Ислам Жеменей: «Тарих-и Рашиди» еңбегінде қазақтың бүкіл бітім-болмысы анық көрініс тапқан
07.10.2015 2865
Киелі Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, шығыстанушы Ислам Жеменей порталымызға сұхбат беріп, өз ой-пікірімен бөліскен еді

Бүгін қасиетті Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы басталып кетті. Қала көрінісін тамашаласаңыздар, өте керемет, мерейтойға үлкен құлшыныспен дайындалғандарын байқаймыз. Бұл, әрине, ең біріншіден тек ғана тараздықтар үшін емес, ұлтымыздың әрбір халқы үшін маңызды мерейтой. Бүгін әрбір облыс орталықтары Таразға ерекше сый-сияпатын көрсетіп, көгалдандыру, тарихи ескерткіш орнату шараларына қатысып жатыр. 

Ал енді еліміз үшін маңызды үлкен тарихи шараның Тараз қаласында өтуі керемет ұсыныс деп білер едім. Өйткені еліміздің айғақты тарихымен танылып, өз-өзімізді тануға да зор ықпалын тигізетін басты рухани мерейтой Тараз қаласымен оның тарихымен біте қайнасып жатыр. Себебі алғашқы қазақ хандығының ордасы осы Жамбыл облысының қаланды. Яғни 1465-66 жылдары. Бұл туралы «Тарих-и Рашиди» еңбегінің авторы Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати еңбектерінде мәлім етілген. 

Осы Тараз қаласындағы Тараз Мемлекеттік университетіне Мұхаммед Хайдар Дулатидің есімі берілген. Тіпті У. Бишімбаевтың тұсында университет қасынан ұлы тарихшы бабамыздың атындағы ғылыми орталық ашылды. Сол орталықтың ашылғанына он жылдай уақыт болды. Орталық «Тарихи-и Рашиди» еңбегін толыққанды зерттеп айналымға түсіріп келеді. Өткен жылы тарихшы бабамыздың еңбегі парсы тіліне аударылып, текстологиясы жарық көрді. Биыл парсы тіліндегі мәтіні қазақ тіліне толықтай аударылып, кітап болып басылып шықты. Осы еңбектер арқылы өзімізді өзіміз танып жатырмыз. Себебі «Тарихи-и Рашиди» ең құнды тарихи дерек ретінде бағаланады. Ол жерде қазақтың тарихы, мәдениеті, ұлттық болмысы анық көрініс тапқан, алты тарауда да қазақ туралы анықтама беріп, тарихы туралы толықтай мағлұмат беріледі. 

Бүгінгі Тараз қаласындағы хандық тойына сонау Иран Ислам Республикасынан да қонақтар келіп жатыр. Олар қазақ деген елдің тарихына қызығып, «Тарих-и Рашиди еңбегінде сипатталған ұлттың руханиятына қызығушылықпен қарауда. Парсы елінен келген қонақтар қатарында үлкен ғалым, аудармашы, жазушы Парвиз Резаий да бар. Осы Ираннан келген қонақтар арқылы парсы елінде де қазақ хандығының мерейтойы жазылып, насихатталады деген сөз. Өйткені парсы тілі – әлем елдеріне қызмет етіп, танылып келе жатқан тіл. Сондықтан осындай қонақтарға өзіміздің тарихымызды таныстырып, насихаттасақ, өзімізді ғана емес, елімізді шетелге танытамыз. Ендеше қазақ мемлекеті дүние жүзіндегі саяси ықпалы зор, тарихы тереңде жатқан ел екендігін мойындататын уақыт келді. 

Әзірлеген Алтынбек Құмырзақұлы