді. «Бұлардың жалпы құны 250 000 рубль» делінген екен ресми құжатта (бір жылқы 10-25 рубль).

Ал аталған оқиға жайлы жазған Бурдуковтың да мәлі­меті бар, онда «Булатов әуелі Мақсыржабты тұтқынға алды, іс жөнімен аяқталған соң оны кейін оны босатып жіберді», ‒ депті (А.В.Бурдуков. В старой и новой Монголии. Ұланбатор, 1987 г. Стр.-114). 

Сөйтіп, 1914 жылы 8 ақпан күні жауыз лама Сарысекедегі ордасында тұтқындалады. Жасауылбасы капитан Булатовтың естелігінде, 1914 жылы 10 ақпан күні таңғы сағат 8.00-де Жаламаны алып Қобдаға бет алдық. Аттанар алдында моңғол шеріктерінің қолынан алынған барлық қару-
жарақты Мақсыржабқа өткеріп бердік деп жазылған.

Жалама тұтқындалғаннан кейін Күреден Со гүн деген шенеунік келіп, оның дүниесін бірін қалдырмай қаттап-шот­тап орталыққа алып кетеді. Бірақ Қобда қаласындағы Ресей консулы Люба өз тыңшылары арқылы алған мәліметке сүйе­ніп: «Жаламаны тұтқындаған тұста қолбасшы Мақсыр­жаб оның мүлкінен қымбат құйма күмістерді олжалап кетті», ‒ деген дерек айтады. Бұл рас. 

Сондай-ақ моңғол тарихшысы Д.Алтынгерелдің айтуына қарағанда, Жалама тұтқындалған тұста Боғда хандық билік орыстарға «оған тиісуге болмайды» деп наразылық білдірген көрінеді. Осыған қарағанда, алаяқ ламаның әрекетін моңғолдар жасырын қолдап отырғаны анық. Бұған жауап ретінде Қобдада отырған орыс консулы Люба Боғда ханға «Сендердің шаруаларың қанша, ұстасақ біз өз адамымызды тұтқындадық» деп ресми хат жолдаған.

Жалама тұтқындалған соң Мақсыржаб Шүйге асып барған қазақтарды байырғы мекені Қобда бетіне қайтарып алып келу жайлы Боғда хандық Моңғол мемлекетінің тапсырмасын орындау үшін Қосағашқа аттанады.