Қазақ анимациясы
10.08.2023 1423

Бала бүгін не көрсе, өскенде соны істейді. Оған дәлел – біздің қоғамда күнделікті болып жатқан түрлі оқиғалар. Мәселен, психолог мамандардың мәлімдеуінше, мультфильмдер тілі былдырлап, енді шығып келе жатқан бүлдіршіннің дамуын тежеп, тіпті психологиялық ауытқуды қалыптастырады екен. Сонымен қатар экранда көрсетілетін қазіргі мультфильмдердің көбі – қанық түсті мультфильмдер. Ал сезу, көру қабілеті енді дамып келе жатқан кішкентай бүлдіршін қанық түстер көрсетілетін экрандағы қозғалыстарға ілесе алмай жатады. Соның салдарынан баланың ой-өрісі тежелеуі әбден мүмкін. Күні бойы теледидарға үңілген ұрпақтың неден тәлім алып жатқанынан ата-ана хабардар ма? Балалар мен жасөспірімдер көретін отандық анимацияның жай-күйі қалай? Ендеше осы және өзге де тақырыптарға кеңірек тоқталып көреміз...


Жалпы қазақ анимациясының тарихы 1967 жылғы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінен бастау алады. Бұл туындыны шығаруға режиссер әрі суретші Әмен Қайдаров тура бір жыл уақыт жұмсады.  Кеткен уақыт пен қажырлы еңбектің еленгені болса керек, аталған анимациялық фильм 1975 жылы Нью-Йоркте өткен Халықаралық мультипликациялық фильмдер фестивалінің қола жүлдесін жеңіп алды. Шетелге ұсынылып, 48 елдің экранынан көрсетілді. Мультфильм желісі қазақ ертегісіне негізделген. Ертеде бір Айдаhар өмір сүреді, уақыт өтіп, оның қайраты қайтады. Айдаhардың халін жақсартуға қу түлкі шақырылып, ол ем ретінде нәрестенің қаның қабылдау керегін айтады. Қанды табу масаға тапсырылады. Маса ауыл арасында ұшып жүріп, айдаhардың қамалына қайтпақшы болады. Болған сұмдықты естіп білген қарлығаш масаны іздеуге жөнеліп, оның сазайын тартуға бел буады. Мультфильм осылайша «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген маңызды сұраққа жауап береді. Шығарманың негізгі идеясы адалдық пен мейірімділікке құрылған. Әмен Қайдаров алғашқы мультфильмінен кейін, өз мультфильмдерін халық ауыз әдебиетінен оның ішінде дастандар мен қиссалар, батырлар жыры, ертегі-аңыздарды экрандаудан бастайды. Олардың қатарын «Ақсақ құлан», «Жошы хан», «40 өтірік» сынды анимациялық фильмдер толықтырады. 

Қазақ анимациясының дамуындағы маңызды қадам жас таланттар анимация, кинематография, жарнама саласында білім алатын Қазақстан Ұлттық өнер академиясының құрылуы болды. Бұл аниматорлардың жаңа буынын дайындауға және қазақстандық анимация саласының дамуына ықпал етеді.

Қазақ мультфильмдері көбіне тарихтағы маңызды сәттерді жеткізеді. Мысалы, қазақ тарихындағы бейнелерді сомдайтын мульфильмдердің бірі «Алдар Көсе» – балаларға көптеген маңызды құндылықтар мен өмірлік сабақтарды үйрететін ең танымал персонаж.  Мультфильмнің басты кейіпкері Алдар Көсе – мейірімділік пен жанашырлықтың символы. Қиындыққа тап болған адамдарға көмектеседі және әрқашан әлсіздерді қорғайды. Оның басты мақсаты – сараң байды, пайдакүнем саудагерлерді әжуа ету. Шынтуайтында, аталмыш мультфильм арқылы балалар жақсы мен жаманды айыра білуге, әділдік жағында болуға үйренеді. Сонымен қатар Алдар көсе бейнесі қазақ театр және кино өнері туындыларында да көрініс тапқан. Алдардың бейнесі ең алғаш Шәкен Аймановтың «Алдар көсе» (1965 жыл) фильмі арқылы көрерменнің жүрегінен ойып тұрып орын алды.

Отандық мультфильмдердің бірі «Ер-Төстік және Айдаhар» – Қазақстандық тұңғыш 3D форматтағы толық метражды анимациялық фильм. Режиссерлері: Жакен Даненова мен Рустам Тұралиев. 2013 жылы 21 наурызда алғаш рет тұсауы кесілді. «Ер-Төстік және Айдаhар» – балаларға арналған қызықты мультфильм ғана емес, сонымен қатар ересек көрермендерді қызықтыратын тарихи туынды. Режиссер мұнда балалардың туған жеріне деген махаббатын анық көрсеткен. Мульфильмде жарқын және түрлі-түсті анимациялық көріністер, әсерлі шайқастар, сонымен қатар көрермендерге қазақ мәдениеті мен дәстүрлері туралы көбірек білуге мүмкіндік беретін терең тарихи сюжеттер бар.

Қазақ мультфильмдердің қатарын толықтырған анимациялық шығармаладың бірі – «Мұзбалақ» туындысы. Анимациялық фильм 2018 жылы түсірілген. Фильм режиссері – Тұрдыбек Майдан және Тілек Төлеуғазы. Туынды Түркияның Best Istanbul Film Festival фестивалінде үздік толықметражды анимациялық фильм атанды. Бұл анимациялық фильмнің мазмұны адам мен құстың бір біріне деген шын достығына негізделген. Мұнда адам мен бүркіттің арасындағы достық, сенімділік, адалдық және ерлік секілді қасиеттері бейнеленеді.

Осындай тақырыптағы тарихи мультфильмдер кішкентай көрермендердің олардың мұрасына деген құрметі мен қызығушылығын қалыптастыруға, өткен туралы білімдерін кеңейтуге және осы мәдени байлықты сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізуге шақырады.

Анимация – суреттің қозғалуы арқылы жасалатын өнер түрі. Анимациялық мультфильмдер ең қарапайым қара-ақ мультфильмдерден басталып, заманауи компьютерлік анимациялық фильмдермен жалғасып келеді. Бүгінгі сол өнердің қазақ топырағындағы жай-күйін білу үшін мультипликация саласының кәсіби маманымен сұхбаттастық.

*Әбдіқадір Сабыр продюсер, сценарист, антиматор-режиссер, мультипликатор ретінде 60-қа жуық жобамен айналысқан білікті маман. 

 

- Қалай ойлайсыз, балалар Қазақстандық өнімге көбірек қызығушылық таныта ма, әлде шетелдік анимациялық мультфильмдерге ма?

- Әрине, қазіргі уақытта балалар шетелдік мультфильмдерге қызығады. Оған ешқандай күмән жоқ.

 

- Балаларды тәрбиелеу барысында тарихи мультфильмдердің маңызы қандай?

- Шыны керек, ол қазіргі уақытта ешқандай рөл ойнап жатқан жоқ. Өйткені балаға ойлау қабілеті, сезім қабілеті уақыт өте келеді. 90 жылдардың басында  басым көпшілігінің саяси сауаты болған. Ал қазіргі жүйе бұның барлығын құртты. Қазіргі уақытта 50-ге таяған кісілердің өздері сол дәуірден ештеңе алмай өсті. Ұрпақтары да тура соны қайталап келе жатыр. Өзім қазіргі балалар телевизиясы жайлы диссертация жазып жатырмын. Сонда осындай көп фактілерге кезігіп жатырмын. Психологиялық тұрғыдан, социологиялық тұрғыдан, тарихи фактілер, генетикалық фактілер бар – осының барлығы қазіргі кезде балаларға тәрбиелік мән беруде балаларға жалпақ тілмен айтқанда әсер етпейді. Мен балалармен көп жұмыс істеймін. Аулаға шыққанда да балалармен көп сөйлесемін. Сонда сол кезде олардың деңгейін зерттеймін. Олардан «балалар мультфильмі көресің бе?» деп сұрағанымда, «жоқ, қызық емес қой»-дейді. Яғни балаларға ой-өрісін, қиялын дамытатын мультфильмдер керек. 

 

- Сіздің ойыңызша, Қазақстанда Диснейге ұқсас, тарихымызды зерделеуге мән беретін қызықты экшн-мультфильмдер түсіретін тұтас индустрия құрылуы мүмкін бе?

- Аяқ астынан болмаса. Дәл қазір кез келген студия біздегі ақша табумен айналысып жатыр.

- Тарихи мультфильмдер түсіруде қандай да бір қиындықтар мен шектеулер бар ма? 

- Тарихи мультфильм жасауда ешқандай қиындықтар мен шектеулер жоқ. Әрине оның барлығы қазір түсіріліп жатыр.

 

- Сіздің ойынызша Ресей федерациясының тарихи мультфильмдері мен Қазақстанның мультфильмдері салыстыруға келе ме?

Орыстың «Три богатыря» мультфильмі бар. Яғни олар – жасанды кейіпкерлер.  Олар шыққанда неге біздің Қабанбай батыр секілді мультфильмдер шықпайды? Ал біз тарихта болған батырларды қозғап отырмыз. Батырлар жайлы көптеген мультфильмдер бар. Бір таңғалатыным, мен алғаш Астанаға келген кезімде 2006-2007 жылдары бұл жерде ешқандай студия да болмайтын. 2008 жылы наурызда өзімнің анимациялық студиямды аштым. Барлық тапсырыстарды, жарнамаларды өзім түсіріп жүрдім. Айта кетерлік жайт, мен ол кезде Нұрсұлтан Назарбаевқа ғана кірген жоқпын, сенат, мәжіліс депутаттары, министр, жауапты хатшы, ақын-жазушының бәріне кірдім. Сондағы барлығының айтатыны: «батырлар жайлы мультфильм түсіру қажет».

 

- Иә, уақытыңызды бөліп, сұрақтарыма жауап бергеніңізге рақмет!

 

P. S. Балалар экрандағы жақсы, жаман кейіпкерлердің қылықтары мен іс-әрекеттерін қайталайды. Сондықтан бала қандай да бір мультфильм көретін болса, мазмұнына аса мән беру қажет. Мультфильмнің басты кейіпкерлері басқа кейіпкерлерді аяусыз ұрып-соғып жатады, кейіпкерлердің ашуға толы әрекеттерін жиі көрсетеді. Бүгінгінің балалары «Том мен Джерри», «Наруто» «Өрмекші адам», «Халк» секілді мультфильмдерді жатқа біледі. Шетелдік мультфильмдердің сюжеті жарқын, қызықты болғанымен, бала тәрбиесіне кері әсер етпей ме? Мультфильмдер – тек көңіл көтеру ғана емес, сонымен қатар балаларға қоршаған әлемді білуге, түсінуге көмектесетін білім беру құралы. Сөзімізді қорытындылай келе, балалардың тарихи тақырыптағы мультфильмдерді көбірек көруі керегінің бірнеше себебін айтқымыз келеді.

Біріншісі – мәдени мұраны сақтау. Қазақстанның бай тарихы мен мәдениеті бар, оны мультфильмдер арқылы сақтауға және жеткізуге болады. Мультфильмдер балаларға қазақтың батырлары, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, сондай-ақ елімізді қалыптастырған маңызды тарихи оқиғалар туралы айта алады. Бұл балалардың өз халқының мәдениетімен және мұрасымен байланысын нығайтуға көмектеседі.

Екіншісі – білім беру құралы. Тарихи тақырыптағы мультфильмдер балаларға тарихи оқиғалар мен кейіпкерлер туралы білуге ​​көмектесетін тамаша білім беру құралы болуы мүмкін. Олар балаларға маңызды фактілер мен күндерді есте сақтауға, сондай-ақ тарихи процестер мен салдарды түсінуге көмектеседі.

Үшіншісі – отан сүйгіштік пен азаматтық ұстанымды дамыту. Тарихи тақырыптағы мультфильмдер балалардың тарихи мұраның маңыздылығы және белсенді азаматтық ұстанымды қабылдау маңыздылығы туралы түсініктерін дамытуға көмектеседі. Олар балаларды үлкен жетістіктерге жетуге шабыттандырып, белсенді азамат болуға шақыра алады. Тарихи мультфильмдер балаларға ата-бабаларының ерлік істерін білуге, оларды өз жетістіктеріне шабыттандыруға көмектеседі.

Төртіншісі – сыни тұрғыдан ойлауды дамыту. Тарихи тақырыптағы мультфильмдер балалардың сыни ойлауы мен талдау дағдыларын дамытуға көмектеседі. Олар балаларды тарихи фактілерді талдауға, әртүрлі көзқарастарды салыстыруға және өз бетінше қорытынды жасауға үйрете алады.

Бесіншісі – тілді нығайту. Қазақ тарихы мультфильмдері балалардың қазақ тілін меңгеруіне көмектеседі. Олар балаларға күрделі тарихи терминдер мен сөз тіркестерін түсінуге, қолдануға, сондай-ақ сөйлеу және жазу дағдысын дамытуға көмектеседі. 

 

Нұрсұлу  Өмірхан

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенті