Ілкі қазақ әндеріндегі географиялық жер-су атаулары
20.07.2023 1901

Бұл әр әннің мазмұнына герменевтикалық әрі текстологиялық талдау жасайтын  ғылыми мақала емес. Бар мақсатымыз  байырғы халық әуендерінде  кездесетін жер-су атаулары жайындағы  деректерді  түрлі интернет көздерінен  пайдалана отырып,  оқырман қауыммен  бөліссек дедік.


Ең әуелгі сөзімізді елдің әнұранындай болған,  әйгілі қалмақ-қазақ қасіретінен туған 1723-1725  жылдар аралығындағы  «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламасы» кезеңіне тиесілі  «Елім-ай» әнінен бастасақ деймін.

 

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Ел жұртынан айырылған қиын екен,

Қара көзге мөлтілдеп жас келеді.

 

Осы жердегі аты аталған Қаратау қазіргі Жамбыл облысының территориясына қарасты. Таудың солтүстік-батыс бөлігі бүгінде Түркістан аумағына да  тиесілі. Тау оңтүстік-шығысқа қарай  420 шақырымға дейін созылып жатыр. Бұл жердегі  бір  шумақ өлеңге дерегі мен дәйегі  кірмесе де «Алқакөл» жайында  да аз ғана сөз шығындай кеткеніміз орынды секілді. Исі  қазақ халқын зар еңіретіп, ­«Елім-ай» деп жоқтау айтқызған әйгілі  «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атауындағы «Алқакөл» көлі қазіргі  Түркістан облысы, Келес ауданының аумағына тиесілі.  Ең өкініштісі, ертеде Шардара су электр станциясының  құрылысы бастал­ғанда  осы көлдің суы барынша  түгесіліп, соның кесірінен  табаны  толықтай кеуіп қалған екен. Сонымен «Алқакөл» көлі көзімізден біржола  бұлбұл ұшты десек те болады.  Тарихи  зердесі  мол, әлдеқайда мәдениетті ел болғанымызда, әрине, бұлай болмас еді.

 

Ендігі сөз  Алтай қазақтары арқылы тараған «Ақжайқын көл» әніне қатысты.

 

Дәйім менің мінгенім шұбалаң кер

Қос білезік қолымда бұрама зер.

Ауылың алыс кеткенде қимас қалқа,

Көзге күйік болды ғой ойнаған жер...

 

Қайырмасы:

Ей, Ақжайқын көл

Жайлайды біздің ел...

 

Ел жадысынан ептеп ұмытыла бастаған осы бір тамаша әнді қайыра тірілтіп, халықпен қауыштырған –  Шығыс Түркістан (қытай) қазақтары. Әсіресе үш ішекті домбыра табиғатында бұл ән ерекше сипат алып түрленіп кетеді. Ақжайқын  көлі қазір де бар. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы, оның ішінде Созақ ауданы  Созақ ауылынан 100 шақырым жерде орналасқан. Жағасы тегіс, суы ащы, аумағы шағын ғана көл.

 

Ендігі сөзді  Естайдың  әйгілі «Қорлан» ән  мәтінінде  ұшырасатын жер-су атауларына  қарай бағыттасақ.  Әнді «Қорлан» деген атпен ел ішіндегі ең көп тараған алты нұсқасын да жазып алып, алғаш  нотаға түсірген –музыкатанушы әрі этнограф ғалым Александр Затаевич. Қорлан дегеннен шығады ғой, тағы бір ғажайып өнертанушы Борис Ерзакович  1938 жылы осы «Қорлан» әнімен қоса Естайдың аузынан онға жуық өз шығармасын жазып алды деген де  деректер бар.  Әрине, «Қорланды» жеріне жеткізе  шырқап, алғаш орындаған айтулы әншінің бірі Манарбек Ержанов.

 

Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын, 

Табиғат берген екен күн мен айын. 

Мұратқа іздеген жан бәрі жеткен, 

Дариға, арманым көп, не қылайын.

 

Ахау, арман

Құсни, Қорлан!

Екі-ай бағлан

Екеуі туған екен бір анадан.

 

Әндегі сөз болып отырған  Маралды атауы – бүгінде  Павлодар облысына тиесілі аумақ. Маралды  деген жер атауымен қоса жекелей көл аты да бар көрінеді.  Маралдыға қатысты ел ішінде ән мен аңыз  көп. Соның исі қазаққа мәлім  ең шоқтығы биігі төмендегі ән.

Қыз Қорлан қор қызындай тамсандырған,

Естайға әлемде жоқ ән салдырған.

Маралды, Маралды – төр, Маралды – көл

Самалдай ән еседі қарсы алдыңнан.

 

О, Маралдым, Маралдым!

Сенің үшін жаралдым.

Топырағыңнан нәр алдым

Көзіндейсің сен маған, 

Атам менен анамның...

 

Қазақтың көрінекті ақыны Мұзафар Әлімбаевтың сөзіне жазылған композитор Әсет Бейсеуовтың осы бір ғажайып туындысы әйгілі Маралды өңіріне  қойылған мәңгілік ескерткіш сынды.  Енді  «Қорлан» әнінің екінші шумағынан кейін қайырма есебінде айтылатын мына бір шумақтардағы жер атауларына қайыра  оралайық.

 

 

...Өзіңдей боп жан тумас, 

Туса туар артылмас. 

Бар ғаламды шарықтап 

– Уа, дариға, ләулік тас. 

Бағдад, Мысыр, Шың, Машын, 

Іздесем Қорлан табылмас... 

 

Бұл жердегі  Бағдат,  (Ирак елі болса), Мысыр (Египет), Шын (Қытай елі болса),  Машын (Үндістан мемлекеті). Қорландай жан  осы аталған елдердің ешбірінде жоқ деп зарлайды қайран Естай.

 

Қазақ әндерінің ішінде ана-мына әншіні жалынан сипатпас  күрделі әндердің бірі – әйгілі Аққұм әні.

 

Аққұмның бір қызы бар Іңкәр атты
Сөзі бар алуа, шекер, балдан тәтті.
Адамның өзім көрген абзалы екен,
Айтайын өлең қылып перизатты…

 

Ең қызығы, бұл жердегі Аққұм атауы Қазақстанның сегіз облысынан кездеседі екен. Мәселенің бәрі жоғарыдағы бір шумақ «Аққұм» әнінің сөзіне қатысты болып отыр ғой. Әнді алғаш нотаға түсірген Александр Затаевич өзінің  «Қазақтың 1000 әні» жинағындағы аталған әндерді «Адаевский уезд, Акмолинская губерния, Ақтюбинская губерния, Букеевская губерния, Кустанайская губерния, Оренбургская губерния, Семипалатинская губерния, Тургайский уезд, Туркестан, Уральская губерния»  деп  қазақтың он өңірінен ән жазып алғанын айтады. Өнертанушы ғалымның осы он өңірден ат сабылтып ән жинағанын ескерсек, аталған Аққұмды бірден Ахмет Байтұрсыновтың есіміне теліп, оны  қазіргі Қостанай облысы Жангелді ауданындағы құмды алқап деп бірден үкім жасау тіпті де қисынсыз болатын еді. Сондықтан  бұл  «Аққұм»  аталған сегіз өңірдің  нақты  мына жеріне жатады  деп кесіп-пішіп кесім айту кімге де  болсын абырой әпермейтін іс деген ойдамыз.

 

Барады аулым көшіп Көлме-көлге,

Көлме-көл алыс дейді көрмегенге.

Көлме-көл алыс болса көрмегенге,

Жаз шығар күн күркіреп өлмегенге... 

 

Өкінішке қарай Көлме-көл де бүгінде көзден  біржола өшкен.  Негізгі орналасқан жері  Қаратаудың шығыс бетіне тиесілі көрінеді. Осы жер атауына байланысты  көрнекті  қаламгер Мұхтар Мағауинның мына бір  жазбасынан бір шымшым үзінді  келтіре кеткеніміз  жөн секілді.

«...Тəуелсіздік қарсаңындағы алас-күлес кезең.  1989, əлде 1990 жыл. Ел аралаған, халқыңды қайта танып, жұртыңды жаңаша білмек, соны, тың серпін.  Байсал, жан-жақты сапарлар.  Өлең-əндегі аңызды, тұманды Көлме-көл шынында да бар екен. Шежірелі Қаратаудың терістік-шығыс беті. Жөн-жосығын естіп, арнайы соғып едім. Арғы, жайдақтау жағасына келіп тоқтадық. ...Бас-аяқ, ұзына бойы, түпкі табанына дейін айқын көрініп тұр. Өйткені, суы құрғаған. Қара жердің өзі төмен түсіп кеткендей ойыс аумақ. ...Əлбетте, аңыздық Көлме-көл өзінен өзі құрғамаған. Кейінгі, адам атаулыны, яғни қазақты жоспарлы түрде құрту үстіне, бар тарапта «табиғатты бағындыру» жобасымен жəне пайда мақсатында қазыналы Қаратауды жағалай қопарған, үңгіп қазған жабайы зорлық нəтижесінде сай-саладағы бұлақ, тұма атаулыны түгел тыйып, үлкенді-кішілі өзен жылғаларды тегіс сарқыған зұлмат нəтижесі. ...Төңірек тамырлары түгел кесілген Көлме-көл де суалыпты. Үңірейген орны ғана тұр», – дейді жазушы. 

Қаламгер айтқан  қазақ топырағына жасалған сан қилы  қиянаттарды жіпке тізбегеннің өзінде  1954 жылғы Н.Хрушевтың тың игеру саясатының кесірінен   қаншама жеріміздің бедері өзгеріп, көкқасқа  бұлақтарымыз бен көгілдір көлдеріміздің негізгі тұма көзі біржола бітеліп тынды. Нәтижесінде қаншама көлдеріміз түбінен сарқылып, тек отау үй орынындай ойылып тағаны ғана қалды. Әйгілі агроном Федор Моргунның «Думы о целине» (Тың туралы ойлар) кітабында  1955 жылдың өзінде-ақ қазақ жері қатты эрозияға ұшыраған. Жердің ылғал қабаты толыққанды талқандалғандықтан, күннің ыстығы 60 градусқа дейін жеткен. Соның салдарынан жер бедері тілім-тілім болып торланып, бұлттай буырқанып борпылдақ шаң көтерілген. Көк пен жердің негізгі үйлесімі бұзылғандықтан, көктем мен жаз бойы бip тамшы да жаңбыр тамбайтын болды деп жазады зерттеуші. 

Еліміздегі 25,5 миллион гектар қопарылған топырақпен бірге бүкіл жер бедері өзгеріске түскен. Өстіп «Көлме-көлде»  жоғарыда жазған Алқакөлдің аяғын құшып, ел жадынан біржола жойылып тынған екен.

 

Соңғы жылдары Димаш Құдайбергеннің дауысымен  төрткүл дүниеге тараған туындының бірі – «Самалтау» әні. 

 

Самал тау, қайран елім, шалқар көлім,

Не болар солдат болып көрген күнім,

Есіме қайта-қайта түсе бердің,

Кір жуып, кіндік кескен қайран жерім».

 

Бұл жердегі «Самал тау» жер аты ма әлде жиынтық атау ма? Дәл қазір Қазақстанда мұндай жер есімі ешбір өңірде  кездеспейді. Мәселенің бәрі ән атауына байланысты туындап отыр ғой.  Бәлкім, ән тақырыбы  басқа болғанда мұндай сауал да көлденең  қойылмайтын  еді? Базбір музыка мамандары Самалтауды  бұрынғы Қаратаудың ескі атауы десе, бірі Жаңарқа жерімен байланыстырып әлек.  Біздің жекелей пікірімізше,  мұндағы  «Самал тау» – жер атауы емес, әндегі типтендірілген жиынтық атау. Бұған Жүсіпбек Аймауытовтың «Әскер» өлеңінде ұшырасатын мына бір өлең жолдары куә.

 

«Арғы атам – ер түрік,

Біз – қазақ еліміз.

Самал тау, шалқар көл,

Сарыарқа – жеріміз.

 

Бұл өлең жолдарына қарап  «Біздің сандалып,  Самалтау деп жүргеніміз  Сарыарқа екен-ау» деп келте түсінетін  жандар да табыла кетер. Әрине, тіпті де олай емес.  Бұл жердегі сөздерге жіті назар аударсаңыз  «самал тау» мен «шалқар көл» ұғымдары  байтақ даламыздың жалпылама жиынтық мәні мен мазмұны ретінде ғана  сипатталып тұрғанын аңғарамыз. 

 

Біз осы жерден  бұл жазбамызды да аяқтасақ дейміз. «Алты өлеңмен білдірдім әннің жайын» деп Абай хакім айтпақшы, бұрнағы халық  әндеріне қатысты  тек алты әннің  мәтініндегі географиялық жер-су атауларына ғана қадери-халімізше  аял жасадық.  Ал  берідегі Сәдіқожа мен Кенен, Шығыс Түркістан бетінде ғұмыр кешкен  Сұлубай мен  Бүркітбай сынды өнерпаз жандардың ән мәтіндеріндегі  жер-су атауларына  тоқталсақ, біршама жерге ат оздырып аларымыз анық. Бұл тақырыпқа қызығып ары қарай індетіп зерделеймін деген жандар үшін де осы материал бір кәдесіне жарар деген үмітпен жазып отырғанымызды да  жасырмаймыз.

Осы орайда қазақ музыкасы мен этнографиялық ескі әңгімелерде жиі айтылатын сондай-ақ, діни мәтіндерде мол ұшырасатын байырғы жер-су мен  ел-жұрт атауларын да бұрынғы бабаларымыз қалай атағаны туралы деректерді де   қоса жариялауды жөн көріп отырмыз.

 

Америкадағы қазақ ғалымы Нұрлан Кенжеахметтің айтуынша 1757 жылға дейін қазіргі Өскемен қаласы  Кеңгір-Тұра деп аталса, бүгінгі Орал қаласының орналасқан жерін – Теке деп аталған. Ал Жайықты «Тік өзен» деп те атаған екен.

 

Тұран – орта Азияның жалпы атауы
Түркістан – Орта Азия және Қазақстанның ежелгі атауы
Дешті-Қыпшақ – ерте замандағы қазақ даласы
Қозыбасы – XV ғасыр алғашқы Қазақ ордасынының тігілген жері (Жамбыл облысы)
Көкше теңіз – Балқаш көлі
Хазар – Каспий теңізі
Аспантау (Тәңіртау) – Тянь-Шянь тауы
Жетісу – Қазіргі Алматы облысына қарайтын аумақтың ежелгі атауы
Сарыарқа – қазіргі Ұлытау, Көкшетау, Шыңғыстау аралығындағы таулар мен төбелер, жазықтар тұтасқан қазақ жері
Фараб – Отырар
Ақмола, Қараөткел – Астана
Яссы( Иасы) – Түркістан
Ақмешіт – Қызылорда
Қызылжар – Петропавл қаласы
Жейхун – Әмудария
Сейхун (Сайхын) – Сырдария
Іңкәрдария – Сырдарияның бір саласы
Сауық – Торғай өзені
Кент – қала
Тұзкент – Павлодар
Мысыр – Египет,
Шам (Шаған) – Сирия
Дамшық – Дамаск
Бейжің – Пекин
Шын – Қытай елі
Шүршіт – Қытайлықтар
Машын – Үндістан
Бұланай тауы – Гималай
Афрасияп – Самарханд
Қап (Қойқап) – Кавказ тауы
Шаш (Шашкент) – Ташкент
Үрім – Кіші Азия
Мағұріп – Батыс жақ
Мәшүріп – Шығыс жақ
Бабыл – Вавилон
Құддыс – Иерусалим
Кіңған – Палестина
Саранжил – Цейлон
Ямен – Иемен
Итжеккен – Сібір
Ібір-сібір – Сібір елі
Гүржістан – Грузия
Төмен – Тюмень
Омбы – Омск
Аштархан  (Қажы-Тархан) – Астрахань
Саратау – Саратов облысы
Ірбіт – Иркутск
Жаманқала – Орск
Күлзім дария – Қызыл теңіз
Оман дария - Үнді мұхиты
Хабашстан – Эпиофия
Терең өзен – Днепр
Еділ – Волга
Азау – Азов теңізі
Мажар – Венгрия
Мадияр – Венгірлер
Ғажам жұрты – Африка жұрты
Қызылбас – Ирандықтар
Кәріс – Корей халқы
Зәңгі – (Зұлыстар) Негр
Сарт – Тәжік
Естек – Башқұрттар
Жөйт, Жебірей – Еврей, израйлдықтар
Қарашекпен – орыс мұжықтар