С. Дворцевой: «Сценарийді Самалға арнап жаздым»
28.05.2018 1010
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде Самал Есләмова мен Сергей Дворцевойдың қатысуымен баспасөз конференциясы болып өтті

Актриса үздік әйел рөлі аталымы бойынша Канн кинофестивалінің сыйлығын жеңіп алғаннан кейін оның айналасында бұрын-соңды болмаған ажиотаж көтерілді. Самал Есләмова режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмінде басты рөлді сомдады. Самал Есләмова қарапайым қыз екен, содан болар сұрақтардың көпшілігіне Сергей Дворцевойдың өзі жауап берді. Самалдың Канн кинофестиваліндегі жеңісі ол үшін үлкен қуаныш болды: 

– Менің айтарға сөзім жоқ. Бұл – ұлы табыс. Әлемнің үздік 20 фильмін таңдап алатын басты конкурс – Канн кинофестивалі. Кейін солардың ішінен үздік актрисаны таңдайды. Қазақстандық актриса үздік деп танылды. Оны туған қазақ жері. Канн фестивалі – ғаламшарымыздағы басты фестиваль, және ғаламдық ауқымдағы оқиға. Ештеңе айтпай-ақ күлімдеу менің бақытты екенімді білдірсе керек.  

– Фильм қашан шығады?

– Картинаны толық біткеннен кейін, бір-бір жарым айдан кейін көруге болады, өйткені біз Канн фестивалінде оның алғаш жазылған нұсқасын көрсеттік. Картина – Канн фестивалінің тарихында бар болғаны 40 минут қана көріп алынған тұңғыш фильм. Мен оны бітіремін деп уәде бергем, фестивальге небәрі екі күн қалғанда біз оның алғашқы нұсқасын аяқтадық. Тіпті сол алғашқы нұсқасының өзінде де Самалдың рөлді ойнауы керемет болды! Сондықтан да бұл, сөзсіз, жеңіс.

– Төрешілердің реакциясы туралы айтып берсеңіз. Қаралымнан соң, біз залдан шықтық, баспалдақпен төмен түсіп, бір қақпалардың жанына келіп тоқтадық. Кенет Самалға бір әйел таяп келіп, оны құшақтап, екі минут бойы құшағынан жібермей тұрды. Ол кеткеннен кейін, бізге оның төрешілер төрағасы Кейт Бланшет екенін айтты. Оған Самалдың ұнап қалғаны түсінікті.

– Неге дәл Самалды таңдадыңыз?

– Маған көп адам: «оның қолынан келмейді, ойнай алмайды» деген еді. «Тюльпан» фильмін түсірген кезде ол бар болғаны 19-да ғана болатын. Бірақ, режиссерлік интуиция болар, оның қолынан келетінін бірден ұқтым. «Тюльпан» картинасын ғана емес, осы картинаны да. Мен тіпті сценарийді Самалға арнап жаздым. 

– Фильм идеясы қалай пайда болды?

– Мәскеуде 250 қырғыз әйелінің балаларын жетімдер үйінде қалдырып, өз баласынан бас тартқандарын білетінмін. Бұл мені таңғалдырды, өйткені мен Қазақстанда өскем, азиялық әйелдердің менталитетін жақсы түсінемін. Баласына деген толқыныс сезімі – кез-келген ананың табиғатына тән, бірақ, азиаттық әйелдің сезімі ерекше. Неге олар балаларынан бас тартады, не боп жатыр деген ойға кеттім де, осы мәселені зерттей бастадым, нақты тағдырларды көргеннен кейін, оларды осылай жасауға өмірдің өзі мәжбүрлейтінін ұқтым.  Бірақ, қазір бұндай құбылыстар азайды. Осы тақырыпқа фильм түсіргім келетінін сол кезде ұқтым. Әрине, қырғыз актрисасын алған жеңіл болар еді. Бірақ, мен Қырғызстанда осындай деңгейдегі актрисаны білмеймін. Ал, Самалды жақсы білемін. Геннадий Островскиймен сценарий жазған кезде де, оның Самалға арналып жазылып жатқанын білдім. Актер үшін талантпен қоса, мінез де маңызды. Самалдың ішкі негізі, ол бастаған ісін аяғына дейін жеткізеді, ешқашан берілмейді.

– Сергей, сіздің фильмдеріңізде Қазақстан, қазақы нақыш жиі кездеседі. Бұл немен байланысты?

– Барлық фильмдерімнің қалай болғанда да Қазақстанмен байланысты болатынын маған жиі айтады. Фильм қырғыз әйелі туралы сияқты, бірақ Самал түседі.  Асхат Кучинчерековтың аздаған рөлі бар, ол «Тюльпан» фильмінде басты рөлді сомдады. Өзіңнен қашып кете алмайсың. Өйткені, өмірімнің 29 жылы Қазақстанда өтті. Бұлар тамаша жылдар еді! Анам әлі де Шымкентте тұрады, туыстарымның көбі сонда тұрып жатыр. Оларға жиі барып тұрамын. Мен қазақстандықтармен жұмыс істеген кезде олардың менталитеттері байқалады. олар жақсы жұмыс істейді және бір-бірін жақсы түсінеді.

– Рөлге дайындық қалай жүрді?

– Самал менің арнайы тапсырмам бойынша Қырғызстанға барып, сол жерде біршама тұрып, қырғыз тілін үйренді. Бірақ, ол дегенмен қазақ қызы болғандықтан және оның қазақша акцентіне қатысты сұрақтар тумас үшін, біз оны фильмде Таластың қызы етіп көрсеттік. Бұл Қазақстанның шекарасында. Алайда, ол қырғызша сөйлейді. Бұл зор еңбек.  

– Фильм көрсетілімінен кейін, жаңа ұсыныстар болды ма?

– Оны Томас Винтерберг шақырған. Бұл үздіктер қатарына кіретін даниялық режиссер. Ол басты конкурстарға үнемі қатысады. Қазір ұсыныстар көбейе түседі.

– Канн кинофестивалінің бағдарламасына «Тюльпан» фильмі де қатысты.

– «Тюльпан» – бұл қазақ отбасының хикаясы, қазақы оқиға. Біз оны ОҚО-ның Созақ ауданында, «Қазақфильм» киностудиясымн бірлесе отырып түсірдік. Бүкіл әлемде «Тюльпан» – қазақ картинасы.  Біз қарапайым шопан отбасының  хикасын көрсетсек те, маған түрлі елдің адамдары келіп: «қандай керемет, тіпті, бай емес адамдардың өзінде қаншама адамгершілік бар, олар сондай керемет» деген еді. Жалпы, «Тюльпан» зор табысқа ие болған.

Самал Есләмова да бірнеше сұрақтарға жауап берді.

– Самал, сіздің фильміңіз?

– Маған ирандық Асгар Фархадидің  «Надер мен Симиннің ажырасуы» фильмі қатты ұнайды. Сүйікті актерлерім де бар, маған олардың ойынын тамашалаған ұнайды. Мысалы, Марион Котийяр қатты ұнайды. Әрине, жақсы әртістер, жақсы фильмдер өте көп.  

– Самал, шығармашылық үшін қай қаланы жайлы дер едіңіз? Қайда тұратын боласыз?

– Қазақстан – менің елім, Мәскеуге де бауыр басып кеттім. Олар мен үшін әрқашан жақын болып қала береді.  Маған барлық рөлдер қызықты. Сонымен қатар, өз картиналарын өте шынайы жасайтын режиссерлермен жұмыс істеу қызықты.

Ресейдегі Қырғызстан азаматтарының еңбегі туралы айтқан сөзін есіне түсіре отырып, журналистер ҚР Мәдениет және спорт министрі  Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫна фильм тақырыбы бойынша сұрақ қойды:

– Олардың арасында ешбір байланыс жоқ. Кейбіреулер бұл картинаға «Қазақфильм» тапсырыс берді деп ойлайды. Бірақ, бұл Сергейдің өзінің жеке жобасы. Ол оны бірнеше компаниялардың қолдауының арқасында жеке инвестицияларға түсірді. Қазір онымен «Қазақфильм» арқылы қызметтес болу ниетіміз бар. 

ҚР Мәдениет және спорт министрі  Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, биылғы 1 шілдеде Астанада өтетін Еуразиялық кинофестивальге шақырды.