Қар адамы, кісікиік: Қазақ даласын мекен еткен жұмбақ тіршілік иелері
Бөлісу
05.02.20265992
Қазақ даласы алуан-түрлі аңыздар мен ғажайып әңгімелерге толы. Солардың ішіндегі ең жұмбақтарының бірі – кісікиік (йети, алмасты деп те аталады) немесе қар адамы деп аталатын криптидтер.
Бұл тіршілік иелері қазақ фольклорында, тарихи жазбаларда және қазіргі куәгерлердің әңгімелерінде жиі кездеседі. Олар көбіне адамға ұқсас, жабайы табиғат аясында өмір сүретін түкті мақұлықтар ретінде сипатталады. Негізінен Алтай, Тянь-Шань, Алатау тауларында және қазақ даласының адам аяғы баса бермейтін шалғай аудандарында мекен етеді деп есептеледі.
Тарихи деректер мен көне жазбалар не дейді?
Қазақ фольклорында қар адамы немесе кісікиік туралы әңгімелер ежелден бар. Басында айтып өткеніміздей, бұл мақұлықтарды «алмасты» деп те атайды. Әрі ол түркі мифологиясында орталық Азия тауларын мекендейтін жабайы адам ретінде сипатталады. Көне түркі жазбаларында, мысалы, «Қорқыт ата кітабында» (IX–XI ғасырлар) қасқыр мен бөрі текті ғажайып жануарлармен байланысты аңыздар бар. Соның ішінде кісі киікке ұқсас элементтер де кездеседі. Қазақ демонологиясында кісікиік албастының бір түрі ретінде сипатталады. Ол биік тауларда жүретін адамтектес мақұлық-мыс.
Түркі-қазақ шежірелерінде, мысалы, Әбілғазының «Түрік шежіресінде» мен «Монғолдың құпия шежіресінде» хандар мен батырлардың жабайы адамдармен кездесуі туралы фольклорлық элементтер көп сақталған.
Көне мифтерде мұндай ғажайып жаратылыстардың негізінен Алтай мен Памир тауларында мекен ететіні айталыды. Жергілікті халық кісікиікті «киелі аң» деп санаған.
Атам қазақ ешкіммен араласпай саяқ жүретін адамды «кісі киік» деп жатады.
Адам тәріздес, күллі денесін түк басқан тіршілік иесі туралы аңыздар бүкіл әлемде таралған. Ол кісі киік, қар адамы, йети, сасквоч, бигфут деген атаулармен белгілі. Қазақстанда да бұл құпия тіршілік иесі туралы әңгімелер аз емес. Осыдан бірер жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысында кісі киік мал ұрлап жүр деген хабар тарады. Кейіннен Жамбыл облысының бір тұрғыны кісі киікке тамақ беріп, асырап жүр деген жаңалық шықты. Әрине, бұ жаңалықтардың барлығы да криптозоологтардың назарын аударып жатады. Белгілі ресейлік криптозоолог Игорь Бурцев Қазақстандағы «кісікиік» туралы аңыздардың миф емес, шындық екенін айтып мәлімдеме жасағаны бар. Айтуынша, Қазақстанда қар адамы жергілікті халықпен араласып тұрады. Ол саналы тіршілік иесі. Өзіне тән жазуы бар.
« Жамбыл облысында Қырғызстанмен шекараға жақын ауыл тұрғындары қар адамын жиі көреді. Тіпті азық береді. Талғарда да ондай адамдар бар. Қар адамы саналы тіршілік иесі, өз жазуы бар, руналар және бұтақ сынықтары арқылы өзара хабар алмасады. Ауыл тұрғындары оларды кісікиік деп атайды. Талғарда тұратын бір кісі олардың жазуын меңгеріп, руналар арқылы тілдеседі», - дейді ол.
Бурцев Іле Алатауы мен Талғар үңгірінде қар адамының іздерін суретке түсірген. Оның сөзіне сүйенсек, қар адамының өмірде бар екенін дәлелдейтін айғақтар көп, әсіресе Алтайдың қазақстандық бөлігі үлкен құпия жасырып жатыр. Айтпақшы ол қар адамын іздеу мақсатындағы бірнеше экспедицияға қатысқан білікті маман.
Адам сияқты тұтас денесін түк басқан мұндай мақұлықтар Жоңғар ойпатында көп болған. 1860 жылға дейінгі жазбаларда кісікиіктің жылқышылардың азығын ұрлайтыны туралы көп жазылған. Сол секілді 1960-70 жылдары 70-80 жастағы ақсақалдар кісікиік туралы жиі айтатын. Ол кезде табиғат шырқы бұзылмаған, адам табаны тимеген шатқалдар көп еді.
Енді сондай әңгімелерге оралсақ:
Тарбағатай өңірінде Қасабай атты кісі өмір сүрген. 1870 жылдардың ортасы болса керек. Қасабай бір күні аңдық жүріп аналық кісікиікті қолға түсіреді. Ауылға әкеліп, керегеге байлап қояды. Кісікиік буаз болады, сөйлейтін тілі жоқ, берген тамақты жемейді, адамша жылай береді. Ақыры үш күннен соң кісікиікті босатып қоя береді. Сол секілді қойшылар да жалаң аяқ адам іздерін көргенін айтқан. Олар адамға зиян жасамаған.
Кісікиіктер тік жүреді, күші көп, жүйрік, ақылды делінеді. Таулы жерде, сулы ойпатта мекендейді. Алтай, Тарбағатай, Үржар, Қалба жақта әлі күнге дейін мекен етеді делінеді.
2011 жылы Үржарда бір үйір кісікиік жүр деген ақпарат тарады. Тіптен бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінде арнайы мақала жарияланды. Мақалада Қарабұйрат ауылының мұғалімі Дәлелхан Біләлов пен 15 оқушы ағаш арасынан 5 жабайы адамды көргені айтылады. Кейін Қуат, Қуаныш және Мәди есімді үш оқушы суға шомылып жүрген үш кісікіиікті көрген.
2016 жылы Алтайда кісікиік ұрлап жүр деген ақпарат шықты. Шығыс Қазақстанның қарлы тауларында белгісіз жағдайда мал жоғалып жатты. Қой-ешкіні түнде біреу іліп әкетеді, ең қызығы артында із де қалмайтын. Жұрт арасында «малды қар адамы ұрлап жүр» деген әңгіме тарайды. Серік есімді малшы бойы 2 метрден асатын, қолдары ұзын, денесі жүнді мақұлықты көргенін айтқан. Мақұлық бір қойды іліп алып, ергеншек шарбақтан секіріп шығып, тауға қарай кетіпті. Бұл ауыл тұрғындарын қатты үрейлендірген болатын.
Сол секілді қытай қазақтарының арасында кісікиікке үйленген малшы туралы әңгіме бар. Оқиға Алтайдың Баркөл өңірінде болған делінеді. Малшылардың азық-түлігі жоғала бастайды. Сосын малшылар кезектесіп, қоста қалып, бақылау жасауға көшеді. Ақыры аңдып жүріп малшылардың бірі адамға ұқсас мақұлықты ұстап алады. кәдімгі адам текті. Бірақ, үсті жүндес әрі денесі биік, қолы ұзын екен. Салбыраған омырауынан ұрғашысы екені білінеді.
Бірақ тиіспейді, босатып қоя береді. Малшыдан қауіп болмаған соң кісікиік те қостан көп ұзай қоймайды. Жас жігіттің кезегінде қосқа келіп жүруді әдетке айналдырады. Бара-бара әлгі кісікиік әр күні отын, шөпшек теріп әкеп беріп, көмектесетінді де шығарыпты. Бара-бара малшының қосына да бірге кіретін болыпты. Ақыры жас жігіт кісікиікпен көңіл қосып қойыпты делінеді.
Қар адамы туралы алғашқы деректер
Қар адамы туралы ең алғашқы ақпарат 1889 жылы таралды. Ұлыбритания құрлық армиясының офицері Гималай тауының батыс терістігінде, теңіз деңгейінен 1500 метр биіктікте адамның жалаң аяқ ізіне ұқсас үлкен ізді байқады. Осыдан кейінгі 50 жыл ішінде бұл өңірде қар адамы үш рет байқалды.
1951 жылы ұлыбританиялық альпинист Эрик Шиптон Гималай тауынан қар адамының ізін тұңғыш рет суретке түсірді. Іздің ұзындығы 33 сантиметр, ені 20 сантиметрге жуық болған.
1986 жылы австралиялық альпинист Мишина Тибет үстіртінің шығысында қар адамымен бетпе-бет кездескен. Алайда, ол 2000 жылы шығарған еңбегінде қар адамын сирек кездесетін қоңыр аюдың бір түрі деп қорытындылады.
2003 жылы Сібірмен түйісіп жатқан Алтайдың қарлы тауларындағы үңгірден түк басқан жүнді білек табылды. Ғалымдар оның адамзатпен ұқсастығына байланысты «қар адамының білегі» деп мәлімдеме жасады. Бұл – қар адамы туралы әзірге жалғыз ғылыми дерек болып отыр.
1950 жылдары қар адамы туралы ақпарат кеңінен тарай бастады. Көптеген журналдарда альпинисттердің қар адамын көргені туралы мақалалар шықты. 1954 жылы Daily Mail газеті Гималай тауларына қар адамын іздеу экспедициясын ұйымдастырды. Экспедиция сәтсіз аяқталғанымен, қатысушылар қар адамы туралы біраз мәлімет жинады. Пангбоче мен Кхимджунг шіркеулерінде адам қолына ұқсас іздер табылды, бірақ ғалымдар оларды неандертальдықтардың қол ізі деп есептеді.
Кеңестер одағы да 1950 жылдардың соңында Ғылым академиясы қар адамын зерттеу комиссиясын құрды. Құрамға Обручаев, Нестурх, Константин Станюкович, Игорь Тамм сияқты ғалымдар кірді. 1958 жылы Памир тауларына экспедиция ұйымдастырылды, бірақ ешқандай айғақ табылмады. Ақфр соңында Комиссия қар адамы туралы әңгімелерді аңыз деп қорытынды жасады. Бірақ соған қарамастан, экспедициялар жалғаса берді.
1979 жылы Гиссар тауларында гоминоидтың аяқ іздері табылды. Іздің ұзындығы 34 см болған.
Айтпақшы, Роджер Паттерсон мен Боб Гимлиннің қар адамы бейнеленген жазбасы бар. Видео 1967 жылы Солтүстік Калифорнияда түсірілген. Алайда 2002 жылы Рэя Уоллес қайтыс болған соң, оның жақындары фильмнің өтірік екенін айтты.
2009 жылы да Кемеров облысындағы Шория тауларында бойы 1,5-2 м қар адамы түсірілген видео тарады. Бірақ оның шынайылығы әлі нақтыланған жоқ.
Қар адамы - Азиядағы Гималай тауларында мекендейтін деп есептелетін мифтік жаратылыс. Бұл аңызға айналған тіршілік иесі туралы деректер ежелгі фольклордан басталып, қазіргі заманғы ғылыми зерттеулерге дейін жалғасады. Қар адамының болуы әлі де дәлелденбеген, бірақ оның аңызы мәдениетте, кино мен әдебиетте кеңінен таралған.
Сипаттамасы
Қар адамы үлкен, екі аяқты маймылға ұқсас жаратылыс ретінде сипатталады. Оның бойы 1,8-тен 3 метрге дейін жетуі мүмкін, денесі қоңыр, сұр немесе ақ жүнімен жабылған, кейде өткір тістері бар деп айтылады.
Көбіне қар басқан таулы аймақтарда өмір сүреді деп есептеледі, бірақ кейбір аңыздарда ормандарда да кездеседі. Қар адамының іздері адамның ізінен 3 есе үлкен болуы мүмкін, ал оның жүрісі адамға ұқсас, бірақ маймылдық белгілері бар.
Мысалы, 1951 жылы Эрик Шиптон түсірген іздің фотосы әлі күнге дейін негізгі «дәлел» ретінде қарастырылады. Ол із адамдікіне ұқсас.
Қар адамы туралы аңыздар Гималай өңіріндегі (Непал, Тибет, Үндістан, Бутан) ежелгі фольклордан басталады. Будда мифологиясында Қар адамы ұялшақ, бейбіт жаратылыс ретінде сипатталады, ол қар үңгірлерінде тұрады.
Ежелгі жазбаларда, мысалы, Ұлы Александрдың (б.з.д. 326 ж.) жорықтарында Қар адамы туралы айтылады, бірақ бұл деректердің шынайылығы күмәнді.
XIX ғасырдағы зерттеушілер, мысалы, орыс зоологы К.А. Сатунин Кавказ тауларында алмастыны көргенін сипаттаған, ол адам сияқты қозғалатын дейді.
1899 жылы алмасты туралы есептер бар, ал 1913 жылы ресейлік анатом Хахлов Императорлық ғылым академиясына зерттеуін ұсынған, бірақ бұл жазба белгісіз жағдайда жоғалып кетті.
Батыс әлеміне Қар адамы 19 ғасырда белгілі болды. 1832 жылы Британ резиденті Брайан Ходжсон Непалдағы "жабайы адам" туралы алғашқы есеп берді.
1921 жылы Эверест экспедициясында Чарльз Ховард-Бери үлкен іздерді көріп, оны "метох-кангми" (адам-аю қар адамы) деп атады. Журналист Генри Ньюман бұл сөзді қате аударып, "Abominable Snowman" (қарқырап тұрған қар адамы) деп жазған.
1953 жылы Эдмунд Хиллари мен Тенцинг Норгей Эверестке шыққан кезде үлкен іздерді көрген.
20 ғасырдың ортасында экспедициялар (мысалы, Дэниел Тейлордың 60 жылдық іздеуі) Қар адамын іздеді, бірақ нақты дәлел таппады.
Қар адамының түрлері:
Dzu-teh - үлкен (2,5 м), агрессивті, төрт аяқпен жүреді.
Meh-teh - адам өлшеміндегі, қоңыр жүні бар.
Teh-lma - кішкентай, күшті.
Бүгінге дейін қар адамы туралы жүздеген видео, мыңдаған фото тіркелген. Көбіне Непал, Тибет, Ресей және Үндістанда. Мысалы, 1960 жылдары Шерпа Соннам Хиша Қар адамын көргенін айтқан. Бірақ олардың көбі жалған болып жатады.
Сол секілді түк, жүн, шаш және сүйек дәлелдер де бар. Бірақ көбі аюдың (қоңыр аю, Азия қара аюы) болып шықты.
ДНК талдаулар
Ғалымдар қар адамын криптозоологиялық миф деп санайды. ДНҚ зерттеулері көрсеткендей, «Қар адамының» үлгілері Гималайдағы сирек аюларға (Тибет қоңыр аюы, Гималай қоңыр аюы) тиесілі екенін айтады.
Кейбір теориялар қар адамының расында өмір сүрген дейді. Бірақ ол 300 мың жыл бұрын жойылған.