Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Абайдың 175 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде атап өту мақсатында «Абай және ХХІ ғасыр: дәуірлер сабақтастығы» атты онлайн конференция өтті.
Онда Абайдың түрік, әзербайжан, қырғыз, өзбек тілдеріне аударылған шығармаларының тұсауы кесілді.
Халықаралық Түркі академиясы түркі әлемнің тұғырлы тұлғасы, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған халықаралық «Абай және ХХІ ғасыр: дәуірлер сабақтастығы» атты онлайн конференцияда Академия басып шығарған бірнеше жаңа кітап таныстырылды. Атап айтқанда, Абай шығармаларының түрік тіліндегі толық жинағының және Мұхтар Әуезовтың 2 томнан тұратын «Абай жолы» роман-эпопеясының жарыққа шығуы оқырман қауым үшін елеулі жаңалық екені сөзсіз. Бұл туындылардың барлығын түркиялық аудармашы-қаламгер Зафер Кибар аударған.
Сонымен қатар профессор Нергис Бирайдың жетекшілігімен данышпан ақын туралы тың зерттеулер мен бұрын жарияланбаған құнды мақалалардан тұратын түрік тіліндегі ғылыми жинақтың тұсауы кесілді. Бұл көлемді басылымды Абайтану саласына қосылған қомақты еңбек ретінде атап өтуге болады. Себебі мұнда бауырлас түркі елдеріндегі танымал ғалымдардың Абайдың өмірі мен шығармашылығын жан-жақты қамтыған мазмұнды мақалалары топтастырылған.
Бұдан бөлек, Абай Құнанбайұлы өлеңдері мен поэмаларының қырғыз тіліндегі жинағы да оқырманға жол тартты. Бұған дейін де ұлы ақын шығармалары қырғыз тіліне тәржімаланғандар аз болмаған. Ал бұл алғашқы академиялық басылым болуымен маңызды. Жинаққа Абай мұрасының әр жылдарда аударылған туындыларының ең таңдаулылары топтастырылып, ғылыми түсініктемелерімен берілген.
Сондай-ақ Абай «Қара сөздерінің» белгілі публицист Аида Эйвазова тәржімалаған әзербайжан тіліндегі басылымы мен префессор Қозоқбой Йулдошев аударған өзбек тіліндегі нұсқалары қатысушылардың назарына ұсынылды.