XX ғасыр басындағы «Сарыарқа» газетіндегі ұлттық мәселе
31.03.2020 3079

XX ғасырдың басықазақ халқы үшін үлкен өзгерістерге толы болды. Уақыт тегершігі  басқаша айналымға түсті.  Дербес ел болу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Ол үшін халық санасын ағартып, мемлекеттік сана қалыптастыру қажет.  Осыбір  алтын тұғырлы идеяны жүзеге асыру тек қана баспасөзге жүктелген болатын. Сол басылымдардың бірі де бірегейі «Сарыарқа» газеті еді. 

Аталған газет алаш қозғалысын айрықша құбылыс ретінде мойындатып, ұлтымыздың тарихи жолын жаңаша арнаға бастады. Ендігі жерде ұлт дербес өмір сүруге толық құқылы екендігін, өзге елдермен терезесі тең халық ретінде күн кешуге болатындығына халықты сендіре алған қайраткер басылым. Біз бұл жерде қайраткер сөзін жайдан-жай айтып отырғанымыз жоқ. Анығында Алашорданың үні болған «Сарыарқа» газетінің  «Қазақ» газетінен еш кемдігі жоқ. Бұл бірінші айтпағымыз болса, екіншіден, «Сарыарқа» газеті  – қазақ газеттерінің ішіндегі таза саяси басылым. Біз шама-шарқымыз жеткенінше осы жақтарына тереңірек мән беруге тырыстық.

1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Семей шаһарында жарық көрген «Сарыарқа» газеті осы күнге дейін толыққанды өз дәрежесінде зерттелді десек асылық айтқандық болар. Қазақ баспасөзінің тарихында біз осы басылымдардың  тек автобиографиясына ғана тоқталғанымыз болмаса, жекелей кітап ретінде оқығанымызға көп бола қойған жоқ. Журналистика мәселелерін зерттеу институты шығарған «Алаш көсемсөзі» кітабының 9-10 томдары арқылы ғана қолымызға тиіп отыр. Бұған дейін бұл басылымның бірізді жолға түсіп, терең зерттелмеуіне мынадай  қос мәселеле қол байлаған секілді. Біріншіден, төте жазуды танитын зерттеушілердің қатары аз болса, екіншіден, жарық көрген газет тігінділерінің толық күйінде сақталмауынан болса керек. Біз жеке кітап ретінде қолымызға тиген осы басылыммен жіті танысып,  оны кішігірім  зерттеу объектісіне айналдыруды жөн көрдік.

 «Сарыарқа» газетін зерттеу арқылы мынадай құндылықтарға қол жеткіздік. Газет авторлары үшін «өлімнен ұят күшті» сөзінің «ұяттан азаттық қымбат» ұғымына көтерілгендігін бағамдадық. Азат жол күресінде журналистика жанрларының мүмкіндіктерін барынша пайдаланғандығын көреміз. Қысқа ақпараттар, репортаж, мақала, очерк, тағы басқалары.

Баспасөздің  бар мақсатты барша қазақты мемлекеттік санаға шоғырландыру, түбі бір ұлтқа төнер  қауіпті алдын ала сақтандырып отыру қажет екендігін әр парақтың өн бойынан жолықтырдық.  Бұған бір ғана мысал. «Алғашқы екі жылда бала тек қана ана тілінде оқысын» мақаласы осы сөзіміздің  бұлтартпас дәлелі. Газеттің ой тазалығы мен тіл тазалығына,  ондағы авторлардың елшілдігі мен азаматтық күрескерлігіне таңданбасқа амалыңыз жоқ. Бізге керегі де осы. Бұл бүгінгі БАҚ-тың ең ақсап тұрған талмау тұсы екендігінде ешқандай шүбә жоқ. Міне «Сарыарқа» газеті бізге осы құндылығымен, осы бейнесімен маңызды. Олай болса  «Сарыарқаның» қазақ баспасөз тарихында ерекше орын алатыны сөзсіз.  Газет аз ғана уақыт ішінде салқынқанды, әм салмақты насихатпен  ұлы  ағарту жолындағы  майданға аттанды. Ия, дәл солай «соғыс майданына». Алғашқы күннен бастап, тек қана хабар мен жаңалықтар шеңберінде шырматылмай салмағы атан жілігін сындырардай ірі тақырыптарға барды. Соның ең бастысы – білім мәселесі. Білімсіз еш нәрсенің орындалмасы анық. Осыны ерте пайымдаған Мұхтар Әуезов «Сарыарқаның» №13 санында жарық көрген мақаласында бүй дейді: «Әрине, бірінші, сол оқығандардың бірлік, берекеде болып шоғырланбағы шарт; екінші  (олардың) істері маңызды, орнықты, табанды болуы үшін әрбір оқығанның ақтығы, екпіні, білімі (шарт).  Біздің мақсатымыз мал табу, шен тағу емес, надандық неше батпан болып үстіне артылып, зілдей қылып жатқан ауыр халқымызды өрге сүйреудің әдісін, тәсілін табуға тырысу екенін ұмыту жөн бе? Қашан да болса адам махаббат, мархабат, ақтыққа жастай шөлдесе, жастай сағынып талпынса, ұлтшылдық, адамшылдыққа жетпекші емес пе?». Мұндай сөз мәнерімен жас Мұхтар құрбыларына жұрт, ел пайдасына іс істеу керек екенін айтады, надан іске кіріссе құртады, сол үшін алдымен білімге бет бұрып, алдыңғы қатардағы жанашыр кісілерден тәлім-тәрбие алуға шақырған. «Сарыарқаны» шығарушы  Халел Ғаббасов  Алашорда үкіметінің Семей облысынан сайланған мүшесі, Үкімет төрағасының орынбасары, алаш қозғалысының көрнекті өкілдерінің бірі. Алашорданың сыртқы істер және қаржы министрі болған Халел Ғаббасовтың жауапкершілігімен жарыққа шыққан бұл басылым  өз бағытын анық көрсете білді. Парасатты іс-қимылымен таза азаттық  идеяға қызмет ету үшін дүниеге келген «Сарыарқа» газеті  Николай патшаның тақтан түскен уақытымен тұспа-тұс келді. Сол  кезді Алашорда қайраткерлері  өте сәтті  пайдалана білді десек те болады

Сонымен біз мақалада мына екі дүниені терең індетіп көрсек пе дейміз.  Біріншісі, «Сарыарқаның» «Қазақ» газетімен рухани сабақтастығы хақында болса, екіншісі, «Сарыарқа» газетіндегі саяси тақырыптары мен автономия мәселесі хақында. Біз осы арада мына бір мәселені  айырықша атап өткіміз келеді. Әйгілі «Қазақ» газеті патшалық заманнан бері қарай халық санасына азаттық рухын сіңірсе, «Сарыарқа» дүниеге келе салысымен оны жүзеге асыруға асықты. Дәлірек айтсақ ,«Қазақ» пен «Сарыарқа» газеттері бір-бірімен рухани сабақтас, үндес болды. Қазақтағы мынадай мегатақырыптар «Басқа жұрттардың халынан хабар беріп  таныстыру; сол мақсаттарды орнына келтіру үшін закондарды, хүкіметтің бұйрық-жарлықтарын білдіріп тұру; учредительное собрание турасында жете хабар беру; ішкі һәм сыртқы хабарларды жазып тұру; қазақтың бұрынғы һәм бүгінгі жайын жазу; күнелту, сауда, кәсіп, жер-су, егін-таран, мал шаруасы жайынан кеңесу; оқу-оқыту, мектеп-медіресе, ғылым-өнер, тіл-әдебиет турасында жөн көрсету; адам һәм мал дәрігерлігінің жайынан жазу» секілді тақырыптар «Сарыарқаның» да бұлжымас тақырыптарына айналды. Бұл газеттің басқа газеттерден басты айырмашылығы таза саяси басылым болғандығында. Мұнда әдеби шығармалар жоққа тән. Әлихан Бөкейхановтан Әлімхан Ермековке дейінгі алаш арыстарының саяси тақырыптарда жазылған  еңбектері мен саяси көзқарастары «Сарыарқа» арқылы қарашаға таралып жатты. Атап айтар болсақ Ж.Аймауытовтың «Тұр, бұқара! Жиыл, кедей! Ұмтыл, жастар!»,  «Мемлекет құрылысы» М.Дулатовтың  «Ұлы  орыстың  үстемдігі» тағы басқалары.

Алаш зиялылары, ХХ ғасыр басында 

«Сарыарқаның» тағы бір ерекшелігі «Сыртқы хабарлар» айдары жұмыс істеді, яғни шетел жаңалықтарына зор мән берілді. Ал, дербес автономия болу газеттің ең көп, ең қызу талқыланған мәселелерінің біріне айналды. Автономияның пайдасы  халыққа газет арқылы мына тұрғыда насихатталды: «Автономия – бас билік тізгіні өзінде болып, жұрт өзін-өзі билеу деген сөз. Біздің іздегеніміз – жерге, ұлтқа байланған автономия. Мұндай автономиялы жұрттың иемденген астында ауданды тұтас жер, қолында билігі болмақ. Билік үш түрлі: 1) заң шығару билігі; 2) сот билігі; 3) әмір– іс атқару билігі (хүкімет). Осы үш дөңгелекке бүкіл мемлекет ісі құрылмақ.  Автономиямен қатар саяси ұйым құру мәселесі де  күн тәртібінен шет қалған жоқ.

Халықтың азаттығы жолында құрылмақ ұйымның түзілімін Ж.Аймауытов жасады.

1.Қара бұқараға теңдік әперу жолында бас қосып, түсіндіріп, партияны

 тоқтату;

2.Комитеттерге зәбірсіз, таза кісілерден сайлату;

3.Ел ішіндегі атақты зиянды кісілердің көзін жоғалту;

4.Комитеттің істеген жұмысын бақылап отырып, жамандығы

шыққандарды түсіру;

5.Билердің билігін байқап жүріп, қиянат қылған, пара алғандарын

түсірту;

6.Қолы жете алмай жүрген нашардың ақысын алып беруге тырысу;

7.Халыққа алым-шығынды әділдікпен салдыру: кедейге кедейше,

байға байша;

8.Елге пайда келтіру жолында мектеп, уақ қарыз серіктігі,

потребительский лавкаларашу;

9.Ұрыны тию;

10.Оязный һәм обласной комитеттермен өз тұсынан хабарласып, не жұмыс болсахалыққа таратып һәм елдегі жұмысты комитеттерге білдіріп тұру». Бұл он тараудың осыдан бір ғасыр бұрын мәселе ретінде қойылғандығына қайран қалмасқа шараң жоқ. Бұл он мәселе мемлекет және оның болашағы барда алдыңнан шыға беретін мәңгілік мәселелер екендігі шүбәсіз.

        1917 жылы дүниеге келген «Сарыарқаның» 1918 жылдың қазанына дейін 50-ден астам саны жарық көрді. Бұл бүгінгі күнмен салыстырсақ  аз ғана болып көрінері анық. Аз санға көп міндет жүктеген, ең бастысы бар жігерін ел азаттығын жұмсаған мұндай газеттің салмағын бір мақалаға сыйғызып айтып беруге біздің де  шамамыз жете қоймас. «Сарыарқа»  отарлық шіре салынған ұлт санасының сырқатын анықтап ғана қоймай, оның ем- домын жасай білді. Біздің бар мақсатымыз  «Сарыарқа» газеті арқылы «ел қамын жеген ерлер еңбегімен»  танысу, солардың  жасындай жарқыраған  рухына аз да болса  құрмет жасау.

        «Сарыарқа» «Қазақ»  газетінің заңды мұрагері десек те болады

«...Газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдерді, оқығаны көп адамдарды газет арқылы халықтың алдына  түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық

айтып тұрады» («Қазақ» газеті 1913 жылы).

         XX ғасырдың басында қазақ даласына Ресейде болған төңкерістер біраз өзгерістер әкелді. Алғашқы орыс революциясынан кейін ұйым жасауға, кеңес өткізуге һәм сөзге еркіндік берілген тұста, қазақ зиялылары «қалың бұқарамен елді қалай ел қыламыз» деп келіссөздер жүргізе бастады. Сол ағарту саласында жұрт санасына  сілкініс жасап,  елмен қарым-қатынас жасау  тұғырнамасының ең атақтысы «Қазақ» газеті болды.

     Небары бес жыл ғана жұртқа қызмет еткен ол Орынбор қаласында аптасына бір рет, кейін екі рет жарыққа шыққан болатын. Қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылым болып саналатын бұл басылым жайлы  «Сарыарқаның» №17 санында бүй деп баға берілген екен «Бұл газеттің мақсаты: жұрт пайдасына көз болу; қазақ арасына ғылым, өнер жайылуына басшылық ету; басқа жұрттардың халынан хабар беріп, таныстыру; сол мақсаттарды орнына келтіру үшін закондарды, хәкімдердің бұйрық-жарлықтарын білдіріп тұру; учредительное собрание турасында жете хабар беру; ішкі һәм сыртқы хабарларды жазып тұру; қазақтың бұрынғы һәм бүгінгі жайын жазу; күнелту, сауда, кәсіп, жер-су, егін-таран, мал шаруасы жайынан кеңесу; оқу-оқыту, мектеп-медіресе, ғылым-өнер, тіл-әдебиет турасында жөн көрсету; адам һәм мал дәрігерлігінің  жайынан жазу» .

            Осы  тақырыптарымен-ақ, «Қазақ» пен «Сарыарқаның»  рухани сабақтас басылымдар екендігін бағамдауға болады. Бұл – біріншіден. Екіншіден, «Қазақ» газетінде материалдары тұрақты түрде  жарияланып жүрген  авторлар тобы «Сарыарқа» газетінің де бұлжымас авторларына айналды. Мысалы: А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Ғ.Қараш, Р.Мәрсеков, М.Жұмабаев, Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев, Ж.Сейдалин, С.Торайғыров, А.Мәметов, С.Дөнентайұлы, Х.Досмұхамедұлы, М.Әуезов және тағы басқалары.  Қос газеттің ең негізгі  айырмашылығы  жарық көрген жылдары мен басылып шыққан шаһары  өзге демесеңіз бәлендей айырмашылығы жоқ.

""

          «Қазақ» 1913-1918 жылдар аралығын қамтыса, «Сарыарқа» 1917-1919 жылдар аралығында жарыққа шықты. Тағдыры ұқсас, ұраны бір қос басылымның екеуі де елдік санамен сапалы білімге ден қойды. Екеуі де, қазақ халқының ойын дамытуға ат салысты. Әсіресе большевиктердің жұдырығы жұмылып күшіне енген  кезеңде қорғаныс жұмыстары мен халыққа ұғынықты үгіт-насихат еңбектері газет беттерінде  толассыз жүргізілді. Осыған мысал ретінде «Сарырқаның» 1918 жылығы № 41 санында жарық көрген Жас Алаш есімді  автордың  (белгілі ғалым Намазалы Омашевтың пікірінше Міржақып Дулатов болуы әбден мүмкін) «Біз қашан «біз» боламыз?» атты мақаласынан  үзінді келтіре кетейік.

         «Біз бұрын еркін жүрген елі бар, иеленген жері бар, ел бастаған көсемі бар, сөз бастаған шешені бар, намыс қуған ері бар, жауласқанға күші бар қазақ деген келелі жұрт екенбіз. Бостандықты жүгенсіздікке айналдырдық. Қарындасқа жаудай тидік, жұлдық, жедік; өтірік айттық, ұрлықты өрбіттік, өтірік шағым, өсекті ысқырттық. Бірімізді-біріміз мұқатыстық. Бірлікті алалыққа  айырбастадық.

         Партияластық, мал шаштық, көрінгенге жем болдық, теңдікті зорлыққа айырбастадық. Кедейді қорладық, ақысын жедік, алымды өстіре салдық, бажылдатып отырып, олай-былай шапқан шығынымызды төлеттірдік. Әділдікті ұмыттық, кім сөзімізді сөйлеп, сойылымызды соқпақшы болса, кімнің дүниелігі көп болса, соның жолына құрбан қылдық. Бұл бір сәрі. Мұнан да сорақы жұмыстарға кірістік: қара басымыздың қамы үшін қаны бір өзіміздей қазақты жеу, мұқату, кек алу үшін неше түрлі пәлені, ойдағы жоқ жаланы жапсырып, ел ішіне қарулы әскер (қызыл гвардия) апардық. Жалғыз тиындық жазығы жоқ өзіміздей қазақ баласын аттырдық, талаттырдық» .

         Бұл бұдан бір ғасыр бұрынғы қазақ халқының хал-ахуалын суреттеген мақала болтын. Аталған мақаласында автор мұндай жағдайға қазақ халқының қалайша душар болғандығын, бұған  кім себепкер екендігін айта келе мынадай қорытынды қылады: «Тек Алаштың анық балалары бірлігін бұзбаса, ішіндегі бұзақыларды ортасынан шығарса болғаны. Сонда біз «біз» боламыз. Сонда біз ел боламыз», –дейді.

       Жалпы бұл мақала береке-бірліктің ел үшін қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді, ал шынайы ұлт болудың ұйытқысы білім арқылы ғана келетіндігі белгілі жәйт. Осы бағыт жолында екі газетте ештеңеден тайынбай жұмыс жасады. Мәселен «Қазақ» газетінің 1917 жылғы № 212  санында  жарық көрген «Тарихи жыл» атты мақалада өткен жылға, сондай-ақ  жалпы қазақ тарихына қысқаша қорытынды жасап, халыққа білім хақында  мынадай насихат етеді: «Өткен жылдың уақиғасы оқудың керектігін енді еске түсірмесе, қазақ халқы жұрттықтан кеткені. Бұрын «біл»,«оқы» деген сөздер құрғақ насихат болып желге кетуші еді. Қазақ баласы енді оянбасаң мәңгіге шейін ұйқың ашылмай, қараңғыда, құлдықта, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткенің».

          Бұған ұқсас ұлтқа арналған насихаттар «Сарыарқаның» да беттерінде самсап тұр. 1917 жылғы №3 санында «Естиярлық сыналатын болды» атты мақалада, Имам Әлімбеков Семей қазақтарына үндеу ретінде былай дейді: «...Біздің Семей облысында орыс-қазақ жиылыстарында «қазақ әлі надан, өз бетімен іс қылуға жеткен жоқ. Қазақ ісін өзі билесе, іріп-шіріп өзімізге келіп бас ұрады. Бізсіз бірін-бірі талап алады» деген сөздерді орыстар айтып отыр.    Сол себептен аздан аз, көптен көп өкіл болу әділ жол болса да, Семей облысының комиссариатында қазақтан да, қазақ пен мұжықтардан да, жұмысшы мен солдаттардан да 15-тен өкіл кіріп, көп-аздық есепке алынбай кірсін десіп отыр. Бұл қазақтың жаңа заман кезде де ұттыра бастағаны.          Ұттыру себебі де өзімізден басқа халықтар әлдеқашан бірігіп, етек-жеңін жиып, түрініп, іске кірісіп, асырып ұпай алып жатқан да біз партияласып әлі ұйымдасып ауылный, болысной комитеттерді жасай алмай жүрміз» дейді. Осылай  жазу арқылы «Сарыарқалықтар» қазақтың рухын оятып, намысын жануды нысана ретінде  көздеді.  Байқасаңыз  мақала желісінде «әй, қазағым, сенің біреуден еш кемдігің жоқ, еңсеңді тікте ойлан, оқы, сол кезде ғана  өзгеден үстем боласың деген емеурін бірден байқалып тұр.

   Осы арада тағы  бір тоқтала кететін мәселе газеттердің өзара   байланыста болуында.  Бір газетте шыққан хабарды екінші газеттің нұсқа беріп көшіріп басуы. Мәселен  1917 жылы «Сарыарқа» өзінің №2 санында жарық көрген «Жалпы қазақ сиезін құру туралы» хабарды «Қазақ» газетінен көшіріп басқан болатын.  Ал «Қазақ» 1918 жылы «Сарыарқаның»  №26 санындағы «Қазақтан шыққан арамзалар» атты мақаласын көшіріп оқырманның назарына ұсынған еді.  Біз бұдан газеттердің рухани байланыста болғандығын, әрі бірін-бірі саналы түрде жарнамалап отырғандығын көреміз.

   Жарнама дегеннен шығады, «Қазақ» газеті  1917 жылғы кезекті бір санында «Сарырқаны» оқырманға жарнамалап бұлай дейді: «Семейде шығаруға қам қылып жатқан «Сарыарқа» газетінің 1- нөмірі келді. Газет қазірге жұмасына бір рет шықпақ. «Сарыарқа» қазақ  емлесімен шығару мақсатымен «Қазақ» басқармасында қызмет етіп тұрған Имам Әлімбековты Семейге шақырды.  Имам жүріп кетті. «Сарыарқа» көңілдегідей жақсы. Жолдасымызға құтты болсын айтамыз» дейді.  Осы орайда Имам Әлімбеков жайлы аз ғана дерек бере кетсек артық бола қоймас.

   1883- 1937 жылдар аралығында өмір сүрген ол «Алаш» партиясының қайраткері, ағартушы, публицист. Қарқаралыдағы орыс-қазақ училищесін, Семей мұғалімдер семинариясын бітірген. Қазан төңкерісіне дейін Семей мектептері мен гимназияларында мұғалім болды. 1917-18 жылы Семей өңірінде «Алаш» партиясының облыстық және уездік ұйымдарын құруға белсене қатысты. Облыстық қазақ комитетінің мүшесі, «Алаштың» Семей обкомы төрағасының орынбасары, «Қазақ» газеті басқармасының қызметкері.

  Алашорда атты әскерлер полкін жасақтаушылардың бірі, Семей уездік Кеңесінің мүшесі болды. 1919 жылы көктемінде колчакшылардың абақтысында отырып шықты. Кеңес үкіметі кезінде Әлімбеков ағартушылық қызметке  баса ден қойды. 1920 жылдан бастап  Қарқаралы педтехникумында, Бесоба, Милыбұлақ, Қу болыстарындағы, Ақтоғайдағы мектептерде, Қызылжар техникумында оқытушы болды. 1933 жылы «Алаш ісі» бойынша Мағжан Жұмабаевпен бірге 10 жылға сотталып кетеді, бірақ 1935 жылы ақталып шығады. Қарқаралыға қайтып, бір кездері өзі ашқызған Бесоба мектебінде оқытушы болып істеп жүргенде қайта ұсталады. Семей облысы УНКВД үштігінің үкімімен 1937 жылы 17 қыркүйекте ату жазасына кесілді.   Бұл азаматың есімі алты алашқа «Қазақ» газеттінде жарық көрген «Қазақ халқының тұңғыш съезі» атты мақаласы арқылы мәлім болып еді. Ондағы ахуалды  Имам Әлімбеков  терең сараптап, толыққанды  баяндап берген болатын. Көрдіңз бе, қазақ топырағында қандай  съез болсын  «Қазақ» газеті мен «Сарыарқа» басылымы толық мәлемет беріп отырды.

  Земство секілді маңызды тақырыптар қос басылым беттерінде алама кезек басылып жатты. Тіпті бірлесіп көтерді десек артық айтқанымыз емес.

    Ал, «Алашорда» автономия алғанда қос газеттің де қуанышында шек болған жоқ. Орынбордағы жалпы  қазақ съезінде дүниеге келген Алаш автономиясын  «Қазақ» пен «Сарыарқа» газеті елден шүйінші сұрап жарыса жазды.

        Әлімхан Ермеков өзінің «Жасасын, Алаш жасасын» атты мақаласында: Декабрьдің 12-сі күні түс ауа сағат 3-те дүниеге Алаш автономиясы дүниеге келіп, азан шақырылып, ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қазақ-қырғыз жұрты өз алдына ауыл болды; отансыз жұрт отанды болды.

        Автономия бізге өмірлік мақсат еді, алыстағы жұлдыз еді. Іштегі дертті айта алмай, күрмеліп жүрген қызыл тіл бұл күнде дүние жүзін жаңғыртып, алаш ұранын шақырып отыр. Алаш, көтер басты, уақыт жетті сүртерлік көзден аққан қанды жасты.

       Бұл бек тарихи күн. Бұл күнді көріп өлген алаш баласы мұратсыз, армансыз Жұрттың жұрт болуына, өмір жүзінде жеңіл дәурен сүруіне, ел қатарлы орын алып, жерге, мүлікке ие болып, жұрт қазынасын молайтуға, мәдениет жолында ұмтылып, ілгері басу үшін халықтың ұлттығын, дінін сақтап, әдебиетін гүлдендіріп ғылымын арттырып, адам тарихының бетінен орын алып, ат қалдыруына – баршасына  автономия  қазық  болып  саналады.

 Автономиясыз жұрт жер-суға жеке ие емес көптің ауызына қарайды» деп ағынан жарылып алаш баласынан сүйінші сұрады.

         «Сарыарқаның» №28 санында жазылғандай «Газеттердің тек  тақырыптары ғана ортақ емес, сонымен қатар авторлары да бір, мақсаттары да бір. Олар туған халқының көзін ашып, көмескі тартқан рухын оятып, біліммен қаруаландырып, бірте-бірте тәуелсіз ел болуға жеткізудің қиын да болса, ең сенімді жолын саналылықпен таңдап алды.

   Ал халық рухын оятудын басты құралы – ел арасына ресми түрде кең тарай алатын, бірақ ұлттық идеяны насихаттау басты мұраты болып табылатын газеттер».

      Азаттық нысанасын көздеген  ұлт зиялылары  саяси мақалалардың мазмұнына ғана мән беріп қойған жоқ, сонымен бірге сөз құдіретін де таныта білді. Сөз саптаудың сардары ретінде Міржақып Дулатовты, Жүсіпбек Аймауытовты ,  Мұхтар Әуезовты көреміз.

      Міржақыптың «Сарыарқаның» 1918 жылғы №41 санындағы  «Біз қашан «біз» боламыз?» атты мақаласы терең ой мен негізгі мәселенің тамырын тап басып  көрсетті. 

  «Біз бұрын еркін жүрген елі бар, иеленген жері бар, ел бастаған көсемі бар, сөз бастаған шешені бар, намыс қуған ері бар, жауласқанға күші бар қазақ-қырғыз деген келелі жұрт екенбіз. Келе-келе арасына араздық кірген ата-бабамыз бірін-бірі мұқату, бірінен-бірі кек алу, үстем болу үшін тегі басқа, тілі жат; жүзі жылы ойы жат елге барып қолтығына кіріпті.  Бұл ел еліміздің қай жерінен қаяу шығатын сырын білгенше алдына барған аталарымыздың бетін қайырмайды, маңдайынан шертпейді, сұрағанын беріпті, сылапты сипапты. Қайтып еліміздің іргесін ыдыратып, бірлік-билігін жойып таусылмас азық етуге, ішімізге кіріп, дерт болуға неше түрлі әдіс іздеп, тесік таба алмай жүргендер алғашқы кезде алдарқалатып, «терезең тең елсің» депті. Алалықтан адасқан аталарымыздың бірін сүйеп, бауырына тартып, екіншісінің ізіне түсіп, әлін кетіріп, өстіп еліміздің шырқын бұзып, басына құрсау, аяғына тұсау салыпты» дейді.

        Дос пен дұшпанның ара жігін ажыратып, жаттың жымысқы қылығын әшкерелейтін мұндай мақаланы көру қазір де қиын. Сөз бен ойды  қамшының өріміндей жымдастырып қолдану ол кездегі зиялы қауымның басты ерекшеліктерінің бірі. Қандай  қиын кезеңдер мен қуанышты сәттер  кезінде де бір тудың астына, бір мүдденің маңынан табыла  білген Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай мен Міржақып Дулатов  1917 жылы «Қазақ» газетіне «Алаш ұлына» атты үндеу жариялады.

         «Азаттық таңы атты. Тілекке Құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бүгін теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ. Неше ғасырлардан бері жұрттың бәрін қорлықта, құлдықта ұстаған жауыз үкімет, өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сапарға кетті».

       Төрт аяғын тең басқан жорға іспетті осындай ой мәнерімен сөз сабақтауды  бүгінде баспасөз беттерінен жолықтыра қоюңыз некен-саяқ.

         Қос басылымның  өзара тағы бір ұқсастығы   өзге мемлекеттердегі жағдайларды  баяндап отыратын «сыртқы хабарлар»  айдары болған. Бұл да қазақ әлеуметін жұмыр жер бетіндегі жаңалықтардан хабардар болып отыруды көздесе керек.

  Мәселен «Сарыарқаның» 2-нөмерінде «Тағы бір патша тақтан түсті» атты мақалада: «Грек жұртының патшасы Константин тақтан түсіп, орнын екінші баласы Александрға берді. Өзі, ханым, басқа балаларымен мемлекетін тастап, Италияға барып тұрмақ. Константин тақтан түсуіне себеп мынау: Түркиямен Балқан түбегіндегі төрт патша соғысып, оны жеңіп, қанша жерін алған соң,   Бұлғарияны жабылып шапқан. Бұл жорыққа Румыния мен Түркия да қосылған болатын. Балқан соғысынан кейін Сербия һәм грек хандықтары күшейіп, өздері одақтасып, арада уағда шарт жасаған: біріне-бірі көмек көрсетіп, күш біріктіріп, сырттан тиген жау болса бірігіп қарсы тұруға.

    Мына соғыс шыққаннан кейін грек патшасы уағдасынан бас тартып, Сербияға тұс-тұсынан жау ат қойғанда қол созбады. Бұ турада грек халқы екіге бөлінді. Бір жағы Сербияға болып, ынтымақ патшаларымен бірігу керек дейді. Олардың басшысы, бұрын министр болған Вензелос Константин патшаға қарсы тұрды. Константин жағы Германия жаққа бейімдеуге көңілі соқты. Константин Германия патшасы Вильгельмнің қарындасын алған. Сондықтан ана жақты қия алмайтын. Константинды ынтымақ патшалары орнынан тайғызуға ойлары болса да, Россияның ескі патшасы Николаймен де ол жақын еді. Константинның шешесі Романовтардың жақыны. Николай түскен соң Константинды түсіруге айналды. Бір жағы өз халқы, бір жағы ынтымақ патшалары екеуі бірікті. Сондықтан түсіргенін күтпей, өзі түсіп отыр. Халыққа, көпке жақпаған патшалар бұлай болып жатыр. Ойлағандарға осы үлкен ғибрат» дейді.

        Жоғарыда атап өткеніміздей «Сарыарқаның», «Қазақтан»  бар айырмашылығы, шыққан  жылы мен басылған шаһары  деген болатынбыз. Осы ойымызға мына бір аз ғана айырмашылықты қосақтай кеткеніміз жөн секілді. «Қазақ» газетінің «Сарыарқа» басылымынан бір өзгешелігі әдебиет әлеміне көп орын беруінде. Дәлел ретінде «Қазақтың» алғашқы нөмірінде Әлихан Бөкейхановтың  Лев Толстойдан, Лев Толстойдың  Десан Пиерден  аударған «Дін таласы» атты  тәржімасынан азғана сөз шығындай кетелік.

   Бұл тәржіманы бүгіндері діндегі әр ағымдардың идеясын қуаттап, бір мәмілеге келе алмай жүрген дін мамандары оқыса көп жайдың сырына қаныққан болар еді. Мақаланың  ең негізгі өзегі  бүкіл адамзат баласына ағайыншылық көзбен қарауға шақырады.

   Қос газеттің де бұлжымас қағидалары қоғамдағы келеңсіздіктердің салдарын  ғана сөз етіп қоймай, одан шығудың жолдарын қоса көрсететіндігі. Бүгінгі қазақ қоғамына қажет дүниенің бірі осы.

  Қайсыбір қайраткерміз деп жүрген азаматтардың қаламынан туған еңбектерін оқи қалсаңыз мәселеден (проблемадан) басыңыз айналады. Шығар жолын көрсетер маманды емге таппайсыз.  Бұл дегеніміз қоғам дертін тек бір жақты ғана бағалап, өзге бояуларын байқамау деген сөз. Алаш азаматтарының еңбектерінде ондай асығыстық пен байбаламшылықтың бірі де жоқ.

        1914 жылы «Қазақ» газетінде Әлихан Бөкейхановтың «Ұят-ай» атты мақаласы жарыққа шықты. Терең ойды сұлу сөзбен жымдастыра білген Әлихан  мырза  әлемге әйгілі кісілердің аттарын атай отырып, Лев Николайұлы Толстойдың аузымен «Ұят» деген ұғымның мағынасын қысқаша түсіндіріп береді: «Сол Толстой жазған хаттың аты «Ұят» еді. Осы хат атын өзге сөзге аударсақ, мағынасы мынау; біз адам емес пе едік? Осы жалғыз белгіден айырылып, ана төрт аяғына сиынған аталарымыздың аулына қайтқанымыз бар?

          XIX ғасырдың аяғында бірнеше адамдарды үкімет асып өлтірмек болғанда орыс философы Владимир Соловьев жұрт жиып сөйледі. Адам баласын асып өлтіру христиан жолынан тысқары деп. Осыны жария қылып айттың деп, үкімет В.Соловьевты Петербугтен айдады. В.Соловьев, қылған ісі, ғұмырындағы мінезі  Л.Н. Толстой мен Г.Н.Потанинде ғана бар. Осы  Соловьев философия жолында Дарвин, Спенсірге қарсы еді.

Бұларға айтатын дәлелі: «Хайуанда ұят жоқ, адам ұятты.» Бұл сипат, бұл мінез адамды адам қылатын, ақлақты көркемдететін процесс. Міне, көзіміз көрді Балқан соғысын. Мұнда болған істерді хайуандыққа қайтармай ұғынып білу қиын емес пе? Толстой, Потанин, Соловьев бізді қанша жоғары тартса да, біз тырысып шыға қашқан түйедей, төрт аяқтының аулына қашып   жатырмыз-ау деймін».

   Мұнда Әлихан Бөкейханұлы ұлы гуманизмді насихаттап, үлкен таным иелерінің сөзін халыққа үлгі етеді.            

       «Қазақ» алғаш шыққан күннен бастап  қазақ тарихына  айрықша назар аудара түсті. «Қазақтың тарихы» атты мақалада қазақтың не себептен қырғыз атауына ие болғанын, мұны қазақ тарихында әлі зерттелген жоқ екендігін тілдеріне тиек етеді. Жалпы «Қазақ» газеті алғашқы нөмірлерінен-ақ  қазақты ұлт ретінде  насихаттауды ең негізгі мақсаты санады.

        Ал, «Сарыарқа» болса ақпарат айдынындағы саясат мәселесіне желкен тартты. 1917 жылы № 2 санында жарияланған «Семейдегі екі обласной комиттетер жайынан»  мақалада былай дейді: «27 февральда бостандық күні туып, патшалық заманның туы құлады. Мемлекет билігі жалпы жұрттың қолына келді. Бірақ билік қолға келгенімен, мемлекет жұмысын жалпы жұрт бір жерде жиылып отырып істеп отырмақ емес.

   Бұл міндетті іске асырып атқаратын жұрттың сенім көрсетіп, ортасынан сайлап жіберген - өкіл депутаттары. Осы күнгі әр жерде көбейіп жатқан комитеттер сол жұрт билігінің сәуле суреті.

Жетінші мартта обласной қазақ комитеті ашылды. Қазақ комитетінің көздеген мақсұты әмір жүргізіп, билік құру міндетін атқару емес еді; қазақтың саяси жұмысына ғана кірісу еді. Мысалы, жаңа тәртіпке жұртты түсіндіру; ел арасына тыныштық орнату; учредительное собраниеге қамдану; қазақ пен орыс арасын жайластыру; билік құрған мекемелердің үстінен күзетші болу һәм сол сияқты қазаққа тиісті мәселелерге кірісу» еді дейді.

  Өздері атап  отырғандай «Сарыарқаның» мақсаты «қазақтың саяси жұмысына ғана кірісу». Олар осыны ғана алтын тұғырлы  меже етіп, осыны ғана күрескерліктің негізгі жалауы етті.

       Сонымен қатар «Сарыарқа» түрлі саяси тақырыптардың да  сайыс алаңына айналды. Қос газеттің екеуі де XX ғасырдың басындағы қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелерінен сөз қозғап, қазақ шаруашылығы, жер мәселесі, оқу-ағарту,  дін, бала тәрбиесі, әдет-ғұрып, салт-санаға қатысты қаншама еңбектер жазып ел санасын ағартуға  өз үлестерін  қосты.                                                                               

                                                                                          (жалғасы бар)