Түрік мәдениеті тарихын зерттеу ісіне бар өмірін арнап, 15 томдық еңбек жазып қалдырған көрнекті түрік тарихшысы Баһаддин Өгел 1924 жылы Түркияның Елазіг шаршы маһалласында дүниеге келген еді.
Бастауыш және орта білімді өз ауылынан алған болашақ тарихшы жоғары білімді 1941-1945 жылдары Анкара университетінің тіл және тарих-жағрафия факультетінен алады. Өз алдына «мен тарихшы боламын» деген айқын мақсат қойған талапкер алдымен әлемдік тілдерді меңгеру керек деген шешімге келіп, қосымша сабақ ретінде социология, археология бөлімдерінің лекцияларына қатыса жүріп, университетті бітіргенге дейін-ақ, қытай, монғол, парсы, француз, неміс, ағылшын тілдерін біршама меңгеріп алады. Еңбек жолын шалғайдағы Ерзұрым лицейінде тарих пәні мұғалімдігінен бастайды. Сол тұста «Ерзұрым ескерткіштерінде Алтай-Түрік өнерінің іздері» деген еңбегін жазып, Анадолы мен Орта Азия арасындағы рухани-мәдени туыстықты іздеу жолына түскенін мәлімдегендей болады.
Баһаддин Өгел 1947 жылдан 1962 жылға дейінгі аралықта Анкарада және Иран мен Алмания елдерінде болып, ғылыми жұмыспен айналысты, әрі білімін толықтырды. Осы барыста көптеген ғылыми мақалалар, монографиялар жазып, оларды түрік және алман тілдерінде жариялады. 1948 жылы профессор В. Эберхардтың жетекшілігімен «Ұйғыр мемлекетінің құрылуы» деген тақырыпта тарих ғылымының докторы атағына ие болады.
Түркияда XX ғасырдың орта шеніне дейін Орта Азия, түрік тарихы мен мәдениеті жүйелі зерттеле қоймаған болатын, Ал Еуропа мен Ресейдің бұл салада Түркиядан бір ғасырдай алға озып кеткенін анық сезінген Баһаддин Өгел өзіне дейін жасалған бай ғылыми тәжірибелер мен тәсілдерді ұтымды пайдалану жолдарын қарастырды. Ол ылғи да өзіне-өзі: «осынау жап-жаңа, осы заманғы тәсілдерді түрік мәдениеті тарихы үшін қалай қолдануға болар екен?» деген сұрақты қоя отырып, іске кіріскен болатын.
1959 жылдан бастап «Түрік мәдениеті тарихына кіріспе» атты көп томдықтың жоспарын жасауға кіріседі. Алайда, Еуропа мен Түркиядағы деректемелер мен зерттеу еңбектері тарихшының талабын қанағаттандыра алмасы белгілі бола бастайды. Қалай да, Қытайдың бай архив көздеріне жету керектігін, ол үшін Қытайға барудың амалын қарастырады.
Ол тұста Қызыл Қытайға барар жол жабық болғандықтан, Тайуан өкіметінің келісіміне қол жеткізіп, Тайбей университетіне бір жылға «Жолаушы оқытушы» деген мәртебемен лекция оқуға барады. Сонымен 1962-1963 жылдары Тайбейде, одан 1963-1964 жылдары Жапонияда тұрып, қытай-жапон ғалымдарымен қоян-қолтық араласады.
1964 жылдың маусымынан өмірінің соңына дейін өз елінде бірыңғай ғылыми зерттеулермен және ұстаздықпен айналысады.
Ширек ғасыр ішінде (1964-1989 жж.) ғылыми маңызы бірі-бірінен асқан жүздеген мақалалар мен 20 томға жуық еңбек жазып, жариялаған Баһаддин Өгел әлем таныған көрнекті ғалым болды. Ғалымның орасан зор еңбегін бағалаған түрік өкіметі 1993 жылы оның шығармаларын «Тürkbüyükleri» («Түріктің ұлылары») сериясымен басып шығара бастайды.
Қазақ оқырмандары Б. Өгел шығармаларымен осы жолдар авторының аудармасымен «ҚАнт» баспасы 1998 жылы басып шығарған екі томдық «Ұлы Хұн империясының тарихы» арқылы танысқан болатын.
БАҺАДДИН ӨГЕЛДІҢ ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕКТЕРІ ЖӘНЕ ҰСТАНҒАН ПРИНЦИПТЕРІ
Түрік тарихын зерттеу тым кеш қолға алынды. Еуропада тек XIX ғасырдың аяғын ала филологтар қолға ала бастаған жаңа саланы мәдениет танушылар мен тарихшылар қостап ала жөнелді. Алайда түрік мәдениеті тарихымен айналысушылардың алдында қат-қабат тосқындар тұрған болатын. Түрік тарихы мен мәдениетінің өзіндік ерекшеліктерін жете түсінбейтін батыстық зерттеушілердің көптеген жаңсақ пайымдаулар жасағанын көрген Баһаддин Өгел, мұндай зерттеулерді тек түрік ғалымдарының өзі жүргізуі керек деген шешімге келеді. Әсіресе, түріктердің арғы ата-бабасымен тікелей қарым-қатынаста болған Қытай архивіне бойламай болмайтынын баса ескертіп отырды.
Баһаддин Өгел — түрік тарихын біртұтас жүйеге келтіріп, 3000-4000 жылдық уақытпен, еуропалық әлемдік кеңістікте зерттеу принципін ұстанған зерттеуші. Ол өзінің мағыналы ғылыми зерттеушілік ғұмырын қорытындылай келе, Анадолыдан тапқан мәдени мұрағаттар мен Орта Азия сапарларында көргендері өте ұқсас екендігін, яғни Анадолыдағы түрік мәдениетінің қайнар көзі Орта Азия екендігін дәлелдеп берді. Доктор Абдулқадыр Иұвалының сөзімен айтқанда: «Саяси, мәдени, тіпті әскери тарихты зерттеу барысында ұстазымыз Өгел өзімізді-өзімізге танытуға барын салды» [1].
Енді, біз, Баһаддин Өгелдің зерттеу аясына қысқаша тоқталар болсақ, дәл біздің еліміздегі тәрізді, 60-жылдарға дейінгі Түркия тарихында да хұн, сақ, көк түрік және басқа да Орта Азия халықтары жөнінде 3-4 беттік шолу мақалалардан басқа еш нәрсе жоқ болатын. Сол олқылықты толтыру мақсатымен 1962 жылы «Исламнан бұрынғы түрік мәдениеті тарихы», 1971 ж. екі томдық «Түрік мифологиясы» және екі томдық «Түрік мәдениетінің даму кезеңдері», 1982 ж. «Түріктердің мемлекет жөніндегі ұғымдары», 1990 ж. "Түрік мәдениеті тарихына кіріспе" атты 9 томдық еңбектерін жазып жариялайды. Егер өмірі жетсе, 20 томға жеткізуді жоспарлаған екен марқұм.
Баһаддин Өгел түрік мәдениеті тарихына байланысты жүздеген мақала жазды. Осының бәрінде батыстық зерттеушілердің сыңаржақ пікірлеріне тойтарыс беріп, өзінің ғылыми тұжырымдарын батыл ұстанып отырды. Батыс тарихшылары батыс қоғамының даму заңдылықтарын негіз етіп, мәдениеттер тарихын да сол бойынша талдап, бағалау принципін ешбір өзгертпестен-ақ түрік халықтарының тарихи даму жоддарына баға бере келіп, «Көшпенділер мәдениет» дейтін мәдениет - дамымаған, мешеу мәдениет» деп тұмсық шүйіре қарады. Оларша, «көшпенділер мәдениеті» отырықшылар мәдениетінен әлдеқайда мешеу болатын. Баһаддин Өгел бұндай көзқарасқа батыл қарсы бола отырып, түріктердің қоғамдық құрылымы мен әлеуметтік тұрмыс-тіршілігінің ерекшеліктерін ескермей жүргенін баса көрсетті. Ол кез келген қоғамның дамуы немесе артта қалуы сол қоғамды құрайтын жеке тұлғалардың қоғам алдындағы өз міндетін қалай орындауына, оны қалай ұғынып, сезінуіне тікелей байланысты деп қарады. Далалық жағдайда түрік қоғамындағы от басы мүшелерінің және отбасылардың өз аталастары мен ру-ұлыс алдында белгілі «орны мен үлесі» болушы еді. Былайша айтқанда, «Атты көшпенділер» мәдениеті барынша динамикалық сағат механизмінше, мүлтіксіз қозғалған адамдардың іс-әрекеті, ақыл-ойы арқылы жасалған болатын.
Баһаддин Өгел қашан да: «Біздің мұратымыз деректер мен мағлұматтарды жарияға шығару болмақ, оқығандар мен тындаушылар өз шама-шарықтарына қарай қажетіне жаратар» дегенді қағида тұтқан адам [2].
Баһадцин Өгел «Алланың және өкіметтің ісіне килігуге болмайды» дейтін принципті ұстанып өтті. Бұл екі қасиетті ұғымға шек келтіруге болмайтынын шәкірттеріне өсиет етіп отырды. Оның кәміл сенімі бойынша, ислам мен түрік ұғымдары біртұтас, мың жылдан бері түрік исламсыз, ислам да түріксіз өмір сүре алмағанын ғылыми дәлелдеуге күш салды.
Баһаддин Өгел былай дейді: «Түріктердің мемлекет жөніндегі түсінігі біртұтас түрік тарихы бойынша таммыры тым тереңге бойлаған орнықты ұғымдар жүйесіне, салдарлы дүниетанымға арқа сүйеген. Осындай байсалды байлам ұзына тарихта онша көп өзгеріске ұшырамастан халықтық, ұлттық дәстүрге айналып бізге жетіп отыр» [3]. Демек, түрік тарихын білмей тұрып, түрік мемлекеттерінде қалыптасқан ұдайылық пен жалғастылықты түсіну мүмкін емес еді.
Баһаддин Өгел мемлекеттің таянышы халық, жер, қаған екенін баса көрсетеді. Бұл үшеуінің бірі болмаса түрік мемлекеті әлдеқашан құрып кеткен болар еді.
Халық отбасы мүшелерінен құралар болса, отбасынан басталып мемлекетке апарар жолды жол-жора (töге) деп атайды. Отбасындағы сияқты түрік қағандары мемлекетті де елдік жол-жора бойынша басқаруға тиіс болатын. Сондықтан да «Көкте тек бір ғана Тәңірі, тек бір ғана күн, жерде тек бір ғана қаған билік құруы керек» [4].
Профессор Баһаддин Өгел баса назар аударған тағы бір мәселе — әскер-халық ара қатынасы еді. Сонау Мете заманынан бері түріктерде армия мен халық біртұтас ұғым болып қалыптасқандығын бай тарихи материалдар арқылы дәлелдеп шығады.
Баһаддин Өгелдің атын әлемге танытқан ең үлкен еңбегі «Ұлы Хұн империясының тарихы» атты екі томдық болды.
Тарихта қүдіретті империялар құра алған хұндар әлемдік әскери өнерді барынша дамытты. Олар алғаш рет ондық, жүздік, мыңдық, он мыңдық әскери құрамаларды жасақтап шықты. Түріктің әскери құрылымының негізі тек соғыс қажеттілігінен туындаған-ды. Сондықтан рмия мен соғыс өзінше өнер деп есептелді.
Түріктің әкімшілік және әскери құрылымының негізі отбасы болып табылады. Отбасындағы күнделікті тіршілік, тәртіп-ереже, өзара қарым-қатынас, тікелей армияда және ел билеу жүйесінде де колданылып отырушы еді. Мәселен, түрік әлеуметіндегі өзара сыйластық, атақ-дәреже, шендік баспалдақтар тек отбасынан басталатындығын Б. Өгел дәлелдеп береді. «Әр ата-ана балаларына, әр ру өз әскеріне жауапты» деген қағида бойынша түріктік жөн-жосық үш түрлі қылмысты ең ауыр жазаға бұйырушы еді. Бұлар «Зинақорлық, ұрлық және тыңшылық» болатын. Мұндай қылмысқа тек қылмыскер ғана жауап бермейді, оған ата-ана, аталас ағайын, ру-ұлыс болып жауап беретіндіктен түрік қоғамындағы тәртіп өте катал, әрі барынша әділетті еді. Қазақ қоғамы Қазан төңкерісі әкелген жалған демократия мен әлеуметтік теңдік дегендердің кесірінен бүгіндері осындай тамаша дәстүрінен қол үзіп қалды. Дамыған Батыс елдерінің бұдан да зор қоғамдық дағдарысқа ұшырап, әлеуметтік, моральдық азғындыққа бет бұрғанын көріп отырмыз.
Баһаддин Өгелдің көп зерттеген саласының бірі — түрік-монғол мәселесі болды, ол өзінің «Sinо-Тüгсіса» және «Ұлы хұн империясының тарихы» атты кітаптарында монғолдардың өзінше бір этникалық халық екенін, былайша айтқанда, монғолдарда «Доңызшылдық», ал түріктерде «Қойшылық мәдениеті» дамығанын, монғолдарда «Аналық», түріктерде «Аталық» отбасылық өмір қалыптасқанын дәлелдеп шығады. Шыңғыс хан құрған Монғол мемлекетіндегі түріктік белгілер болса, мемлекетті құрысқан ұйғыр, керей, найман, дулат түріктерінің көрнекті қайраткерлерінің ықпалынан болғанын бұлтартпас дәлелдермен ашып көрсетеді. Шыңғыс хан төңірегінде ел билескен түрік текті әйгілі қайраткерлердің өмірбаянын, олардың істеген істерін жүйелеп кәрсетеді.
Баһаддин Өгелдің мына бір сөзі бүгінгі қазақ тарихшылары үшін де аса құнды болар деп ойлаймыз: «Бүгінгі түрік тарихшылығы қалай да деректемелерді сүзе қарастыруда, сол дерек көздеріне сүйене отырып, бір синтездеу барысын бастан кешуде, деректерді жүйелемей тұрып, ауқымды теориялық пайымдаулар жасауға болмайтынын бәріміз білуге тиіспіз» [5]. Осыдан барып біртұтас «Түрік тарихын» жазу қажеттілігі туындайды. Бөліп-жаруға, үзіп-жұлуға, алалауға жол беруге болмайды деп қарайды тарихшы.
Б. Өгелдің тарихты зерттеу тәсілі қандай еді? Ол былай дейді: «Тарихшының әдісі, зерттеушінің оқиғаларды (әрине, тарихи - Ә.Д) өз кешулері арқылы сезінуі керек болады. Мен Анадолыдан немесе өзім туып-өскен Харпуттан Орта Азияға яғни, Өтукенге қарай жол тарттым. Зерттеулерімді осылай бастадым. Анадолыдан тапқандарымды Орта Азиядан да таптым. Өйткені Анадолы мәдениеті Орта Азиядан келген болатын» [6].
Б. Өгел өзін Фуат Көпүрлү мектебінің өкілі санаушы еді. Сондықтан да ол Көпүрлүнің жолын жалғастыра, батыстықтардың өз мәдениеті мен тарихын қалай зерттеп-зерделеу тәсілдерін үйрене отырып, оны түрік мәдениетін зерттеу саласында жаңашылдықпен пайдалану арқылы тамаша кітаптар жазып шыққан болатын.
Б. Өгелдің саяси, тарихи көзқарасы және келелі мәселелерді қарастыру тәсілін түйіндеп айтар болсақ, тұтастық әрі үздіксіз жалғастылық деген қағидаға саяды.
Түрік тарихына назар салсақ, мемлекеттердің құрылуы мен ыдырауын, түрік династияларының саяси ықпалы әлсіреп, орнына жаңа бір әулеттің келуін «құт» деген түсінікке сыйғызады.
Б. Өгел Орта Азия түрік тарихын хұндардан, олардың ата-бабаларынан бастай отырып, бір-біріне үздіксіз жалғасып келген елдік салтанатты тізбелей келе үйсіндер, қаңлылар, көк түріктер, түркештер, қарлықтар, үйғырлар, қарахандықтар, оғұздар, кимек, қыпшақтар, керей, наймандар, ғазнавилер, селжұқтар, хорезмшаһтар, Анадолы бектіктері, османльшар мемлекетіндегі қауымдар қозғалысын жан-жақты қарастырып отырады.
Профессор Б. Өгелдің зерттеу тәсілін пайдалана отырып, қазақ тарихшылары түрік халықтары тарихын біртұтас қарастыруы, академиялық және оқулықтар басылымында осы принципті ұстануы қажет деп қараймыз.
Б. Өгел мәдениет тарихын қарастырғанда да дол осы принципті ұстанды. Ол бұл туралы былай дейді: «Түрік тарихы түрік қауымдары мен түрік ұлтының біртұтас өмір хикаясы болып табылады. Мемлекеттер құлап, жаңасы құрылып жата береді. Ал, мызғымай жалғаса берері - түрік ұлты мен түрік қауымдары және олардың санасында сақталар қастерлі ұғым-түсініктері болса керек. Түрік мемлекетінің ұйытқысы «отбасы-шаңырақ», «шаңырақ» шайқалып бұзылмаса, бұл ұғым-түсінік алғасып отырады және жалғаса бермек» [7].
Б. Өгел 1970 жылдан былай қарай бірыңғай дерлік түрік мәдениеті тарихымен айналыса бастады. Бұл жолда тамаша табыстарға қол жеткізді. Солай болса да Б. Өгел ылғи да өзінің ұстаздарын, тәлім алған ғылыми мектептерін кішілікпен еске алып, әспеттеп отырушы еді. Мәселен, «Бүгінгі жеткен жетістіктерімізде ұстаздарымыздың сіңірген еңбегі аса зор. Олар ашып берген жолмен жүрдік. Алдымызда Фуат Көпүрлүдей жолбасшыларымыз бар» деген сөздері оның жарқын мысалы еді.
Ол түрік мәдениетін аса ауқымды уақыт пен кеңістік аясында жан-жақты зерттеу жүргізу арқылы түрік халықтары мәдениетінің Орта Азиялық түп тамырларымен Еуразияға жайылған бұтақтарын тұтас қамти талдап, саралап бере алатын ғылыми әдістемені жасап шыққан болатын.
Енді біз қазақ мәдениеті тарихымен айналысқысы келетін зерттеушілерге үлгі ретінде профессор Б. Өгелдің 9 томдық «Тürkkültürtarihinegiriş» атты көлемді еңбегінің мазмұнына қысқаша тоқталмақпыз.
Алдымен көп томдықтың атына анықтама бере кетелік. Түріктер мәдениет және культура сөз «мәдениет» ол екеуінің де мағынасын қамти береді. Біздің «рухани мәдениет» деген тіркесімізді түріктер «мәдениет» деп қолданса, «заттық мәдениет» тіркесімізді «культура» мағынасында қолданады. «Түрік мәдениеті тарихына кіріспе» деп атауды жөн көрдік.
Б. Өгелдің өзі де: «Kültür деген не, мәдениет деген не» дейтін таласқа киліккіміз келмейді. «Бізді, тек қолымызда бар дүниелерді қалай қолданып, қайтіп пайдаға асырамыз деген ой ғана мазалайды» [8] деп ашық жазған болатын.
Ендеше, «мәдениет тарихын» неден бастау керек,нелерді қамту керек? Біз оны қалай түсінеміз? Қазақ мәдениеті тарихын жазу, зерттеу деңгейіміз қай дәреже-де екенін байқау үшін проф. Б. Өгелдің мына сөзімен салыстырып көргеніміз пайдалы болар: «Тіршіліктің, сондай-ақ, кісіліктің негізі тамақ пен ішіп-жемге тіреледі. Осынау аса маңызды тұғырды орағыта өтіп мәдениет тарихын немесе жалпы тарих жазу дегенді түсінудің өзі қиын» [9].
Профессор Б. Өгелдің өзінің кезі тірісінде 20 томға жоспарлаған «Тürkkültürtarihinegiriş» көп томдығының (мұнан былай «Т.К.Т.G.» болып жазылады) 9 томы жазылып, жарық көрген еді. Біз оқырмандарға үлгі ретінде тоғыз томдықтың бірнешеуін қысқаша таныстыра кетеміз. Оның I томы 1978 жылы Анкарада басылды. 495 беттік кітаптың қосымша аты «Түріктердің жайлаудағы және қыстаудағы тіршілігі» деп аталады. Кітап үлкен төрт бөлімге бөлінген.
1-бөлімде қыстау және оның көшпелі түріктер өміріндегі орны, мал, мал иелері, қыстаудың түрлері, ауыл, жатақ, туыстық, селбестік, қойшы, малшы этнонимдерінің пайда болу, қолдану аясына тоқталады. Жайлау туралы сөз болғанда жайлау сөзінің этимологиясы, жайылымдардың мән-жайы, өріс, қоныс, киіз үй, қос, итарқалардың жағдайына тоқталады.
Біз үшін айрықша маңызды бір мәселе «Жайлау» - көй (ауыл тақылеттес елді мекен) өміріндегі түріктердің діндік және ақыл-ой жүйесінің қалыптасуындағы орны жөніндегі толғаныстары еді. Бұл бөлімше 1-бөлімнің соңында хрестоматиялық жосында қосымша ретінде берілген. Өйткені, онда айтылғандар автордың «Түрік мифологиясы» атты екі томдығының екінші кітабынан алынған болатын. Мұнда түріктердің тәңірлік діни наным-сенімдерінің пайда болуы мен қалыптасуындағы жайлау-қыстау тіршілігінің тікелей әсерлері нақтылы, ғылыми талданады.
II бөлім «Түріктердің қала және ауыл өмірі» деп аталады. Бұл бөлімде хұн заманынан бергі түріктердің қала, дала өмірі жан-жақты сөз болады. «Балық, кент, шар, қорған, мұнара» этнонимдеріне түсінік беріледі. Тарихшылар назарына "түрік-монғол» қауымдарының түбірлі өзгешеліктерін көшпелі және қала өмірінің барлық параметрлері бойынша салыстыру арқылы, олардың әу бастан екі басқа халық болғанын дәлелдеп шығарады. Қазақ тарихшыларына ой салар тұстары мол.
III бөлім: «Түріктердегі жолдар және қатынас-тасымал». Мұнда түріктердің жол жөніндегі ұғым-түсініктері, әдет-ғұрыптары айтыла келе, арба жолы, қара жолдар, соқпақ жоддар және жолға қатысты «құт, бақыт, сәттілік, амандық» ұғымдарына талдау жасалады. Сондай-ақ, пошта, пошта құрылымдары, керуендер, керуеншілер, арба, арбаның пайда болуы, түрлері, құрылысы, т.б. мәселелер жан-жақты қарастырылған.
IV бөлім: «Түріктердің жөн, бағыт-бағдар және саяхаты жөнінде» деп аталады. Мұнда түріктердің бағыт-бағдар жөніндегі ұғым-түсініктерінің қалыптасу жағдайы: төрт тарап, күндіз, түн, тәулік, таңсәрі мен күннің шығуы туралы салттық, діндік, мемлекеттік ұғымдардың қалыптасуы сөз болады. Біз үшін бұл да өте пайдалы, ой саларлық дүниелер деп қараймыз.
"Т.К.Т.G." II том. 527 беттік «Түріктердегі егіншілік мәдениеті» (көк түріктерден османлыларға дейін) деп аталатын кітап 16 бөлімге бөлінген.
Бұл томда түріктердің ерте замандардан бері егіншілік мәдениетін меңгергені, малшылық пен егіншілікті қатар дамытқаны сөз болады.
I бөлім «Түріктер және егіншілік» деп аталады. Мұнда егістік жерден бастап, оны баптау, тұқым себу, күту, суару, мәпелеу, арық, тоған, егіншілік саймандары, қырман, астық қызылдау, кеусен беру қатарлы 22 мазмұн сөз болады.
II бөлім «Жер өңдеу» деп аталады. Мұнда топырақтың түрлері мен құрамынан бастап, түріктердің ертедегі жер-топырақ жөніндегі ұғым-түсініктері, олардың халық ауыз әдебиетіндегі көріністерінен үлгілер ұсынылады.
III бөлім «Дақылдар» деп аталады. Бұл бөлімде түрік халықтарының ертеден бері қандай дақылдар егіп, баптап келгені, дақылдарға байланысты ұғым-түсініктер, қанатты сөздер, әр өңір, аймақтардағы өзгешеліктер сөз болады.
IV бөлім «Асқабақ, қарбыз және көкөністер» деп аталады. Б. Өгелдің мәдениет тарихын зерттеу тәсілі өзгеге ұқсай бермейді. Ол нені жазса да жан-жақты, бәрін қамти жазады. Мәселен, осы бөлімде аталған өнімдер атауының этимологиясынан бастап, оның қай жерде, қашан пайда болғанын, оның азықтық әрі емдік қасиеттерін, ол жөнінде ауыз әдебиетінде қандай қанатты сөз, өлең-жырлар барын түгел қамтиды.
V бөлім «Бояу және тері өңдеуге керекті өсімдіктер» деп аталады.
VI бөлім «Қызылша, сәбіз, шалқан, шомыр» деп аталады.
VII бөлім. «Пияз, сарымсақ, пияз тұқымдастар».
VIII бөлім. «Бұршақ және бұршақ тұқымдастар».
IX бөлім. «Саумалдық, сүттіген т.б. дәрілік өсімдіктер».
X бөлім. «Жемістер». Мұнда түріктер жерінде өсетін 27 түрлі жемістің аты аталып, олардың азықтық әрі емдік сипаты берілген.
XI бөлім. «Майлы өсімдіктер».
XII бөлім. «Бұрыштар».
XIII бөлім. «Мал азықтары». Онда табиғи және қолдан өсірілген, дайындалған жем-шөптер сөз болады.
XIV бөлім. «Үй құстары».
XV бөлім. «Түріктердің омарта мәдениеті».
XVI бөлім «Табиғат құбылыстары және түріктер» деп аталады. Мұнда жел, оның түрлері, бағыттары, дауыл мен боран, жаңбыр, найзағай, жасын, бұлттар сөз болады. Бұлардың бәрінде табиғат құбылыстары ғана баяндалып қоймайды. Түріктердің тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, діндік наным-сенімдеріне, тілдік негіздеріне байланыстыра нақтылы мысалдармен беріледі.
«Т.К.Т.G.» III томы «Түріктердегі үй мәдениеті» (көк түріктерден османлыларға дейін) деп аталады. 376 бет, мұнда үй сөзінің этимологиясына анықтама беруден бастап, адам өмірінің үй құрылысы мен жиһаздарына, мүлкіне сипаттама беретін көлемді 17 бөлім бойынша талдау жасалады.
«Т.К.Т.G.» IV томы «Түріктерде тамақтану мәдениеті» (көк түріктерден османлыларға дейін) деп аталады. 456 беттік бұл кітап үлкен төрт бөлімге бөлінген.
I бөлім «Дүние тарихындағы ең басты малшы қауымдар» деп аталған.
II бөлім. «От және от жағу».
III бөлім. «Ас үй құралдары» (оның этимологиясы) ыдыс-аяқ, қазан-ошақтар.
IV бөлім. «Ет тағамдары». Ет тағамдарына байланысты 40 атауға анықтама берілген. Ең соңында осыған орай өткізілетін түрік халықтарының тойлары мен салтанатты рәсімдеріне түсінік берілген.
«Т.К.Т.G.» V томы «Түріктердің киім-кешек мәдениеті» (көк түріктерден османлыларға дейін) деп аталады. 19 бөлімнен құралған бұл том проф. Б. Өгелдің ең маңызды еңбегінің бірі болып табылады. Мұнда хұн заманынан бергі малшы, диханшы қауымдар киім-кешегінің тек өзіне тән ерекшеліктері, артықшылықтары, Қытай мен басқа да көршілеріне еткен ықпал-әсері жөнінде құнды мәліметтер бар. Түрік халықтарының жүн, мақта, терілерді қалай баптап, қалай өндегеніне, одан қандай заттар жасап, пайдаланғанына, осыларға қатысты атау сөздердің этимологиясына терең тоқталады.
«Т.К.Т.G.» VI томы. Бұл кітаптың аты «Түріктердің туы және байрағы» (хұндардан османлыларға дейін). 9 бөлімге бөлінген. Оның бастылары: Түрік мемлекеті мен отбасы дәстүрінде ту мен байрақ. Әскери құрамалардың туы мен байрақтары: Бөрі басты байрақ пен дабыл. Түріктердің соғыс жүргізу дәстүріндегі ту мен байрақтың орны, түріктердің байрақ жөніндегі ұғым-түсініктерінің түп-төркіні т.б.
«Т.К.Т.G.» VII томы – «Түріктердегі армия. Армия тұрағы және орда». Бөлім, Орда, ордагаһ, армия атауларының этимологиясы мен даму кезеңдеріне түсінік берілуден басталады. Әскери құрамалар мен әскери лауазымдардың пайда болуы және өзгерістерінің бүкіл тарихына талдау жасайды.
«Т.К.Т.G.» VIII томы – «Түріктерде мемлекеттік және әскери мехтер» (оркестр) - (хұндардан османлыларға дейін). Проф. Б. Өгел музыка тарихын зерттегенде оны түрік жұртшылығы мен түріктің әлеуметтік және мемлекеттік өмірімен, нақтылап айтқанда, түрік мәдениеті тарихының құрамдас бөлігі ретінде қарастырады. 15 бөлімнен құралған бұл кітапта түріктердегі дәстүрлі әскери жорық әуендері, ұрыс алаңындағы дауылпаз, дабыл және әскери оркестрдің бүкіл тарихына талдау жасау арқылы әрбір аспаптың аты-жөніне, мағынасына, түрік халықтары құрған қағанаттар өміріндегі маңызына тоқталады.
«Т.К.Т.G.» IX томы. «Түрік халық музыкасы». 584 беттік, 15 бөлімді бұл кітапта: түрік музыка аспаптарының алғашқы қалыбы, сыртқы ықпалға түспеген өңірлердегі түрік музыкасы, қобыз, тәмбір, сырнай, домбыра қатарлы әр халық аспаптарына жеке-жеке тоқталады.
Қорыта айтқаңда, проф. Б Өгелдің тоғыз томдық "Т.К.Т.G." атты осындай аса көлемді әрі терең мағыналы еңбегі қазақ мәдениеті тарихымен айналысқысы келетін адамдар үшін бай деректік, сондай-ақ, ғылыми-әдістемелік құрал болатындығын атап көрсету керек.
Қазақ зиялылылары мен ғалымдарына айрықша үлгі-өнеге ретінде түрік ғалымдары, сол қатарда проф. Б. Өгелдің тарихи зерттеудегі төмендегі қасиеттерін атап өткім келеді:
1. тарихшы болу үшін, нағыз үлттық тарихшы болу үшін өз халқын, оның бүкіл болмыс-бітімін, тарихын әке-шешесін сүйгендей сүйе білу керек;
2. өзінің ұстаз тұтқан рухани көсемдерін, әсіресе ғылыми зерттеуге баулыған ұстаздарын ерекше ізет-құрметпен "менің немесе біздің сүйікті, ардақты ұстаздарым..." деп әр шығармасында еске алып отыратын көргенділігінен үлгі алу керек. "Келіннің өзі келгендей, баланың өзі болғандай" дейтін өзімшіліктен аулақ болуға үндеп тұрғандай.
3. тарихшы болудың, әсіресе, қазақ тарихшысы болудың бірден бір алғышарты - әлемдік тілдерден араб, парсы, қытай, монғол, жапон, ағылшын, неміс, француз, түрік, орыс тілдерін ғылыми зерттеу ісіне жарайтындай деңгейде меңгеруі керек.
4. қазақ тарихшысы иманды, ұятты, кішіпейіл болуы, Алланы, ата-баба аруағын сыйлауы, әдептен озбауы керек.
Өз сөзімізді Баһаддин Өгелдің мына бір сөзімен аяқтағымыз келеді: "осы және бұдан кейін де жариялайтындарымыз келешек ұрпақтарға жол сілтер бір бағдарлама бола алса, өзімізді бақытты санар едік. Түрік мәдениеті (kültürü) аса бай әрі соншама терең болғандықтан, оны бір ғана адамның қамтуы мүмкін емес". Ендеше, көп болып қолға алар іске құлшыналық.
Баһаддин Өгелдің
мәдениет тарихына арналғанбасты еңбектерінің библиографиялық тізбегі
1 Ерзұрым ескерткіштеріндегі алтай-түрік өнерінің іздері. – Ерзұрым, Erzurum Наlkevi Үау, 1947.
2 Исламиаттан бұрынғы түрік мәдениеті тарихы «Орта Азиядағы деректемелер мен қазба олжалары бойынша» (Т.Т. Кurumu Үау.) – Анкара. 1962.
3 Хұндар, көк түріктер, ұйғырлар. Анкара, 1968.
4 Түрік мәдениетінің даму кезеңдері. – Ыстамбол, 1971.
5 2 томдық (1000 temel eser. М.Е.В. Үау) бұл еңбек 1979, 1988 жылдары Ыстамболда қайта басылған.
6 Түрік мифологиясы. Деректемелері мен түсініктемелері берілген дастандар. I том. – Анкара: Т.Т.К. Үау. еv, 1971.
7 Түрік мифологиясы. Деректемелері мен түсініктемелері берілген дастандар. II том. – Анкара: Т.Т.К. Үау. еv, 1989.
8 Тürkkültürtarihinegiriş кітабының I, II, III, IV, V томдары. – Анкара, КültürBak. Үау, 1978.
9 Ұлы Хұн империясының тарихы. І-ІІ томдар. – Анкара, КültürBak. Үау, 1981.
10 Түріктердегі мемлекеттік ұғым-түсініктер (XIII ғасырдың соңына дейін). – Анкара, Ваşbakanlık Basım evi, 1982.
11 Тürkkültürtarihinegiriş. VI том. – Анкара, Кültür ve Turizm Bak Үау, 1984.
12 Тürkkültürtarihinegiriş. VІІ-том. – Анкара, Кültür ve Turizm Bak Үау, 1984.
13 Тürkkültürtarihinegiriş VІТМХ том. – Анкара, Кültür ve Turizm Bak Үау, 1987.
Пайдаланылған әдебиеттер
1 Абдулқадыр Иувалы. ВАНАЕDDIN ÖĞEL. – Анкара, 1993. 25-б.
2 Б. Огел. Тürk kültür tarihine giriş. – Т. I. XIV б.
3 Б. Огел. Тürk milleti ve devleti. – Т. I. – Анкара, 1987. 66-б.
4 Б. Огел. Тürk kültür tarihine giriş. – Т.VІІ. IX б.
5 Б. Огел. Тürk kültür tarihine giriş. – Т. I. XIV б.
6 Б. Огел. Тürk devlet anlayışı. – Анкара. 1982.
7 Б. Огел. Тürk kültür tarihine giriş. – Т. I. XV б.
8 Б. Огел. Тürk kültür tarihine giriş. – Т. I. 142-6.
9 Б. Огел. Тürk kültür tarihine giriş. – Т. I. 15-б.
ДӘУЛЕТХАН Ә.,
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология иниститутының аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к.