Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Сыр бойындағы Қарақұм көтерілісі (Алтын көтерілісі) және басшылары молда Жұмағазы хан мен батыр Қожбан хан жөнінде

29761
Сыр бойындағы Қарақұм көтерілісі (Алтын көтерілісі) және басшылары молда Жұмағазы хан мен батыр Қожбан хан жөнінде - e-history.kz

1920-30 жылдары Қазақстан Республикасының байырғы тұрғындарының басым көпшілігі қазақтар болғаннан соң коммунистік партия, кеңес үкіметі қазақ халқына зорлау, күштеу және мәңгүрттендіру әдістерін қолданып, қазақтарды өз жерінде жаппай қырғынға, қуғын-сүргінге ұшыратып үлес салмағы жағынан ежелгі ата қонысында азшылыққа айналуға әкеп соқтырды.

  Қазақстанда осы жылдары жүргізілген аграрлық өзгерістер КСРО-ның басқа республикаларындағы  осындай құрулардан өзгешелеу болған еді.

  Ресейлік тарихшы А:И: Яковлев бұл өзгешілікті былай түсіндіреді: - «Қазақстан үшін бұл «ұжымдастыру» ерекше қиын міндет болды. Өйткені байырғы халықтың (қазақтардың) төрттен үші көшпелі және жартылай көшпелі өмір сүрді. Қазақтардың дәстүрлі көшпелілердің қысқа мерзімде отырықшылыққа көшу маңдайларына жазылған екен. Мұны қаламаушылық сыннан өткен әрі сенімді әдіске-күштеуге жол ашты.» [А. И. Яковлев. Сравнительные заметки о преобразованиях в Туркестане и Советской Средней Азии. – «Кентавр», 1993, № 2, с. 102-103.].

  Қазақстандағы ұжымдастыру шаралары бүкіл елдегі науқанның құрамдас бөлігі бола тұрса да олардан, әсіресе, көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларының ауыр азап шеккенін, «қазақ этносының аяусыз қырғынға ұшырағанын, сөйтіп аса ауыр шығынды басынан көшкенін көрсетіп берді». [Қазақстан Орталық Атқару Комитеті мен ҚАКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1928 жылғы 27 тамыздағы «Бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы», 1928 жылғы 13 қыркүйектегі «Аса ірі және жартылай феодал байларды тәркілеу мен жер аударуға қарсы әрекет жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық туралы»,  1930 жылғы 19 ақпандағы «Жаппай ұжымдастыру аудандарында ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құруды нығайту жөніндегі және кулактар мен байларға қарсы күрес жөніндегі шаралар туралы »  қаулыларын зерттеу жөніндегі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы комиссиясының қорытындысы. – Егемен Қазақстан. – 1992, - 22 желтоқсан].

   Осындай қиын жағдайдан кейін қазақ халқы 1929-1931 жылдары сталиндік-голощекиндік жүйеге қарсы ұлт-азаттық қозғалысқа шықты.

  Қазақстандағы ППОГПУ-дың саяси-құпия бөлімінің 1931 жылдың 1 желтоқсандағы мәліметтеріне назар аударсақ, 1929-1931 жылдар халық наразылықтары аса белсенді көрініс берген кезең екеніне көзіміз жете түседі.

   1929-1931 жылдары Қазақстанда 372 рет шаруалардың бұқаралық бас көтерулері болды. Енді жылдарға шаққанда олардың 54-і 1929 жылы болған, 241-і 1930 жылы болған, ал  77-ісі 1931 жылы орын алды. ОГПУ құжаттарында Қазақстанда 1929 жылы 31 тобы әрекет етсе, оларға 351 адам қатынасса, 1930 жылы 85 топ, 1925 адам, ал 1931 жылы 80 топ, 3192 адам. Құжаттарға назар аударсақ көтерілісшілердің барлығы 196 тобы бас көтеріп, оларға 5468 адам қатынасқан болар еді. [Т. Омарбеков. 20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті. – Алматы, Санат, 1997. – 126 б.].

  1931 жылдың желтоқсанында Ф. И. Голощекиннің И.В. Сталинге  жазған хатында мынандай жолдар кездеседі: - «Тап күресінің  өрістеуін ГПУ-дің төмендегідей анықтамасынан білуге болады: соңғы екі жылда ірі бандалардың 34.000-дай адам қатысқан 15 бас көтеруі орын алды. Осы екі  жылда 1350 конреволюциялық топтар жойылды және оған қатынасқан 7,5 мың кісі қолға түсті». [КРПА-141-к., 17-т., 605-іс., 108-п.].

   Ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру, орташаларды, кейде тіпте кедейлерді де кулактар қатарына жатқызу, жұртты мал-мүліктерінен айырып және дінге тыйым сандықтан, Сыр бойы халқы да Кеңестік жүйеге қарсы көтеріліске шықты. Соның бірі 1930 жылы  Қармақшы және Тереңөзек аудандарының жерінде молда Жұмағазы хан мен батыр Қожбан хан басқарған көтеріліс еді. 

  Жұмағазы молда Бәйімбетұлы (1874/90-1931) – тегі Сығай Алтын Байұлы Алшын. Бұхарадағы діни медреседе білім алған. [Сыр елі Қызылорда облысы энциклопедиясы. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС, 2005. – 243 б]

  1930 жылы наурыз айының ортасында Қармақшы ауданына қарасты «Қарабөгет» деген жерде № 1 ауыл тұрғындарының жиыны өткен. Олардың көбісі Алтын руынан болған. Жиналған жұрттың алдында молда Жұмағазы Бәйімбетов сөз сөйлеген. Онда ол: - «Бұл үстіміздегі жыл қазақтарға өте ауыр болды. Тіпті орташалар мен кедейлерді байлардан ажыратпай аса ауыр салық салды. Енді, міне, колхоз ұйымдастырып, оған біздерді күштеп мүше етіп, малымызды және дүние-мүлкімізді тартып алмақшы. 1928 жылы байларды тәркілеген кезде, біз өкіметке ешқандай кедергі жасағанымыз жоқ. Ендігі жерде  түгелдей барлығымызды тәркілегісі келеді. Біздерді ислам дінінен бас тартуға итермелейді. Ауданнан келген уәкілдердің діни жолмен жүруге қарсы екенін, олардың мешіттерді жаптырғанын  өз көздеріңізбен көрдіңіздер. Мұндай өкіметтен не күтуге болады ? Ертең барлығымыз бірігіп Қарақұмға көшуіміз керек. Сол жерде біз Кеңес өкіметінен қорғанамыз... » - деген. [Ә. Бәкірұлы. Мұстафа Шоқай (деректі хикаят) – Алматы, «Бастау», - 1997. – 138 б].

  Жиналғандар жергілікті үкімет пен уәкілдерден  Қарақұмға қаша көшу туралы шешімге келді. Іле-шала аталған ауылдардан 700-дей қожалықтар жаппай көшті. Жол-жөнекей, ауа көшуге кедергі жасамақ болған жергілікті кеңес  партия қызметкерлері табанда тұтқындалды.

   17 наурызда көтерілісшілер Байымбетов Жұмағазыны өз орталарынан хан етіп сайлады. Оған кенесшілер болып Әлмағамбетов Ысқақ, Күздікбаев Сағит, Омарбаев Оразбай, Байбактин Беріш, Қыпшақбаев Мешітбай, Қожамжаров Бұқарбай, Тәженов Жанұзақ бекітілді. Көтерілісшілер қатары күн санап өсті. Оларға біртіндеп Талқанбаев Баймағамбет, Тыныштықов Кенжебай, Ахметов Тілеуғали бастаған көтерілісшілердің жаңа топтары барып қосылды.

  «Босағалы» деген жерде Бұқарбай деген кісі бастаған 50 қарулы, ал жалпы саны 150-дей шаруалар көтерілісшілер қатарларын және толықтырды.

  Байымбетов Жұмағазының тобы орналасқан жерден шамамен 25 шақырымдай қашықтықта  Тұздақ Қараүңгір деп аталатын жерде көтерілісшілердің тағы бір үлкен шоғыры - өз орталарынан хан етіп сайлаған Лаубаев Пірмағамбет және ағайынды Нұрхан мен Жұмаш Қараевтар басқарған ұзын саны 2000-дай адамдар топтасқан еді. ОГПУ мәліметтеріне қарағанда олардың 300-дейінің қарулары болған. [Т. Омарбеков. Қазақстандағы халық наразылығы қалай жазаланды ? 1930 жыл: «Ақиқат». - № 2. – Ақпан. – 1993. – 51 б. ].

  Лаубаев Пірмағамбет Сыр бойының әйгілі батыры Қашқынбай Кемелұлының немересі болған. Тегі – Кіші жүз, шөмекей, Қожакелді руынан. Пірмағамбеттің атасы «Жолбарыс батыр» атанған Қашқынбай батыр Хиуа, Қоқан хандықтарының озбырлығына қарсы шыққан айтулы ер. [Бақытжан Ахметбектің дерек қорынан].

   ОГПУ деректеріне сенсек, Қарақұмдағы көтерілісшілердің жалпы саны 5000 адамға жеткен. Іздеріне түскен жазалаушылардан құтылу үшін көтерілісшілер өздері орналасқан жерге апаратын жол бойындағы құдықтарды құмға толтырып тастаған, із жасыруға тырысқан.  [Т. Омарбеков. Қазақстандағы халық наразылығы қалай жазаланды ? 1930 жыл: «Ақиқат». - № 2. – Ақпан. – 1993. – 51 б. ].

  Жұмағазы Орынбордан, Қызылордадан, Ташкенттен, Орскіден жіберілген жазалаушы отрядтарға қарсы күресте шебер ұйымдастырушы ретінде көзге түсті.  [Сыр елі Қызылорда облысы энциклопедиясы. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС, 2005. – 243 б].

  Құғыншы қызыл әскерлердің Қармақшыдан және Ырғыздан шыққан отрядтары 7 сәуірде көтерілісшілер жасырынған жерге таяу келіп, қанды шайқас болды. Ұрыс кезінде көтерілісшілерден 35 адам өліп, 23-і жарақаттанған. Ал қызыл әскерлерден 40 адам өліп, олар кейін шегінуге мәжбүр болған.

  1930 жылы 13 сәуірде Аралға келген әскери округтік  комиссия Қарақұмға үкімет комиссиясын жіберуді ұсынды. Нәтижесінде ҚАЗОАК төрағасының орынбасары Әліби Жангелдин, жазушылар Сәкен Сейфуллин мен Ғабит Мүсірепов, т.б. бар мемлекеттік комиссия Қарақұмға аттанды. Бірнеше күнге созылған келіссөзден кейін, олар қаруы бар көтерілісшілердің қаруын тапсыруға көндірді. Көтеріліс жағынан келіссөзге қармақшылық Бәйімбетов  Жұмағазы, т.б. қатысты. Олар үкімет алдына 7 шарт қойды. [Қазақстан Ұлттық энциклопедия. 5 том. «Қазақ энциклопедиясы». Бас редакциясы. – Алматы, - Алматы, 200. – 588 б].

  Талаптардың ішінде, әсіресе, Жұмағазы Байымбетов бастаған діндарлардың Қазақстанда дінге бостандық беруді және осында дін басқармасын ұйымдастыруға мүмкіндік жасауды, онан соң осы мақсатты жүзеге асыру үшін өздерінің Уфа қаласына барып қайтуларына рұқсат етуді өтінгенін айта кеткен  жөн. Үкімет комиссиясы бұған да рұқсат берді. Байымбетов Жұмағазы, Ақмолдин Оспан, Ахметов Тілеуғали құрамына енген діндарлар делегациясы Қызылорда округтік атқару комитетінің төрағасы Жүнісов қол қойған заңды куәлік алды. Бірақ мемлекеттік комиссия берген бұл уәделердің бәрін голощекинщілер көп кешікпей-ақ, көтерілісшілер қаруларын тапсырып, тараған соң-ақ аяқ асты етті. 30 мамырда Жұмағазы Байымбетов өзінің 8 кеңесшілерімен бірге тұтқынға алынды.  [Т. Омарбеков. Қазақстандағы халық наразылығы қалай жазаланды ? 1930 жыл: «Ақиқат». - № 2. – Ақпан. – 1993. – 52 б. ].

  1930 жылы Қарақұмда болған халық көтерілісіне басшылық еткен Бәйімбетов Жұмағазы тергеуге берген жауабында Қарақұмда болған көтеріліс туралы былай депті. «Ақпан айында  ауылда жаппай конфискелеу мен еріксіз коллективтендіру басталды. Конфискелеуге байлармен қатар орташаларды, тіпті кедейлерді де жатқызды. Оның үстіне ауылдың үштігі намаз, ораза және басқа да діни жораларды ұстауға тыйым салды. Осының барлығы ауыл тұрғындарының арасында наразылық тудырып, аяқ астынан толқулар болып, ол көтеріліске айналды. Арада екі күн өткен соң Қармақшы ауданнан бізге Пейіс деген кісі келіп: «Сіздерді жоюға Қарақұмға екі жей қарулы отряд келе жатыр», - деді. Мұны естіген ел жиылып, жиналыс жасап, мені өздеріне «Дінбасшы» етіп сайлады. Келесі күні-ақ келіп үлгірген қарулы отрядпен ұрысқа түстік. Біз оларды арнайы қоршауға  алғанымыз жоқ , тек қана қорғандық. Көтерілісшілердің қолдарында ағаш, таяқтар мен суық қарулар болғаны рас. Осы ұрыстан кейін біздің  қолымызға үш винтовка, бір пулемет, бір найза және бірнеше мініс аттар түсті. Осыдан кейін Алматы қаласынан бізге үкімет комиссиясы келіп, келіссөздер жүргізді. Шарт бойынша қолға түскен қару-жарақты соларға бірден табыс еттік». [Ә. Бәкірұлы. Мұстафа Шоқай (деректі хикаят) – Алматы, «Бастау», - 1997. – 142 б].

  Жұмағазы ханның және басқаларының «қылмыстық іс-әрекеттері» обьективті түрде дәлелденбесе де, халықтың үрейін ұшыру үшін 1930 жылы 15 шілдеде Қазақстандағы Біріккен Саяси Бас басқармасының үштігімен олар түгелдей ату жазасына кесілген. Тек Жұмағазы жөнінде үкім белгісіз себептермен бір жылға дейін орындалмаған. 1931 жылы көкен айының 16 күні Бәйімбетов Жұмағазы Алматы қаласында жазалау органы жендеттерінің қолынан қаза табады. [Ә. Бәкірұлы. Мұстафа Шоқай (деректі хикаят) – Алматы, «Бастау», - 1997. – 148 б].

  Жұмағазы Байымбетов тұтқындалғаннан соң 1 жарым айдай уақыт өтісімен табын, қыпшақ, алтын, шөмекей руларының өкілдері жиналып, алтын руынан шыққан Жұбанов Қожбанды хан етіп сайлайды. Сарманқожа деген жерге бекінген көтерілісшілер саны 1930 жылдың шілде айында 400 шаруашылықтан 1000 қожалыққа дейін өсті. [Т. Омарбеков. 20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті. – Алматы, Санат, 1997. – 126, 150 б.б.].

  Қожбан батыр Жұбанұлы (1873-1931) – тегі Кіші жүз, он екі Ата Байұлы Алтын руынан, атақты Шұңғыр батырдың ұрпағы. [Бақытжан Ахметбектің дерек қорынан].

   1930 жылы шілде айында Айдаров, Қайранбеков және басқалары Төлебаев Мыхымбайдың баласын сүндетке отырғызу тойын пайдаланып, жиналған жұрттың келісімімен батыр Жұбанов Қожбанды хан сайлаған. Оған ауыл ақсақалдары мынандай міндет жүктеген. 

1. (Біріншіден) - Ә. Жангелдин басқарған мемлекеттік комиссиясының алдына қойылған 11 пункттен тұратын Жұмағазы Бәйімбетовтің талаптарын жүзеге асыру.

2. (Екіншіден) – Қарақұм жеріне келген қызыл әскерге қарсы тұрып, жеңіске жеткенше күресу.

Батыр Қожбан хан өзіне кеңесші етіп Жаппас руынан торғайлық Махамбетов Әшірбекті, табын руынан тереңөзектік Рамазанқұлов Мірәліні және Алтын руынан қармақшылық Жанбосынов Қабылды тағайындаған. [Ә. Бәкірұлы. Мұстафа Шоқай (деректі хикаят) – Алматы, «Бастау», - 1997. – 148 б].

  Бұл кеңесте қыпшақ руынан Ержан деген кісі болған, әкесінің есімі белгісіз. [Т. Омарбеков. Қазақстандағы халық наразылығы қалай жазаланды ? 1930 жыл: «Ақиқат». - № 2. – Ақпан. – 1993. – 52 б. ].

   Сосын барып Қожбан хан елден аң аулайтын мылтықтар жинап, мергендерін қаруландырған. Сөйтіп, сарбаздарының санын екі мыңға жеткізген. Кеңес өкіметі 1930 жылы тамыз айында оларға қарсы Бірікке Саяси Бас басқармасының оперативтік топтарымен қоса пулемет, винтовка және гранаталарымен қаруланған арнайы дивизион жіберген. [Ә. Бәкірұлы. Мұстафа Шоқай (деректі хикаят) – Алматы, «Бастау», - 1997. – 139 б].

  Айта кеткен жөн, аталған шаруалар көтерілістерін басуға қатысқан  жазалаушы әскер бөлімдері де болғанын ресми құжаттардан белгілі. Олар: 8-ші атты әскер дивизиясының 43-ші, 44-ші және 45-ші атты әскер полктері, осы дивизияның байланыс мектебі, ұлттық атты әскер эскадроны, ОГПУ әскери отрядының 62 –ші дивизионы, жеке байланыс эскадроны, атты-таулы батарея, атты-саперлік эскадрон, 8-ші атты-артиллериялық дивизион, 38-ші атты-артиллериялық дивизион, Орта Азия әскери округінің радиостанциясы, химиялық бөлімі, Қарсақпай коммунистік отряды. [Т. Омарбеков. Қазақстандағы халық наразылығы қалай жазаланды ? 1930 жыл: «Ақиқат». - № 2. – Ақпан. – 1993. – 52 б. ].

  Бұлар таяқ, найза, шоқпар және жарым-жартылай аә аулайтын мылтықтарымен қаруланған батыр Қожбан ханның сарбаздарымен  1930 жылдың желтоқсан айына дейін Қарақұмда бірнеше рет ұрысқа түскен. [Ә. Бәкірұлы. Мұстафа Шоқай (деректі хикаят) – Алматы, «Бастау», - 1997. – 139 б].

  21 тамызда көтерілісшілермен қақтығыстар кезінде, 9 қызыл әскер өліп, 4-і жараланды.[Т. Омарбеков. 20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті. – Алматы, Санат, 1997. – 150 б].

  Батыр Қожбан ханның мергендерінің ішінде, Сыр бойында белгілі әулет Сығай Алтын Созақбай батырдың баласы Қашақ мерген болған. [Бақытжан Ахметбектің дерек қорынан]. Дерегімізге қоса мынадай дәлелді мәлімет бар:  - «Созақбайдың Қашақ деген баласы кешегі Арқада, Қарақұмда болған ұлт-азаттық соғыста, Алтын Қожбан ханның мергені болып орыстарға қарсы соғысып, орыс полковнигімен қылыштасып, полковникті өлтіреді. Өзі құлағынан жараланып үйіне келеді. Салбырап төменгі ұшына ілініп тұрған құлақты тоғыз жасар Нақап інісінің баласы Қасымханға ұшынан ұстатып бәкімен өзі құлақты кесіп алады» [Қ. Нақыпұлы. Кіші жүз 12 ата Бай баласы Алтын шежіресі. – Қызылорда. «Қызылордаполиография», - 2003. – 296 б].

  Кейін Қашақ мерген Созақбайұлы ұсталып 5 жылға бас бостандығынан айырылып жазаланады [Ә. Бәкірұлы. Мұстафа Шоқай (деректі хикаят) – Алматы, «Бастау», - 1997. – 161 б].

  Ақыры, 8 желтоқсанда Сарысу жерінде екі тәулік бойы қарсылық көрсеткен көтерілісшілерді талқандайды. [Ә. Бәкірұлы. Мұстафа Шоқай (деректі хикаят) – Алматы, «Бастау», - 1997. – 139 б].

   Көтерілісшілер мен Кеңес үкіметі әскерлерімен болған шешуші шайқас 1930 жылы 8 желтоқсанда Көжебай сайында болды. Көтерілісшілер күші тең емес ұрыста талқандалды. Қожбан батыр бастаған 24 көтерілісші алғаш қашып шықса да, көп кешікпей-ақ, Сарысу ауданы жерінде қолға түсті. Қарсыласу кезінде олардың 4-і өлтірілді. [Т. Омарбеков. Қазақстандағы халық наразылығы қалай жазаланды ? 1930 жыл: «Ақиқат». - № 2. – Ақпан. – 1993. – 52 б. ].

  Осыдан кейін Сыр бойында болған көтеріліске қатысқан халықты жазалау басталды.

  Тергеу ісі бойынша 400-ден аса адам қамауға алынған. Алдын ала тергеу барысында 195 адам қылмыстық әрекеттері дәлелденбеген соң жауапкершіліктен босатылған. Қалған  220 адамға мемлекетке қарсы қылмыстар жасағаны үшін айып тағылған. Тергеудің аяқталуына санаулы күн қалғанда процессуальдық тәртіпке сыймайтын жолдармен қосымша тағы 7-і адамды жауапқа тартқан. Барлығы 227 адам соттан тыс Біріккен Саяси Бас басқармасының Үштігімен 1930 жылы 19 қазанда жазаланған. Оның ішінде 118 адам ату жазасына кесілген, 108 адам бас бостандығынан айырылып, әр түрлі мерзімге концлагерьлерге жіберілген. [Ә. Бәкірұлы. Мұстафа Шоқай (деректі хикаят) – Алматы, «Бастау», - 1997. – 140 б].

   Әмірхан Бәкірұлының 1997 жылы Алматы қаласы «Бастау» баспасынан шыққан Мұстафа Шоқай (деректі хикаят) атты кітабында атылған адамдардың тізімінде Сыр бойында белгілі әулет Айдар Алтын Медет батырдың баласы Сүйінқара батырдың інісі, елге беделді Шоңмұрын бай және оның ержүрек баласы Қайраш бар.

  Қарт Шоңмұрын бай 1930 жылы Қызылорда қаласының түрмесіне қамалғаны рас, бірақ атылған жоқ, өз өлімімен дүние салады, өйткені түрмеден әкесінің сүйегін алуға Қармақшыдан 1905 жылы туған Сақып деген баласы және оның досы, шөбере бауыры, құрдасы, атақты Уәлі бидің немересі Уәлиев Ахметбек Байұзақұлы (1905-1973) келіп, түрмеден Шоңмұрын байдың сүйегін алып, Қызылорда қаласына жерлейді. Сақып пен Ахметбек бұл кезде 25 жастағы жігіттер болған. Енді ойға келесің, неге Сақып Шоңмұрынұлы түрмедегі ағасы Қайраштың да сүйегін алып шықпаған?. Жауабы – түрмедегі атылғандарды бір жерге тастайды, жерлейді, олардың сүйегін туысқандарына бермейді, яғни Қайраш атылған, сондықтан ол кісінің есімі атылған адамдардың ішінде, ал Шоңмұрын бай түрмеде қайтыс болғандықтан, ол кісінің де есімін атылған адамдардың тізіміне қосқан. Шоңмұрын байдың екінші баласы Сақып досы әрі шөбере бауыры Ахметбек Байұзақұлының үйіне соғып, Қызылорда қаласының түрмесінен әкесінің сүйегін алып шығуға кетіп бара жатқанын Ахметбек Байұзақұлының зайыбы Айымкүл Жүргенбайқызының (1911-1998) естелігінде айтып кеткен. Кейін Ұлы Отан соғысында Шоңмұрын байдың баласы Сақып ерлікпен қаза болады. [Бақытжан Ахметбектің дерек қорынан].

  Бес жылға сотталғандардың ішінде Айдар Алтын Уәлі бидің немересі Байзақов Әбдірәсіл Байұзақұлы болған. Байзаков Әбдірәсіл Жосалыда қызметте болған. Бұл кісі Семей қаласына сотталып кеткен. [Бақытжан Ахметбектің дерек қорынан, Айдар Алтын руының ақсақалы, 1940 ж.т. Ысқақов Қанибек Ысқақұлынан алынған мәлімет].

  Әмірхан Бәкірұлының 1997 жылы Алматы қаласы «Бастау» баспасынан шыққан Мұстафа Шоқай (деректі хикаят) атты кітабында бес жылға бас бостандығынан айырылған адамдардың тізімінде есімі бар. [Ә. Бәкірұлы. Мұстафа Шоқай (деректі хикаят) – Алматы, «Бастау», - 1997. – 160 б].

  Сыр бойы сүлейлерінің арасында шоқтығы биік тұлғалардың бірі Айдар Алтын руынан шыққан Сейітжан сал Бекшентайұлы (1874-1938) Қарақұмдағы көтерілісшілерге дем беруші деген жаламен 1937 жылғы желтоқсанның 18-де қамалып, алдымен 10 жылға сотталады. Кейіннен ісі қайта қаралып, 1938 жылғы ақпанның 16-да атылады. Содан ол 51 жылдан соң, 1989 жылы ақталып, өлендері баспасөз беттерінде жариялана бастады. [Т. Дайрабай. Сыр сүлейлері. Сейітжан ақын мен Жорықбай жырау. Алматы. «Арыс», 2006. – 7 б].

  1930 жылы көтерілісшілерді жақтап, оларға рух беріп жырлаған өлендері де баршылық. Соның бірі: -

«...Оһ, дарих, амал нешік,

Қашып кірер барма тесік.

«Прием» деп ашыы есік,

Қалай болар заман алда», - деп айтқан екен [Т. Дайрабай. Сыр сүлейлері. Сейітжан ақын мен Жорықбай жырау. Алматы. «Арыс», 2006. – 10 б].

  Сол қанды оқиғалардан бері 80 жылдан астам уақыт өтті. Сыр бойындағы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқан қазақтың ардақты ұлдары елі үшін, ислам діні үшін, ар-намысы үшін жанын пида еткен ерліктері еш уақытта ұмытылмауы тиіс.

  Уақытында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: - «Бабаларын қалтқысыз қастерлей алған халық балаларының болашағын да қапысыз қамдай алмақ» деген емес пе. Демек, біз кейінгі ұрпақ қазақ деген намысшыл халық екенімізді биік ұстап, тарихымызды қастерлеп жүріп Қарақұм көтерілісіне қатысқан аталарымыздың нағыз батыр екенін біліп, мақтан тұтуымыз керек.


 Ахметбек Бақытжан Мұқарамұлы. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қорқыттану және өлкетану» ғылыми-зерттеу институтының маманы.

   


 «Сыр бойындағы Қарақұм көтерілісі және басшылары молда Жұмағазы хан мен батыр Қожбан хан» /Қазақстан Республикасы Жоғарғы оқу орындарының қауымдастығы. Қазақ көтерілістері және азаттық мұрасы.  – Алматы. – 2012. – 110, 119 бб.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?