«Игорь полкі туралы жыр»: жаңа көзқарастар
26.10.2015 2057
Автор белгілі көркем туынды «Игорь полкі туралы жырды» қазақ тіліне аударумен қоса жүргізілген зерттеу барысында өмірде болған тарихи оқиға, жаңа көзқарас, тың ойлар ұсынады

Гзакъ және Алаш идеясы 

Сөзді біз не де болса жылдар бойы бағаланбай, бағы ашылмай, соры қайнаған бір сыр-сұхбаттан бастайық. 

Сайын дала. Екі аламан. Аттары ауыздықтарымен алысып, ер азаматтар ой кешуде. Атүсті айтыла салмаған, көптен бері көңіл құтысында қайнап-пісіп, жан-жүрек жетесінде тербетіліп, қан майданда өмір мен өлім арасында жетілген ой. Атқан оқтай, атқан таңдай. 

Олай болса, оқырман, кінәз Игорь «тұтқыннан» қашып, оның ізіне түскен түркі хандары Гзакъ пен Кончактың ақылдасқан, ой-сырларына құлақ салайық: 

Молвитъ Гзакъ Кончакови: 

«Аже соколъ къ гнезду летитъ, 

соколича ростреляеве 

своими злачеными стрелами». 

Рече Кончакъ ко Гзе: 

«Аже соколъ къ гнезду летитъ, 

а ве соколца опутаеве 

красною девицею». 

И рече Гзакъ къ Кончакови: 

«Аще его опутаеве красною девицею, 

ни нама будетъ сокольца, 

ни нама красны девице, 

то почнутъ наю птици бити 

в поле Половецкомъ». 

Енді екі ханның сөзін қазақ тілінде беріп көрелік, тыңдаңыздар: 

 Бүй дейді Гзакъ Кончакқа: 

«Көксіл ұшса ұяға, 

Балапанын оққа байлайық». 

Тіл қатты Кончак оған: 

«Ұшсын қыран шәулі, 

Балғынын қызбен шырмайық. 

 Кончакпен келіспей Гзакътың дегені: 

«Басын оның қызбен байласақ, 

болмас бізде жаңа менен қыз-дағы, 

жиендер желкелер өз жеріңде, жетер, 

жетер түбіңе, түбінде өз Еліңде». 

Гзак пен Кончактің айтып отырған «көксілдері» – кінәз Игорь. «Ұясы» – Киев кінәзі Святослав. Кончак Игорьдің баласына қыз бермек ежелгі құдандалық әдетпен, уыстан шығармас үшін. 

Автор Гзакъ пен Кончактің диалогі арқылы түркілердің құда-андалық жолымен орыс кінәздерімен бірігу уақыты өткен, заманы біткен саясат екенін меңзейді. Гзак пен автор тарихи-әлеуметтік дамуы жалғыз ғана Рюриктер бірлігіне тартып бара жатқанын бағамдай білген. 

«Бұрынғы бірлік бұзылды, ортақ, одақ орда күйреді, ара ағайындықтан айырылдық, жат болдық. Енді опа таппаймыз, жеке хандық құрайық, тәуелсіз болайық. Жиендер ер жете келе желкемізді өз жерімізде қияды, түбіңе жетеді» деген ой-пікірін көркем сөзбен, жетеңе жеткізе, жаныңа батыра, намысты жанып, батыл жырлайды. 

Сыншы біткен жыр орыс бірлігін жырлады деседі, сонда мына екі ханның диалогін келтіріп отырған жыр авторы кім болғаны? 

Шағын, шымыр, шын көрініс. Өтті-кетті өмірден екі хан. Идея қалды. Алаш идеясы. 

Қотан жырау әулие Олегтің пірі болған 

Баяғы қатып қалған қағидаға сай «Ресей бірлігіне» шақыру үшін жазылған жырға екі түркі ханының жыр идеясынан тым оқшау, бітімі бөлек диалогінің жыр бойына еніп кеткеніне таң қалуға да болмас. 

Рюрик тұқымы түркі әлемімен нағашы-жиен қарым-қатынасы арқылы «Әулие Олег» кезеңінен де әріден байланыста еді. Бұл тарихи фактіні ешкім жоққа шығара алмайды. Карамзині бар, Мусин-Пушкині бар қолдарында тұрғанда Гзак пен Кончактың сұхбат-сюжетін алып тастауға мүмкіндіктері бола тұра тиіспеген. Бұрынғы көшірушілер де қол тигізбеген. Бәрінің түбі бір, анттас, одақтас баранқарлар екенін мойындау. 

Сөзіміз дәлелді болсын, жырдың мына бір Игорьдің үлкен кінәздің рұқсатынсыз жеке жорыққа атанған кінәсіне кешірім жасаған жеріне тоқталайық: 

Рекъ Боянъ и Ходына, 

Святъславля песнотворца 

стараго времени Ярославля, 

Ольгова коганя хоти: 

«Тяжко ти головы кроме плечю, 

зло ти телу кроме головы» – 

Руской земли безъ Игоря. 

Святъславля, Ярославля, Ольгова – бұл нақты кінәздердің есімдеріне қатысты болғанымен автор бір дәуірді алып отыр. Дәуірлік дәстүрді, Ескі сөзді еске алуда. Қаһан-қатын титулы бар Олегтен бастап таратып, тарқатып Игорьге дейін тіреп, тізіп тұр. Қотан да жыраудың жиынтық аты, Гомер іспеттес. Гумилев Олег Святославичті — Игорьдің атасын соңғы қаһан деп атай отырып, жырда қаһан ретінде сол ауызға алынған дегені қате. 

«Ольгова когани хоти». Бір болса бұл 879 жылы Игорь өлген соң билікке келген алғашқы Олег болар. Басқа ешкім де емес. Таза түркілік «Қаһан-қатын» титулына ие билік атқарушы. Халықаралық құқықтық дәстүр. 

Әрине, жырау Игорьді Киевтің көзімен «кінәлі, орыс мүддесінен бұрын өзінің жеке басының қамын күйттеді. Игорь телі-тентек, жаза тартуға тиіс», – деп айыптайды. 

Алайда, орыс мүддесі үшін Игорь керек, сондықтан қылмысын кешіріп, бауырына тартпақ. Мұны ұсынып отырған Баян жырау Қотан жыраудың ертеде айтылған, тасқа басылып сақталған сөзін еске салады. 

Жырдың айтып отырған Олегі – «қаһан-қатын» титулы бар кінәз Олег. Қотан жырау –сол Олег заманының адамы. «Қаһан-қатын» титулы әлімсақтан бар. Ел- Білге қатын-қаған өмір сүрген. Бар мемлекет туыстық және одақтық тұрғыдан құрылған. Қатын алу — саяси одақ құру. Саяси одақта үстем билікке жеткен қос титульға қол жеткізген, яғни толық билік иесі. 

Көшірмеші «қаһан-қатын» титулы болғандығын білмегендіктен, «қатын» сөзін «хоти» деп аудару салдарынан мемлекеттік-құқықтық термин неке-отбасылық деңгейге ауысып, төменгі сатыға түсіп кеткен соң, Қотан жырау қай дәуірдің жырауы екені жөнінде дау туған. Қотан – Баян жыраудан көп бұрын өмір сүрген адам. Атының өзі заты түркі екенін айғақтап тұр. Қаһан-абыз, бақсы, жырау-пір. 

Серлетті сөзді Баян ұзаның – 

намы Қотан-намадан, 

Жеткен сонау Святъславльден, 

Көне кезі Ярославльден, 

қаһан-қатын Олегтен, 

Дескен ескі сөзді мысалдап: 

«Ауыр басқа иінсіз, 

бассыз бой да игісіз. 

Ел болмайды, хан ием, 

телі-тентек, қисықсыз. 

Болар қиын Русь жеріне Игорсіз. 

Баян жырау Қотан бабасының семіз сөзін алға тартып, Киев кінәзіне Игорьді кешір дейді. Себебі, қай елге болсын, басшы қажет. Барлығының басын қосар басшы жоқта «игорьлер» де керек дейді. 

Жырда белгісіз автор Баянның аузына қаһан-қатын Олегтің кеңесшісі, пірі, жырауы болған Қотан абыздың сөзін салуын құқықтық дәстүрдің бірлігін көрсетумен бірге, славяндар деп жүрген кінәз бірінші Олегтің түбі түркілік екенін айғақтайды. Орыс билігіне шақырылған варягтардың бәрі тегіс нормандық емес-тін. Әйтеуір, бір туыстық желі бар. Киелі Олегтің өзін аңызда неге қу толағай болған атының басынан шыққан жылан шағып өлтіреді, мысалы? Іштен шыққан шұбар жылан. Осмомыслъ сегіз қырлы, бір сырлы. Троян – Тұран. Семь веце Трояна – Жеті ата. 

Көне грек авторларының сендіруіне қарай оңтүстік-шығыс Еуропада V-VI ғасырларда екі аса үлкен славяндық тайпалық құрылым қалыптасқан. Бірі – ант. Екіншісі – склавин. Абрскл – Қап тауының түлегі, кавказдық Прометей. Ант дегеніміз – адам. Пысық деген ант шықты. Абайда бар ғой. Жезқазған өңіріндегі «Есқұлы» жер атауы. 

Карамзин Ресей тарихын жазғанда Киев маңайын, Днепр мен Донды сағалаған тайпалардың бәрінің түбі түркі деумен қоса «Казахия» мемлекеті болғанын атайды. Карамзин «Казань» қаласының атауының мағынасын былай талдайды: бір мәні – қазан; екіншісі – алтын түб. Ан – алтын, қаз – түб. Шумерлерде Ka za num – ауыл ағасы, басшысы. Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса. Аш құлақтан тыныш құлақ. Осындағы «аш» бай деген сөз, Мысырдың бір құдайы. Түгел сөздің түбі бір. 

Мысалы, 1111 жылы Мономах ұйымдастырған жорық Дегей атты өзеннің бойында өткен делінеді. Дегей мен Дегелең, Едірей. Игорьдің нағашы жұрты, қайын жұрты — түркі. Неліктен? Әріден келе жатқан дәстүр.

Марат Ақторғайұлы

(Жалғасы бар...)