Алғашқы сайлау және ұлттық саяси элита
13.01.2016 3295
Думаға қазақ депутаттарының сайлануы ұлттық мүддеге сай саяси сана-сезімнің өсе түскенін айғақтайды

Қазақстан парламентаризмі тарихының хронологиясында Алаш қайраткерлерінің патшалық Ресей империясы құрамында мемлекеттік Думаға депутат болып сайланып, халық мүддесіне қызмет еткен еңбектері ескерусіз қалмайды. 

Ресейдегі мемлекеттік басқарудың конституциялық-монархиялық құрылымындағы заң шығарушы жоғары билік органы Мемлекеттік Дума деп аталған. Патша II Николайдың 1905 жылдың тамызында Мемлекеттік Дума құру туралы манифеске қол қойылуымен заң шығарушы өкілетті орган тарих сахнасына шықты. Осы манифест бойынша бұл кезде қазақ халқының сайлауға және сайлануға құқығы жоқ болғаны белгілі. Бұл жайт қазақ халқының наразылық туғызып, ұлттың оқыған зиялылары халық өкілдерін депутаттыққа сайлау керектігі жөнінде батыл әрі заңды түрде талаптар қойды. Сөйтіп 1905 жылы Ресей Мемлекеттік Думасының құрылуы еліміздегі бұқараның саяси сана-сезімінің өсуіне және саясат қайраткерлерінің белсене шығып сайлауларға қатысуына ықпал етті. 

I Мемлекеттік Дума 1906 жылдың 27 сәуірінен 9 шілдесіне дейінгі аралықта, барлығы 72 күн жұмыс істеді. Тарихи деректерге сүйенсек, сайлау туралы заң бойынша Думаға 524 депутат қатысуы тиіс болған, алайда сайлау науқандарының шеткі аймақтарды кеш өткізілуіне байланысты оған 499 депутат қатысты. 

Осы тарихи-саяси мәні жоғары оқиғаның нәтижесінде 1906 жылғы I Мемлекеттік Думаға қазақ жерінің әр облысынан лайықты тұлғалар сайлана алды. Атап айтқанда, Торғай облысынан – Ахмет Бірімжанов, Орал облысынан – Алпысбай Қалменұлы, Ақмола облысынан – Шаймерден Қосшығұлов, Семей облысынан Әлихан Бөкейхановтар ұсынылды. Алайда жоғарғы дума жұмыстарына осылардың ішінен орыс тілін білмеді деген себеппен Ш. Қосшығұлов ресми қабылданбады, ал А. Бірімжанов, Ә. Бөкейхан мен А. Қалменов толық қатыса алды. 

Думадағы қазақ депутаттары мұсылман фракциясы құрамында қызмет етіп, ұсыныстар жасап, ел игілігі үшін, әсіресе жер мәселесінде қажырлылық көрсетті. Думаның басым бөлігін құраған және сол кезеңде айрықша саяси күшке айналған кадеттердің ой-пікірі патша үкіметінен көбіне көп қолдау таппаса да, олар өз мүдделері үшін күресе білді. Патша билігін тоқтатуды талап еткен кадеттердің жоспарынан соң, патша жарлығымен дума 1906 жылдың 9 шілдесінде таратылған. 

Патша алғашқы Думаны өктемдікпен таратқан соң оған сайланған депутаттар қарсылық білдіріп, Выборг қаласына жиналған. 182 депутат қатысқан бұл оппозициялық жиын тарихта «Выборг үндеуі» деген атаумен қалды. Жиналғандар патшаның әділетсіз шешімін айыптап, оның жүгенсіз істерін әшкерелеуге тырысты. Осы жиынға қатысып, үндеуге қол қойған Әлихан Бөкейхан қуғынға түсіп, кейінгі сайлауларға қатыстырылмады. 

Алаштың ұлы қайраткері Әлихан Бөкейханның «Думан һәм қазақ» атты мақаласында қазақ өкілеттілігі жоғары органға қалай қатыса алады және сайлау қалай өтуі тиіс жөнінде пікірлерін білдірген. «Қазаққа депутат бермейміз дегенде Сухотин бетіне орыс ұлтының пайдасын ұстаушы еді. Елді бірінші һәм екінші думаны көрген соң байлар мұжықтан да құтылмас болды» деп батыл жазған.

1907 жылы 20 ақпаннан 3 маусымға дейін жұмыс жасаған ІІ Мемлекеттік Дума 103 күн ішінде 2 рет сессия ашып, 53 мәжіліс өткізген. Қазақ халқынан Думаға сайлау 1905 жылы 11 желтоқсандағы сайлау заңы бойынша жүргізілді. Қазақ халқынан депутаттыққа Оралдан Б. Қаратаев, Ақмоладан Ш. Қосшығұлов, Торғайдан А. Бірімжанов, Семейден Т. Нұрекенов, Жетісудан М. Тынышбаев, Сырдариядан Т. Алдабергенов, Астраханнан Б. Құлманов сайланды. Қазақ жерінен тысқары өлкелерден де ұлты қазақ болып келетін өкілдер дума жұмысына қатыса алды. Мұсылман фракциясына 36 депутат енді. 

Тарихи деректерден белгілі болғандай, Екінші Дума депутаттарының құрамы жағынан болсын, күн тәртібіне қойылған мәселелерді талқылау жағынан болсын бірінші Думаға қарағанда солшыл бағытта болған. Негізгі пікір тартысын тудырған мәселелердің бастысы аграрлық және қоныс аудару мәселесі болды. Әсіресе, депутаттар Б. Қаратаев, А. Бірімжанов, Ш. Қосшығұлов, Т. Нұрекенов өте белсенді түрде, заң шеңберінде патша өкіметінің қоныс аудару саясатына қайткенде бір ықпал етуге тырысты. 

Мәселен, 1907 жылы 17 мамырда депутаттық сауалға байланысты жарыссөзде депутат Б. Қаратаев сөйледі. Ол өзінің сөзін қазақ халқы үшін ең маңызды іске айналған жер мәселесіне арнады: «Үкімет, біріншіден, Ресей ішіндегі помещиктер мүддесін, яғни, 130000 помещиктің мүддесін қорғау үшін» жерсіз орыс шаруаларына қазақ жерлерін тартып әперіп отыр. Екіншіден, үкіметтің бұл саясаты ашықтан-ашық ұлы державалық, шовинистік негізде жүргізілуде. Соның нәтижесінде жерге орналастыру мекемелері қазақтарды «орныққан орындарынан, поселке, деревня құрап отырған үйлерінен жаппай қуып шығумен айналысып отыр». 

Қаратаев тарапынан айтылған бұл сөз патша үкіметінің қазақ даласындағы отарлау саясатын әшкерелеген уаытты сөз болды. Осылайша Б. Қаратаев орыс халқының еңбекші бұқарасы мен зиялы қауымын қазақ елінің осындай ауыр жағдайына көңіл аударуға шақырды. Нақтырақ айтқанда, Думаның 39-пленарлық отырысында қазақ өлкесіндегі жер саясатына байланысты Егіншілік пен жерге орналастыру ісінің бас басқармасының бастығы князь Васильченко мен Министр советінің төрағасы Столыпиннің қазақ жеріне қатысты жүргізіп отырған қанаушылық, озбырлық істерін дәлелді фактілер келтіре отырып сынап, «қоныстандыру» саясаты қазақ шаруашылығын күйзеліске ұшыратуы мүмкін деген алаңдаушылықтарын білдірді. Дума жұмыстарына белсендірек қатысқан қазақ депутаттары: Б. Қаратайұлы хат-хабарларды реттеу, ар-ождан бостандығы, ал М. Тынышбайұлы аграрлық комиссияға мүше болуы қазақ халқының саяси сана-сезімнің өсе түскенін айғақтайды. 

Патша үкіметі 1907 жылдың 3 маусымында шығарған заңымен екінші Мемлекеттік Думаны да таратты. Осылайша ұлт зиялылары қатысқан Ресейдің бірінші және екінші Мемлекеттік Думалары қазақ қоғамының отарлық жағдайына өзгеріс енгізе алатындай ешқандай заңдар қабылдаған жоқ. Бірақ ауыртпалық түскен сол кезеңде ұлт атынан сөйлеу үшін биік мінберге шыққан 12 тарихи тұлға Әлихан Бөкейхан, Мұхаметжан Тынышпаев, Ахмет Бірімжанов, Сәлімгерей Жантөрин, Алпысбай Қалменұлы, Дәуіт Ноян Тұндыт, Тілеулі Аллабергенұлы, Темірғали Нұрекенұлы Шәймәрден Қосшығұлұлы, Бақытжан Қаратайұлы, Бақтыгерей Құлманұлы, Молда Тайынұлы болып тарихта қалды.

Заңғар Кәрімхан