Арғы беттен ауған ел
27.07.2023 2803

Шамамен 2000 жылдың көктемі. Бас штабы Астана қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті астаналық журналистер үшін ашық есік күнін жариялады. Бардық. Әуелі бас ғимараттың екінші қабатында орналасқан шағын мұражаймен таныстырды. Мұнда арнайы операция кезінде қолданылған қару-жарақтар, оқиғаның куәсі іспеттес бүлінген бұйымдармен қатар фотосурет қоры да бар екен. 


Сөренің жиегін жағалай орналастырылған фотоларды сүзіп келе жатып, мына суреттерге көзіміз түсті. Тал-терекпен көмкерілген жадағай алаңқай, жыпырлаған адам, қазылған жерошақ, асылған қазан, теңнен ағытылған бумалар... 

Музей экспозициясымен таныстырушыдан бұл фотолар туралы сұраған едік, ол: «Бұл фото 1962 жылы көктемде бұрынғы Семей облысы Үржар ауданы Бақты бекетінен өтіп, Қазақстан жеріне табан тіреген қазақтардың шекара маңындағы тірлігі» дегені. «Бұдан басқа суреттер бар ма?». Тағы бірнеше фотоны көрсетті. 

Музей меңгерушісі зейнеткерлікке шыққан байырғы чекист екен. Фотоның тарихи маңызына байланысты үздігіп тұрған маған бір қарады да, «көңілің қалап тұрса алып кет, бірақ жоғалтпа, көшіріп ал да тұпнұсқасын әкеліп бер!» деді. Ләпбай. Тағы тыныш тұрмай «бұл фотоны кім түсірген?» деп сұрақ қойып үлгердік. Сөйтсек, бұл суретті Талдықорған облыстық мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде қызмет атқарған орыс азаматы түсіріпті. Ол кісі дүниеден өткен. Баласы қазір осы салада қызмет істейді. Әкесінен қалған мұраны музейге өткізген сол жігіт. Сөйтіп бұл сурет біздің қолға осылай тиген-тін.

****

Бұл фотолар жайлы сөз қозғамас бұрын өткен тарихқа қысқаша тоқталған дұрыс. Яки, ХХ ғасырдың алғашқы жартысы қазақ үшін жай­лы болмады. Ресей патшасының қазақ азаматтарын майданға алу туралы 1916 жылғы жарлығы, 1917 жылғы қазан төңкерісі, ақ пен қызыл қырғыны, 1931-32 жылғы аштық және 1937 жылы басталған жаппай қуғын-сүргін, екінші Дүниежүзілік соғыс…т.б. қазақ халқына зор нәубет әкелді. Осы аласапыранда өлгені өліп, өлмегені әупірімдеп жанын бақса, қолында күш-көлігі бар, шекара маңын мекен­деген халық Қытай еліне қашып барып, жан сауғалады.

Ғалым Талас Омарбеков, 1916 жылғы патша жарлығы мен қазан төңкерісінің кесірінен 100 мыңдай қазақ Қытай еліне ауып кеткен, дейді. Ал, аштық жылдары ауып барған қазақтарды Тарбағатай елінің атақты байы Басбай Шолақұлы өзінің ақ- адал қаржысын жұмсап, арнайы асхана ашып, аш қазақтарды ажал тырнағынан аман алып қалған.

Тарих дегеніміз толғамалы. Соғыстан кейін Қазақстанда бейбіт өмір басталса, Қытайда қиыншылық пайда болды. Әсіресе, өткен ғасырдың 60-жылдары Қытай елінде «Мәдени төңкеріс» атты науқан жүріліп, оның соңы халықтық толқуға әкелді. Оқиға барысын шебер пайдаланған Кеңес Одағы 1962 жылы сәуір айының 15-30 аралығында 15 күн бойы шығыс шекараны бірнеше жерден ашып тастады. Осы аралықта Бақты маңынан 150 мың адам, Жаркент және Күзуін заставасы маңынан 30-40 мың адам, ресми құжат бойынша 200 мың қазақ ашық шекарадан атап өтіп, Қазақстанға оралды. 

Мына фотодағы көрініс – Бақты шекарасына тиіп тұрған Ақшоқының етегі екен. Бір деммен шекара асып келген халық ішкі қоныстандыру мәселесі шешілгенге дейін Ақшоқы-Бақтының маңында осылай аял жасаған. 

Дәл осы тарихи оқиғаның топ ортасында болған үлкен жазушы Қабдеш Жұмаділов естелігінде: «Көш Жаманты заставасына жеткенде күн арқан бойы көтерілді. Келсек: шекараның екі жағы бірдей иін тірескен халық. Ала бағандарды қосқан сымды бір шақырымдай жерге дейін жиып тастапты. Салтаттылар мен өгіз, түйелі көштер кез келген жерден өтіп жатыр. Тек арба өтетін өткел біреу ғана, сол маңда кезек күткен қарбаластық байқалады. ...Біреулер алдыңғы көштерін әкеліп тастап, арт­та қалған жүктеріне кетіп жатыр. Бақты тауының желкесіндегі сай-сала, сонау Ақшоқы бөктеріне дейін лықылдап толып кетіпті. Қолында барлар үйлерін тігіп алған. Бұлардан басқа арбаның көлеңкесінде, ашық аспан астында жүктерін үйіп қойып жатқан халықта қисап жоқ», дейді.

 

Аталмыш көш арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де толық дәлелді ғылыми бағасын әлі алған жоқ. Екіншіден, бүгінге дейін тарихи оқулықтарда айтылмай келеді. Сөйте тұра осы көшпен қарайлас елімізге қоныстанған неміс, корей ұлттары мен кав­каз халықтары туралы мәліметтерді жақсы білеміз.

Тәуелсіздік таңы атып, санамыз оянған тұста, осынау ірі көштің тарихи маңызын неге айтпасқа? Шындығында аталмыш көштің иесі қандастарымыз мұнда келіп, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын өркендету тәрізді бейбіт күнгі ел экономикасының өрлеуіне қосқан үлесі өз алдына, ұлттық этномәдени құбылыстардың, әсіресе, демографиялық өсім, тіл, дәстүр, қолданбалы өнер, ұлттық музыка мәдениетінің өркендеуіне орасан зор үлес қосты. Егер де осы қазақтардың ұлттық қуаты келіп қосылмағанда Қазақстан мемлекеті ұлттық тұрғыдан құрып та кетуі мүмкін еді. Демографтардың мәліметіне сүйенсек: 60-шы жылдары шекара асқан елдің ұрпағы 3 млн-ға өскен. Және қандай ұрпақ, аузы уызға жарыған ұрпақ.

Жазушы Қабдеш Жұмаділов: «Сол күндері бір байқағаным, қай ауылға барсаң да, жергілікті жастар тым аз болатын. Тек жастар ғана емес, орта буын еркектер мен қарттар да сирек еді. Соғыс аяқталғалы он жеті жыл өтсе де, оның зардабы әлі жойыла қоймапты. Орта буынның аз болатыны көпшілігі майданнан қайтпаған. Жастардың кеміс болатыны – соғыс жылдарында бала аз туған. Оларға қарағанда, көшіп келгендердің жал-құйрығы бүтін, азамат қатары толық еді. Әр үйден бес-алты бала өріп шығатын еді» деп жазады.

Жазушы ағамыз айтқандай: бір-бір үйден өріп шыққан бес-алты бала өскен соң ұлтымыздың руханиятына өлшеусіз үлес қосты. Таза қоспасыз қазақы тәрбиемен сусындаған бұлар, қазірдің өзінде қазақ мәдениетінің діңін ұстап отыр. Атын атап түсін түстеудің қажеті болмас. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметте қазақша іс жүргізіп отырған, ұлттық театрларда өнерпаз бо­лып жүрген жандардың дені осы көшкен елдің тұқымынан. 

Ақихатында бұл көшке  Кеңес Одағының басшылар өздері мүдделі-тін. Өйткені, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қирап қалған ел экономикасын түзеу үшін дені сау, қол-аяғы бүтін жұмыс күші қажет болды. Осы мақсатты көздеген Кеңес одағының басшылары тек Қытай елінен ғана емес, қазан төңкерісі  кезінде большевиктерден жасқанып күллі әлемге шашырап кеткен орыстарды отанына шақырды. Тіпті, Латын Америка құрлығындағы Боливия, Венесуэла, Колумбия, Уругвай, Перу т.б. мемлекеттерде шашылып жүрген орыстарды, сонымен қатар Манжурия өлкесіне бауыр басқан мыңдаған қандастарын қайтарып алды. 

Расын айтар болсақ, қазақтардың арғы беттен ауып келуі жоғарыдағы үлкен саясаттың бір көрінісі ғана. Ақихатында бұл қазақтарды КСРО Бас хатшысы Никита Хрушевтің тапсырмасы негізінде қабылдап алған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев болатын. 

****

Көшіп келген қазақтардың КСРО-ның азаматтығын қабылдауы небәрі 2-3 айға ғана созылған. Бұл істі шешуге атсалысқан аза­мат –1959 жылы «Теміртау оқиғасына» бай­ланысты министр қызметінен босап, Алматы облыстық ішкі істер басқармасына бастық болып келген Шырақбек Қабылбеков: 1930 жылы 2 тамызда КСРО Жоғары Кеңесі қабылдаған «О гражданстве в СССР» деген 7 баптан тұратын заңның 2-ші және 3-ші бапта­рын басшылыққа алған да, босқын қазақтарға дереу азаматтық беру туралы қорытынды (за­ключение) шығарып, дереу іске асырған.

Тағы да Қабдеш Жұмаділовтің жазғанына жүгінсек: ««Сол күні кешке таман шекара бойындағы қалың ел зарыға күткен жақсылық хабар да келіп жетті-ау! Кремльде отырғандар ұзақ толғаныстан кейін: «Шыңжаңнан өткен босқындар қабылдансын! Олар Қазақстанның Алматы, Талдықорған, Се­мей, Шығыс Қазақстан сияқты шекаралық облыстарға қоныстансын!» деп қаулы алып­ты. Босқын елді шека­радан қарсы алып орналастырып жүргендер негізінен әскери адамдар, елді тізімге алып жатыр екен. Шекара күзетіндегі барлық қазақ офицерлерін түгелдей осында әкелген сияқты», - депті.

Бір қызығы Кеңес кезінде бұл тақырыпқа тыйым салынған. Айтылып, жазылу былай тұрсын еске алуға болмайды делінген. Екі ел арасындағы саяси қырғиқабақ саясатқа бай­ланысты ауып келген халыққа қысымшылық та болмай қалған жоқ. Осы оқиға жайлы Қабдеш аға: «Сен сондайсың» деп көзге шұқымағанымен, адамдардың қарым-қатынасынан, ресми орындардың астам­шыл қылығынан бәрібір білініп тұрды. Осы кемсітушілікті Шыңжаңнан келген қазақ зиялылары түгелдей бастан кешірді. Өйткені олар орысша білмеді. Шыңжаңда облыс, аудан, аймақ басқарған азаматтар мұнда келген соң, амал жоқ, мал бақты, ұсақ-түйек кәсіпті қанағат тұтты. Кімнің қандай еңбегі, білім-қабілеті бар деп сұраған ешкім болмады», деп жазыпты («Таңғажайып дүние» ғұмырнамалық роман, Алматы, «Та­мыр», 1999 ж.424-бет).

Уақыт өте келе «кемсіту» жарасы да жа­зылды. Туған ұрпақ теңелді. Қазір немерені қойып, шөбереге өтіп кетті. «Атамыз ер­теде Қытайдан келіпті» деген аңыз қалды. Уақыт дөңгелегі енді бір айналғанда бұл да жоғалады. Осы адамдар халқымыздың қуаты әлсіреп, жығылғалы тұрғанда Жаратушы Иеміміз жіберген ғажайып күш еді. Бүгінгі келіп жатқан оралман бауырларымызға да осы тұрғыдан қараған абзал.