Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Оңтүстік Қазақстан облысы халқының тәуелсіздік жағдайында өсіп-дамуы (1991-2009 жж.)

29153
Оңтүстік Қазақстан облысы халқының тәуелсіздік жағдайында өсіп-дамуы  (1991-2009 жж.) - e-history.kz

Мемлекетіміздің негізі де, иесі де, дамытушысы да, тірегі де – халық. Дегенмен еліміздің әр аймағының, облысының өз ерекшеліктері бар. Сондықтан да, Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының әлеуметтік-демографиялық ахуалы, табиғи өсімі, ұлттық құрамы мен көші-қон үдерісіндегі өзгерістерін қарастыру өзекті мәселелердің бірі.

Оңтүстік Қазақстан – елімізде территориясы бойынша ең жері аз болғанымен, тұрғындарының қоныстануына қарай (1 шаршы шақырымға шаққанда 20,3 адамнан келіп) ең тығыз орналасқан облыс [1]. Облыс Кеңес дәуірінде әкімшілік-аумақтық бірлестік ретінде Бүкіл Одақтық Атқару Комитетінің 1932 ж. 10 наурыз айындағы қаулысына сәйкес құрылған.

1938 ж. Оңтүстік Қазақстан облысы құрамынан алғаш Қызылорда облысы, ал 1939 ж. Жамбыл облысы бөлініп шықты. 1962 ж. 3 мамырынан 1992 ж. 6 шілдесіне дейін Шымкент облысы болып аталып келген.1962-1964 жж. аралығында өлке болып құрылғанда қайтадан, Жамбыл және Қызылорда облыстарымен бірікті. 1964 ж. өлке таратылып, Шымкент облысы бұрынғы атауын қайта алды.

1992 ж. 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен облысқа Оңтүстік Қазақстан атауы қайтарылып берілді. Оңтүстік Қазақстан облысының құрылғанына міне биыл 80 жыл толып отыр. Облыстың әкімшілік-территориясында – 11 аудан, 4 қалалық әкімдік, 7 қала (Шымкенттен басқа), 13 кент, 171 ауылдық округ, 932 ауылдық елді мекенге бөлінген. Орталығы – Шымкентқаласы [2, 3].

Облыс халқы тәуелсіздік жағдайында ұдайы өсіп, көбейді, оныңнегізгі себебі саны 1989 ж. Бүкілодақтық санақ бойынша – 1 млн 823,5 мың адам болса, 1999 ж. – 1 млн 978,3 мың, 2009 ж. – 2 млн 469,4 мың адамға жетіп, 20 жыл ішінде 24,8%-ға өскен[4, с. 5 ; 5, 2 б.]. Егер 1989-1999 жж. арасында Қазақстан халқы 1 млн. 216 мыңға азайғанын, ал 2009 жыл 16 млн-нан асып, сол 20 жыл бұрынғы деңгейге (16 млн 199 мың) енді ғана жақындағанын ескерсек, Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының демографиялық дамуындағы басты ерекшелік – олардың саны көбеюінде екенін көреміз [5]. Егеменді еліміздің халық санының өсуіне Оңтүстік облыстың қосқан үлесі де көп болғанын байқаймыз. 1989-2009 жж. облыс аудандары тұрғындарының өсу қозғалысын төмендегідей екіге бөліп қарастыруға болады:

Біріншіден, табиғи өсімі жоғары аудандар: Облыс құрамында Мақтаарал ауданының – (18,7%-19,1%) үлесі бірінші онжылдықта 1,4%-ға көтерілгенін ескерсек, ал 2009 ж. үлес салмағы 18,7% құрап, 1989 ж. деңгейіне жетті. Сайрам ауданы – (15,8%-18,5%) 20 жылда саны 2,7%-ға көтеріліп, бұл табиғи өсімнің қарқынды дамып отырғанын көрсетеді. Сарыағаш ауданы –1989-1999 жж. үлес салмағы – 0,3%-ға төмендеп, екінші онжылдықта бұл деңгей оң қалыптасып, 0,6%-ға көтерілді, яғни 20 жылда саны – 0,6%-ға өсті. Төле би ауданы – үлесі 0,8%-ға (1989 ж. – 8,9%-дан 2009 ж. – 8,1%-ға) дейін төмендегенімен, халықтың саны – (24,0 мың адамға) өсті. Ордабасы ауданы - 20 жылда саны 0,4%-ға өсіп, үлес салмағы –6,7%-ды құрады. Қазығұрт ауданы – 1989 ж. – 6,7%, 1999 ж. –7,1%, 2009 ж. – 6,6% құрап, 20 жыл бұрынғы деңгейге қарағанда (26,2 мың адамға) өскенімен, үлес салмағы 0,1%-ға төмендеді.

Екіншіден, табиғи өсімі баяу аудандар: Түлкібас ауданы үлесі – 1989-2009 жж. - 7,5%-6,3%-ға төмен дегенімен, саны 20 жылда 11,8 мың адамға көбейген. Шардара ауданы – 1989 ж. – 5,6%, 1999 ж. – 5,2%, 2009 ж. – 5% құрап, 20 жылдағы үлес салмағы – 0,6%-ға төмендеген. Отырар ауданы –20 жылдағы үлесі 4,5%-дан 3,5%-ға дейін төмендеп, саны –2,4 мың адамға өсті. 1989-2009 жж. табиғи өсімі төмен деңгейде дамығанын көреміз. Бәйдібек ауданы –1989-2009 жж. үлесі 4,7%-3,5% құрап, үлес салмағы 1,2%-ға төмендеп, 20 жылда саны – (372 адамға) өскен, бірақ табиғи өсімі өзге аудандарға қарағанда өте баяу дамуда. Созақ ауданы – 20 жылда 7,7 мың адамға өскенімен, үлес салмағы 4%-3,4%-ға төмендеген. Табиғи өсімі аудандар ішінде ең төменгі көрсеткішті көрсетіп отыр [6, с. 5; 7, с. 4].

Тәуелсіздік жылдары Облыс тұрғындарының ұлттық құрамында да елеулі өзгерістер болды, әсіресе 1989 ж. облыс тұрғындарының жартысынан сәл ғана асқан (55,8%) қазақтар 2009 ж. (70,1%) 14,3% көбейіп, енді басым көпшілікке айналды.Ал өзбектер – 1,8% өсті, славян ұлт өкілдері мен еуропа ұлт өкілдері – 37,1%-25,1%-ға төмендеп, депопуляция процесіне ұшырағаны байқалды, ал басқа ұлт өкілдерінің саны 2,3%-ға төмендеді. [4, с. 14; 5, 42 б.].

Отандық тарихшы-ғалымдар М-А.Х. Асылбек пен Ж.М-А. Асылбекованың зерттеулерінде Республикада 1989-2009 жж. қазақтардың саны 3 млн 564 мың адамға (54,5%) құраса, ал бірінші онжылдықта – 1 млн 475 мың адамға (22,5%-ға), екінші онжылдықта – 2 млн 87 мың (26,0%-ға) көбейгені айтылады. Қазақтардың үлес салмағы негізінен басым аймақ Оңтүстік Қазақстан, оның ішінде Қызылорда облысы – 95,8%, Оңтүстік Қазақстан облысы – 70,1%, Жамбыл облысы – 69,0%, Алматы облысы– 64,1% және Алматы қ. – 50,1%, Батыс Қазақстан: Атырау облысы – 91,3%, Маңғыстау облысы – 86,1%, Ақтөбе облысы – 77,9%, Батыс Қазақстан облысы – 70,9%, Шығыс Қазақстан: (Шығыс Қазақстан облысы) –53,9%, Орталық Қазақстан: (Қарағандыда) – 44,1%. Қазақтардың үлес салмағы аймақ Солтүстік Қазақстан: екі облыста (Павлодар облысында – 45,7% және Ақмола облысында – 44,6%) халқының жартысына жетпейді. Қалған екі облыста (Қостанай облысында – 35,6% және Солтүстік Қазақстан облысында – 33,7%) құрап, төмен көрсеткішке ие екенін ғалымдар өздерінің ғылыми демографиялық талдауларында берген [1, с. 23].

Тәуелсіздік жылдарында урбандалу-қалалану үрдістерінің күшейе түскен, әсіресе «қазақтардың қалаға бет бұрған кезеңі», - десек те болады. Бұл жылдары қала халқы 56,7%-дан 54%-ға түскенімен, Оңтүстік Қазақстан облысында қала тұрғындары арасында қазақтардың үлесі – 40,8%-дан 59,8%-ға дейін өсті, яғни 19%-ға көбейді, өзбектер – 9,8%-ға өсті, ал басқа этнос өкілдерінің үлесі төмендей түсті [4, с. 15; 5, 42 б.].2009 ж. халық санағында Оңтүстік Қазақстан облысында қазақтардың үлес салмағы 59,8% құрап, саны - 19%-ға өсті, сонымен қатар, өзбектер – 21,5% құраса, 20 жыл ішінде 9,8%-ға көбейген, ал орыс, татар, украин, неміс т.б. ұлт өкілдері - 12,5%-ға дейін төмендеді [5, 42 б.].

Республикалық деңгейдегі Алматы қ. халқы – 1 млн 365,1 мың адам, Астана қ. халқы – 639,3 мың адам, Шымкент қ.ә. – 566,9 мың адамды құрап, үшінші орынға ие болды, оның ішінде қазақтардың үлесі – 57,5% (325,7 мың адам) құрап, 10 жыл ішінде 118 мың адамға көбейген [5, 42-47 б.].

Оның басты айғағы ретінде елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Шымкент қаласы еліміздегі үшінші қала болуы тиіс» [8], - деген бағасынан көре аламыз. Ордабасы, Сайрам және Төле би аудандарынан 36 елді мекені облыс орталығы Шымкент қаласымен бірігеді. Атап айтқанда, Сайрам ауданының Сайрам, «Тәжірибе станциясы», Қызылсай, Қарабастау, Артель, Әбділабад, Айкөл, Шапырашты, Қызылсу, Қаратөбе, Мәртөбе, Ақтас, Өтеміс, Бадам – 2, Еңбекші, Базаршы, Базарқақпа, Қайнарбұлақ, Жұлдыз, Игілік, Жаңаталап, Бадам, Таскен, Қарасу, Достық, Тұрдыабад, Орманшы, Бадам – 1 және Қаражол елді мекендері және Ордабасы ауданынан Алтынтөбе және Көкбұлақ, Төле би ауданынан Ақжар, Елтай, Текесу, Маятас және Жыланбұзған елді мекендері де, тұрғындары да енді қалаға өтпек. Шымкент қаласының аумағы үш есеге үлкеймек. Болашақта Шымкент қаласы халқының санын 1 млн-ға жеткізу жоспарланып отыр [9]. Ал қазақтардың үлесі Арыс қ.ә.– 95,2%, Кентау қ.ә. – 65,7%, Түркістан қ.ә. – 52,6% құрады [5, 42 б.].

Облыста 1989 ж. қала халқы – 40,5%, 1999 ж. – 36,8%, 2009 ж.– 38,7% құраса, ауылдық жерлерде 1989 ж. – 59,5%, 1999 ж.– 63,2% болса, 2009 ж. – 61,3% құрап отыр, яғни 20 жыл бұрынғы деңгейден саны – 1,8%-ға өсіп, Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының көпшілігі әлі де болса халықтың ауылдық мекендерде көп шоғырланғаны көрінеді. Ауылдық жерлерде қазақтар – 76,6%-ды құрап, 20 жылдың ішінде 10,7%-ға көбейді, өзбек, орыс, татар, неміс, украин ұлттарының ауылдық мекендерде – 17% құрап, 1989 ж. деңгейден 10%-ға төмендеген. Ал қалған ұлттардың үлесі салмағы 6,4% құрап, 0,7%-ға кеміп отыр [4, с. 15; 10, с. 42].

Тұрғындардың саны оң көші-қон есебінен де өсіп келеді, көші-қон нәтижесінде Облысқа 1989-1998 жж. Қазақстанның өзге де аймақтарынан келгендер үлесі – 33,2%, ал ТМД және Балтық жағалауы елдерінен келгендер – 59,4% құрады, ТМД және Балтық жағалауынан тыс елдерден келгендер – 7,3% құрады. 2006 ж. Қазақстанның өзгеде аймақтарынан келгендер 66,3% құраса, ал ТМД және Балтық елдерінен келгендер – 28,6% жетіп, ТМД және Балтық елдерінен тыс елдерден 5,1% құрады [4, с. 59; 11, 21 б.].

Оңтүстік Қазақстан облысының ішкі көші-қоны 1993 жылы 55,8 мың адам кетіп, 1992 жылмен салыстырғанда 4,8% (2,8 мың адам.) өсті. Негізгі сыртқа кеткен көші-қон үдерісі халықаралық мемлекеттердің ішінде жақын шетелдерден Ресей федерациясы, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина республикаларында көрінді. Ресейге (67,7%), Өзбекстанға (24,6%), Украинаға (3,6%) құрады. Ішкі көші-қонның негізгі легі қала, ауыл халқы Жамбыл облысы – 24,1%, Алматы қаласы – 18%, Қарағанды облысы – 6,3%, Алматы облысы – 5,4%, Ақтөбе, Ақмола, Жезқазған және Семей облыстарынан келгендер (3-3,3%) құрады [12, 23-25 п.].

1999-2009 жж. аралығында Оңтүстік Қазақстан облысына көші-қон үрдісі бойынша келгендер – 12,5%, Қазақстанның өзге аймақтарынан келгендер – 8,1%, Көші-қонның негізгі дені ТМД елдерінен – 6,8% (169,8 мың адам.) (Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызтан, Украина, Молдова, Әзербайжан, Беларусь, Армения мемлекеттерінен) келсе, өзге елдерден – 0,4% (8,6 мың адам.) Ауғанстан, Иран, Грузия, Түркия, Қытай, Моңғолия, Еуропа мемлекеттері, АҚШ, Эстония, КХДР, Пәкістан, және т.б. елдерден келді [7, с. 69]. 1999-2009 жж. кеткендер – (1,5%-1,6%-ға) көтерілді [13, с. 464].

Тұрғындар 1999-2009 жж. көші-қон үдерістері нәтижесінде Шымкент қалалық әкімдігіне – 23,5%, Арыс қалалық әкімдігінде – 9,4%, Кентау қалалық әкімдігіне – 6,9%, Түркістан қалалық әкімдігіне – 3,8%, Бәйдібек ауданына – 3,9%, Қазығұрт ауданына – 8,9%, Мақтаарал ауданына – 10,3%, Ордабасы ауданына – 21,0%), Отырар ауданына – 3,0%, Сайрам ауданына - 9,2%, Сарыағаш ауданына – 9,4%, Созақ ауданы – 3,0%, Төле би ауданы – 7,3%, Түлкібас ауданы – 13,2%, Шардара ауданына – 9,9% келді. Көші-қон нәтижесінде басым көпшілігі, Шымкент қалалық әкімдігіне, Ордабасы, Мақтаарал, Түлкібас, Қазығұрт аудандарына көшіп келіп орналасты [7, с. 95-96].

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен бекітілген оралмандардың көшіп келу үшін Оңтүстік Қазақстан облысына 1993-2007 жж. – 13149 отбасыға квота бөлінді [14, 59-191 б.].

Шетелдегі қазақтардың оңтүстік өңірдегі тарихи отанына оралу деңгейін екі жікке бөліп қарастыруымызға болады:

Бірінші кезекте – Өзбекстан, Иран, Түрікменстан, Ауғанстан және Түркия мемлекеттері;

Екінші кезекте – Ресей, Қытай, Пәкістан және ТМД-ның басқа елдері тұр.

1991-2010 жж. оралмандардың саны 175,4 мың адамға (50865 отбасыға) жетіп, республикада алатын үлес салмағы– 23%-ды құрады [15, 316 б.]. Қорытындылай келе, Оңтүстік Қазақстан облысы халқының тәуелсіздік жылдары даму ерекшелігін мына жағдайлардан байқаймыз: өзге облыстарға қарағанда, ұдайы өсіп келеді; оның өсу көздері табиғи өсім мен көші-қон есебінен; жергілікті ұлттың басымдылығы, дәстүрлі түрде күшейе түсті; өзбектердің үлесі өсті.

Облыс халқының ұлттық құрамы 1989-2009 жж. халық санағы бойынша Мақтаарал, Сайрам, Сарыағаш аудандарында полиэтникалық (көпұлттылық) құрам басым, ал Шардара, Ордабасы, Отырар, Созақ, Төле би, Түлкібас аудандарында моноэтникалық (бірұлттылық) құрам тұрғысында дамығандығын байқаймыз. Сондай-ақ, облыс тұрғындарының табиғи өсімі (туылу мен өлім), табиғи-географиялық орналасуымен қатар, халықтың өсімідаму үдерісінде болды.

Қазақтар – 70,1%, ал түркі-мұсылман этнос өкілдері (өзбек, азербайжан, ұйғыр, түрік, күрд және т.б.) көбейіп отырса, ал еурапалық этнос өкілдері, оның ішінде орыс, украин, неміс және т.б. ұлт өкілдері азайды [5, 42 б.].

Көші-қонның нәтижесінде Қазақстанға келген оралмандардың (23%) негізгі дені Оңтүстік Қазақстан облысында орналасты [15]. Оның басты себебі: Оңтүстіктің өзге облыстарға қарағанда, табиғи-территориялық қолайлылығында еді. Әлі де болса, қазақтар түркі-мұсылман этностарынан табиғи өсімі бойынша, артта қалып келеді. Халық даналығында ылғандай айтады «Ел болам десең бесігінді түзе». Сол себепті де, әлеуметтік-демографиялық тұрақтылығымызды және щның өсуін сақтауға мемлекет тарапынан жағдай қалыптастыру қажет.

_____________________________________________________

Әдебиеттер

1 Асылбек, М-А.Х., Асылбекова, Ж.М-А. Социально-демографическое развитие населения Казахстана в годы суверенитета // Отан тарихы. – 2010.– № 3 (51). – С. 19.

2 Оңтүстік Қазақстан облысындағы жер-су, елді мекен атауларының қысқаша тарихы. – Алматы: «Нұрлы Әлем» баспасы, 2009. – 3 б.

3 Оңтүстік Қазақстан облысы: Энциклопедия.– Алматы: Қазақ энциклопедиясы ЖШС, 2005. – 30-31 б.

4 Итоги переписи населения 1999 года по Южно-Казахстанской области. Агентство Республики Казахстан по статистике. – Алматы: Статистический сборник /Под ред. А.А. Смаилова/ 2001. – Том 1. – 157 с.

5 Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі. 2009 жыл басына Қазақстан Республикасы халқының облыстар, қалалар және аудандар бойынша саны.– Астана: /Редакциясын басқарған Ә. Смайылов/ – 2009. – 47 б.

6 Итоги переписи населения 1999 года по Южно-Казахстанской области. Агентство Республики Казахстан по статистике. – Алматы: Статистический сборник /Под ред. А.А. Смаилова/ 2001. – Том 2. – 158 с.

7 Южно-Казахстанская область. Итоги Национальной переписи населения Республики Казахстан 2009 года. – Астана: Статистический сборник /Под ред. А.А. Смаилова/ 2011№ – Том 1. – 114 с.

8 Көлбай Ж. Шымкент миллионер болуға жақын // Түркістан. – 2010. – № 49 (855) 9 желтоқсан.

9 Данияр Т. Шымкентке 36 елді мекен қосылады. «Бозарықта» жаңа вокзал салынады // Замана. – 17 қыркүйек 2012. - http://zamana.kz/okiga/5436-wim.html.

10 Перепись населения Республики Казахстан 2009 года. Краткие итоги. Агентство Республики Казахстан по статистике. – Алматы:Статистический сборник /Под ред. А.А. Смаилова/ 2010. – 110 с.

11 Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі. 2006 жылғы Қазақстан Республикасы халқының қорытынды көші-қоны. – Астана: /Редакциясын басқарған Ә. Смайылов/ 2007. – 117 б.

12 ОҚО ММ. 709-қ., 10-т., 666-іс.

13 Демографический ежегодник Казахстана. – Астана: Статистический сборник. /Под ред. А.А. Смаилова/ 2010. – 523 с.

14 Қазақ көші – қазақтың қауымдасуы: Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының қорынан құжаттар жинағы (Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 20 жылдығына арналған).– Алматы: Атажұрт баспа орталығы, – 2012. – 352 б.

15 Төретай Қ.Т. Ұлы көш – ұлттың абыройы // Қазақстан және шетелдегі қазақтар: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 20 жыл толуына орай өткізілген Халықаралық ғыл.-практ. конф. «Этникалық қазақтардың репатриациясы Қазақстан мемлекеті көші-қон саясатының құрамдас бөлігі ретінде: жетістіктері, мәселелері және оларды шешу жолдары» материалдары (Алматы қ. 12 қазан 2012 ж.). – Алматы: Атажұрт баспа орталығы, 2012. – 314-317 б.

Аннотация

Мақалада Оңтүстік Қазақстан облысы халқының тәуелсіздік жағдайындағы демографиялық ахуалы, ұлттық құрамы мен көші-қон үдерістеріндегі өзгерістеріне тоқталады. Автор 1989 жылғы Бүкілодақтық халық санағын, тәуелсіз Қазақстанның 1999, 2009 жылдардағы ресми жүргізген санақтарының негізінде өсіп-дамуына әсер етуші факторларын ашып көрсетеді.

Түйін сөздер: тарих, демография, ұлттық құрам, көші-қон.

Резюме

В этой статье представлены материалы по определенным источникам, где освещаются демографические изменения Южного Казахстана после обретения Республикой Казахстан независимости. Кроме того, рассматриваются изменения численности, национального состава и миграционные процессы региона.

Summary

In this article there are presented materials on certain sources covering the demography changes of South Kazakhstan which happened after the Republic of Kazakhstan gained its independence. Besides, the changes of number, national structures and the region’s migration processes are considered.

Ж.Қ. СПАБЕКОВ

  Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология

ИнститутыныңХалықтану және тарихи тұлғатану

мәселелерібөлімінің ғылыми қызметкері


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?