Белгілі де белгісіз Вьетнам
22.03.2018 1813
Журналист пен қасқырды аяғы асырайды. Қолыма қалам алғалы естіп келе жатқан тәмсіл.

Журналист пен қасқырды аяғы асырайды. Қолыма қалам алғалы естіп келе жатқан тәмсіл. 

Бірақ дәл осы жол Вьетнам еліне жолым түседі деп мүлде ойламаппын. Дәм тартса, жол түссе теңіз кешіп, тау асарың анық қой. Сонымен 19 ақпан күні Астанадағы Н.Назарбаев атындағы Халықаралық әуежайдан Бангкок бет алдық. Бағыт Тай елінен Хошимин қаласына жету. Отандық нарықтағы көшбасшы әуе компания «Эйр Астананың» жанға жайлы заманауи ұшағына отырып, қажетті биіктікке көтерілген соң жан-жағымды шола бастадым. Артқы орындықта шолп-шолп сүйісіп отырған жұпты қазақтарға ұқсатпадым. Түрлеріне қарасам үнділіктер секілді. Бәлкім тайлықтар болар? Қолыма Астанадан осы сапарға арнайы сатып алған Ермек Тұрсыновтың «Мелочи жизни» кітабын алдым. Бірінші беттен тартып әкетті. Ауыл, балалық шақ, жып-жылы естеліктер. Есіме осыдан бір-екі жыл бұрын белгілі бір мәдениеттанушымыздың қазіргі қазақ авторлары ауылдың айналасынан шықпай қалған деген сөзі түсті. Бірақ бұл ойды бүгін ғана фейсбук әлеуметтік желісінен қазақ өзін танып, тек қана қазақша жазса, әлем оған өзі келеді деген бір ағамыздың жазбасы күл-талқан қылды. Шынымен ауыл біздің тірегіміз емес пе? Қазақылықтың өзі ауылда жатыр деп ойлаймын? Әрине мен арақ ішіп, «күзір айт» ойнайтын ауылды оған қоспаймын. Тек көзге көрінбес, қолға ұсталмас ауылдағы қазақы менталитеттің арызқойлық пен рушылдыққа былғанбаған кей тұстарын қосамын.

Ұшақ 11 мың метр биіктікте самғап келеді. Картадан қарасам Өзбекстанның Ташкент пен Жызақ облысының үстінен ұшып келеміз. Тәжікстан шекарасынан өтіп, Ауғанстан асыппыз. Өткенде ғана өзім жүріп өткен жерлер, картада ирелеңдеп қалып жатыр. Терезе тұсқа отырыппын тым суық. Әуе температурасы -60 градусты көрсетіп тұр. Амал жоқ алдыңғы жақтағы басқа орынға ауысып отыруға тура келді. Сөйтсем, бұл орындар сатылады екен. Алдын айтқанда түсінбегем, тіркелер алдын 50-60 долларға сатып алу қажет дейді. Онысын қайдан білейін? Кітабымды құшақтап, журналист екенімді және дәл осы жазбаларды қағазға түсіру керектігін айтып, тұп-тура 1 сағатқа сұрап алуға тура келді.

Ермек ағамызды ең алғаш рет қашан көргенімді есіме алдым. 2010 немесе 2011 жылдар. Әлі студентпін. Бір күні Ұлттық кітапханада «Мәмлүк» деген кітаптың тұсаукесері болады, барыңдар деген деканаттан нұсқау түсті. Жетіп бардым. Бірінші қабаттағы кіші залға кіре берсем, сахнада бір аға мен апай әңгіме айтып тұрды. Жақындап барсам Ермек ағамыздың дәл өзі. Балалық па, шалалық па, «О, аға! Ой, «Келін» деппін де қолымды ұсына беріппін. Дым да ренжімеді. Қасындағы апайға қарап күлді де амандасып өте берді. Әрине, ол кезде, «Мәмлүк» кітабы шараға келген түрлі ғалым апайлардың қолында кетті. Кеңестік кезеңде кезекте тұрып ысылған кісілер біз секілді Тәуелсіздік құрдастарын шынтақтың ұшымен, арқаның күшімен ығыстырып, бір қорап кітапты көкпар талағандай қылды. Сол «Мәмлүікті» бүгін сатып алуға тура келді. Арада біраз жылдар өтіпті. Өкінішке орай, ол кітап шабаданыма сыймай қалды. Ештеңе етпес, елген аман-сау оралып, асықпай оқырмын.

220 адамдық ұшақта 180-ге жуық жолаушы отырды. Көбісі аязы қатты Астанадан жалығып, Тайландқа демалуға бара жатқан секілді. 7 сағаттық жол жалықтырмас үшін Ресейде дау-дамай тудырған «Левиафан» және «Матильда» киноларын көрмекке ноутбукты ақырын ғана қоса бердім. Тың тақырыптар, тамаша туындылар. Байқауымша көршілеріміз соңғы жылдары тарихи картиналарды көптеп түсіре бастады және олар сәтті шығуда. Мысалы, өткенде ғана отбасыммен барып көрген «Коловрат туралы аңыз». Батый ханның өзі орыс сарбазының аяғына барып жығылады. Тарихтан онша хабары жоқ кей жастар мен көрермендердің қанаттанып шығары анық қой. Осындай ойдың жетегінде отырғанда ұшағымыз Бангкокқа төмендей бастады. Түнгі қала үлкен көрінді. О шеті мен бұ шетіндегі көше шамдарына көз жетпеді. Жыландай ирелеңдеген қаланың түнгі көшелерінің шеті жоқ секілді. 5,5 миллионға жуық қалада күн ыстық көрінді. Жылына 49 миллионға жуық жолаушы қабылдайтын Суварнабхуми (алтынды жер деген мағынаны білдіреді) әуежайында аялдадық. Күн ыстық аймақ болғандықтан ба, әуежай құрылысы цемент күйінде қалыпты. Әктеу, сырлау, бояу деген құрылыс жұмыстарын әуежай қабырғаларынан мүлдем байқамадық. Тай асханасынан дәм таттық. Асшаяннан жасалған дәм келді. Оңтүстік-Шығыс Азияның асханасымен танысуымыз дәл осы жерден басталды. Бұл туралы алда әлі біраз тоқталатын боламын. Түрлі шөп-шаламды әлгі асшаянмен араластыра жеп, тоқ басқан соң 3-4 сағат тынығып, Хошиминге апаратын ұшаққа жайғастық. Мұнда да адам көп. Жолаушылар лық толы. Байқауымша елдерінде ауа-райы қолайсыз, бірақ әлеуметтік жағдайлары жақсы еуропалықтар секілді көрінді. Бұл ойымның дұрыстығына Вьетнамда талай көз жеткіздім. Себебі, жылжымайтын мүліктерін жалға беріп, қашықтықта отырып жұмыс істейтін еуропалықтар мен ресейліктерді көп кездестірдім. Олардың арасында қазақтар да бар екен. Бірақ Дананг қаласында болғандықтан, жету қиын болды. Ол үшін Хошиминнен әрмен қарай тағы ұшу керек.

Хошимин қаласы

Қалаға түс әлетінде қондық. Күн деген жанып тұр. Ұялы телефоныма қарасам, +34 көрсетіп тұр. 6 кісілік Тойота көлігіне жайғасып, қонақ үйге тарттық. Сұрастырсақ, мұнда шетелден келетін импорт көліктерге салық тым жоғары дейді. Мысалы, қымбат маркалы немістің көлігін алсаң, мемлекеттік салық көлемі 200 пайыз екен. Ал, өз елдерінде құрастырылатын көлік салығ ы 10 пайызды құрайды. Сондықтан да Вьетнам барып, Toyota Innova маркалы көлікті көп көрсеңіз таңқалмаңыз. Бірақ көлік қымбаттығына бас қатырып жүрген веттіктерді байқай қоймадым. Себебі, көше толы мотоцикл. Ілияс ағамыз айтпақшы, ондай көп мотоциклді көзімді ашқалы көрмеген шығармын. Жол ережесіне пысқырып қарамайтын олардан абайламасаңыз қағып кетуі бек мүмкін. Сол себепті де жолды кесіп өтерде айқайлап, өзіңнің бар екеніңді екі қолыңды ербеңдетіп көрсетпесең жағдай қиындау.

1920 жылы іргетасы қаланған Majestic Saigon қонақ үйіне жайғастық. Қаншама уақыт француздардың қол астында болғандықтан ба, қаланың көне ғимараттары батыстық үлгіге көп ұқсайды. Біз жатқан қонақ үйде сол бағыттан қатты ауытқып кетпепті. Қаланың қақ ортасында орналасқан. Терезеден Сайгон өзені көрініп тұр. Америкалық фильмдердің арқасында аты танылған Сайгон еді бұл. 300 жыл бұрынғы деректерде дәл осы атаумен жазылған. Жа Динь бекінісі қаланың негізін қалаған. Өркениеті, өзіндік мәдениеті қалыптасқан. 1859 жылы француздар жаулап алғаннан соң Сайгон көтеріліс ошағына айналған. 1976 жылдың 2 шілде күні Сайгон атауы Хо атайдың есімімен алмастырылады. Хо Ши Мин демекші вет елінде бұл кісіні өте көп құрмет тұтады. Көптеген мекемелерде бюсті мен гүлі тұрады. Елде қазіргі кезде Хо атайдың идеологиясын бағдар етіп ұстанған саясат жүргізіледі. Оны өз тілдерінде «tư tưởng Hồ Chí Minh» деп атайды. Елде жүріп, Дидахмет Әшімханұлы ағамыз авторлық еткен «Хо Ши Мин. Өмірбаяны» деп аталатын еңбекті оқып алғанымыздың көп жерде көмегі тиді. Ағылшынша еркін сөйлейтін вьетнамдықтармен сөйлескенде «рухани көсемдері» туралы тақырыпқа ойысқанда, қуанып қалатындары көздерінен байқалып тұрды.   

Хошимин көшелері

Әл жинап, тынығып алған соң, негізгі мақсат – осындағы қазақтарды іздестіре бастадық. Ғалым есімді бауырымызды таптық. Сұхбат уақытын келісіп, қаланы аралауға шықтық. 10 миллионға жуық тұрғыны бар Хошимин көрікті қала. 170 жуық базары бар. Samsung секілді өндіріс ошақтары көптеп орналасқан. «Шығыс Парижі», «Қиыр шығыс жауһары» деп бекер айтылмапты. Өте әдемі шаһар. Вьетнам елінің экономикалық және туристік орталығы. Портты қала болғандықтан ерсілі-қарсылы жүзген сауда кемелерінен көз тұнады. Осылайша уақыт өткізіп жүріп, қаланың сырт жағында вьетнам-американ соғысында елеулі рөл атқарған Ку-Чи ауылына тарттық.

Ку-Чидегі жер асты жолдары 

Қала маңындағы бұл ауыл вьетнам халқының азаттық соғысы кезінде көтеріліс ошағы болған. Американ жаяу әскерінің дәп алдынан партизандар 15 жыл бойы жер асты жолдарын қазған. Қалың орманның ішіндегі бұл мекенге жетудің өзі оңай емес. «Жер асты ауылы» деп те аталатын аспан астындағы ашық музейге айналған Ку-Чиден Камбоджаға жетуге болады. Әрине жер асты жолдарымен. Ұзақтығы шамамен 187 шақырымдай. Жергілікті халықтың айтуынша, тунельдер жер астына қарай бірнеше қабатпен қазылған. Кейбір жерлері 11 қабат үйдің биіктігіне жетеқабыл. Түсіп көрдік. Абайламасаң, адасып кетуің бек мүмкін. Оның үстіне пәкене бойлы вет халқының көлеміне лайықтап қазылғандықтан, кей тұстарында кептеліп қалуың қиын емес. Ауқымы жағынан көрмесек те, қаншама рет оқып-білген «Париж катакомбасынан» кем емес-ау деп топшыладық. Соғыс уақытында қаншама американдық солдаттар дәл осы жерде ажал құшыпты. Бізді алып жүрген әскери киімді гид бір ізбен жүруімізді, қаншама уақыттардан бері залалсыздандырылмай жатқан миналардың әлі де бар екенін қатаң ескертті.

Ку-Чидегі жер асты жолдары осы

Ауыр артиллерия мен 100 келілік бомбалардың жарылысын көтеретін жер асты кешенінің құрылысы ерекше. Жер астында мектептер, әскери госпитальдар, командирлер бөлмесі, жалпы казарма, түрлі жиналыс залдары бар. Мұның бәрі 10-15 метр тереңдікте. Соғыс жылдары бір сәтте дәл осы кешенде 20 мыңға жуық адам жан сақтаған. Қазір туристерге ыңғайлап түрлі лашықтарды қойған. Ыстық күнде шөл басқанға таптырмайды. Бір байқағаным, осы маңда маниок (латынша атауы Manihot esculenta) немесе вьетнам картошкасы әр талдың түбінде өседі екен. Демек жау әскерімен соғысқан ветнамдықтар азықты алыстан іздемеген. Тамағы - талдың түбінде, қалағаныңша үзіп ал да жей бер. Дәмін татып көрдік. Шикі картоптың дәміне келіңкірейді. Қоңырқай ветнам тұзымен араластырып, соғып алдық. 

Маниок дегеніміз осы екен

Германиядан келген туристер тамсанып жатты. Сұрастырсам, ағзаға түрлі дәрумен беретін таптырмас өсімдік деген жауап алдым. Бірінші рет жеп тұрған жеңсік ас болғандықтан, бірдеңе деуді ыңғайсыз санадық. Қонақ қойдан жуас, не берсе де жей береді деген қазақ мақалын еске алып, айналамызды зерттеуді одан әрмен жалғастыра бердік.

Біз дәм татқан маниок

Ал, жер асты жолдарының ені 60-120 сантиметр аралығында. Сондықтан, түсер алдын абайлағаныңыз жөн. Бір күндік қыдырыс құны  115 000 VND, және түскі асқа қосымша 45 000 VND тағы төлейсіз. Ақпарат үшін 1 АҚШ доллары – 22 000 Вьетнам донгы.

Ку-Чидегі партизандардың жер асты штабы

Нақты мекен-жайды былай бергенді жөн көрдім: Phu My Hung, Cu Chi, Хошимин. GPS координаттар: 11.145330, 106.464172.

Хошимин-Ханой

Мұндағы негізгі шаруамыз аяқталып, іссапар демеушісі Оралбек Қожамжарұлының іскерлік кездесулері біткен соң, Ханойға ұштық. Хошиминдегі Ғалым бауырымызбен сұхбат құрдық. Одан өзге басқа да қандастырымыз бар екен. Бірақ бізбен кездесуге уақыт таппады. Сұхбаттың тексті мақала соңында «Хошиминдегі қазақ» деген атаумен толық беріліп отыр. 1500 шақырымды 1,5 сағатта бағындырдық. Тропикалық Хошиминнен соң Ханой суық көрінді. Жаңбыр құйып тұрды. Жұқа киіммен келген біздер Астанадан келгенімізді ұмытып тоңып қалдық. Елордамызбен бауырлас қала статусына ие Ханойда 7 млнға жуық халық тұрады. Қала атауы «Өзендер ортасындағы қала» деген мағына береді. Құрылыс ғимараттарынан байқағанымыздай, мұнда жер тапшылығы бірден көзге ұрады. Себебі, үйлер соғылғанда енсіз болып қаланады екен де, биіктігі көкпен таласып кете береді екен. Бізді алып жүрген жолсеріктерден сұрағанымызда Ханойда жер учаскесінің бағасы ұшып тұрғанын, жер алып үй соғуға орта дәулетті адамның шамасы жетпейтінін айтып қалды. Коммунистік Ветнам елінде патриоттық тәрбиенің күшті екені айқын аңғарылады. Қай жерге қарамаңыз, ортасында жұлдызы бар қызыл жалау желбіреп тұрады. Құрылыс басы, базар маңы, үйдің шатыры қайда қарама қызыл жалау көзге ұрады. Мемлекеттік рәмізді бұлай пайдалануға ресми рұқсат бар ма, айыппұл салынбай ма деген сауалымызға ветнамдықтар таңырқай қарап, жауап қатуды өздеріне ар санады-ау деймін, үнсіз қалды.

Қала тұрғындары

JW Mariott қонақ үйіне жайғастық. My Dinh National Stadium мен Вьетнам мемлекеттік университетінің және этнология музейінің жанында орналасқа жатын жайымыз жайлы көрінді.

2010 жылы 1000 жылдығын тойлаған қаланың тарихы терең екен. Әлемдегі ең ірі 17 қаланың қатарына кіреді. Бағдаршамдардың сиректігі мен мотоцикл жүргізушілерінің көптігі назарға бірден ілінеді. Ханойға келіп тұрып, бұл жақтың базарына бармау - Париж барып, «Эйфел мұнарасын» көрмей кеткенмен тең. Сондықтан тек қана кешкі сағат 19.00 бастап ашылатын базарларды көре кеткен жөн. Не жоқ дейсіз, түрлі қолөнер бұйымдарынан бастап, әлемдік деңгейдегі сауда маркаларының түрлі көшірмелерін өте арзан бағада сатып ала-аласыз. Бірақ бір ескертерлігі, қалтаңыз бен құжаттарыңызға сақ болмасаңыз, қағып кету әп-сәтте.

Келесі күні «Қиырдағы қазақтар» жобасының демеушісі - Оралбек ағамызды Вьетнам Үкіметінің жанындағы достастық ұйымдары бірлестігінің «Әлемдегі бейбітшілік пен халықтар арасындағы достықты нығайтудағы қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттады. Біздер де аталған шараның куәгері болдық. Марапаттау рәсімінде сөз алған бірлестіктің вице-президенті Bui Khac Son екі елдің арасындағы тарихи және туысқандық байланыс жайлы айта келіп, былтыр ғана екі елдің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 25 жыл толғанын атап өтті. Экономикалық байланыстан бөлек, мәдени және әлеуметтік қатынастардың орны ерекше екеніне баса мән берді. «Оралбек Қожамжарұлының  Вьетнам Социалистік Республикасының Қазақстандағы достық саясатын жүргізудегі орны зор. Астанаға Елші болып тағайындалғаныма үш жылға жуықтады. Осынша уақыт ішінде қаншама игі істерді атқарып, Қазақстан экономикасына инвестиция тартумен айналыстық», - деді шараға арнайы келген Төтенше және Өкілетті Елші Doan Thi Xuan Hien. Сондай-ақ, марапаттау рәсіміне ВСР СІМ өкілдері мен достастық ұйымының Еуропа және Азия департаментінің директоры Pham Thi Thai қатысты.

«Қиырдағы қазақтар» жобасының демеушісі - Оралбек Ботбайды марапаттау рәсімі

Айта кетейік, 1950 іргесі қаланған ұйым әлемдегі достық пен бейтішілікті насихаттайтын мемлекеттік ұйым. Вьетнам елінің Қазақстандағы Елшісі дипломатиялық қызметіне дейін осы мекеменің вице-президенті қызметін атқарған. Ханойдың ең көрікті жерінде орналасқан бұл ұйымды ауызекі тілде vufo деп атайды екен.

Өз кезегінде сөз алған О.Ботбай Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көпвекторлы сыртқы саясатының сәтті жүзеге асып отырғанын айтып, отандық кәсіпкерлердің сыртқы нарықты игеріп, ел экономикасына тың серпіліс әкелу қажет деді. Айта кететін жайт, шара соңында ол Астанада Вьетнам мәдени орталығын ашып, экономикасы күн санап ілгерілеп бара жатқан «Азия жолбарыстарының» бірі саналатын елдің тілін меңгеру үшін қазақстандық жастарға дәріс оқитын вьетнамдық тіл оқытушысының шығынын көтеруге әзір екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, мұнан өзге де түрлі іскерлік кездесулер ұйымдастырылып, отандық кәсіпкерлер мен вьетнамдық іскер топ бірлесе отырып, бизнес бастамаққа уағдаласты.

Кешкісін Вьетнам тарапы шақырған қабылдауға бардық. Күрішті атасының асындай жейтін ағайындардың дәміне бұл кезде әбден үйреніп алғанбыз. Пластмасса секілді күріштің нанын суға салып жібітіп жеуді де үйренгенбіз. Бірақ қойды тұтастай үйіткендей етіп, бөденені басымен ұсынғанда денеміз тітіркеніп қалды. Білдірмеуге тырыстық. Сөйтсек, бөденені тірідей қайнатып, оны тұтастай ұсыну - бұл жақтың жеңсік асы екен. Біз оны қайдан білейік? Әр елдің салты басқа деген осы болар. Күле-күле үйреніп қалған асшаян мен омарға тапсырыс беріп, кешті көңілді батырдық.

Ертесі жолға жиналдық. Елге де қайтатын уақыт таянған еді. Тағы да Ханойдан Хошиминге ұштық. Сайгонда сәл аялдап, одан Алматы асып, Астананы бетке алдық.

Біздің Вьетнамдағы саяхатымыз осымен аяқталды. Меніңше аяқталмаған секілді. Себебі, Данангта жалайырларға қатысты ескерткіш бар дегенді құлағымыз шалып қалды. Онымен қоса осы қаланы мекен етіп, түрлі салада тер төгіп жүрген қандастырымыздың сан қилы тағдыры мен тарихын жазсақ деген жоспарымыз бар. Жоғарыда жазғанымдай, оған уақыт тапшы болды. Сондықтан біз Вет елімен қоштаспадық, тек Қайта оралғанша, Қош болыңыз! - дедік.

Суреттерді түсірген автор

Астана-Бангкок-Хошимин-Ханой-Хошимин-Алматы-Астана