«Қазақ» газетін үлгі еткен «Садақ»
08.07.2020 2725
«Садақ» журналы алғаш жарық көрген кезде, «Қазақ» газетін үлгі тұтып, ұлтшылдық бағытты ұстанғаны байқалады. Бұл туралы ғалым Қайыржан Бекхожин: « «Садақ» журналы Уфа қаласында шығып тұрды. Сондағы Ғалия медресесінде оқитын қазақ жастары Қазақстанда болып жатқан оқиғаларға жете қанық болып отырған жоқ. Оның үстіне ол дәуірде шығып тұрған алашордашылардың «Қазақ» газеті және басқа сондай баспасөз органдары олардың басын ұлтшылдықпен уландырды. Жалпы ұлт-азаттық қозғалысымен рухтанған Ғалия шәкірттері қазақ ұлтшылдарының буржуазиялық ұлт автономиясын құрмақ болғанын жақтап қателесті»[10, 107-б], - деп көрсетеді. Әрине кешегі Кеңес кезеңіндегі қате деген жолдың енді дұрыс болғанын, тіпті дұрыс қана емес ең озық жол болғанын өткен тарауда айтып кеттік. Олай болса, «Садақты» шығарушы жастардың да қателеспегені анық. «Садақта» саяси мәндегі мақалалар негізінен жарық көрмеген. Көбінесе әдеби шығармалар, әдеби сындар, өлеңдер жарық көрген.

Шындығында «Садақтың» 1- санынан бастап, соңғы 15-санына дейінгі аралықта екі жыл қатарынан новелла тәрізді қысқа әңгімелер, көлемді повестер, очерктер, ысқақ, этюдтар, жас ақындардың өлеңдері, сын пікірлер, қазақтың ауыз әдебиетінің нұсқалары молынан жарияланған. Бұған себеп журнал редакторы Ж.Тілепбергенов авторларға талап қоя білгіш, іскер басшы болған. Ол материялдармен мұқият танысып шыққан соң, құнсыздарын ешкімнің көңіліне қарамай, авторларына қайтарып беріп отырған. Мысалы, ол бір авторға: «көп ойланып жазсаңыз да, сөзіңізде көрініп тұрған кемшілік бар. Келісті сөздер жазсаңыз, келесі санға кіргізерміз» десе, «Ертеңгі жазушыларға да» «Еріккенге ермек деп, елдегі жоқты жаза бермеңіз» деп ескерту жасаған. [22, 45-б]

Бұл қолжазбаның қазақ елінде емес, Уфа қаласында шығып тұруы, әрине, ондағы Ғалия медресесінде оқитын қазақ жастарына елдегі болып жатқан түрлі оқиғалардан толық мағлұмат бере алмады, алайда олар халықтық бағыт ұстанған партиялар мен осы партиялардың «Қазақ», «Бірлік туы», «Сарыарқа» сияқты органдарының оң істерінен хабардар етті. [22, 46-б]

Біз «Садақтың» «Қазақ» газетін үлгі еткенін жоғарыда айттық. Және де «Ғалия» шәкірттері Омбыдағы Алаш жастарымен де тығыз байланыста болғаны айтылады. «Садақ» пен «Балапан» журналын шығарушы жастар өзара мүдделес, пікірлес болған. Бұл туралы «Садақтың» 1917 жылғы 18 декабрьдегі 4-нөмерінің соңғы бетінде басылған бір хабарда Омбыда оқитын қазақ жастары «Бірлік» атты жаңа қауым ашыпты, басқармаға орысша басылған уставы келді, қауымның мақсаты – халық арасында білім тарату, сонымен бірге халық әдебиетін жию екен делінген. Бұл қауымның жұмысына игі тілек білдіре келіп, басқарма «мұндағы шәкірттердің ағза (мүше) болып жазылуы оң, уставты оқып көруге береміз» деп мәлімдеген. [10, 108-б] Осыдан аңғарылғандай, «Бірлік» ұйымының құрамына «Ғалия» медресесінен де жастар тартылған. Бұл әрине Ахмет Байтұрсынов бастаған аға буынның жол көрсетуі бойынша болған деп білеміз. Өйткені «Қазақ» газетінде жарық көріп тұрған медресе туралы мәліметтер мен ішінара кезігіп қалатын жастардың мақаласы екі қаладағы жас буынның бірін бірі тануына, өзара араласуына себеп болған десек артық айтқандық емес. Сол кездегі таралымы ең мол баслым да «Қазақ» газеті, және оны қазақтың барша оқығандары алып оқып тұрғандықтан, сол кезеңде қалыптасқан жастардың бәріне ұйытқы болды. М.Әуезов 1923 жылы 4 ақпанда «Ақ жол» газетінде: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын», – деп көрсеткен. Және «Қазақ» газетінің өзі де кейінгі жастың оңын оң деп, бұрысын түзеп, үлгі беріп, әр кез жетелеп отырған. Оған дәлел «Қазақ» газетінде әр кезде жарияланып отырған жастар мәселесі жөніндегі мақалалар, әр түрлі хабарлар, құттықтаулар. Солардың бірі «Қазақ жастарына» деген мақалада: «Басқа жұрттардың жастарына қарасақ бәрі де өнерпаз болып, түрлі-түрлі пайдалы істер істеп, заманның түріне қарай, бірінен бірі қалмай білім асыруға тырысып жатыр. Жұртта білім болса, байлық, құрмет, барша рахат та табылмақшы. Егерде білім, өнер жоқ болса, дүниедегі кеңшіліктің бәрінен де құр қалып, көрінгенге жем болып, шөліркеп, азып-тозып бітпекші. «Баста ақыл жоқ болса, аяққа күш түседі» дегеннің мағынасы осы. Ақсақ қойдай артқа қалған халықты қатарға кіргізетін, заманның амалына түсініп жол көргізетін жаңа талап, талпынған әр жігіт, жастар болса керек еді. Бірақ қазақтың оқып шыққандары ондай амалды талап еліп, ілгері ұмтылғандары бек аз көрінеді», - деп өз дәуіріндегі жастар мен білім мәселесін қысқаша толғай келіп, студент Есенғали Қасаболатов одан әрі қазақ оқығандарының көбінің мансап қуып, шен қуып кеткенін, ғылымға, білімге талпынып, ғалым аталған қазақтың жоқтығын сынайды. Ал бұл жаңа өмірде ғылым болмаса, өнер болмаса өзге жрттан кейін қалып, мешеуліктен құрып кету қаупіне жетеміз. Ел ішіндегі ауыру-сырқауды өзімізден шыққан доктор емдесе, жаңалықтар ашылса, үлкен оқу орындары болса, өзге жұрттан қалмасақ дейді. Осылардың бәрін тізбелей келіп автор соңында осы жолдарға жастардың талпынуын, озық елдердің қатарына жетуге ынта қылуын үміт етіп, мақаласын аяқтайды. Міне біз осы мақаладан да «Қазақ» газеті жастардың да бір-біріне үн тастайтын басылымы болғанын аңғарамыз.

Осындай алдыңғы буынның қолдауы, жол көрсетуімен ұйысқан жастар жарыққа әкелген «Садақта» әуелі Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Білімдіден шыққан сөз» деген махаббат, тәлім-тәрбие жөніндегі және «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» деген сияқты жастарға арналған бірнеше нақыл сөздері басылған. [10, 104-б] Абай қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы ғана емес, жаңа әдебиеттің жол нұсқаушысы, ту ұстаушысы еді. «Садақ» журналының Абай сөзімен басталуы да журналдың мақсат еткен жолы жаңа әдебиет, озық үлгі болғанын білдіреді. Журнал тек жаңа үлгі табу керек екенін айтып қана қоймай, оны қалай, қайдан іздеу жолдарын да өзінше көрсетіп отырған. Көбінесе әлемдік озық әдебиетті үлгі тұтып, ал жаңа әдебиеттің тағанын қазақ жұртының өзінің эпосы мен ертегісінен қалау керек деген жолды ұстанған.

«Садақтың» біздің қолға түскен 1916 жылы санында жарияланған «Сәлемдесу» деген мақалада автор: «Үрім-бұтақ нәсілім, қаным, асылым қазақ балалары! Аман-есен елдеріңе барып қайттыңдар ма? Міне сендерге де екі жасар жас «Садақ» қол қусырып сәлем беріп тұр. Былтыр сендерден айырылғаннан бері менің денім сау, өзімнің ата мекенім қазақ жұртын аралап, бойымды көтеріп, бір жасап қайттым. Көрген-білгенімнің бәрін алдарыңа салуға қаламым қысқа, тілім шолақтау. Жасаған денге саулық, ажалға сабыр берсе, қыстай бәрін де алдарыңа салармын», - деп «Садақ» журналы атынан сөйлеп, бүкіл қазақ даласын аралап келгенін айта келеді де, елден көргенім деп бір оқиғаны баяндап береді. Ол оқиғада бір ақсақалды адамның келіп бірнеше көрініс көрсеткенін айтады. Ол көріністе ауыл өмірі, жас ғашықтар, кеміпр мен шал, безбен ұстаған би болады. Жаңағы ақсақал шал осыларды көрсетіп, бұлар не деп сұрайды және соңында бұларды түсіндіріп, анау қос ғашық – роман, хикая, кемпір мен шал – неше түрлі ертегілер, безбен тұтқан би – неше түрлі мақал, тақпақ болатын дейді. Ал өзім «үш мың жылдан бергі қыдыр атаң» деп, осыларды саған әкеп бермек едім, деді де ғайып болды. Енді соны сендерге жеткізу үшін жан ұшыра жеттім дейді автор. Осыған қарап автордың айтпақ ойы, қазақ әдебиетінің тамыры қазақтың өзінде, болмысында, тұрымысында, ақсақалдар сөзінде жатыр, сондықтан біз оны қазақ ортасынан іздеуіміз керек, қазақтың бұрынғы фольклоры бұған тамыр болса, бүгінгі қазақ өмірі әдебиет арқауы болуы керек дегені екенін түсінуге болады. Сол тұстағы қазақ баласының ертегі тыңдап, ауыл әңгімесіне қанып өскен, түрлі тағдырларды аңғарып, қазақ сөзінің мәнін терең меңгергендігі – шынымен де ұлы әдебиетке бастау болары сөзсіз еді. Егер арада Кеңес үкіметі орнап, кілең қасаң идеялогияға құрылған жалған әдеби болмыс басып, нағыз дарын иелері шетке қағылмағанда, Мағжан мен Жүсіпбек Аймауытовтар бастаған екпінді әдеби толқын біздің әдебиетті мүлде басқа қырынан танытар еді. Жазушы Асқар Сүлейменов: «Қазақтың ұлттық романы табиғи жолмен біздің ұлы эпосымыздан өсіп шығуы керек еді, өкінішке орай біз дамудың мүлдем басқа бір жолына түстік. Қазақ кейін, сол тумай қалған қоғам мен дүниеге жаратылмаған күйінде кеткен әдебиетті талай ғасыр жоқтайды», - деген сөзінде осы ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің алғашқы «Садақ», «Балапан» журналдары бастаған бағытын жоқтағандай. Өйткені бұл журналдар да қазақ әдебиеті турасында осы көзқараста болды. «Садақтың» әр санында дерлік «Ескі сөз» деген тақырыппен қазақ билерінің, шешендерінің сөздері, айтыс-тартыстары беріліп отырды. Бұл ғана емес, ертегі, аңыз, жыр секілді қазақ ауыз әдебиетінің үлгілері де жиі жарық көрді.

Біз «Садақ» журналында қазақтың озық әдебиеті қалыптасты деп әрине айта алмаймыз. Алайда «Садақ» журналының әдебиет турасында ұстанған бағыты нағыз тура жол еді. Ол жол бізді әлем әдебиетінен әлде қайда ертеректе өз орынымзды табуға бастар еді. «Садақтағы» жазбалар ешбір саяси ағымға бағынышты болмады. Тәуелсіз, еркін әдебиет жолын ұстанды. Журналда жарық көрген әдеби туындыларға журнал редакторы сын жазып, өз көзқарасынша әдеби шығарманың нормаларын анықтап отырды. Бұл енді ғана белең беріп келе жатқан қазақ әдеби сынының бір көрінісі болатын. Жаңалыққа ынта берген «Садақ» журналы әрі қазақ жастар басылымдарының, әрі қазақ әдеби сынының да алғашқы қарлығашының бірі болды. Бұл бағытта да «Қазақ» газетін үлгі етті.

Осы орайда «Қазақ» газеті мен «Садақ» журналы арасындағы байланысты айқындайтын тағы бір мысалды кетіре кетеміз. Бұл оқиға Т. Кәкішевтің баяндауы бойынша былайша орын алады.


1913 жылы «Қазақ» газетінің, 8 және 15 жел­тоқ­сан­дағы сандарында «Емле ха­қында» деген тақырыппен медресе «Ғалияның» 17 шәкірті қол қойған мақала жарияланды. Ол негізінен Ахмет Байтұрсы­новтың араб алфавиті негізінде қазақ тіліне лайықталып, ықшамдалып күні бүгінге дейін қолданып келе жатқан өміршең де ыңғайлы төте оқу жазуы - сұлу жәдит емлесін кеңінен қолданып, қазақ мектептерінде дәйекті оқыту жайына тоқ­талған ойлы мақала болатын. «Сендер өздеріңе әліппе жасап алайық деп жүрсіңдер. Бізде оқып жүрсендер де қазақ даласына алақтай қарайсыңдар, біздің оқу-білімімізді өздеріңе ыңғай­ламақсыңдар. «Ғалия» татар медресесі болғандықтан, татар тілінен басқаларға жол жоқ», деп татарды «айрықша жақсы көретін» екі шәкірт медресе оқуханасында жатқан «Садақ» журналының 1913 жылдың күзінде шыққан 2 нөмірін жыртып-жыртып, дәретханаға апарып тастапты. Бұған ызаланған қазақ шәкірттері біраз қызылшеке болып, қол көтерісіп қалған сәті кездесіпті. Жастардың қызбалығы медреседе біраз дүрбелең туғызыпты. Басшылықты да, ұстаздарды да ойландыра бастаған шақта «Садақтың» үшінші саны 1915 жылы 20 қарашада әзер шығады. Сол жылдың 23 желтоқсанында «Қазақ» газеті «Ғалияның» 34 шәкірті қол қойған «Қазақ тілінде оқыту жайында» атты ашық хат жариялады. Бұл ұсыныс жағдайдың ушыға түсуіне апарып соқтырды. Өйткені «қазақ балаларын оқытып жатқан мұғалімдеріміздің қазақша оқу құралдары бола тұрып, ноғай тілінде жазылған оқу құралдарын алдыруларын көреміз. Бұл қазақ балаларын оқытып, бір нәрсе білдіру үшін «барынша қазақша оқу құралдарын һәм қазақ емлесін қолдану тиіс» деген талап түрік тектес ағайындарды татар тілі мен әдебиетімен «азықтандыруға» жан салып жүргендердің «жынына» тиді. Оны аңғару онша ұзаққа созылмады. 1916 жылдың 1 қаңтарында, яғни бір жұмадан соң татардың Орынборда шығып тұрған «Вақт» газеті Кабир әфенді Бәкір жазған шолуда 1915 жылғы жайсыз, көңілсіз уақиғалардың бірі ретінде атап өткенде 16 қаңтарда 38 шәкірт «Біздің ол хатымыз бастауыш мектебімізде ана тілінде оқу оқыту бірінші қадам деп тапқанымыздан жазылған еді. Көп жылдардан бері татар мақбуғатымен халқымыздың бұл дәрежеге келуін естен шығарып, қарсылық жасау емес еді һәм әдебиет айырмашылықтары аз екі халық арасын бүлдіріп, татар әдебиеті мен матбұғатын қазақтарға жек көрсету ниетінен аулақ едік. Ол тіпті қаперімізде болмаған жай! Рас, татардың белгілі зиялыларының кейбіреуі татар халқын айрықша сүйіп, Россиядағы бүкіл мұсылмандарды жоғарғы бір түрік-татар ұлты етіп жасауды тілейді екен. Пікірлеріне рахмет! Ондай сөздерді ХХ ғасырда туғандарға айту көзсіз. Бұдан бұрынғы заманда татарлана алмаған бір халық бұл ХХ ғасырда татарлана алмас!» деп жауап берулері «Садақтың» алғашқы сандары тұсында бұзылған шырықты онан әрі ушықтыра түспесе, тыныштандыра қойған жоқ. Жалпымедреселік жиналыс шақырылатын болған соң Орынбордан Ахмет Байтұрсынов әдейі келіп, мәселенің мән-жайын түсіндірді. [8] Дсыдан кейін ғана жастар сабасына түсіп, сабыр қылады. Міне бұл оқиғадан да «Қазақ» газетін шығарушы зиялы қауым мен «Садақ» журналын ұйымдастырып жүрген жастар арасындағы рухани байланысты көреміз. Кейіннен қазақ ортасынан алыстағы, саяси сауаты кемелденбеген жастар өзге бағытқа бас бұрып, жаңа атаулының бәрін жақсылық біліп адасса да, «Қазақ» газеті «Садақ» журналына біраз жылдарға дейін үлгі болып келді. «Қазақ» газеті де жастарды ұмытпай, мүмкіндігінше соңдарынан ертуге тырысты. Мұны біз «Қазақ» газетінде 1916 жылы жарық көрген «Медресенің 10 жылдық тойы» деген мақаладан байқаймыз. Мақалада көрсетілген жылы 26 желтоқсанда Уфадағы «Ғалия» медресесінің ашылғанына он жыл толуына байланысты той болатынын айтады. «Бұл медресе 10 жасқа жеткеніне қуаныш етіп той істейтін қақы зор» дейді мақалада, және «Ондай қақы барлығын халық көзіне көрсетуге азырақ артымызға айналып, кейінгі жағымызды шолып өтелік. 10 жылдан арғы арғы кездегі Россия мұсылмандарының діни медреселері қандай еді?» деп сауал тастайды да, одан әрі осы сауалға жауап береді. Он жылдан бұрынғы медреселерде тек қана діни білім беріліп, өзге тірліктің бәрін лас көріп, өзге өнер, ғылымнан шет қалдырып, орысша киінген, орысша мұрт қойғанды һарам деп білді дейді. Осы себептен орысша оқығандар мен мұсылманша оқығандар арасында түсіністік болмады, орысша оқығандарды ел ісіне араластырмады, және орысша оқыған жастың да елім, жұртым дегені тым аз болды дейді. Аздың дауы жұрт құлағына естілмеді. Ал мұсылманша оқығандар дүние ісінен шет қалып, мешеу болды. Осы себептен елді алдыға тартатын күш болмады дейді. Жұрт түндігін тарс жауып, құлағын тұмшалап ұйқыда жатты. Арада Жапон соғысы болды. Соғыстан кейін кеңшілік күн орнады. Осы мезгілден пайдаланып Россиядағы медреселерге дүнияуи дәрістер де енгізліп, жаңаша оқу жүйесі, яғни жадитшілдік өмірге келді. Сол медресенің бірі «Ғалия» еді. «Ғалиядан» түлеп ұшқан жастардың бәрі елім, жұртым деп, ғылым мен білімге талпынды дейді. Оның ішінде қазақтан оқығандар да әр жылы 30-40 шәкірттен кем болған жоқ. Бұлардың бәрі дерлік ел ішіне барып, мұғалімдік етіп, халықтың санасын ашып, жұртты оятты. Жаңа оқу жүйесімен бала тәрбиеледі. Қазақ қоғамына үлкен күш болып келді деп «Ғалия» медресесінің рөлін барынша марапаттап, оны ашушыларға рахмет, мәңгі жасасын «Ғалия» медресесі деп ұрандатып барып тоқтайды. Мұан байқағанымыздай, қазақ ортасындағы діншіл және батысшыл есептелетін жікке, қараңғылыққа қарсы тұрған, оны жоюға барынша себеп болған осы жаңа оқу жүйесі екенін аңғарамыз. Ал таза орысша ғана оқығандардың өзін ел ісін көбі елеген жоқ дегенінен, осы жадит ұсынған жолдың Алаш зиялылары үшін де маңызының аса зор болғанын аңғарамыз. Ал жадиттік медреселерде тәрбиеленген қазақ жастарының аздығын, оның өзінің ең көп шоғыры «Ғалиядан» түлеп ұшқанын ескерсек, «Қазақ» газетінің алыста жатса да бұл жастарға қамқор болары мұнда тұрғаны шығады.

«Садақ» журналы әдебиетте батысты үлгі етіп, әдебиеттің негізгі болмысын қазақ ішінен, эпосынан, ертегісінен іздеді дедік. Біз енді «Садақ» қолжазба журналында жарық көрген материялдарға негізделе отырып, әдебиетке қойған талаптарына мән беріп көрейік.

Сол кезде жиырма жастағы жігіт Жиенғали өзінің тырнақалды бірнеше өлең, әңгімелерін, мақалаларын осы қолжазба журналға жазып, қаламын ұштады. Ол – «Жазғы көш» деген әңгімесінде жайлауға көшу әбігерін, көш-жөнекей жігіттер мен қыздардың ат жарыс, көкпар ойындарын, шырқаған әндерін тамаша суреттейді, сонымен бірге ол байдың жылқышыға ұрсып жатқанын, жастар думанына торышолақ атын тақымдай шаба жөнелген кедей баласын да көзге елестетеді. [10, 105-б] Бұл жерде «байдың айғайы», «кедей баласы» деген образдарды бадырайтып алып отырған Қайржан Бекхожин. Мұндағы себеп аталған кітап Кеңес дәуірінің талғамы негізінде, таптық тұрғыдан жазылғандығынан. Ал журналдағы нұсқада Байдың ауызынан шыққан сөз ұрсып, жекуден гөрі өкпені білдіретін еді. Онда бай: «Енді бір-ақ күн ғой, бүгінше ұйықтамай-ақ қойсаң болмай ма? Қой әлдеқашан кетіп қалды, қозылар жатып қалған шығар», - деп барқылдайды. Бұл қазақ ортасындағы қарапайым ғана бір көрініс. Ал «тор шолақ атпен шаба жөнелген кедей баласы» деп көрсетіп отырған біздің ғалым. Шығарманың өзінде жігіттер «Мүше! Мүше!» деп ақ шытты бұлғап шаба жөнелгенде, ойыннан қалғысы келмеген сиыр айдап келе жатқан баланың торшолақ байталмен шаба жөнелгені суреттеледі. Дегдар ғалым Қайыржан Бекхожинның бұл талдауын әрине Кеңес үкіметінің қанды тырнағынан «Садақ» журналын қайтсем аман алып қалам деген жанашырлығы екені анық. Болмаса бұның өзі адам мінезінің әр алуан жақтарын суреттеу. Шын мәнінде «Садақ» журналы жарық көріп тұрғанда ешқандай да таптық көзқарас деген мәселе қазақ ортасына әлі қойылмаған. Жерінен айырылған, малын қайда жаярын білмеген қазақ жұртының ортақ жауы отаршылдар болған. Ол дәуір туралы таптық бояу беріп жазылған зеріттеулердің бәрі кеңес кезінде өмірге келген жасанды, жалған бейне. Тағы да аталған кітаптан мысал келтірейік.

«Садақтың» 1917-1918 жылдардағы он номерінде жазылған «Мақтым» деген ұзақ повесть бар. Сюжет жағынан бұл әңгіме «Шұғаның белгісіне» ұқсайды. Бірақ оның авторы «Қараш» деген жасырын атпен жазған Халелидден Жүсіпұлы Сартәлиев екені журналдың соңғы номерінде көрсетілген. [10, 105-б] Яғни ХХ ғасыр басында белең алған қазақ әдебиетінің сюжеті жағынан да ұқсастықтары мол болған. Оның көбі әйел теңсіздігі, елдің қараңғылығы, адал махаббаттың бағасыздығы туралы болып келген. Бұл қатарға «Бақытсыз Жамал», «Қамар сұлу» романдарын да жатқызамыз. Демек «Садақ» бетінде жарық көрген роман жанры да осы тақырыпты қаузаған. Бұл әрине сол кездегі қоғамның қайнап тұрған тақырыбы еді. Бұл сюжетті романдарда кезігетін оқыған жас бейнесінің де көбіне шынайы образын көре аламыз. Олар мінсіз де болмайды, жаңалыққа деген ынтасының зорынан кейде қателесіп те кетіп жатады. Алайда біз атап көрсеткен «Мақтым» ол биікке жете алмағанға ұқсайды.


Жалғасы бар.