АЛЖИР тұтқыны болған Галина Мотошко
24.07.2020 1532
«АЛЖИР» қаралы ақмола лагерінде мыңдаған әйел қамауда болды. Солардың ішінде 170–тен астам поляк әйелдері де болды.

Солардың бірі – Галина Мотошко, 1918 жылы Польшаның солтүстік-шығысындағы Белосток қаласында туған. Польшаны Қызыл Армияның әскерлері басып алғаннан кейін қызды алдап НКВД тұзағына түсірген. Оны антисоветтік көтерілістік ұйымға қатыты деп айыптап, 1940 жылғы 19 қарашада КСРО ІІХК (НКВД) жанындағы Ерекше кеңес 8 жылға соттайды. Галина Минскідегі түрмеде отырады, кейін оны басқа да сотталғандармен бірге Қазақ КСР-дегі лагерьлерге аттандырады. 1941 жылдың 23 қаңтарында Карлагқа (Қарабас) келеді. Біраз уақыттан соң тұтқындардың бір бөлігін «АЛЖИР» лагеріне аттандырады, бұл жерде ол 1941 жылғы наурыздан қыркүйекке дейін болады. Ұлы Отан соғысы басталысымен амнистия жарияланып, 1941 жылдың қыркүйегінде Галина тұтқыннан босатылады. Басынан өткен қасіреті туралы ол «My War» («Менің шайқасым») кітабын жазады, кітап 1984 жылы Манчестер (Ұлыбритания) қаласында жарыққа шығады. Кітабында ол ақмола лагерін де еске алады. Қарабастан олар 1941 жылдың қысында шығады. Лагерь қақпасының сыртында қар басқан жолсыз далада платформасына сәкі қойылған үлкен трактор тұрған. Азанмен 60 адамнан тұратын тұтқындар тобын соған тиеп, жолға шығады. Ақмолаға этап қараңғы түсердің аз ғана алдында жетеді. Аяздан адамдар аяқтарын сезуден қалады. Үсіп қалмас үшін әйелдер қан айналымы қалпына келгенге дейін, баяу жүріп бара жатқан платформада әрі-бері жүгіреді. АЛЖИР-ге келісімен тұтқындарды барактарға екі қабатты төрт орындық сабан матрастар төселген сәкіге орналастырады. Лагерьде әртүрлі мақсаттағы түрлі казармалар көп болған. Олар: асхана, ас үй, аурухана, тігін фабрикасы, наубайхана және т.б. Корпустардың көпшілігі жұмысқа арналған болатын.

Ақмола лагері жапандағы қазақ даласында 1938 жылдың қаңтарында пайда болды. Большевиктік Ресейде егер күйеуін саяси қылмысы үшін тұтқындаса, үкімнің бір бөлігі автоматты түрде әйеліне де жайылатын заң болған. Әдетте үкім 3, 5 және 8 жылды құрайтын. «Егер күйеуін атып тастаса, әйеліне не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты»,- деп есіне алады Галина. Балаларды, әдетте, мемлекеттік балалар үйіне өткізетін. «Үлкен аға» бәріне қамқорлық жасайтын. Кеңестік қылмыстық-түзету жүйесі үшін бұл өзінің ерекше жүйесімен елдің коммунистік партия басшылығын тамсандыруға арналған үлгілі-көрнекі лагерь болды. Галина Михайловна Мотошко осы лагерьге түскені үшін өзінің жолы болды деп санайды. Лагерьде екі мыңнан астам әйел жазасын өтеген. Олардың ішінде дәрігерлер (200 адам), жазушылар, аудармашылар, суретшілер көп болған. Олардың бәрін біріктірген бір ғана кінә – олардың күйеулері 1937 жылғы белгілі сталиндік тазарту кезінде тұтқындалды. Лагерьге әкелгеннен кейін келесі күні әйелдерге жылы киім, астарлы күрте, іш киім мен үлкен бәтеңке беріледі. Таңғы асқа ыстық «шай» (шын мәнінде тек қара су болатын) мен бір тілім нан береді. Таңғы астан кейін тұтқындарды жұмысқа аттандырады. Тұтқындар бірдеңе істей қоятындай, қорғансыз әйелдер ит ерткен солдаттардың қатаң бақылауымен жұмысқа баратын. Лагерь үш жағынан қалың қамысты, қатып қалған көл қоршап жатты. Әйелдер орақпен қамыс орулары тиіс болды. Әйелдер күніне 40 бау қамыс үюлері керек болды. Қарабас түрмесінде ұзақ уақыт болып, АЛЖИР-ге енді келген шаршаған, аш құрсақ әйелдердің толыққанды жұмыс істеп, күнделікті норманы орындайтын қауқарлары болмады. Жұмыс таңғы 4-тен басталып күндізгі 4-ке дейін 12 сағатқа созылатын. 

Қалың қардың астынан қазып жүріп Галина күні бойы бар болғаны 4 бау ғана қамыс жинай алады. Әйелдердің күшімен лагерь жылытуға, ас пісіруге және жұмыстан кейін су болған киімді кептіруге арналған отынның жалғыз көзі – қамыспен қамтамасыз етіледі. Жұмыс аяқталғаннан кейін әйелдерді жинап, ас үйге түскі асқа апаратын. Түскі асқа шамалы ботқа мен ерекше шай беретін. Егер күнделікті норма орындалса, нанның толық порциясы берілетін. Галина күнделікті норманың оннан бірін де орындамағандықтан, оған берілетін нанның порциясы да болар-болмас қана болатын. Ақмоланың боранының қатты соғатыны сонша, барактан казармаға дейін және әжетханаға дейін ұстанып жүру үшін ұзын жіп керіліп қойылатын. Бірінші жұмыс күні Галинаны әбден титықтатып, ол пневмонияға шалдығып, лагерьдің шағын ауруханасына түседі. Бұл жердегі өмір мүлде басқаша еді. Жеті әйел дәрігер мен төрт медбике және тазалықшы әйел жиырма шақты науқасқа күтім көрсететін. Дәрі аз болатын, оның үстіне науқастарды емдеуде көмегі де аз еді, алайда олардың жетіспеушілігін дәрігерлер мен медбикелердің қамқорлығы артығымен толтыратын. Қызметкерлер де медициналық бөлімге жиі келетін. Олар поляк қыздарынан өздері білмейтін Батыстағы өмір туралы сұрастыратын. Олардың әйелдердің шаш үлгісіне, киімдеріне және бәрінен де тартып тұратын іш киімдеріне тамсана таңырқайтын. Орыс науқастардың бірі орыс тілінен француз бен ағылшын тілдерінің аудармашысы болатын. Екіншісі цирк әртісі болатын. 

Көп ұзамай Галина сауығып, жұмысқа оралады.наурыздың аяғында күн ұзарғанымен, әлі де суық болатын. Тұтқындарды «қар тоқтату» деген жаңа жоба күтіп тұр еді. Күн әлі жылынбаған. Келесі күні таңертең тұтқындардың бәрін қар басқан теміржол бойымен алысқа далаға аттандырады. Өкінішке орай, жергілікті тұрғындардың эскимостар стиліндегідей күннен қорғайтын көзілдірікті неге киетіндерін ешкім бізге айтпады. Күні бойы біз қатар-қатар биік-биік қылып қар үйдік. Бұл шараның мақсаты – қардың еруін біраз уақытқа ұстап тұру, бұл құрғақ аудандарда егістік суаруға септігін тигізетін. Бұл кең даланы дәнді дақылдар өсіруге дайындап жатты. Күн соңында әйелдер қалың қарды омбылап кері қарай әрең ілбіп келетін, олардың көпшілігінің көзі қабынып, қар шағылысуынан көздері көрмей қиналатын. Бұл жолы көмектесетін ешкім жоқ, нан да жоқ. Галинаның тағы да температурасы көтеріліп, беті қардан күлдіреп қалады. Бағына қарай оны достарының бірі тауып, ауруханаға алып барады. 

Дәрігерлер мен медбикелер оны танымай: «Бар болғаны үш күннің ішінде мына албастылар саған не істеген? Біз сені құлан-таза айықтырып шығарып едік қой!»,-деп шошына айғайласады. Бұл жолы поляк қызының аяғына тұрып кетуі үшін бір айға жуық уақыт керек болады. Ақыры, Галина ауруханадан шыққанда мамыр айы да туған еді. Көк шөп шығып, көлде де көк қурай жайқала бастаған. Дәрігерлердің ұсынысы бойынша Галяны «ішкі жұмыстарға» ауыстырады. Осылайша тұтқын қыз қысқы киім тігетін үлкен фабрикаға жіберіледі. Фабрикада қыстық киімнің екі түрін тігетін. Бірі «фуфайка» деп аталатын аноракқа ұсайтын – күләпарасы бар жылы күрте. Фуфайка қара мақтадан тігілетін. Ол кезде нейлон әлі белгісіз болатын. Жылуұстағышы дымқыл мақтадан жасалатын. Екінші түрі әдемі үлгіде тігілген қалтасы, жағасы мен түймелері бар қаусырмалы қалың күрте. Барлық пункттер нөмірленіп, әрқайсысы белгіленіп отырған, бұл өз кезегінде жұмысшының күн соңында қанша нан алатынына әсер ететін. Тамақты мейлінше көп алуға тырысқан қыздар норманы 100% артығымен орындап, жеткілікті тамақ алады. Үнемі аш құрсақ жүретін жас қыз үшін бір стақан сүт пен тәтті тоқаштың мәні зор болатын. Сол жерде сол кезде Галина бүкіл құлдық жұмысқа лағынет айтады. Күндіз немесе түнде ауысым 12 сағатқа созылатын. Әсіресе түн қиын болатын, 12 сағаттың ішіндегі үш үзіліс (10 минуттан екі рет және біреуі 20 минут) жеткіліксіз болатын. Галина қаншалықты шаршаса да үш сағаттан артық ұйықтай алмайтындығын, болар-болмас шудың өзі оны оятып, одан әрі ұйықтай алмайтынын есіне алады. Тағы да түнгі ауысымның жақындап қалғаны үрей туғызып, нерв жүйесін толықтай бұзатын. Шілдеде тұтқындар соғыс туралы естиді. Гитлердің Ресейге шабуылы туралы хабар тарап, бұған поляк қыздары қатты қуанады. 

Поляк қыздарына бұл хабар тұтқыннан босауға үміт сыйласа, орыс әйелдері соғыстан қатты шошып, бұдан да жаман уақыттарды күтті. Қарапайым орыс адамдары ешбір жақсылық көрген емес, оларды біресе өздерінің патшалары, біресе халық комиссарлары қанаумен болды. Көп ұзамай поляк тұтқындарының шағын тобы үшін бостандыққа шығатын күн де туады. Бәріне уақытша құжаттар, жол жүру құжаттарын және аздаған «еңбекақыларын» береді. Босағаннан кейін қыздар не Алматы облысында, не Ташкентте қоныстана алды. Таңдау Алматыға түседі. 1941 жылдың 13 қыркүйегінде поляк қыздары жүк көліктеріне мініп, Ақмоланың теміржол стансасына жүріп кетеді. Түске жиі кіретін бостандық ақыры келді-ау. Мыңдаған миль алыстағы үйге деген сағынышты айтып-жеткізу қиын, алайда, бұл арманның орындалатындығына деген үміт олардың бойына сенім ұялататын.