«Тарихи-и Рашиди» мен «Көшпенділер» оқырманға жол тартты
26.08.2015 2764
Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» және Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» кітаптарының жаңа басылымдарының тұсаукесері өтті

Кеше Астанада ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының жаңадан ашылған «Конституция» залында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Қазақпарат» баспасынан жарық көрген Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» және Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» кітаптарының жаңа басылымдарының тұсаукесері болып өтті. 

Кітап Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жарық көрді. Аталған шараған ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі С.Б. Тәуекелов және мемлекет және қоғам қайраткері М. Жолдасбеков, ғалым-сенатор Ә. Ахметов, Халықаралық Түркі академиясының президенті Д. Қыдырәлі, «Қазақпарат» баспа үйінің директоры Қ. Ботбай, Мемлекеттік тарих институтының директоры Б. Аяған, «Тарихи-и Рашиди» кітабын қазақ тіліне тәржімалаған авторлар И. Жеменей, Қ. Сыздықов, Ұ. Еркінбаевтар және зиялы қауым өкілдері, тарихшы ғалымдар, БАҚ өкілдері және І. Есенберлин ұрпақтары қатысты. 

«Бүгін біз қазақтың, қазақ хандығының бірден-бір және жалғыз дереккөзі Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» кітабының тұсаукесеріне келіп отырмыз. Бұл кітапты тұпнұсқадан аударған – иран тілінің маманы Ислам Жеменей. Бұл кітаптың аударылуы біздің қазақ мемлекеттігіміздің, қазақ хандығының нақты тарихи кепілі болып табылады», – деді кітаптардың таныстырылым шарасында «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры әрі осы іс-шараның модераторы Тұрсын Жұртбай. 

«Тарихи-и Рашиди» кітабын тәржімалауда көптеген қиындықты бастан өткіздім. Бірнеше тілде аударылған нұсқаларын оқып зерттедім, қателіктер өте көп кеткен. Әсіресе орыс тәржімасында, өзбек тәржімасында. Мен бұл еңбекті зерттеуге 16 жылымды арнадым. Әлі де зерттей түсуге күшімді саламын. Мұхаммед Хайдар Дулатидің еңбегі – ұлт тәуелсіздігінің жарқын көрінісі. Бүгінгі ел мерейтойы қарсаңында қолға алынып, мемлекеттік тапсырыс бойынша басылып шығуы – елдіктің ерен белгісі. Биылғы «Қазақ хандығының 550 жылдық» мерейтойын атап өту үшін, тарихи күннің негізгі дерек көзін «Тарихи-и Рашиден» алып отырмыз. Онда қазақ хандығының құрылған уақыты 1465 деп көрсетілген», – деді кітапты қазақ тіліне тәржімалаған, зерттеуші ғалым Ислам Жеменей. 

Зерттеуші мамандар Мұхаммед Хайдар еңбегінің, ең алдымен, қазақ халқы мен қазақ хандығының қалыптасу барысы мен мезгілін анықтауда өзге еңбектермен салыстырғанда ерекше орны барын айтады. «Тарих-и Рашидиде» келтірілген дәлелді де нанымды фактілер қазақ халқы мен оның мемлекеттілігінің қалыптасуы барысында XIV-XVI ғасырлардағы тарихи оқиғалардың шешуші кезең болғандығы туралы пікірді негіздей түседі. Махмұт Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» кітабы алдымен иран тілінен аударылып, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 7 мың данамен жарыққа шығарылды. 

Жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы қазақ тілінде 2 мың, орыс тілінде 2 мың және ағылшын тілінде 2 мың данамен жарық көрді. 

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ