Көне тарихи жырлардағы «құтты қоныс» ұғымы
17.08.2023 1032

«Құтты қоныс» – өміршең идея, бабаларымыздың арманы. Сол секілді «Мәңгі ел» сөзінің де терең тарихи мағынасы бар. Түркі шежіресінде «мәңгі» сөзі «Тәңір», «Құдай», «Алла» сөздерімен мағыналас қолданылды. Бұдан шығатын қорытынды «Құтты қоныс» әм «Мәңгі ел» ұғымдары «Жаратқанның елі, халқы» дегенді білдіреді. 


«Құтты қоныс» ұлттық идеясының негізгі мәні – мәңгілік рухымыз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтауға негізделген. Әдетте, «идея» (грек. ідеа – түсінік, елес, бейне) – теориялық жүйенің, логикалық құрылымның, соның ішінде дүниетанымның негізінде жатқан анықтаушы түсінік мағынасында қолданылатын философиялық термин.

XVIII ғасырдағы немістің классикалық философиясының негізін салушылардың бірі – И.Канттың тілімен айтсақ: «Адам білімінің қайсыбірі болмасын, түйсіктен басталып, түсінікке ұласып, идеямен аяқталады». Осы бір қарапайым сөз тіркестері «идея» түсінігінің мәнін және қалыптасу жолдарын қысқаша түрде нақты бере алады.

Мұны арнайы айтып  отырғанымыз «құтты қоныс» ұғымы сонау Сақ-Ғұн дәуірін бейнелеген деректерден  бастап, XX ғасыр басындағы Алаш қайраткерлері мен кеңес дәуіріндегі ақын-жазушылар шығармаларынан орын алуының әдеби-тарихи негіздері кеңінен қарастырылады. 

Мақаламызда көне әдеби жәдігерлерден бастау алған көркемдік-этикалық жүйедегі елдік мұратты насихаттайтын жыраулар поэзиясы, «Зар заман» поэзиясы, XX ғасыр басындағы әдебиет талданып, мәңгілік ел аспектісіндегі тақырыптық-идеялық негізгін ашуда бірқатар ізденістер жасалған. Сонымен қатар отандық зерттеуші-ғалымдардың тақырыпқа қатысты ғылыми еңбектерін басшылыққа ала отырып, небір айтулы құнды талдаулар жасалған. Талдау барысында әр ғалымның айтқан пікірін ой сарабынан өткізіп, мәнін ұғынуға тырысқаны шынымен-ақ байқалып тұрады. Соның барысында «Құтты қоныс» ұғымының  қазақ әдебиетіндегі көрінісінің тарихи негіздерге тән көркемдік дәстүр жалғастығы ғылыми жұмыстың кәсіби мақсатына сай зерделенген десек асыра еш асыра айтқандығымыз емес. Ұлт руханиятындағы «Құтты қоныс», «Мәңгілік ел» идеясының генеологиясы мен кейінгі көркемдік даму үрдісіндегі тақырыптық арналарына тән өзіндік сипаттары толықтай ашып көрсетілген.

Тым ілкі дәуірден бастау алатын «Құтты қоныс» ұғымының  әдеби-тарихи негіздерін анықтау, олардың арасындағы дәстүрлік сабақтастықты айқындау мақаламыздың басты мақсаты болып табылады.

Елдік қасиеттер мен ұлт еркіндігін сақтап қалудың тарихи бастауларынан бастап, кейінгі кезеңдердегі әдеби өркендеудің өзегі болған «құтты мекен» тақырыбы, яғни шексіз уақыт пен кеңістіктегі азат қазақ халқы мақсатының формациялық ауысулардағы қайшылықты мұраттарын  ғылыми байыптау жазбамыздың ең негізгі міндеті болып саналады.

Жоғарыда аталғандай, «мәңгі ел» сөзінің тарихи түп негіздері ертеде. Бұған дәлел ретінде сонау Сақ-Ғұн дәуіріндегі елдік идеяны жырлаған жыр-дастандарды атап өткен орынды. Олардың қатарында «Алып Ер Тоңға», «Ширақ батыр», «Мөде батыр», «Тұмар патшайым», «Зарина сұлу», «Көк бөрі», «Шу», «Ергенекон» секілді жыр-дастандар бар.

Өзінің идеялық мазмұны мен көркемдік дәрежесі жағынан «Алып Ер Тоңға» дастанынан кейінгі аса маңызды туынды «Шу» дастаны екенін түрік ғалымы С.К.Қараәлиоғлы ерекше атап көрсетеді.

Ежелгі түркі ауыз әдебиетін зерттеуші ғалымдардың пікірі бойынша, «Шу» дастаны қадым заманда, сақтар дәуірінде-ақ өмірге келген деген деректер бар. Белгілі түрік ғалымы Н.С.Банаралы өзінің «Түрік әдебиетінің тарихы» атты зерттеуінде «Шу» дастаны бізге қытай көне жазбалары арқылы жеткенін, соның өзінде, дастанның жалпы сюжеттік желісі мен жеке үзінділері ғана сақталғанын айтады. М.Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде Шу батыр біздің заманымыздан бұрынғы VI ғасырда өмір сүрген сақ билеушілерінің бірі екені айтылады .

«Шу» дастаны – қазіргі түркі тектес халықтардың арғы тегі саналатын сақтардың шежіресін аңызға айналған тарихи деректер бойынша жыр еткен ерлік эпосы. Атақты Ескендірдің түркі еліне жасаған әскери жорығы, Ескендір мен Шу батырдың арасындағы келісім бойынша соғыс майданына екі жақтың барлық әскері емес, әр жақтан қырық нөкерден шығып соғысқаны, ақыры Шу батырдың қырық нөкері жеңіп шыққаны, бейбіт келісімге қол қойылғандығы дастанда егжей-тегжейлі баяндалады.

Шу батыр әскерін алаңдатпау үшін өзінің болжамын ешкімге айтпайды. Ескендірдің алдынан көп әскер емес, тек қырық нөкерін ғана жібереді. Ескендірдің әскері Ходжанд өзенінен өтті деген хабар келгенде ғана Шу батыр оған қарсы өзінің қырық нөкерін жұмсайды.Талай қанды шайқастарды басынан өткізіп, күллі әлемді жаулап алған Ескендір жау жағынан майданға тек қырық жігіт шыққанын көріп, мұнда бір сыр бар екенін аңғарады. Сонда жаһангер патшаның ақылгөй қарты: «Шу батыр халықты көп қырғынға салғысы келмей тұр. Мықты болсаң осы қырық батырмен шайқасып көр! Егер сен жеңсең, біз онда соғыспай-ақ бас иеміз», - деген ойды меңзеп айтып тұр дейді. Намысы қозған Ескендір патша да Шу батырдың қырық батырына қарсы өзінің ен таңдаулы деген қырық нөкерін шығарады.

Дастанда тау бөктеріндегі кең жазира жазықта қым-қиғаш қанды майдан, шайқас басталып кетеді. Шайқас алдында жекпе-жекке шыққан Ескендірдің бір сарбазын Шу батырдың бір нөкері қас қағымда қақ белінен қылышпен шауып тастайды.Сонда өлген батырдың кесіліп кеткен былғары белбеуінен бір уыс алтын жерге төгіліп қалады да, оған әлгі нөкердің қаны шашырап кетеді. Сонда Шудың нөкерлері: «Алтыны қан болды!» - деп қайта-қайта айғай салады. Содан сол соғыс болған жер «Алтынқан»деп аталып кетіпті. Ал Ескендір патша өзінің ең таңдаулы қырық нөкерінің жеңілгенін мойындап, Шу батырмен бейбіт келісім жасасыпты. Тіпті екеуі достасып, Шу батыр өз елін, халқын қырғын соғыстан аман алып қалыпты дейді.

«Көк бөрі» дастанында Ғұндардың «Ашина» деп аталатын «бес жүз шаңырақ руы» туралы, түркі тайпалары осы Ашина тайпасынан тарағаны хақында, алғашқы Түрік мемлекетін басқарған көсемнің есімі де Ашина болғаны жайында хикая айтылады. Ашина сөзі «асыл текті қасқыр, бөрі» деген мағына береді. Ал ежелгі түріктер өздерін көк бөріден шыққанбыз деп түсіндірген. Түріктер үшін қасқыр тотем болған. «Түрік байрақтарына бөрінің басы алтынмен әшекейленіп салынғаны да осыны ишаралайды» дейді.

Дастанның негізгі сюжеттік желісі болып саналатын Ашина, яғни көк бөріден тараған түріктер жайындағы ежелгі аңыз-әңгімелерді Н.Я.Бичурин көне қытай жазбаларынан және «Нибелунгтар туралы жырдан алған. Ал Л.Н.Гумилев өзінің «Көне түріктер» еңбегінде Н.Я.Бичурин еңбектеріне сілтеме жасайды.

«Көк бөрі» дастаны – ұлы Түрік қағанаты құрған көк түріктердің ежелгі ата тегінің шығу тарихын, олардың халық ретінде қалыптасқанын түрлі аңыздар негізінде жыр еткен эпос. Алайда дастан түгел сақталмай, бізге қытай көне жазбаларындағы шағын прозалық үзінділері арқылы жеткен.

Аталмыш дастандағы аңыздар көне дәуірдің тарихи шындығынан алыс емес екенін ерекше ескерте кеткен жөн. Өйткені «көк түріктердің» көне тарихын зерттеуші ғалымдардың барлығы дерлік осы «Көк бөрі» дастанында айтылатын ғұндар тайпасына енетін Ашина руы жайындағы аңыздарға назар аударып отырады. Кейде тіпті осы аңыздар мен тарихи шындықтың арасын ажыратын алу қиын. Дегенмен, «Көк бөрі»дастанын дұрыс пайымдау үшін алдымен аңызға айналған тарихи шындықтың өзін қысқаша айтып өтейік.

Сонымен,«Көк бөрі» дастанының сюжеттік желісі төмендегідей: қадым замандарда Алтай өңірінде бақытты өмір сүріп жатқан ғұн тайпасының бір руы ағайындарына өкпелеп, өте алыс өлкелерге – күнбатыс жаққа көшіп кетіпті. Бұлар барған жерлерде үлкен-үлкен қалалар салып, мемлекет құрыпты. Тұрған жерлерін бау-бақшалы гүлстанға айналдырыпты. Көрші елдермен сауда-саттық жасапты. Ғұндар сол алыс өлкелерде өсіп-өніп, халқы көп болыпты. Көк темір қару асынған әскері де сансыз көп болған екен.

Біздің заманымыздан бұрынғы 109 жыл ғұндар тарихында ерекше жыл болды. Дәл осы жылы ғұндардың көсемі Мөде ғұндардың мәртебесін арттыру үшін Орталық Азияны мекен еткен осы тайпалардың басын қосып, жорыққа шығады. Саян-Алтай таулары өңірінен табғаштарды түгелдей ығыстырып шығарды. Сөйтіп ғұндардың қуатты мемлекетін құрды. Міне, сол Мөде тұсында Алтай таулары өңіріне барып орналасқан ғұн тайпалары арасында бертін келе өзара келіспеушілік пайда болады. Ақыры ғұндардың бір тобы Батысқа қарай ығысып, көптеген жерлерді жаулап алады. Олар да қуатты ғұндар мемлекетін құрады. Кейіннен Еуропадағы ғұндар империясы ыдырап, олардың көпшілігі Қыпшақ даласына қайта оралып келгенмен бәрі бір ғұндар – түркі халықтарының арғы ата тегі саналады. Бұлар Орталық Азиядағы түрлі тайпалық одақтарды біріктіріп, кезінде дүниені дүр сілкіндірген Түрік қағанатын орнатқаны тарихтан мәлім.

Күндердің күнінде ғұндардың көсемі Атилла батыр қайтыс болып, бүкіл халық, барша сарбаздар жылап-сықтап жатқанда ойда жоқта бұлардың еліне қалың қол келіп, жау шауыпты. Елдің күллі халқын қан-жоса етіп, қырып салыпты. Тек тоғыз жасар бір ұл бала ғана тірі қалыпты. Қаладан шығып бара жатқан жау әскерінің бір нөкері қайтып келіп, әлгі тірі қалған баланың аяқ-қолын кесіп, тоғайдағы саздаққа лақтырып тастайды. Тоғайда жортып жүрген бөрінің бір қаншығы саздақта қансырап жатқан баланы тауып алып, өз ініне апарып асырайды. Ақыры сол баладан қаншық бөрі буаз болады.

Міне, сол кезде баланың қолы мен аяғын кесіп тастаған жауыз сарбаз тоғайға қайтып келіп, сол баланы тауып алып, қылышпен кескілеп өлтіріп тастайды. Ал буаз болып қалған қаншық қасқыр бұл өңірден мүлдем безіп кетеді де, алыстағы Алтай тауларына барып, сонда он бала табады. Бұлар бірте-бірте өсіп-өніп, тұтас бір тайпаға, ұлысқа, халыққа айналады. Бұларды «Ашина» әулеті, яғни «бөрі тектілер» деп атап кетіпті. Көк түріктер осы әулеттен өрбіпті. Олар бәрі шетінен мықты, қайсар, батыр болғаны үшін көрші отырған тайпалар Ашина әулетін - «түрік-түкюлер» (түркіттер) деп атап кетіпті дейді қария аңыз.

«Көк бөрі» дастанының сюжеттік желісіне енген тағы бір аңыз бар. Бұл аңыз бойынша да түркі халықтары өздерінің ата тегін қасқыр, бөрі санайтыны әңгіме болады. Көк түріктер ғұндардың Батыстан ауып келген «Со» деп аталатын тармағынан тарайтынын хикая ететін бұл аңызды Н.С.Банарлы және С.К.Қараәлиоғлы сияқты көрнекті түрік ғалымдары зерттеген. 

Кезінде «Көк бөрі» дастанында поэзия тілімен жырланған осы көне аңыздың бізге жеткен проза түріндегі қысқаша мазмұны мынандай.  Баяғыда «Со» деп аталатын бір ел болыпты. Олардың көсемі аса қайырымды, әрі асқан батыр Қапан-пу деген жан екен. Батырдыңөзіне өте жақын, әрі оған берілген он алты бауыры болыпты. Солардың біреуінің анасы бөрі екен. Бір күні елге жау шауып, жұрттың бәрін қырып салады. Ақыры ол ержетіп үйленеді. Екі әйелі болады. Әйелдерінің біреуі – қыс Тәңірісінің қызы, ал екіншісі жаз Тәңірісінің қызы екен.

Арада талай күндер, айлар, жылдар өтеді. Екі әйелдің әрқайсысы екі-екіден ұл балалар табады. Солардың ең тұңғыш баласы ерекше күшті, қайсар, мықты болып өседі. Оған күші тең келетін бұл елде жігіт жоқ екен. Сол үшін оған халық «Түрік», яғни күшті, мықты, ержүрек деп ат қойыпты. Бүкіл түркі халықтары сол «Түріктің» ұрпақтары екен.

«Көк бөрі» дастанында бұлардан басқа да түрлі аңыз-хикаялар айтылады. Әйтсе де бәрінің негізгі айтар ойы – ежелгі түркілердің ата-тегі бөрі деген түйінге келіп саяды.

Көк бөріні киелі аң, қасиетті тотем санау Орталық Азиядан алыста жатқан түркі тілдес халықтардың наным-сенімінде сақталған. Мәселен, қазіргі Молдованың оңтүстік аймақтарының, яғни Буджак далаларын мекен еткен гагауыздар бүгінгі күні де көк бөріні тотем санайды.

Қорыта айтқанда, «Көк бөрі» дастаны – біздің заманымызға дейінгі кезеңде өмір сүрген, бертін келе этностық тұрғыдан түркі тектес халықтарды қалыптастырған Батыс ғұн тайпалары тарихынан көп мәлімет беретін, түрлі аңыз-хикаяларға негізделген эпостық туынды. 

Атилланың есімінің айналасында жыр-дастандар, тарихи деректермен бірге, көптеген мифтік аңыздар да бар. Соның бірінде «Маған, яғни бүкіл түрік жұртына енді қарсы тұрар ешкім жоқ, сондықтан мен соғыспаймын» -деп, астындағы Алтынжал атты тұлпарын босатыпты. Ел аузындағы аңыз Еділ Рим империясын бағындырған соң: «Алтынжал қалықтап аспанға ұшып кетеді. Иесіне керек уақытында келіп тұрған»  -дейді зерттеуші ғалым Самат Өтенияз.

Ол туралы Византияның атақты жылнамашысы, V ғ. өмір сүрген 448 жылы Атилланың қабылдауында болған елші Прийск Панийский «Византия тарихы» еңбегінде былай деп жазады: «Ол бүкіл халықтарды сілкіндіру үшін жаратылған ер еді. Бүкіл елдерге сұмдық болып тиді, бәрін де қалтыратып жіберді, ол туралы хабардың өзі қорқынышты еді. Оның жүрген жүрісі маңызды, көзқарасы мен қимыл қозғалысы аса тектілікті көрсетеді. Соғысты жақсы көргенімен тонаушылығы аз болды, ой қабілеті өте жоғары еді, сұраушыға қайырымды, сенген адамына өте мейірімді». Бұл сипаттама Аттиланың ірі тарихи тұлға, дана билеуші, әділетті патша болғандығын білдіреді дейді.

Ендігі кезекте құдіретті Ғұн билеушісінің мемлекетті қалай басқару, ел басқаратын адамдарды қалай таңдап дайындау керектігі туралы саясатына тоқталсақ. Аттила кезінде батыс зерттеушілері жазғандай тек «варвар», «басқыншы», «жабайы», «қатыгез» болған жоқ. Аттила адамзат тарихында көптеген оңды істерімен де қалды. Шыңғысхан сияқты Аттила да ел басқаратын адамдарды шыққан тегі мен әлеуметтік жағдайына қарап емес, олардың ақылы мен данышпандығына, сөз тапқырлығы мен айласына, әсіресе адалдығына қарай отырып іріктеп, билікке әкелді. Көптеген ғалымдар Аттиланың көмекшілері болған Эдикон (скиф), Орест (гот), Оногез (алан) сияқты тұлғалардың ғұн болмағандығына қарамастан олар билеушіге адал болып, оған ешқашан қиянат жасамағанын айтады. Батыс зерттеушілері Аттиланы қанша жек көрсе де, оның керемет шешен, айлакер саясатшы, мәмілегер дипломат, ұлы қолбасшы, дарынды ел басшысы екенін мойындайды. Аттила өз еркімен қақпасын ашқан қаланы қиратуға жол бермей, тек салық алумен шектелген. Ал қарсылық көрсетіп, ғұн сарбаздарының қаны көп төгілген қалалар сөз жоқ талқандалды. Аттиланың бұл әрекетін біз кейінірек ұлы қаған Шыңғысханнан да көреміз. Аттила алдап-арбау, озбырлық, уәдені орындамау, қастандық деген нәрселерге көз жұмып қарамайтын. Сондықтан да көптеген басқа тайпаның басшылары «Римнің сыйлы азаматы болғанша, Ғұн билеушісінің қызметкері болуды» артық санаған. Көптеген Еуропа корольдері Аттила сарайына өз балаларын жіберіп, оның ел басқару өнерін үйренуді насихаттаған.

Сол Аттила дәуірінде көптеген халықтар оны «Құдай тоқпақ» деп атаған. Оның бір есімінің өзі айналаға ерекше үрей-қорқыныш туғызған. Аттила өзара қырық пышақ болып, ұдайы соғысып жататын тайпалардың басын қосты, Еуропада бейбіт өмір орнатты.Өз халқына қатігездік жасаған әміршілерді қатал жазалап отырды. Сол үшін Аттиланы халық «Құдайдың қамшысы» («бичь божий») деп атап кетті. Жергілікті халықтың талап-тілегімен санасады. Ғұндардың байырғы әдет-ғұрпы мен салт-санасын сақтауды қадағалап отырады. Аттила билік жүргізген кезде ғұндар империясының шекарасы Еділден бастап, қазіргі Франция жеріне жетті. Ла Манш бұғазында Аттиланың шекара күзетшілері тұрды. Ғұндар тағына Аттила отырған жылдары тарихшылар «Ғұн империясының алтын дәуірі» деп атайды. Алтын дәуірде ғұн империясы өз дамуының шарықтау шегіне жетіп, ең жоғары сатысына көтерілген еді. Ғұндар империясы бүкіл Еуропаны Рим үстемдігінен азат еткені мәлім.

Атилла – тарихи деректерге жүгінсек, қазақ жерінде дүниеге келмеген, өйткені ол өмірге келместен бірнеше жыл бұрын  Ғұндар Еуропаға жорықты бастап та кеткен болатын.Бірақ  Еуропаға ғұн атаулының бәрі үдере аумағаны белгілі, осындай оқиға барысында «Аттилаға дейінгі және оның қазасынан кейінгі қазақ даласының жайы қалай болып еді?» деген сауалдың туындары сөзсіз.  Ғұндардың Қазақстан территориясындағы тарихи тағдыры туралы арнайы тақырыптық зерттеу жүргізілмегенге ұқсайды. Артамоновың, Гумилевтің азын-аулақ, жолшыбай пікірлері болмаса, біздің заманымыздың I-VI ғасырларының аралығындағы Еділ мен Ұлытау, Маңғыстау мен Тобыл аралығындағы батыс дала туралы ештеңе жоқ деуге де болады.

Тек билеушілерді емес, көшпелі халықты Құдайдың жіберген зауалы есебінде қабылдайды. Тіпті ежелгі еврейлердің қасиетті кітабында Пайғамбар өзінің үмбетіне: «Мен сендерге, Израиль шаңырағына, сонау алыстағы халықты, аса күшті халықты, сен тілін білмейтін және олардың өзара не деп сөйлескенін ешқашан ұқпайтын халықты жіберемін» - деді Жаратқан Ием. Олардың барлығы да шетінен ержүрек. Олар сенің есігіңді отап, сенің наныңды жейді, сенің ұлдарың мен қыздарыңды құрбан етеді, сенің қойларың мен өгіздеріңді бауыздайды, жүзімдерің мен інжіріңді құртады; сен сеніп отырған қамалмен қоршалған қалаларыңды күл-талқан етеді», - деп жар салыпты.

Мұншама құбыжық ретінде көрініп, қасиетті кітапта қарғыс есімі жазылған кемерліктер мен скифтердің өзгенің жерін зорлықпен тартып алуға ұмтылуын ақтауға болмайды. Бірақ олардың да табиғи апаттың алдында тығырыққа тіреліп, халқының құрып кетпеуі үшін мұқым жұрт болып қотарыла көшуіне мәжбүр еткен қысылтаяң жағдайды да естен шығармаған ләзім.

«Скифтермен бәсекелесетін патшалық бүкіл Еуропада жоқ, сонымен бірге олардың ауыз бірлігі болса, онда тіпті, мұқым Азияда скифтермен бетпе-бет келіп, оларға қарсы шыға қоятындай халық табылмайды» - деп жазды.

Аталмыш еңбектер «Құтты қоныс», «Мәңгілік елдің» түп неіздерін, архетипін зерделеді. Генезисі мен типологиясын әлемдік рухани, тарихи құндылықтармен байланыста зерттеудің тың бағыттарын айқындауға серпін берді. Сол арқылы қазақ ұлтының рухани және мәдени тамырының терең бастауларын түркі дәуіріндегі мәңгілік құндылықтармен тамырластығын дәйектеді. Ол мәңгілік ел идеясының терең қайнарын мәдениеттану, әдебиеттану тұрғысынан бекіте түсуге жаңа қадамдар жасады.

Сақ-Ғұн дәуіріндегі «Ергенекон» дастаны – Ғұндар мемлекеттік бірлестігі ыдырап, Көк Түріктердің алғашқы мемлекеті – Түрік қағанаты құрылған кезеңге дейінгі аралықта 450 жыл аралығында болған оқиғаларды қамтитын, түркі халықтарының ата-тегін түрлі аңыз-әпсаналар бойынша жыр еткен ежелгі түркі ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі. Көне түркі жазба әдебиетінің сюжеттік желісіне енген кейбір тарихи оқиғалар, аңыз-әпсаналар «Ергенекон»дастанында кездеседі. 

Жырда  суреттелетіндей, бұл кезде түркі елі аса қуатты екен. Олардың жебесі жетпеген жер, әскері алмаған ел қалмапты. Бұлардың «даңқы жер жарып, беделі асқар таулардан асып тұрған заманда көрші отырған бір елдің әміршісі оларға зұлымдық ойлапты. Түркілерді алдап қолға түсірмекші болады. Осы оймен олар түркілерге қарсы соғыс жариялайды. Қан майдан шайқас енді ғана қызып келе жатқан сәтте жау әскері дереу шегініп, қаша жөнеледі. Бұл олардың айла-тәсілі еді. Түркі әскері соңына түсіп, қуып кетеді. Алайда өздеріне қолайлы жерге жеткенде жау жағы жалт бұрылып, қарсы шабуылға шығады. Қапылыста жау қоршауына түскен түркі әскері жеңіліс табады. Жау түркі әскерін қырып-жойып, тірі қалғандарын тұтқындап әкетеді.

Түркі ханы Иль ханның балалары өте көп еді. Бәрі соғыста қаза табады. Тек кенжесі Қаян ғана тірі қалады. Иль ханның Тоғуз деген жиені де соғыста аман қалып,  жауға тұтқын болған екен. Жау қолында қалған Қаян мен Тоғуз амалын тауып, өздерінің әйелдерімен бірге тұтқыннан қашып шығады. Сөйтіп өздерінің баяғы ескі жұртына келеді. 

Қаян мен Тоғуздың ендігі арманы — артынан келген жау іздеп таба алмайтын, шөбі шүйгін жайылымы бар, жанға жайлы жерұйық мекен табу еді.  Бұлар талай күндер, айлар, жылдар бойы сарылып жер кезеді. Ешбір жер ұнамайды. «Бірі — шөпсіз, бірі — сусыз, бірі — күнсіз» болып, көңілдеріне жақпайды. Түркілер ақыры айналасын аса биік көгілдір таулар қоршаған, сарқырап ағып жатқан асау өзендері бар жерге тап болады. Сол үлкен дарияның бір жағы — жеміс ағаштары жайқалып тұрған бау-бақша, екінші жағы — шүйгін шөбінен түйе көрінбейтін кең жазира жайлау екен. Бұл жұмақ тектес жерді «Ергенекон» деп атапты.

Ергенекон жері түркілерге құтты қоныс болыпты. Қаянның баласы Қаяттан тарағандар қаяттар, ал Тоғуздың баласы Түрілгеннен тараған түркештер тайпасы өмірге келіпті. Бұлардан тараған ұрпақтар өсіп-өніп, төрт жүз жыл ішінде тұтас бір халыққа айналып, табғаштардан кек қайтарады. «Түрік қағанаты» атты мемлекет құрғаны жырланады.

Жаугершілік заманда бүкіл бір тайпадан жалғыз адамның қалуы, кейін содан өсіп-өрбіп, тұтас бір ұлыс халқының өмірге келуі, қиын-қыстау сәттерде киелі аңдар мен құстардың адамға көмектесуі, жат жерге амалсыз қоныс аударып кеткен халықтың көп жылдардан кейін қасиетті ата-бабалар мекеніне қайта оралуы сияқты сарындар қазақтың батырлық жырлары мен ертегілерінде де жиі ұшырайды.

Осылайша  «Ергенекон» дастанына өзек болған идея – халыққа құтты қоныс, жерұйық, бақытты өмір іздеу сарыны араға сан ғасырлар салынып барып, Асан қайғы толғауларында  қайыра қайталанады.

 

                                                                                   (жалғасы бар...)