Әскери қылмыстарды әшкерелеу-1
17.05.2019 2425
Катынь қырғыны, Залещицк трагедиясы, Метгетен, Пшишовец пен Налобоктағы жаппай атулар, Орел мен Львов түбіндегі атулар...

Осылардың бәрі Совет Одағы әскерлерінің Екінші Дүниежүзілік соғыс кезіндегі әскери қылмыстарының бір парасы ғана. Qazaqstan Tarihy редакциясы адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыс кезіндегі совет солдатының қандай қатыгез әрекетке баруға тура келгенін айтады

Шайқас даласындағы қатыгездікті ақтап алу қиын, әсіресе бұл қатыгездікті жау басқыншылары жасаған болса.  Нюрнбергте Халықаралық әскери трибунал он миллиондаған адамды қырғаны үшін нацистерді соттап, Вермахттың жоғары басшылық жазаға кесті. Алайда, трибунал қолдары неміс басқыншыларының емес, поляктар мен совет азаматтарының қанына боялған советтер тарапына тиісті жазасын бермеді.

ССРО-ның ең үлкен әскери қылмыстарының бірі – «Катынь қырғыны» деген атқа ие болған 1940 жылдың сәуір-мамыр айларындағы тұтқындағы поляк офицерлерін жаппай атуы.

1939 жылдың 1 қыркүйегінде Германия фашист басқыншылары тәуелсіз Польша аумағына басып кіреді. Бірнеше күннен кейін Ұлыбритания мен Франция Германияға соғыс жариялайды, бірақ ешбір елеулі әрекет жасай қоймайды, ал Жұмысшы-шаруа Қызыл Армиясы шешімді әрекет жасап, 17 қыркүйекте Шығыс Польша жеріне енеді. Совет тарапы бұл әрекетін осы өңірде тұрып жатқан украиндар мен белорустарды қорғау қажеттілігі деп түсіндірді.

Басып алған аумақта ССРО НКВД-сы тұтқын поляктарға арнап 8 лагерь құрайды. Қыркүйектің ішінде бұл лагерьлерден шамамен 500 мыңға жуық поляк азаматтары өтіп, жартысынан көбі босатылады. Сонымен қоса, ішінде жандармдар да, офицерлер де, полицейлер де, поляк армиясының қарапайым қатардағы жауынгерлері де бар 130 242 адамды НКВД лагерьлерде қалдырады. Бұлардың бәрін де совет басшылығы ұлтшыл және советтерге қарсы үгіт жасайды деп күдіктенді.

1939 жылдың қазанында БКП (б) Саяси бюросы поляк армиясының қатардағы жауынгерлерін босатуға шешім қабылдап, Батыс және Орталық Польшада тұтқындалған 40 мыңға жуық адамды ССРО Вермахтқа өткізеді. Жыл аяғына қарай совет әскерлерінің тұтқынында шамамен 41 700-ге жуық адам қалады.

1940 жылдың наурызына дейін совет басшылығы тұтқындарға қатысты ешбір әрекет жасай қоймайды, тек 3 наурызда ғана Л. Берия поляк контингентіне қатысты ату іс-шараларын қарастыруды бастайды.

Сол жақта - Берияның Сталинге жазған жазбасы. Оң жақта – БКП (б) ОК Саяси бюросының 1940 жылғы 5 наурыздағы шешімінің бірінші данасы

БКП (б) Саяси бюросы оның ұсынысын қабылдап:

«<…> істер ерекше тәртіппен қарастырылсын, оларға қатысты жазаның жоғары түрі – ату жазасы қолданылсын. Істер тұтқындарды шақырмай және айыбы, тергеудің аяқталғаны туралы қаулы мен айыптау қорытындысы жарияланбай қарастырылсын. <…> істерді қарау мен шешім шығару В.Е. Меркулов, Б. Кобулов пен Баштаков (ССРО НКВД 1-ші арнайы бөлімінің бастығы) жолдастардан құралған үштікке жүктелсін».

Наурыздың соңына қарай Старобельск (4 мың), Козельск (5 мың), Осташковск (4,7 мың) лагерьлеріндегі, сонымен бірге жол құрылысында еңбек етіп жатқан (18 мың) және Кривой Рог бассейніндегі (10 мың) поялк әскери тұтқындары ату орындары – Катынь орманына және Батыс Белоруссия мен Батыс Украинаның кейбір лагерьлері мен түрмелеріне жөнелтіледі. Көпшілігін Старобельский және осташковский лагерьлерінің жанында атады.

Ату орындарына поляк офицерлері мен жандармдарын 350-400 адам тиелген эшелондармен әкеледі. Әрбір ату полигонындағы ату тәртібі бір-бірінен өзгеше болуы мүмкін еді: мысалы, Катынь орманында тұтқындарды байлап, алдын ала қазылып қойған орға әкеліп, желкесінен атқан. Атқанда тек неміс патрондарымен ғана атқан, сол себепті де ұзақ уақыт бойы совет тарапы бұл қасіретке еш қатысы жоқ сияқты болып көрініп келген. 21 857 адам осы атулардың құрбаны болды. Совет басшылығы советтерге қарсы көңіл-күйдегі тұтқындардың жартысын атып тастайды.

Ал большевиктерге жақтас көзқарастағы қалған жартысы 1940 жылдың күзінде мәскеулік түрмелерге әкелініп, ол жақтан мәскеу түбіндегі саяжайларға жеткізіледі, бұл жерде оларға Катынь қырғынының басшылары В. Меркулов пен Л. Берия келеді. Келудегі мақсаттары – неміс басқыншыларымен күресу үшін Поляк Қызыл Армиясын құру мәселесі еді. Сол диалогқа қатысушылардың бірі Юзеф Чапский еске алады:

«1940 жылдың қазанында – совет-герман соғысының басталуынан сегіз ай бұрын – большевиктер Мәскеу жанындағы арнайы лагерьге біздің штабтың бірнеше офицерін әкелді, олардың ішінде подполковник Берлинг те болды, оларға немістерге қарсы соғысу үшін поляк армиясын құру туралы ұсыныс жасалады. Берлинг бұл армияға саяси көзқарастарына қарамастан барлық поляк фоицерлері мен басқа әскери қызметкерлері кіре алуы туралы маңызды ескертпе жасай отырып, бұл ұсынысты қолдайды. Кездесуге Берия мен Меркулов қатысқан еді.

– Әрине, – дейді олар, – барлық саяси көзқарастағы поялктар бұл армияға кіре алатын болады.

– Тамаша, – деп жауап береді Берлинг осы армия үшін тамаша кадрлар Козельск пен Старобельсктегі лагерьлерде.

– Жоқ, олар емес. Біз оларға қатысты үлкен қателік жібердік, – дейді Меркулов».

«Үлкен қателік» дегенде советтік өкілдер  поляк офицерлерінің атылуын емес, «олардың көп бөлігінің немістер жағына берілуін» меңзейді. 1941 жылғы 22 маусымдағы оқиғалардан кейін Сталин поляктар тарапына қатысты қарым-қатынасын біршама өзгертеді.

1941 жылғы 8 тамызда барлық тұтқын офицерлер мен азаматтарға амнистия жарияланып, оларға елде еркін қозғалу құқығы беріледі. Бұдан басқа, поляк босқындары, әскери қызметшілері мен амнистияға іліккендерден 75 491 адамнан тұратын «Андерс армиясы» құрылады. Поляктар тарапы он мыңдаған поляк офицерлерінің тағдырын білуге тырысқан шақта совет басшылығы жұмған ауыздарын ашпады. Бұл құпия тек 1943 жылдың көктемінде ғана ашылды.

1943 жылдың ақпанында неміс полициясы Катынь орманында жаппай жерлеу орындарын табады. 1943 жылдың 13 сәуірі полиция поляк офицерлерінің сүйектерін тапқаны туралы жария етеді. Неміс полициясының есебінде поляк офицерлері ретінде анықталған 4143 мәйіт туралы айтылған.

Сонымен қатар, жазалау тәсілі мен қару маркасы да нақты анықталған. Бұнымен қоса жергілікті тұрғындардан жауап алынып, олар халықаралық комиссия мен тергеуге қатысқан поляктар тарапына бұл жаппай ату большевиктердің қолымен жасалғанын растаған.

Қазылған мола

ССРО 1943 жылдың қазанында өз тергеуін жүргізіп, Катынь қырғынына неміс басшылығын кінәлауды мақсат етеді. Советтік тараптың қорытынды есебінде жол құрылысына пайдаланылған поляк әскери тұтқындарына арналған үш лагерь туралы айтылады.

Совет-герман соғысы басталғаннан кейін поляк офицерлерін эвакуациялауға үлгермей, олар неміс армиясының қолына түсіп, 1941 жылдың тамыз-қыркүйегінде атылған. 1943 жылдың көктемінде неміс тарапы жүргізген тергеуді советтік комиссия бұрмалау (фальсификация) дейді.

Катынь қырғыны Нюрнбергтегі халықаралық трибуналда тергелген, бұл жерде советтік айыптаушылар бар кінәні немістерге, атап айтқанда 537-ші байланыс полкінің бұрынғы командирі полковник Фридрих Аренске артқан. 1943 жылғы қазанда жүргізілген советтік тергеуде дәл осы полковник Фридрих Аренсті Катынь қырғынын ұйымдастырушы деп көрсеткен. Ал ол неміс тарапын қорғаушының басты куәгері болған. Халықаралық трибунал советтік айыптауды қолдамайды.

Катынь қырғыны мәселесін 1951-1952 жылғы АҚШ Конгрессі комиссиясы да қарастырады. Комиссия жұмысы туралы есепте Катынь қырғыны үшін кінә толықтай совет тарапына тағылған. Бұндай шешімді қабылдауға 1943 жылы Халықаралық Қызыл Кресттің тексеру жүргізуіне қарсы жасалған әрекеттер, 1943 жылғы қазандағы тексеру жүргізілген кезде бейтарап бақылаушылардың болмауы, неміс тарапына қарсы дәлелдердің болмауы, сол кездегі ондаған тұтқындардың куәлігі және Конгресстің тексеруіне қарсы кампания себепші болды.

Ресми түрде Катынь қырғыны үшін кінәні ССРО тек 1990 жылғы 13 сәуірде ғана мойындады, алайда қырғын үшін толық жауапкершілік Сталин мен Берияға жүктелді.

ССРО Президенті М. Горбачев (оң жақта) Польша Республикасының Президенті В. Ярузельскийге поляк әскери тұтқындарының тағдыры туралы құжаттардың көшірмесін беруде. 13 сәуір 1990 жыл.