Тарихи-көркем шығармалардың жаңа басылымы таныстырылады
24.08.2015 3315
25 тамыз күні сағат 17.00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының «Конституция» залында «Тарих-и Рашиди» және «Көшпенділер» шығармаларының жаңа басылымы оқырман назарына ұсынылады

Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының «Конституция» залында «Тарих-и Рашиди» (авторы – Махмұт Хайдар Дулати) және «Көшпенділер» (авторы – Ілияс Есенберлин) кітаптарының жаңа басылымдарының тұсаукесері өтеді  

Аталған шараға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Б. М. Сапарбаев және зиялы қауым өкілдері қатысады. 

Биылғы Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен тарихи қос кітап қайтадан оқырман қауымға жол тартып отыр. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 желтоқсандағы № 1448 қаулысының негізінде Махмұт Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты иран тілінен аударылған еңбегі «Қазақпарат» баспасының бастамасымен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде 7 000 данамен жарыққа шығарылды. 

Тарихи туындыны «Қазақстан тарихшыларының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі құрастырып, Ислам Жеменей, Қанат Сыздықов және Ұлан Еркінбаев қазақ тіліне тәржімалаған. Сонымен қатар, «Баспагерлер, полиграфистер және кітаптаратушылар ассоциациясының» бастамасымен жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы қазақ тілінде 2000, орыс тілінде 2000, ағылшын тілінде 2000 дана VIP басылыммен жарық көріп отыр. 

Тарих-и Рашиди – Моғолстанда өмір сүрген тарихшы, əдебиетші Мұхаммед Хайдар Дулаттың еңбегі. Кітапта XIV-XVI ғасырлардағы Моғолстан тарихы баяндалады. Шығарма 1542-1546 жылдары Кашмирде парсы тілінде жазылған. Кітап екі дəптерден тұрады. Алғашқы дəптерде Моғолстанды билеген Шағатай əулеті хандарының тарихы суреттелсе, екінші естелік дəптерде Мұхаммед Хайдардың Кашмирді жаулап алғанға дейінгі тарихи оқиғалары сөз болады. «Тарих-и Рашиди» – Қазақ хандығының құрылуы туралы мəлімет беретін аса құнды еңбек. Онда Жəнібек пен Керейдің Қазақ хандығының негізін қалағандығы туралы айтылады. Сондай-ақ кітапта қазақ хандарының бір ғасырға жуық тарихы да қамтылған. Қазақ тарихына қатысты жерлерін парсы тілінен орыс тіліне алғаш В. В. Вельяминов-Зернов аударды. Ал қазақ тілінде 2003 жылы жарық көрді. Мұхаммед Хайдар Дулат өз еңбегіне моғолдар арасына кең тараған дулат əмірлерінің аңыз-əңгімелерін, құжаттарды, əсіресе, тарихшылардың жазбаларын кеңінен пайдаланған. 

Көшпенділер – Ілияс Есенберлиннің үш кітаптан тұратын тарихи эпопеясы. Бұл шығарма – қазақ сөз өнерінің әлемдік нұсқасына қосылған тарихты көркемдік пайымдаудың үздік үлгілерінің бірі, партиялық идеологияның қылышынан қан тамып тұрған уақытта дүниеге келгенімен қазақ ұлты үшін өте құнды мұра.