Құрметті оқырман қауым біз порталымыздың алдыңғы сандарында 1917 жылы Семей қаласында жарық көрген «Сарыарқа» газеті туралы үш тақырыпқа бөліп көлемді материал жариялаған болатынбыз. Бұл еңбегіміз сол дүниелердің соңғы қорытынды түйіні екендігін де естеріңізге сала кеткіміз келеді.
Қазақ халқы түпкілікті етіп жер алып орныққанша қазақ жерінен жер алу тоқтатылсын.
Қазақ облыстарында жарамды жердің кемдігінен ақсүйектерге (дворяндарға) мал өсіруге, сауда-кәсіп қылуға, орыс ауруы ішетін қымыз дайындауға, софыханаға алынған, мұжық келіп орнамаған, оброчная статьяға кесілген, басында қазынаға алып, үлгілі шаруа жүргізем деген жай адамдарға берілген, күзетші әскер пайдасына алынғанмен әскер кетіп, яки азғантай ғана қалса да қайтпай тұрған жерлер - түгел қазаққа қайтсын.
Қазынаның ерекше билігіне дача етіліп алынған қазақтың шабындылары қайтсын. Келісіп бос тұрған жерлерге мұжықты орнату тоқтатылсын деп дереу Уақытша Хүкіметтен сұралсын.
Отырған мұжықтардың саны арнаулы санға толмаса, артық жер қазаққа қайтсын. Мұжықтар орнаған жерде қыстауы бар, әлі күнге көшпеген қазақтың қыстаулық жері өзіне тиілсін.
Орналасатын мұжыққа жер жетпейтін болса, қайтадан бөлік жүргізіліп, басқа кесілген жерден жер берілсін.
Қазынаның ерекше билеуіне алынған дачалар (ағаштар) бүкіл мемлекетке пайда келтірмейтін болса, земство қарауына алынсын.
Жер мәселесі туралы қазақ өз алдына программа (жоспар) түзсін. Жер мәселесі туралы учредительное собраниеде қай партияға қосылуды қазақ депутаттары өздері білсін.
Қазақ жер алып орнығарда тұтынатын норма (мөлшер) жер ыңғайына қарап, жасаған жерінің малға һәм мал мен егін араласқан шаруаға деген нормасы болсын.
Бөкей ордасының қазақтары отырған жерінен қасындағы қазақ облыстары алған мөлшерімен жер алсын. Түркістан қазағына жерден басқа жеткілікті су да берілсін.
Қазақтың жер иелену жөні меншіктемелі болмай, жалпы иелену (община) болсын (Фергананың екі өкілі жерді жеке иелену жолына дауыс берген. Өйткені олардың жері арық қазып, ағаш, бақ өсіріп, көп еңбек сіңіріп тастаған жер). Община неғұрлым кіші болғаны тәуір һәм қарамының қандай болуын жер-жердегі орналастырушы мекемелер білсін».
Жер мәселесі бүгінде қазақ қоғамындағы қызып тұрған мәселе. Ел барда жер жайы мәңгілік мәселе екендігін осыдан бір ғасыр бұрын бағамдаған «Сарыарқа» газеті оны жетер жеріне дейін жеткізіп айтты.
«Жерсіз кім болса да өмір сүріп, күнелте алмайды. Жерден айырылған жұрт жұрттығын жойып, өшпей қалмайды.
Сондықтан адам баласы жер дегенде өзгеден гөрі таршылық қылып, жанын салады. Қай заманда қандай соғыс болса да, түп себебі жер молайту болған. Мына болып жатқан қиямет қырғын соғыс жер үшін болып жатқан соғыс.
Бұ да ақырында жер алмай, жер бермей бітпейді.
Адам көбейіп өсе бермек, жер өспек емес, бір қалыпта қала бермек. Сөйтіп адам өскен сайын тұрмысы өзгеріп, қиындала бермек. Тұрмыс қиындығы жеңілдік іздетпей қоймақ емес. Тұрмысты жеңілдету үшін, я тарылған жерге жер қосып молайту, я тарылған жердің өзінде отырып, шарасын табу керек. Жер молайту үшін біреумен соғысып, жеңіп жер алу керек. Соғысып жер алудың қатері көп: ала ма, алдыра ма, бұл - бір.
Екінші, соғысып біреудің жерін алу - зорлық, бұзақылық, адамдық жолын аттап, қан төгіп, айуандық жолына түскендік.
Соғысып жер қоспай, тар жерде отырып, тұрмысты жеңілдету үшін ғылым, білім, өнер жолына, қысқаша тәррақи жолына түсу керек. Тәррақи жолына түсу - аз жерден көп пайда шығаратын әдіс табу.
Ол әдіс мал тұқымын асылдайтын, жердің күшін молайтатын тілін, оқуын білу. Адамдық жолымен тұрмысын түзетем деген жұрт жердің тамырын ұстап, тіл білерлік ғылым үйренбек.
Біз ежелден мал баққан, кең жердің өзіне сия алмай келе жатқан жұрт едік, біразырақ жерімізді мұжық алып еді, күйіміз кете бастады.
Мемлекет негізін құратын кеңесте жұрттың айтысып, тартысатын ең зор мәселесі жер болмақ.
Бұл тартысқа күтіндік пе, күтінген ел бар ма?
Әнеугі Семей облысының қазақтары сиезінде «жер, мал бағып, егін салып, еңбек сіңіргенге берілетін» деп қаулы қылынған еді. Бұл қаулы Россиядағы казактан басқа таптың бәріне ұнайды.
Казактар: «Қан төгіп, соғысып алған жерімізді ешкімге бермейміз. Тарих жүзінде хұқығымыз бар» деп қаулы жасап отыр.
Казактың бұл қаулысы өздерінен басқаға жақпайды. Өйткені әділдікті ойлап жасалған қаулы емес.
Тарих жолына келгенде казактан қазақ халқының хұқығы көп. Өйткені қазақ жері талай соғысып, қызыл қанға боялып алынған жер. Казактар дайын тұрған жерге келіп орнай кеткеннен басқа кіммен соғысып еді?!
Енді жерді босқа жатып пайдаланамын деу жоқ һәм тарихи хұқығын бетіне ұстап жер алам деп отырған жұрт жоқ.
Қазақ ата-бабамның қонысы еді деп жерге ие болмайды, мал шаруасын дәлел қып алады.
Жер туралы көп мағлұмат керек. Әр ел өз облысындағы жер жайынан мағлұмат жинаушыларға отырған жерлері туралы мағлұмат бере жатар, біз Семей облысындағы казактар мен кабинет жерінде һәм басқа жерлерде отырған қазақтардан мағлұмат сұраймыз: қай жерде неше жылдан бері қандай шарттармен, қанша кісі, қанша мал, жер шамасы қандай һәм қалай тұрады - анық, толық мағлұматтар берілсін деп» жазылған екен.
Әскер мәселесі
Учредительное собраниеде қазақ депутаттары мемлекетте дайым әскер болмай, халықтың өзі сайлап бақылаушы (народная милиция) қоюға дауыс берсін.
«Сарыарқаның» №23 санында милиция жасау мәселесі жайлы бұлай делінген: «Әзірге тыныштықты сақтап, талаудан аман болу үшін ғана кәдімгі болысной, үйезный, обласной милиция түрінде жасала бермек.
Қарқаралыда – 150, Баянауылда – 100, Зайсанда – 400, Алаш шаһарында –160 бақылаушы дайындалып жатыр. Делегатский собрание мен обласной комиссариат жөн көріп, мылтық әперіп, үйретуші табуға ризалығын берді. Әр үйез, әр облыс милиция жасау үшін күздігүні обласной кеңес бекіткен қаулыны орындауға кірісе беруі жөн.
Кісі болса жалдап, болмаса ықтиярымен кірушілерді жазып, әр ел, әр ауылный тиісті ақшаны жинай беруі керек».
Земство
Көшпейтін елдерге болысной земство қазір кіргізілсін. Көшетін елдерге кіргізу ретінобласной земский собрание білсін.
Көшпелі елдер деп бір үйезден екінші үйезге баратын елдер айтылсын. Болысной земство ағзаларының сайлауы мен үйезный земство сайлауы бір-ақ ретте болсын, екі кезде істелмесін.
Болысной земствоның управасына 5-тен артық ағза сайланбасын.
Қазақтың үйезный һәм болысной земствосы орыстармен бірге болсын. Сайлау ретін көрсетіп, ұғындырып, басшылық қылу үшін обласной комитеттер ел-елге білетін кісі (инспектор) шығарсын.
Бала қалмай жалпы оқу – міндет. Алғашқы екі жылда бала ана тілімен оқысын. Қазақ тілінде шығатын кітаптар Байтұрсынов емлесімен басылсын.
Ақмола, Жетісу, Семей, Орал, Торғай, Закаспий (Маңғышлақ үйезі) облыстары уақытша Орынбор мүфтилігіне қосылсын. Духовный собраниеге қандай мәселелерді беру тиістігін жалпы қазақ сотының комиссиясы айырсын.
Духовный собраниеде қазақ бөлімі болсын. Қазаққа қатыс барша жұмыс мүфти алдында қазақ бөлімінде қаралсын. Ортақ мәселелерді мүфти алдында қазақ пен ноғай қазилары қосылып қарасын.
Маңғышлақтан басқа әр облыстан бір қазидан сайлансын. Қазақ бөліміндегі жұмыстар таза қазақ тілінде жүрілсін. Қазақ бөлімінде 5 қази, 1 секретарь болсын. Бұлардың әр қайсысы жылына 4800 сом ақы алсын.
Кеңсе расходына 10 мың сом берілсін. Әр облыстан жылына қазиға 4800 сом, секретарьға 1 мың сом, кеңсеге 2 мың сом, барлығы - 7 мың сом жиылып берілсін. Секретарьды қазақ қазиларының жалпы жиылысы сайласын.
Қазидан төменгі рухани адамдар тұрған жерінен ақы алсын. Ақы мөлшерін жергілікті обласной сиездер кессін. Дін туралы жалпы қазақ сиезінің жасаған қаулысын обласной комитеттер орындасын.
Народный сот жоғалсын. Жаңадан халыққа жайлы сот жасауға білгіш адамдардан обласной сот комиссиясы ашылсын.
Обласной комиссиялардың жасаған жобаларын қорыту үшін жалпы қазақтың сот комиссиясы болсын.
Бұл комиссия әр облыстан бір-бірден обласной сот ағзалары ортасынан сайлап шығарған адамдардан құралсын.
Жалпы қазақтың сот комиссиясы учредительный собрание яки Г. Дума қай жерде болса, сол жерге жиылсын һәм 1-ші февральға дейін сот жобасын жасап бітірсін.
Жасалған жобаны жалпы қазақтың сот комиссиясы мен қазақ депутаттары қосылып қарастырып, заң шығаратын орындарға табыс қылсын.
Әйел мәселесі
Еркектердің әйелдермен саяси хұқықтары тең болсын. Қалың мал беру жоғалсын. 16 жасқа толмаған қызға құда түсу қалсын.
16 жасқа толмаған қызға, 18 жасқа толмаған ұлға молла неке қимасын.
Неке қиярда қыз бен күйеу көзбе көз отырып, екеуінің ризалығы сұралсын, еже қабыл деген сөз қалсын.
Жесір қатын сүйгеніне тисін. Екінші қатын алуға бұрынғы қатын көнгені шарт. Егер бастапқы қатыны көнбесе, аламын деп ер, тиемін деп екінші қатын тұрса, ол уақытта бастапқы қатын шықсын һәм байға тигенше бұрынғы байы асырап сақтасын. Жеті атадан әрі болмаса, бері туысқандар қыз алысып, беріспесін».
«Он алты жасқа толмаған қызға құда түсу қалсын» - дегеннен шығады «Сарыарқаның» №15 санында: «Апаның бағы сіңіліге сор» деген тақырыптың өзегінде мынандай оқиға баяндалады: «Павлодар үйезі Ақбеттау болысы Баязид бай болыстың ағасы Мәліктің қызын баласы Ханифаға айттырған.
Айттырған уақытта Ханифа жас еді. Ержеткен соң әкесі лайықтаған қалыңдығын алғысы келмеген. Қайны болыстың ағасы екендігінің қадірін білмей, ол бала туысқандарының ойынша ақылсыз адамға есептелген.
Оқу сылтауымен қалыңдығын алуды кешіктіріп жүрген заманда ағайыны Әбіш байдың қызы - Сарқыт ержетеді.
Жасындағы үйі атастырып қойған күйеуге оның да барғысы келмейді. Алғысы келмей, барғысы келмей жүрген екі жас бірін-бірі ұнатып, өмірлік жолдас болуға уағда байлайды.
Бірақ екеуінің екі жақта салтқысы бар, онан құтылу қиын іс болып жүргенде бостандық заманы туады.
Екі жас бір түнде Баянауылдан шығады – екеуі де әке-шешелерінен мейірбанды қорғаушыны іздеп.
Ол қорғаушы Семейдің комитеті еді. Келіп бастарына ерік алады.
Сарқыттың атастырылған жері қазақ ғұрпында онша мыналар шошынарлық жуан жері болмаса да, сүйегі қорланып қалған болыстың ағасы аймағының дым бүркуінше күшті болып кетеді.
Болыс аймағы аналарға ойранды салғызып қояды да, араларын бітіретін кісі түрінде болып келіп: «О да бір ауылнай елдің тәуір адамы ғой, сүйегі қорланып тұр. Болысной комитетте сайланғалы тұр, көңілін қалдырғанымыз жарамас, кеткен бала бетімен кете барды.
Енді оны қолға түсіру жоқ. Жасы 11 - де болса да, Сарқыттың мұнда қалған сіңлісіне қара таяқ» дейді.
Осыған уағда байланады. Тағы болыс аймағының түртуімен ана жағы: «Үлкені тимей кеткенде өсіп алса, мынадай қызға ерік берген заманда кішісі тие ме? Өзіміз асырап өсірейік, қолымызға бер» дейді.
«Тым жастығы бөгет» деген жауапты қойған соң «Қол ұстатпасаң көңіліміз басылмайды» дейді. 25-тегі жігіт пен 11-дегі қыздың нағып қол ұстағанын жүрегінде азғантай ғана мархабаты бар адам баласы көз алдына келтіре алар.
Әйтеуір, қол ұстауға келіп, бір-екі қонып кетті. Енді оған да қанағаттанбай, «қолымызға бердің» астынан алып, «пәлен күні берейік» деген жауапты тағы да алды. Қыздың түрін көргенде жасы 11 емес, 7–8 деп қана айтатындық. Міне, Ақбеттау болысының политикасы қалай? Бесіктегі қызын ұзаттырып, өшін алғалы отыр.
Павлодар комиссары Мұқыш жастардың баяндауы бойынша қорғауды мойнына алған еді. Ол барғанша соры қайнатылып, ұзатылып кетпесе. Ұзатылып кетсе де 11-дегі періштенің мәтлұмдығын жоқтап, залымдарға жаза тарттырмақ адам баласының міндеті деп ойлаймын».
Сиезде қаралған 13 пен 14 тармақ «Қазақтың саяси партиясын жасау» мен «Жетісу облысындағы оқиғалар» болатын.
Партия мәселесі
«Орыстың қай партиясы хәкімшілікке ие болса да бізге теңдік, еркіндік болмайды, бұл – анық.
Бізден орыстың саяси партиясына қосылып, қазақты да, қосылған партиясына қаратып, жақтатпақ болған қазақ не түк аңдамайтын соқыр, не қазақ ұлтына қызмет қыламын дегені бекер жан деп ұғамын.
Орыстың байы кедейін жегені рас-ақ шығар.
Бірақ орыстың байы да, кедейі де қазақты жейді. Қазақ байы орыс кедейін жеп көрген жоқ. Жеуге дәрмені де келген жоқ. Бұл талассыз нәрсе.
Орыстың құлдығынан құтылып шықпай жатып, кедей-бай деп жіктелетін жайымыз жоқ һәм олайша айырылуға тарихи дайындық, пұл мен еңбек қайшы келіп таласқандық жоқ.
Тамырсыз нәрсені зорлықпен ексең де қазақ ішіне орнамайды, бұл мисыз біреу болмаса, дау шығармайтын нәрсе».
Мұндағы жаңа заман алып келген «теңдік» ұғымын Ресейдегі бай мен кедей арасындағыдай емес, ұлттардың теңдігі, бір-біріне озбырлық көрсетпеуі мағынасында қарастырған.
«Сиез атынан соғыс һәм ішкі іс министрлеріне телеграм беріп, үйіне қайтқан солдаттардың һәм мұжықтардың қару-жарақтары тартып алынып, зорлығына тию салынып һәм шабылған қазақ-қырғыздарға жәрдем берілу сұралсын . Енді жоғарыда уәде еткеніміздей автономия мәселесіне кеңінен тоқтала кетелік.
Тағы да автономия мәселесі
Мемлекет аумағында жинақы, топтасып өмір сүретін әлеуметтік қауымдастыққа берілетін ішкі өзін-өзі басқару мүмкіншілігі немесе мемлекеттік билікті өзінше жүзеге асыру.
Мемлекеттік құрылым құрамында конституциямен бекітілген, салыстырмалы түрде тәуелсіз саяси субъектілердің өзінше қызмет ету құқы.
Мәдени, ұлттық, аумақтық түрлері болады. Әдетте, тілдік, тұрмыстық және экономикалық ерекшеліктері бар аймақтарда жүзеге асырылады. Көп этносты мемлекеттерде автономия ұлт мәселесін шешудің мемлекеттік-құқықтық тәсілі ретінде жиі пайдаланылатын, әрі белгілі аумақ шегінде қалыптасып, дамитын мемлекеттік құрылым.
Дербестік деңгейіне қарай ұлттық автономия «ұлттық-аумақтық» және «ұлттық-мәдени» деп ажыратылады. 1920-1936 жылдары Қазақстан саяси-ұлттық құрылым ретінде Ресей Федерациясы құрамынан автономия алды.
Автономия әлемнің бірқатар елдерінде кездеседі. Мысалы, АҚШ-тың федералды штаттары, Испанияда - Каталония, Баскі мен Галисия, Канададағы - Квебек штаты, Ресей Федерациясындағы - автономдық республикалар, т.б.
Қазаққа жеке автономия болу керек пе, әлде Түркістан мен Сібірге қосылған тиімді ме деген мәселелер «Сарыарқа» бетінде қызу талқыланған тақырыптардың бірі болды.
Мұның өзіндік себебі де жоқ емес. Бұл тартысты тақырыпты туғызған қазақ жерінің шет- шегі жоқ көсілген кеңдігі болатын.
Осы жайдан бірер мысал келтіре кетсек: «...Бір шеті Алтайда, бір шеті Оралдың күнбатыс жағы Астраханда, бір бұрышы Ташкент, Бұхара арасында көп халық бар. Қазақтың басы қайтып қосыла алар? Солардың көбінің тұрмысы, өнер-білім, шаруасы қазақтан ілгері.
Бұлар қазаққа бастатып жүрген жоқ, қайта өздері бастамаса. Қалайша біз бүгін таңда алаш бола аламыз?
Мінеки, Сібір автономиясына Семей, Ақмола,Торғай қазақтарының қосылатын бірінші себебі осы.
Екінші, Сібір автономия алғанда бір шартты – ішіндегі қазақ һәм басқа жұрттар Сібірден өздері бір автономия алып, бөлек автономиялы жұрт болмақ. Бұлай болғанда қазақ автономиялы бөлек бір мемлекет болмақ.
Бұл жақында тез жетерлік анық мақсат, бұлдыр емес.
Үшінші, Семей, Ақмола, Торғай қазақтарының Сібір автономиясына кіргені жалпы қазақ басы қосылар күн туса, жерге қарамай, өнер-білім тұқымға сүйенетін автономия бола қалса, ешбір бөгет жоқ.
Мінеки, осы себептермен Семей, Ақмола,Торғай қазақтарының Сібір автономиясына кіріп отыр».
«Сарыарқа» – халыққа автономияның ауадай қажет екендігін ұдайы айтумен болды. Газетің тең жартысына жуық бетінің осы автономия мәселесіне арналғаны осы ойымыздың бұлтартпас дәлелі.
«Автономия мәселесін тудырып отырған өмір талқысы, жұрт ауқымы. Сондықтан автономия мәселесі газетімізде ақтара қаралып, аудара қағылса да асыл негізін қысқаша бұл мақаламызда тағы да айтып өтпекпіз.
Автономия – бас билік тізгіні өзінде болып, жұрт өзін – өзі билеу деген сөз. Біздің іздегеніміз – жерге ұлтқа байланған автономия.
Мұндай автономиялы жұрттың иемденген астында ауданды тұтас жер, қолында билігі болмақ. Билік үш түрлі:
Заң шығару билігі;
Сот билігі;
Әмір – іс атқару билігі (хүкімет).
Осы үш дөңгелекке бүкіл мемлекет ісі құрылмақ».
«Біздің қазақ-қырғыздың жері мол. Енші аламын деп телміріп отырған жұрттан жерімізді қорғауға автономия үлкен қару.
Автономиялы жұрттың жер билігі өзінде болады. Билік өзінде болған соң, әлбетте халқын шаруасына, тұрмысына қарай орналастырады.
Жұрттың еңбек сіңіріп, күн көріп отырған жерін басқаның қолына кетпестей қылып қорғайтын заң шығарады.
Алты алаштың баласы қонысын біріктіріп, қанаттас отырып, өз алдына билік алып, бөлек жұрт болып жасайтын мақсаты болса, бұл күннен тізесін ашпай, қанатын жазбай, жеріне ие болып отырып қалуы керек.
Автономияны бұл күнде жария қылу жалғыз жерімізді қорғау үшін емес, адамның өмір сүруіне су мен ауа қандай керек болса жұрт болып жасайтын халыққа автономия сондай керек».
«Автономия – юнан (грек) тілі. Қазақша аударғанда өзін-өзі билеу, өз тізгіні өзінде деген сөз.
Автономия алған жұрт конституцияның ауданына қарай болмақ. Конституция деп екі арадағы қатынас шартын бекіткен заңдарды айтады.
Алдымыздағы құрылатын мемлекет түрі одақтасқан, жалпы халық билейтін, хәкімдерін халық сайлап, халық алдында жауапты болатын мемлекет түрі болсын (демократическая, федеративная, парламентарная республика)».
Осы орайда «демократическая, федеративная, парламентарная республика» дегенді қалай түсінуге болады?
Жалпы «демократия» дегеніміз не? Оны алаш қайраткерлері қалай түсінді? Сөзімізді осы хақында өрбітелік.
Қазіргі кезде демократияны кейбір мамандар «өркениет» ұранымен түсіндіріп, қалың бұқараны адастырып жүр. Тіпті кейбірі, шектен шыққан еркіндікпен шатыстырады.
Бұл «демократия» мен «мемлекет» ұғымдарының өзара мәні мен мағынасын ажырата алмаудан туған түсінік.
Демократия сөзінің тікелей мағынасы халықтың өзі қоғам өмірін ұйымдастыруын білдіреді.
Алаш зиялылары аңсаған автономия бас билік тізгіні өзінде болып, жұрттың өзін-өзі билеуі болатын.
«Олар үшін демократия дегеніміз ғылымға, ұлттық салт - дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру болатын» (Т.Жұртбай «Ұраным –Алаш»).
Демократия халықты ұлттық идея темірқазығына топтастырып, көпшілікке тиімді бағытпен жүргізу еді. Адамдардың бір-біріне үстемдік етуінің болмауы – бұл демократиялық құндылықтың басты шарты.
Ал, «федеративная» деген ұғымға келсетін болсақ Пушкин айтқандай: «Халықтардың ұрыс-жанжалды ұмытып, бір отбасыға айналғаны» болса, «Парламентарная республика» дегеніміз мұнда шешім қабылдаушы президент емес, парламент боп есептеледі.
Алаш зиялылары осындай кәсіби құрылымдағы «Қазақстанның» болашағын елестеткен.
Дербес автономия алу қазақ халқы үшін асыл арман еді. Сол арманға қол жеткізу үшін, ат төбеліндей алаш азаматтары осы жолда өкпесін сан өшіріп, өкшесін сан қанатты. Бір қызығы 1917 жылы Россия топырағында қазақ халқынан өзге автономияға ұмтылған бірде-бір халық жоқ болатын.
Бұл сірә, «Сарыарқа» секілді басылымдардың ұлт санасына тигізген әсерінен болған шығар. Осымен сөзімізді қортындылайтын болсақ, ХХ ғасырдың басы қазақ халқының тарихында бүкіл қоғамдық ой-пікірдің өрлеуіне мүмкіндік жасап, патшалық Ресей отарлығымен күресіп, ұлттық сананың ояну дәуіріне жол ашқан кезең. Ендеше, осы тұста ұлттық сананың ұйысып, мемлекеттік санаға ұласуының басты көрсеткіші баспасөз болғандығы анық.
Қазақ халқының тағдыры таразының қос басына тартылған шақта ұлттық идеяны тұжырымдау, ұлттық мемлекеттілік, өзін-өзі билеу-басқару құқы, халықтар теңдігі мен бостандығы, сөз бен дін еркіндігі сияқты идеялыларды туындатып, оны ең қасиетті адами ұғымдар санатына көтерген қазақ реформаторлары ХХ ғасыр басындағы ұлттық жаңғыру үрдесіне шешуші серпіліс әкелген саяси әлеуметтік топ ретінде жарқын көрініс берді. Газет – ұлттың рухани айнасы. Халқымыздың таза кәсіби саяси танымының қалыптасуына XX ғасырда әсер еткен бір басылым болса, ол тек «Сарыарқа» газеті.
«Мемлекет құрылысы» оның ішкі (құрылымы) қандай болу керек, «Сайлау тәртібі» әділетті сайлау қалай өткізуге болады, қараша халыққа партияның тигізер пайдасы қандай осы іспетті тақырыптардың бәрі бүге-шігесіне дейін жазылып халықтың саяси сауатын қалыптастырған дүниелер болды.
Қазақ халқы Алла жазып автономия алса, оның жүрер жолы (моделі) мен идеологиясы да «Сарыарқа» талқылаған сан тақырыптардың бірі болатын. Мәннан Тұрғанбайұлының «қазаққа өзінің кім екендігін түсіндіретін ғана саясат керек» дейтіні осы сөзіміздің байламы.
«Сарыарқа» қазақтың жазба тілін ғана емес, құжат тілінің де белгілі бір қалыптарын түзді. Айталық, уездік, облыстық, жалпы қазақ сиездерінің хаттамалары, қаулылары, «Алаш» партиясының бағдарламасы, қатынас хаттары, құжат тілінің жаңа бағыттағы лексикасын қалыптастырды. Сөз қолдану, ұғымды беру, тың сөз тіркестерін жасау-олардың ұлттық ойлау жүйесін, сондай-ақ Батыс пен Шығыс ілімін жіті зерделегенін байқатады. Газеттің тек бір идеямен, бір мақсатты (азаттықты) ғана меже ететіндігін ондағы ой тазалығы мен тіл тазалығына, авторлардың елшілдігі мен азаматтық күрескерлігіне таңданбасқа амалыңыз жоқ.
Бүгінгі қалам ұстаған қайраткерлер мен журналистерге ең қажет құндылықтардың бәрі «Сарыарқада» самсап тұр. Әттең соны көре білер көкірек көзі керек.
Сарыарқа» өзінің айнымас бағыты, мақсатымен-ақ, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» бола білді. «Сарыарқа» халқымызға аса бай, жәдігер мұра қалдырғанымен ұрпаққа қымбат.
Мен «Сарыарқа» арқылы Алаштың рухын қаныма сіңіруді мақсат еткен едім. Тәубә, сәл болсада осы мақсатыма жеттім деген ойдамын.
Біз екі том кітап ретінде жарыққа шыққан «Сарыарқа» газетін оқып отырып мынадай қорытындыға келдік. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан осыдан бір ғасыр ілкіде алғашында «Қазақ», кейін келе «Сарыарқа» болып күрескен саңылақ газеттердің жеңісі. Дәлірек айтсақ бұдан бір ғасыр бұрын алаш арыстары еккен елдік дәні бүгін бүр атып жауқазын бәйшешекке айналды. Оған дәлел ретінде автономия мәселесін айтуға болады.
«Сарыарқа» көтерген тақырыптардың дені автономия мәселесі болды. Олар халыққа автономия болмай, ұлт болып ұйысудың ешқашан да мүмкін емес екендігін ұдайы айтумен болды. Халықтың сана сезімін тек автономия деген сөздің астарындағы азаттық ұғымына үйретті. Неге дейсіз ғой? Оның ұлы жауапкершілігінің жемісін бүгін сіз бен біз көріп отырмыз. Тағы да қайталап айтамыз осыдан бір ғасыр бұрын қазақ басына үйірілген қара бұлт, бүгін Шешенстан секілді Ресей құрамынан толық босай алмаған ұлттардың аспанын торлап тұр.
Табалағанымыз емес, шешен ұлтшылдары қазақ ұлтшылдарынан бір ғасыр кеш оянды. Кеш дегеннен шығады, әгәрәки осыдан жүз жыл бұрын қазақ топырағында «Сарыарқа» секілді саяси басылымдарымыз болмағанда біздің де бүгінгі күніміз не болар еді.
Газеттің тағы бір ерекшелігі келер күнге деген үміті мен саяси сәуегейлігі. Ол қып-қызыл желбуаз ұрандарға емес нақты іс-әрекеттерге құралған.
«Сарырқаның» №2 санында «Менің құттықтауым» деген тақырыппен жарияланып Абай хакімге арналған мына бір өлең шумағының дәл бүгінгі күніміздің портреті демей көріңіз.
Заманыңда ұқпаған ел енді ұғар,
Сөзіңді гауһар таспен жазып қояр.
Көріңде рахат жоқта философым,
Балаларың Сарыарқаға қожа болар.
Айтқандай-ақ Абай алашқа оралды. Анық Абайдың дәуірі енді басталды. Сарыарқа төсіне шаһар орнап, қазақтың өзіне-өзі қожа болар күні келді.
Ал енді «Сарыарқаның» саяси сәуегейлігіне таң қалмай көріңіз.
Қорыта айтқанда, «Сарыарқа» газетін ақтара отырып, қазақ журналистикасының бастауындағы тың ізденістерді, ерекше шешімдерді байқаймыз. Газет заман талабына сай жеделдік пен нақтылықты, байыптылық пен парасатты ту еткенін пайымдаймыз. Тәуелсіздіктің арқасында халық ортасына қайта оралған «Сарыарқа» газетінің жарияланымдары, ондағы жекелеген публицистердің қолтаңбалары келешек ұрпақтың тың зерттеулерінің бастауы болатындығына кәміл сенімдіміз.
Біз екі тараудан тұратын дипломдық зерттеу еңбегімізде осыған көз жеткіздік. «Сарыарқа» газеті алағай-бұлағай заманда ұлтқа қызмет ету үшін дүниеге келіп, ұрпақ алдындағы міндетінен толыққанды құтылған қайраткер басылым дегенді негізгі байлам етеміз.
Пайдаланылған әдебиеттер
Алаш көсемсөзі. 9- том. – Алматы: «Өнер баспасы» , 2011.
Алаш көсемсөзі. 9- том. – Алматы: «Өнер баспасы» , 2011.
«Қазақ» газеті. / Бас редакторы Ә. Нысанбаев. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1998. – 560 бет.
«Алаш» қозғалысы.– Алматы: «Сардар» баспасы, 2008.
Т.Жұртбай. Ұраным – Алаш! (Түрме әфсанасы). – Алматы: Ел шежіре, 2008.
М.Қойгелдиев. Ұлттық саяси элита. – Алматы:Жалын, 2004.
К.Нұрпейісов. Алаш һәм алашорда. – Ататек баспасы, 1995.
Д. Қамзабекұлы. Алаш және әдебиет.– Астана: Фолиант,2002.
«Алаштың» тілдік мұрасы. –Алматы, 2009.
Алаштың ардағы.– Астана: Зерде,2008.
Алаш ақиықтары.– Алматы: Алаш, 2008.
Қазақ білімпаздарының тұңғыш сіиезі. – Орынбор: Қырғыз мемлекеттік баспасы, 2008.
Әлихан Бөкейхан.– Алматы: «Өлке» баспасы, 2003.
Міржақып Дулатов шығармалары.– Алматы: Жазушы,1991.
Сілтеме жасалған әдебиеттер
Алаш көсемсөзі 9-том. – Алматы: «Өнер баспасы», 2011.
Алаш көсемсөзі 10-том. – Алматы: «Өнер баспасы», 2011.