Жаһандану қарқыны үдеген уақытта ұлттық мүддені қорғау ісіне бір кісідей жұмылу қажеттігі артады. Нәтижесінде, қоғамдық-саяси ой зердесінде ұлттық мүддені қорғау мақсатындағы түрлі идеялар өмірге келіп, тамырын тереңге жайған ілімге айналып жататындығы да қалың оқырманға белгілі. Көзқарастан ілімге айналып, классикалық үлгіні иеленіп үлгерген сондай идеялардың бірі, қалың әдебиетте «еуразияшылық» деген атпен белгілі болған ілім. Осы тұста еуразияшылық идеясы туралы толғаныстардың мәні мен мазмұны бір арнаға тоғыспайтындығын да естен шығармағанымыз жөн. Олай дейтініміз, орыс зиялыларының осы мәселе төңірегіндегі көзқарастарының да алуан түрлі болуында. Мәселен, орыс зиялыларының арасында «Далалықтарға» қатысты пікір тұрғысында сан алуан көзқарастар қалыптасқан. Олардың бірі «моңғол-татарлар» төңірегінде сыңаржақ пікір қалыптасқандықтан, ақиқатты айтатын уақыт жетті,- деген пікірді ұстанса, екіншілері қыпшақтар мен моңғол-татар шапқыншылығына байланысты қалыптасқан қазіргі қоғамдық ойға қозғау салмау қажет деген пікірден айырылмай отыр. Әрине, бұл арнайы зерттелетін тақырыптардың бірі.
Еуразияшылдар қозғалысының тарихына көз жүгіртсек, оның алдымен шетелдегі орыс эмигранттарының арасында дүниеге келгендігін байқаймыз. Олар бүкіл халықтардың рухани дамуына үстемдік етуге ұмтылған Еуропаорталық көзқарас пен романдық-германдық мәдениеттің өзгелерді «елемеуге» деген ұмтылысын сынға алған еді. Кейін қозғалыс мүшелерінің көпшілігі славяншылдықты өздерінің рухани негізі ретінде тани бастағандығы да белгілі.
1980-жылдардың соңына қарай тарихи еуразияшылыққа деген қызығушылық арта түсіп, осы идеямен қаруланған тұлғалар қатарының саны артқандығы да белгілі. Сондықтан, ХХ ғасырдың соңында орыс қоғамында еуразияшылық идея жандана түсіп, Ресей ғалымдары ұлттық-мемлекеттік идеологиясыз халықтың күш-жігерін державаны қалпына келтіруге бағыттай алмайтындығын да жазуда.
Орыс ғалымдары Л.Н.Гумилевтің еуразияшылықты ғылыми теорияға айналдырғандығын, сондықтан осы теория негізінде орыс халқының, сонымен бірге Ресейдің өзге де жергілікті халықтарының мүддесін көздейтін ұлттық-мемлекеттік идеологияны жасау қажеттігін де іргелі мәселе ретінде көтеруде. Ұлттық, бірінші кезекте орыс проблемасын шешу ісінде Л.Н.Гумилевтің қағидаларын қажеттеріне жаратып, Ресей мемлекетінің геосаяси дамуына идеялар ұсынуда.
Еуразияшылық идеясының славян-түркі байланысын қайта жандандыруға өзек болатындығы бізге тиімді екендігі де рас. Осы көзқарасты жақтаушы ғалымдар Еуразия құрлығындағы ортақ тарихи-мәдени құндылықтарды даму көзі ретінде қарастырады. Олар Ұлы дала тарихының әлемдік өркениетке қосқан үлесіне оң баға беріп, орыс тарихының «татарлармен» тығыз байланысатындығын көрсетті.
Ең басты мәселе еуразияшылық идеясын тарихи жүріп өткен ізімен және оны заманауи түсінікпен (тарихи шындықты бетке ала отырып) ұғынуда болып отыр. Себебі, тарих – қоғамдық сананы қалыптастырушы қуатты құрал. Үстем мемлекеттердің тарихи көзқарасты өздерінің саяси мақсаттарына орай пайдаланатындығы да ешкімге құпия емес. Мәселен, тарихтың жеткіншегі ретінде қалыптасқан этнология, этнография ғылымдарының саяси мәнін ешкім де жоққа шығармайды. Сондықтан, тарихи көзқарастарды зерделегенде ұлттық мүддені ешқашан естен шығармауымыз керек. Себебі, кейбір орыс ғалымдарының «Создание русским этносом из Московского княжества российской державы можно объяснить двумя основными причинами. Во-первых, высокой пассионарностью русского народа, которая поз-волила ему освоить необходимое жизненное пространство и навязать свою волю другим народам Евразии. Во-вторых, особенностью стереотипа поведения русских в области межнациональных отношений, в силу которой присоединенные народы не превращались в людей второго сорта, а вовлекались на равных правах в процесс государственного строительства»-деп жазғандары тарихи шындықты дәл көрсете алмайды. Сөзімізді Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің президенті Юрий Афанасьевтың: «Кез келген адамнан «Дмитрий Донской кім болған» деп сұраңызшы. Куликово шайқасы, татар езгісінен құтылу деп жауап береді …Егер «татар езгісінен құтылу» дегенді Дмитрий Донскойдың өзіне айтса, ол есінен адасып кетер еді. Себебі, ол мойындайтын патша татар патшасы ғана болатын. Ал Мамай өзін хан жасағысы келген көлденең көк аттының бірі болды. Донской осыған қарсы шығып, заңды патшаны қорғаған. «Татарлардан азат болу» деген сандырақты ол қабылдамас еді. Бірақ қазір осылай сөз саптау біздің тарихи қағидамызға айналып кетті» -деп айтқанымен дәлелдей аламыз. Ал, Л.Н.Гумилев көшпелі мәдениеттің тасымалдаушылары ғұндар, түрік халықтарының салт атпен жүріп Еуропа мәдениетіне шалбар киюді үйреткендігін де жазған-ды. Осы тұста түркі дүниесінің Ресей тарихында алатын орны туралы тың пікірлерді де келтіруге болар еді…
Ресей ғалымдарының бірсыпырасы мемлекетті құрушы орыс этносы еуразияшылықты орыс идиологиясы ретінде қабылдамағандықтан, бұл идея құндылық деңгейінде қалып, күшке айналмады деп жазуда. Тіпті, еуразияшылықты орыс ұлтының дамуына қарсы идеология ретінде қабылдайтын да көзқарастар ара тұра кездесіп қалады. Сондықтан, бір ұлтты биіктетіп, екіншілерін аласартып көрсету тарихты бұрмалау болып табылады деген пікірді ұстанамыз.
Орыс ғалымдардың пікірінше, Л.Н.Гумилевтің еуразиялық көзқарастары еуразиялық идея дамуының жоғары сатысы болып табылады. Сондықтан, осы шағын мақалада Л.Н.Гумилевтің еуразиялық көзқарастарының тарихи мәнін және оның қазақ ұлтының этникалық өздік сана мәселелеріне қатысты қырларын зерделеу-ге ұмтыламыз.
1970 жылдары кеңестік тарихнамада Л.Н.Гумилевтің еңбектерін зерттеу басталған-ды. Гумилевтің кеңестік тарихнаманың тезіне көнбеген этнос, этногенез, пассионарлық туралы көзқарастары, түйіндеп айтқанда, этнологиялық тұжырымдары бір жақты сынға ұшырағандығы оқырманға жақсы таныс. 1990 жылдардың соңында Л.Н.Гумилевтің тарихи тұжырымдарын еуразияшылықпен сәйкестендіріп, сонымен қатар этногенез мәселесінің жалпы заңдылықтарын айқындау ісіне алғашқы қадамдар жасауға ұмтылыс танытқан еңбектер жарық көре бастады.
Л.Н.Гумилев орыс идеясынан сусындағандықтан, орыс идеологиясын насихаттады. Ғалымның «Ресей өзін Евразиялық держава ретінде ғана құтқарып қала алады, тек евразияшылдық арқылы ғана» -деп жазғаны да белгілі. Ғалым Н.С.Трубецкой, П.Н.Савицкий және Г.В.Вернадский секілді ойшылдардың негізгі тарихи-әдіснамалық тұжырымдарымен келісетіндігін бірнеше мәрте айтып, алайда, «олардың этногенез теориясындағы басты мәселе – пассионарлықты ұғынуды ескермегендігін» жазған еді. Ғалымның пікірінше, этностар пассионарлық сер-пілістің нәтижесінде туындайтын табиғи құбылыс болып табылады. Этнос өзінің өмір сүруіне қажетті әлеуметтік институттарды, соның ішінде мемлекетті қалыптастырады. Сонымен қатар, этностардың тұрмыс-тіршілігіне табиғи ортаның тигізер ықпалы тұрғысында көптеген тың ойларын қалдырған-ды. Мәселен, Л.Н.Гумилев 1966 жылдың 17 ақпанында өткен КСРО Географиялық қоғамының Этнография бөлімінің мәжілісінде «Этнос және ландшафт. Тарихи география халықтанудың бірі» атты баяндама жасайды. Ғылыми тұжырым-дарға негізделген баяндама «талқылау үшін» редакциялық белгісімен екі жылдан соң ғана жарияланған еді.
Л.Н.Гумилевтің «Этностардың өзіндік сыртқы ерекшеліктерін анықтайтын этнография тәрізді сипаттамалы ғылыммен қатар этногенез және адамзат пен тірі және қатып қалған табиғат арасындағы өзара қарым-қатынастың мәселелерін шешетін халықтану (этнология) ғылымын шығару мүмкіндігі бар. Бұл жаңа ғылым өзінің пәні, аспектісі және әдістемесі бойынша гуманитарлық ғылым қатарына емес, жаратылыстану ғылымдарына жатады» -деген тұжырымы этнологияның дербес ғылым ретінде дамуы мемлекет ісінің алға басуына оңтайлы әсерін тигізетіндігін айқындап тұр.
Көшпелі халықтардың тарихы мен мәдениеті жөнінде көптеген еңбектер жазған зерттеуші, космолог, белгілі шығыстанушы, құрлықтардың өзара байланысы жөніндегі жаңа тұжырымдама мен жобаның авторы академик Джангар Пюрвеев Л.Н.Гумилевпен 1991 жылғы қазан айында соңғы рет әңгімелескен-ді. Сол сұхбатта Лев Николаевич өзінің еуразияшылық көзқарастарын анық айтқан еді: «Ұлттар табиғи түрде үлкен топтарға бірігеді, мен бұларды «суперэтностық топтар» деп атаймын. Этностық емес, суперэтностық. Біздің суперэтностық тобымыз Қытай мен Еуропаның аралығында жатыр және оның айрықша этностық нақышты тұтастығы бар. Бұл топтағы халықтар бірге болуға, бірін бірі жақсы көріп, құрметтеуге тиіс. Бірақ, бұл – бірге болу әлдекімге еліктеу немесе қайтадан оқып, үйрену негізінде емес, әр ұлттың өзінің дербес мәдениеттері негізінде жүзеге асырылады. Әр халықтың өз мінез-құлық стереотипіне құқығы бар, ол өзін өзіне ыңғайлы деп тапқан орайда ұстай алады, халықтың осы ерекшелігімен санасу керек және бұл құрметтелуге тиіс. Сол себепті мен орыстарды қалай сыйласам, қалмақтар мен якуттарды да, қазақтар мен буряттарды да солай сыйлап, құрметтеймін. Олардың бәрінің де біртұтас еуразиялық отбасында бірге туған бауырлардай болуға толық құқығы бар». Сондай-ақ, ғалым халықтың тарихқа қосқан үлесі оның санына байланысты болмайтындығын, мәселен, Еуропа мәдениетіне саны миллионға жетпейтін байырғы гректер жұрттың бәрінен көп үлес қосқандығын түйіндеген еді. Осы тұста Алаш зиялыларының «Ел қалыңдауы мен мәдениет жоғарылауы арасында не сабақтастық бар? …Мәдениеттің негізгі себепкері ел тығыздығы деген тым көтеру болады…» -деген пікірін айта кеткеніміз жөн болар еді.
Тарихта еуропалықтарды елшілердің қауіпсіздігін сақтауға үйрету, еуропалықтардың әдет-ғұрпына дипломатиялық тиіспеушілікті енгізу дәстүріне моңғол шапқыншылығы себеп болды. Гумилев «Осы үшін де бүкіл әлемнің дипломаттары бірігіп, Шыңғыс ханға ескерткіш тұрғызуға тиісті еді. Шыңғыс ханға дейін елшілердің өміріне ұдайы қауіп-қатер төніп тұрды…» -деген-ді. Ғалымның негізгі ой-тұжырымы өркениеттің ортақ арнасы болмайтындығын, алайда қандай мәдениет болмасын адамзат тіршілігінде өзіндік терең ізін қалдыратындығын, ал жер бетіндегі халықтардың тұрмысы коммуналдық пәтердің тұрғындары тіршілігіне ұқсайтындығын, басты мақсат – бейбіт өмір сүру екендігін дәлелдеуге саятын еді.
Л.Н.Гумилевтің этногенез теориясы бойынша барлық тіршілік атаулының даму негізінде энергия жатады және оның ең жоғары көріну нысаны пассионарлық болып табылатындығы дәлелденді. Этнос немесе халық адам секілді өмірдің түрлі кезеңдерінен өтіп, белгілі бір уақыт шеңберінде энергиясын жаңа этностың дүниеге келуіне жұмсап, дүниеден өтетіндігі де жазылып, этнос ғұмырының (өмір сүру мерзімінің) теориялық негіздері жасалынды. Ғалымның пікірінше, этнос ғұмырының ұзақтығы бір мың екі жүз жылдан бір мың бес жүз жылға дейінгі аралықты қамтиды. Сондай-ақ, халықтың күні өтіп бара жатқан кезде оның ештеңеге қарамайтындығы, өзінен өзі жойылатындығы, өйткені, әлемдегі барлық нәрсенің басы мен аяғы бар екендігі ғалымның этногенез теориясының негізгі мәні болып табылады.
Сонымен қатар ғалымның «Бүгінгі таңда халықтардың сана-сезімінің өсуіне және орныққан жаңа геосаяси көзқарас-пікірлердің пайда болуына байланысты бұл проблема мүлде тың түсінікке – Еуразиялық мәдениет ұғымына ие болып отыр: бұл – Азиямен араласқан Еуропа емес; бұл – Еуропа да, Азия да емес; бұл – Еуропаға да, сол сияқты Шығыс және Оңтүстік Азияға да қарсы тұра алатын дербес бірегей тұтастық. Егер бұрынғы КСРО-ның көпұлтты елдерінің халықтары жойылып кетпейтін болса, олар жаңа заман жағдайындағы өз мәдениетін жасайды. Осы мәдениет барынша тұрақты болады, ол Еуропаның да, Азияның да жолын қумайды, өзінің жеке шығармашылық күштерін, дербес бірегейлігін іздейтін болады. Бірақ бұл үшін жарқын тұлғалар – талантты адамдар қажет. Егер елде талантты адамдар көптеп пайда бола бастаса, мәдениет дүр сілкініп, жанданып, асқақтайды. Бұлай болмаса, ел құриды»-деген пікірлері де оқырманға жақсы таныс.
Сонымен, еуразияшылық футуристік бағыттағы дүниетанымдық дәстүрлердің біріне жатады. Классикалық еуразияшылық ХХ ғасырдың 20-жылдарының басында историософиялық тұжырым мен қоғамдық-саяси қозғалыс ретінде орыс эмиграциясы арасында қалыптасқандығын, орыс зиялыларының батыс «өктемдігінен» құтылудың жалғыз жолы – Ресейдің ұлттық мүддесін дәріптеу идеясы деп ұғынғандығын жоғарыда айтып өттік. Өздерін «еуразияшылдықтармыз» деп атаған, білімнің түрлі саласын игерген ой иелері Ресейді ерекше мәдени, тарихи және жағрафиялық әлемде орналасқан, Еуропаға да, Азияға да жатпайтын дербес мәдени-тарихи үлгідегі «орталық өркениет» екендігін дәлелдеуге ұмтылған-ды. Әр ұлт зиялысының өз ұлты мен мемлекетіне қызмет етуі табиғи құбылыс.
Кез келген халықта пассионарлық тұлғалар болады. Алайда, Патшалық Ресей, одан қалды кеңестік Ресей тұсында қызыл империяның бұғауында болған халықтардың дара тұлғалары қолдан жойылып отырды.
Ресейге көгендеулi болып, кiрiптарлық көрген заманда ұлт мүддесi ниеті жаттың тепкісінде қалып, ұлттық рухымыз жасыды. Билігі жоғарыға жағымпаздық, ұлт ісіне келгенде осалдық, жасықтық, әлсізге әлімжеттік, көз тоймас парақорлық секілді ар ілімін аяқ асты еткен жат қылықтар арамыздан бой көтерді. Алаш зиялыларының «биіктеген сайын халыққа жақындай түс» деген аманатын бір кісідей ескермедік. Оның салдарын уақыт деген дана қарияның күндердің күні болғанда жақсылап ұғындырып беретіні де ақиқат.
Дара тұлғаларды жою арқылы халық «қараңғылыққа» тоғытылды. Себебі, кез келген ұлт өзінің зиялы қауым өкілдері арқылы ғана мемлекетшілдік сананы қалыптастырып, мемлекеттіліктің іргетасын берік қалайды. Дара тұлғалардың тарих көшін басқарудағы рөлі тым маңызды. Оны ұғыну арқылы ұлттың жанын ұғынамыз. Кенесары сынды дара тұлғалар ұлтқа қажетін беруге ұмтылады, өз жанын аямай ұлтын өрге сүйрейді. Ғұмар Қараш жазғандай, қажет болса елі үшін, күле де жанын береді.
Құралай СӘРСЕМБИНА,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті