Тарих ғылымында археологияның алар орны әрқашан бөлек.
Өткен заман кезеңдерін кезең-кезеңімен зерттейтін бұл ғылым
саласы жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде есте жоқ ескі
замандардағы қоғам өмірінің қызметін саралап зерттеу жасайды.
Өзінің бай тарихымен әлемдік өркениетке қосар өзіндік үлесі бар Қазақ даласы,
көне заманның құнды тарихи ескерткіштерімен ерекшеленеді. Еліміздегі
көне қазбалар шетелдік ғалымдардың қызығушылығын тудырып отыр.
Археология бойынша елімізде жұмыс жасап жатқан сондай ғалымдардың
бірі Қазақстандағы Итальян Археологиялық Экспедициясының директоры, PhD,
археолог Жан Лука Бонорамен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.
-Жан Луко мырза елімізде қай уақыттан бері жұмыс жасап келесіз,
еліміздің қай аймағында қазба жұмыстарын жүргізіп жатырсыздар?
-Қазақстанда тұрақты түрде жұмыс жасап жатқаныма биыл екі жыл болады.
Оған дейін Түркіменстанда бес, Өзбекстанда төрт жыл жұмыс
жасадым. Оның алдында жеті жылға жуық Қазақстанда келіп-кетіп жұмыс
жасап жүрдім. Қазіргі кезде Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Археология
кафедрасында шақырылған профессор мәртебесінде тұрақты түрде дәріс
оқып, қазба жұмыстарымен айналысып жүрмін. Келгеннен бергі
уақыт аралығында Орталық Қазақстан, Қызылқұм, Шірік-Рабат,
Сеңгіртөбе аймақтарында археологиялық
қазба жұмыстарын жүргіздік. Қазір Көкшетау мен Зеренді
аралғыныдағы Шағалалы деген жерде студенттермен бірге
қазба жұмысын жүргізуді жоспарлап отырмыз.
-Археологиялық экспедициядан тыс кезде, басқа да қандай
шығармашылық жұмыстармен айналысудасыз?
— 2012 жылы қазан айында Қазақстанға жұмысқа келдім. Келгеннен
соң мені соншама күтіп алған қонақжай ел үшін қандай жақсылық жасай
алам деп ойланып жүргенімде студенттерге арнап сөздік жасау идеясы ойыма
келді. Осы мақсатта сол жылдың қараша айында қазақ, орыс, ағылшын, итальян
тіліндегі археологиялық терминдердің мультилингвистикалық сөздігін
жасау жұмысына бел шеше кірісіп кеттік. Осындағы әріптестерім Марал
Хабдуллина, Алексей Свиридов маған қолдау көрсетіп, биыл
аталған еңбекті екі том қылып жарыққа шығардық. Еңбектің
қазақша нұсқасында Г. Біләлова, орысшасын С.Ярыгин, итальянша
М.Минарди, ағылшын нұсқасына өзім жұмыс жасадым.
Сонымен қатар 2008 жылы қараша айында Италияда ҚР Елшілігінің
жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысқан ҚР Президенті
Н.Ә.Назарбаевқа «Kazakhstan. Religion and society in the History
of Central Asia» деп аталатын еңбекті AGIP және Eni
компаниясының президенті, доктор Паоло Скарони сыйлаған болатын. Сол еңбек
«Общество религии в центральной Азии» деген атпен орыс тілінде жарық
көрді. Айта кетсем «Guide to Kazakhstan. Sites of Faith — Sites
of History» деген еңбекті жарыққа шығардық, таныстырылымы Назарбаев
Университетінде болып өтті. Аталған шараға Италияндық сенатор Тициано
Треуу келіп қатысты.
-Қазақстан аймақтарындағы археологиялық ескерткіштердің ерекшелігі
жайлы айта кетсеңіз?
-Қазақ даласын адамдар 6–8 мың жыл бұрын мекендеген. Археология
ғылымында табылып жатқан дәйектерге сүйенсек ертедегі адамдар
қай жерде су болса, сол жерді мекен еткен.
Қазақстандағы археология жайлы сөз қозғағанда оңтүстіктегі қалалар
жайлы айтпай кету мүмкін емес. Ол жақта тарихи ескерткіштермен
қалалар өте көп. Солтүстік аймақтарда неолит, қола дәуіріне тиесілі
ескерткіштер жетерлік. Мәселен Ботай мәдениеті оны белгілі археолог В.Зайберт
зерттеді. Б.д.д 4 мыңыншы жылдары қазақ даласында
жылқы қолға үйретілді. Соңғы кездері арабтар жылқы бірінші
рет араб даласында б.д.д 6 мыңыншы жылдары қолға үйретілген
деген ғылыми бастаманы көтеруде. Бұл тақырыпта олар бір ғана мақала жазды.
Ал қазақ даласында жылқыны тізгіндер темір мен сүйектен жасалған жүген
табылды. Табылған жылқы сүйектерінің тістерінде жүгеннің
қажалған ізі сақталған. Көне қазақ даласында жылқы тек қана
көлік құралы ғана емес, байлық пен еркіндіктің символы болған.
Түйені б.д.д 4 мыңыншы жылдары Қызылқұмда келтеминарлықтар бірінші
болып қолға үйреткен. Келтеминарлықтар европеоид нәсілінен болған.
-Қазақстан археология ғылымындағы евроцентризм әсері
қаншалықты басым?
-Қазақстан археологиясына евроцентризм әсері ол, ағылшын тілі дер едім. Бірақ
қазіргі кездегі археология ғылымын, ағылшын тілінсіз таныту мүмкін емес.
Елдеріңіздегі археологиялық қазба жұмыстарының жетістіктерін, ағылшын
тіліне аудара отырып, әлемге таныту керек. Қазақстандық археология қаншама
уақыт кеңестік әдістемемен жұмыс жасап келді. Келешекте кеңестік
әдістемелерді қолданбай, жаңа заман талабымен жұмыс жасау қажет.
-Қазіргі таңда Қазақстан мен Италияда археология ғылымын оқытудың
айырмашылықтары неде?
-Италияда археолог болсам дейтін студент көп. Мен Болон университетінде дәріс
оқып жүргенімде, археология мамандығында орташа есеппен 25–30 студент
оқитын. Ал көне Рим археологиясы жайлы дәріс оқығанымда қызығушылық
танытып, келіп қатысатындардың саны жүзден асып кететін. Италияда тегін
оқу деген жоқ. Болашақ археологтарды ата-анасы, ақша төлеп оқытады.
Олар бітірген соң міндетті түрде кәсіби археолог болуға ұмтылады.
Қазақстанда бұл мамандықта екі-үш адам ғана қызығушылық
танытып оқиды. Сіздерде мемлекет тарапынан тегін гранттар бөлініп, білім
алам деушілерге толық жағдай жасалған. Айтар болсам осыдан
оншақты жыл бұрын Президент Н.Ә.Назарбаев археология кафедрасын,
кейінірек археология институтын ашты. Жалпы айтар болсам, сіздің
елде бұл салаға қызығушылық танытқан адамға толық
жағдай жасалған.
-Сұхбатымыздың соңында оқырмандарға өзіңіз жайлы аз-кем айта кетсеңіз?
-Италияда «ақындар қаласы» деп аталатын Феррара қаласында 1971 жылы дүниеге
келгенмін. Болон университетінде бакалавр мен магистратураны археология
мамандығы бойынша тәмамдап, Неаполь университетінде Орта Азия елдері
бойынша докторантураны төрт жылда тауыстым. Он алты жылдан бері Орта
Азия елдерінде жұмыс жасап келемін.
Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Олжас БЕРКІНБАЕВ