«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Байтайлақ батыр есімі жаңғырған күн

6090 0
Байтайлақ батыр есімі жаңғырған күн
Сынық сүйем жері үшін, қасық қаны қалғанша қолына қару алып, жауына қарсы тұрған ерлер тарихта аз емес. Солардың бірі – Байтайлақ батыр Бәйімбетұлы

Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы аясында ұлы баба рухына тағзым жасап, «Астанадан Байтайлақ қорымына дейін» тарихи-мәдени экспедиция ұйымдастырдық. Шараның өткізілуіне мұрындық болған «Қазконтент» АҚ National Digital History порталы мен Ақжар аудандық әкімдігі.

Шара барысында Ақжар ауданы, Талшық ауылындағы «Байтайлақ қорымына» тағзым жасалып, батыр баба ерлігі баяндалған дөңгелек үстел ұйымдастырылды. 

*****

Астанадан Ақжар ауданына аттанған экспедиция құрамында белгілі ғалымдар мен БАҚ өкілдері, National Digital History порталының қызметкерлері болды. 10 тамыз күні жолға шыққан экспедиция түс мезгілі таяған уақытта Ақжар ауданының орталығы Талшық кентіне келді.

Экспедиция құрамын Ақжар ауданының әкiмi Ербатыр Мадияров, әкімшілік қызметкерлері және жергілікті өлкетанушылар қарсы алды. Бірден ауыл іргесіндегі «Батыр төбе» аталған төбедегі Байтайлақ қорымына ат басын бұрғызып, ауыл имамын шақырып, құран бағыштады. Жергілікті өлкетанушы ғалымдар Батыр төбенің төңірегін таныстырып, көне зираттардың бұл төңіректе көп екенін айтты.

Сондай-ақ аудан әкімі Ербатыр Мадияров Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының маңызы мен мәніне тоқталып, тарихи тұлғалырымыз жатқан қасиетті орындардың рухани санамызды жаңғыртуға септігі көп екенін жеткізді.

«Байтайлақ батыр қорымы да сол игілікті жобаның шеңберінде жүзеге асуы қажет. Бұл Елбасының руханият саласы бойынша берілген тапсырмалары барлық өңірде орындалып жатқанын білдіреді»,-деді Е.Мадияров.

Қазақ  халқының тарихында айрықша атауға болатын қасиетті жердің бірі – Ақжар өңірі. Бұл өлкенің тамыры терең, тарихы кенен. Ауданның ұсақ шоқылы төбелері, үлкен Қараой мен кіші Қараой мекендері ертеден қазақ-жоңғар соғысы өткен қасиетті жер. Мұны ертедегі зерттуші-саяхатшылардың жазып қалдырған деректерінен де анық бағамдауға болады. Біз сөз еткелі отырған Байтайлақ батыр қорымы – Ақжар ауданы Талшық ауылында орналасқан көне зират кешені.

Байтайлақ қорымы жайындағы деректерде

Ер Жәнібектің қарулас серігі болған Байтайлақ батырдың қорымы туралы жергілікті өлкетанушылар да деректер көптеп қалдырған. Солардың бірі Ақжар ауданы, Талшық ауылының тұрғыны Төлеубай Әлімов ақсақал. Жасы жүзге таяп қалған қарияның деректерін жергілікті өлкетанушы Білімтай Біләлұлы ағамыз қағазға түсіріп алған. Ағамыздың деректеріндегі Төлеутай ақсалдың айтқан дерегін қысқаша берсек:

 «Әйгілі Байтайлақ батыр туралы аңыз өте ертеден басталады. Қазақ қай заманда да өзінің ардақтыларын ұлықтап ұмытқан емес. Оның бүгінге дейін аты өшпей бізге жетуінің өзі ерекше дарынды жаужүрек батыр болғанының дәлелі. Өзімнің көзіммен көргенім, Ұлы Отан соғысы кезінде жұртшылық Байтайлақ батырдың басына өгіз арба, ат арбаман келіп зиярат етіп, соғысқа кеткендер жеңіспен аман келсін деп тілеп, түнеп, көзге ілікпей таңда ерте кетіп жүретін еді. Сол кездегі қариялардың айтуынша, осы өңірде әр жерде тарау-тарау қазақ ауылдары мекендеген. Сол қазақ ауылдарына жоңғар жасақтары жол-жөнекей тұтқиылдан шабуыл жасап, қырғынға ұшыратып отырған. Ақжар ауданы қазіргі Үлгілі ауылының (Колос) арғы жағында «Қызыл оба» бар. Бұрынғы Ленинград ауылынан 4-5 шақырым жерде «Қара оба» бар. Бұл екі обаның да асты қуыс, қалмақ жасақтары жасырынуға арналған жертөле орындары болған деседі. Қазақтар осы оба орналасқан шұңқырларға тұтқиылдан келіп, жоңғарларға соққы берген екен»,-дейді Т.Әлімов ақсақал.

Төлеубай атаның дерегінде батырдың өлген жері мен өсиет еткен әңгімесі де айтылады.

«Шешуші бір үлкен шайқаста қазақтар да, қалмақтар да көп қырғынға ұшырайды. Ақыры қалмақтар ойсырай жеңіліп, қалғаны жан сауғалап қамыс, ағаш аралап, қашып құтылып кетеді. Байтайлақ батыр сол шайқастан жайбарақат жолдастарымен келе жатқанда қалмақтардың қашқан жасақтары Қара обаның маңында ағаш арасына жасырынып, Байтайлақ батырдың артынан жауырын ортасынан садақпен бірнеше рет атып, жарақаттайды. Жебенің ұшы алынбай батыр қатты жарақат алады. Жеткен жері қазіргі оның жерленген жерінің маңы деседі. Байтайлақ батырмен бірге қаруластарынан да бірнеше адам жазым болады. Сонда Байтайлақ батыр өсиет етіпті: «Мені осы төбеге жерлеңдер, су көтерілсе жетпесін. Атығай, Қарауыл, Керей, Уақ мекені болар. Төбеден қарап жатармын. Мен жатқанда бұл өңірде қалмақтардың ізі де қалмас», – деген абыз ақсақал, шежіреші. 

Батыр төбеге зиярат етіп келмес бұрын да керей Байтайлақ батырдың зираты делінетін төбешік Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы орталығы Талшық кентінің Жаңауылға бұрылған жолайрығы маңындағы қоқыс төгетін орын (свалка) маңына таяу жерде жатыр деп еститінбіз. Бірақ мұны әлі де айқындау қажет деген оймен жүрдік.  Ақжардың қасиетті де қастерлі орнына айналған Байтайлақ батыр қорымына келу сәті енді келген секілді. Не нәрсе де өзінен-өзі болмайды. Әсіресе тарихи ескерткіштер жайында сөз қозғағанда. Ондай ескерткіштердің, тарихи орындардың ар жағында тағдырлас адамдар, тарихи оқиғалар кезеңі айналып шығатыны анық.

Бүгінгі Байтайлақ батырдың қорымы да қиындықтар мен қуанышты сәттерді әлі-ақ басынан өткізеді. Бұл қорымды жоқтап ала шығатын топтар да шығады. Енді бірі мұндай батыр болмаған деуі де мүмкін. Сондықтан бүгінгі тарихи-мәдени экспедицияның мақсаты да ел есінде қалған, өмірі өнегеге айналған, қаһарман батырдың зиратына тағзым етіп, Байтайлақ өмірі жайында жергілікті халықтың пікірін білу, әкімшілік қызметкерлері тарапынан алда атқарылатын жұмыстардың мән-жайымен танысу.

Алдағы уақытта батыр бабамыздың рухани шарасына тікелей араласып, басынан аяғына дейін жұмысшы топтың құрамында болу менің басты міндетім. Бұл жұмыс бізге әрі оңай, әрі қиын тиюі мүмкін. Оңайы - әрбір жасаған жұмыс қағазға түсіріліп, экспедицияға келген журналистердің мақалаларымен толығады. Алда кесенесі тұрғызылып, сауын айтып ас та берілуі жоспарланады. Қиыны атқарылған іске бағасын беру ғой.

Қазірдің өзінде бір Байтайлақ батырдың екі жер де жерленгені туралы ғаламтор бетінде, зерттеуші ғалымдардың еңбектерінде айтылып келеді. Осыдан 3 жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданында да Байтайлақ батырдың кесенесі салынып, сауын айтылып ас берілген. Өзімде осы жұмыстардың басы-қасында жүріп, ақпараттық қолдау көрсеткен болатынмын. Сол уақыттың өзінде Байтайлақ батырдың екі жерде жерленгені туралы айтылған әңгімелер көп болды. Нақтыланбаған жерге кесене қойылып, ескерткіш қойылды. Кейіннен ол қорым Қожаберген ұлы Байтайлақ батырға тиесілі болды.

Өйткені Қытай деректеріндегі Әмірсанамен байланысты барлық деректер кіші Қожабергеннің ұлы кіші Байтайлақ батырға тиесілі екені анық. 1777 жылы қыркүйек айында шығыстағы зираттың маңында Қожабергеннің ұлы Байтайлақ батыр қайтыс болғанын зерттеуші ғалым Ирина Ерофеева  да нақты деректер келтірген. Ол туралы зерттеуші ғалым Асылбек Байтанұлының «Бір Байтайлақ бір жерленбеген» атты мақаласы жарияланды.

Байтайлақ батырдың Талшық бойында жерленгені жайында Білімтай Біләлұлы ағамыздың «Ер есімі ескерілсе екен» деген ұсыныс негіздеме ұсынған мақаласы еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» (№214 (29195) 7 қараша, 2017 жыл) газетіне жарияланды. Байтайлақ қорымына алғашқы белгітасты орнатқан Қайырбай Зейноллаұлы ағамыздың «Байтайлақ батыр ата» мақаласы сайт бетінде жарық көрді. Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде де «Аты ұранға айналған Байтайлақ батыр» атты Білімтай Біләлұлы ағамыздың тағы бір мақаласы жарияланды. Одан бөлек Ақжар ауданының ақпарат көзіне шыққан жергілікті өлкетанушы Сағидолда Икеновтың, Төлеубай Әлімовтың мақалалары менің пікірімді жаңа арнаға бұрғызып, Байтайлақ батырдың ескерткіші Солтүстікте деген пікірге ұластырды. 

Жоғарыдағы жарияланымдардағы деректер негізінде бүгінгі біз тәу етіп келіп отырған батыр төбедегі Байтайлақ қорымы ұзынмылтық Байтайлақ батыр Бәйімбетұлының зираты екені анықталды.

Өткен жылы батыр ұрпақтары  зиратты темірмен қоршап, құлпытас орнатты.  Кесенінің қасында тағы бір белгітас орнатылғанын көрдік. Ондағы жазуда: «Батыр төбе XIV ғасыр Байтайлақ руы - Керей, Байшегір, Майқы»,-деп көрсетілген. Астына тас қоюшылар:  Қайырбай, Қайрат, Жексенбай. 

Алғашқы белгітасты орнатқан Қайырбай Зейноллаұлы ағамыз «Байтайлақ батыр ата»  мақаласында келтірген деректе үш батыр емес, бес батыр жерленгенін айтқан және де Байтайлақ батырдың ерлігі жайында да аңыз келтірген. Деректе: «Қазақ жеріне қалмақтар мен жоңғарлар шабуыл жасағанда халқын, жерін қорғаған батырларымыздың бірі болған - осы аталарымыз екен. Аңыз бойынша Байтайлақ ата шайқастың соңғы шешуші сәтінде жауының үрейін тудыру үшін жоңғар батырының аяғы ауыр жарының ішін жарып, сәбиін найзаның ұшымен жоғары көтерген дейді. Содан кейін қорыққанынан жоңғарлар жеңілгендерін мойындапты. Сөйтіп батырларымыз елімізді, жерімізді қорғап қалды. Кейін, жылдар өткен соң, аталарымызды Талшық төңірегіне, ұрпақтары ұмытпасын деп, өткен-кеткенде дұға етіп отырсын деп, төбешікке барлығын бірге жерлеген. Халқымыз сол аманатты орындап,зират етіп жүрген, бірақ Совет үкіметі орнағаннан кейін «Ислам» дінін жоққа шығарып, оларды Ислам дінін насихаттаушылар деп, талай жазықсыз адамдарды түрмеге отырғызып, талайын өлім жазасына кескен екен. Енді, міне, еліміз тәуелсіздік алған соң, ата-бабалырымыздың аманатымен сол жерге 2006 жылы ескерткіш қойдық. Негізі ол жерде 5 батыр жерленген екен, өкінішке орай Талшықта ең алғаш үйлер сала бастаған кезде, аталар жерленген жерден құм алғанда 2 батырдың сүйектері кетіп қалған екен. Ата-бабаларымыздың аманаты бойынша ол жерді «Батыр төбе» деп атау керек еді, дегенмен кейінгі ұрпақ біліп,естерінде жүрсін деп тасқа аттарын жазуды ұйғардық. Сол жердің жанында тағы қатарлас зират бар. Ол жерде оба ауруынан қайтыс болғандар жерленген. Қазіргі кезде жергілікті тұрғындар білместікпен сол жерге қоқыс төгуде. Ендігі бір мақсатымыз жергілікті басшылар мен халықымыздың көмегімен сол батырларымыз жерленген аймақты қоқыстан тазартсақ дейміз»,-дейді Қ.Зейноллаұлы.

Батыр төбе де Байтайлақ батыр жерленгені туралы, оның жоңғардың әйгілі батыры Дұғыржаптың басын алған деректері Ақжар ауданы, Кішкенекөл ауылының тумасы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ардагер журналист Сағидолда Икеновтің еңбектерінде жазылған: «Байтайлақ батырға келсек, ел аузында ежелден бар. Бір дерек бойынша ол жоңғардың батыры Дұғыржаптың басын алады. Бұл жекпе-жек қазіргі Дұғыржап ауылының маңында болған. Сол маңда Дұғыржаптың зираты болуы ықтимал. Біз жоңғарларды өзімізден кем санайтынымыз бар. Шындығында олай емес. Әйтпесе жер үшін жойқын, қырғын шайқастар ашар ма еді. Біздің өңір зерттелмеген тарихи өлке», – дейді.

Дұғыржаптың басын Байтайлақ алды деген нұсқаны моңғолиялық әйгілі шежіреші Мақидолда ақсақал да тілге тиек еткенін біраз жыл бұрын белгілі журналист Бүркіт Нұрасылдан естігенбіз.

Ендеше National Digital History порталы мұрындық болған тарихи-мәдени экспедицияның Байтайлақ қорымына келудегі мақсаттары өз мінберіне шыққанын көрсетеді.

Нақтылы тарихи деректер, аңыз әңгімелерге, зерттеуші ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып бұл тарихи ескерткіштің киелі орындар санатынан көрінуге әбден лайық  екендігі қабір басындағы 2 сағатқа жуық әңгіме барысында айтылды.

Рухани жаңғыру және Байтайлақ батыр қорымы

Түс ауа аудан әкімдігінің ғимаратында «Рухани жаңғыру және Байтайлақ батыр қорымы» атты дөңгелеу үстел ұйымдастырылды. Шараның модераторы аудан әкімі Ербатыр Мадияров.

Шараға тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, Ақжар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, өлкетанушы Серғазы Жұмабаев, Ақжар аудандық мәслихатының төрағасы Айбек Хоршат, өлкетанушы, ақын Білімтай Біләлұлы, ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Әскери-тарихи музейінің ғылыми қызметкері, журналист Бейсен Ахметұлы,  «Жас алаш» газетінің журналисі Бүркіт Нұрасыл, Қазконтент АҚ, National Digital History порталының редакторы Алтынбек Құмырзақұлы, «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасының журналисі Балауса Жақсыбай, «Болашақ» білім бағдарламасымен шетелде білім алған, ғалым Елімбек Қазұлы,  Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қызметкері, PһD докторы Нұрлан Амангелді, Байтайлақ батырдың тікелей ұрпағы Ерболат және Ақжар ауданының әкімшілік қызметкерлері, мектеп мұғалімдері, өлкетанушылары қатысты.

Тарихи тұлғалар жерленген қасиетті орындар туралы баяндалған отырыста қорымды толыққанды зерттеп, аудандағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау насихаттау және қалпына келтіруді ұйымдастыру бойынша  комиссия жұмысын қарастыру жайы да айтылды.

Шараның шымылдығын аудан әкімі Ербатыр Мадияров бастап, экспедициямен келген қонақтарға алғысын білдірді.

 «Елбасымыздың «Бола¬шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында тарихымызды, рухани құндылықтарымызды жаңғырту¬ үстіндеміз. Бүгінгі маңызды шара да сол бағдарлама аясында жүзеге асып отыр. Құрметті қонақтарымыздың ауданымызға келгеніне қошемет білдіреміз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Байтайлақ батыр» қорымын киелі нысандар қатарына қосу бағытындағы жұмысымызға ортақтасып, пікірлестік танытып отырғандарыңыз үшін. Байтайлақ батыр қорымы жастарға үлгі, өнеге болатын  киелі нысан. Алдағы уақытта бұл жұмыстар бойынша мерзімді тапсырмаларды қолға алатын боламыз», – деді аудан әкімі.

Қара қытай, қалмақтармен соғысқан батыр ерлігі, оның есімінің ұрпақ санасында жаңғыруы қасиеттіліктің белгісі. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев та өз баяндамасында айтып өтті.

«Кәсіби тарих өз бетімен дамымайды. Оған белгілі дәреже де өлкетану  әсер етіп отырады. Өлкетанушылар дереккөзге жақын адамдар.  Біздер сол дереккөздер арқылы ғылым жасап отырған мамандармыз. Рухани жаңғыру бағдарламасында өлкетанушылардың сіңіріп отырған еңбегі зор. Бізде рухани жаңғыру бағдарламасы аясында Байтайлақ батыр қорымына келіп отырмыз. Бұл бағдарлама өтке жылдан бері қолға алынған шаруа. Бұл еріккен дүние емес. Тарихи тамырды сәлде болсын үзіңкіреп алдық. Советтік кезең, постсеветтік кезең оңай болған жоқ. Рухани санада проблемалар туындады. Осылардың барлығын жаңғыртуға бұл жоба қажет болды...   Байтайлақ батырдың есімі бұрыннан халық санасында жатталған айтулы тұлғалардың бірі. Бұл жерде қасиетті феноменді де ескеріп отыру керек. Өйткені аты жоғалмай, сақталуының өзінен де белгілі бір дәреже де қасиеттілік (сакральді) көріп отырмыз. Өйткені өздеріңіздің солтүстік аймақтан мыңдаған ескерткіш жойылып кеткені анық. Олардың аты да, заты жоқ. Қай жерден іздесең де таба алмайсың. Ал Байтайлақ батырдың есімі жергілікті халықтың алдында сақталған екен. Бізде осы кісіге байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізейік, анықтайық, көрейік деген оймен келіп отырмыз. Сіздер де қандай деректер бар. Соны жазып, көрсете отырсаңыздар»,-дейді Жамбыл Артықбаев.   

Өлгені тіріліп, өшкені жанғанның белгісі. Шара барысында Ақжар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серғазы Жұмабаев Байтайлақ қорымы қасиетті, киелі жер екенін айтып өтті.

«Елбасымыз айтып келе жатқан рухани жаңғыру бағдарламасы аясында жан-жақта біршама жұмыстар атқарылып келеді. Батыр Байтайлақ бабамыздың қорымы да ұлттық жаңғыруға үлесін тигізетін қасиетті жер. Өйткені өзіміздің осындай бабаларымызды, өткен батырларды еске алып, соларды құрметтесек, бізден кейінгі жастарға үлгі болады деп есептеймін»,-деді өлкетанушы С.Жұмабаев. 

Сананы жаңғыртуға бағытталған шарада батыр ұрпақтары, өлкетанушылар ұлағатты әңгімелердің тиегін ағытты. Елбасы мақаласы рухани жаңғырудың дара шыңы. Соның нәтижесінде бабаларды ұлықтап, ел үшін төккен тер, еселі еңбегін ескеруге жол ашылды. Тарихи маңызды нысандар мен ескерткіштерді де жаңғырту жайы күн тәртібіндегі келелі іс болды. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» деген жоба әзірленді. Бұл жобаның бір бөлімі тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті жерлер деп аталды. Бүгінгі Байтайлақ батыр қорымы да осы жобаның алдағы жоспарына кірсе, тиісті жұмыстарға ілінсе үлкен еңбек болатыны анық. Діттеген мақсатқа жету жолында аянбай тер төгіп, батыр есімін ұлықтауда еңбектеніп жүрген жанның бірі Білімтай Біләлұлы. Ағамызда рухани шара барысында сөз алып, Байтайлақ батыр жайында аңыз-әңгімелердің біразын тарқатып өтті.

«Батыр төбеде жатқан Байтайлақ батырдың қорымы он екі Абақ Керейдің шеруші баласы ұзынмылтық Байтайлақ Бәйімбетұлының қорымы екенін 1990 жылдардан бастап естіп білдім. Содан бері осы тақырып бойынша зерттеп, ізденіп келемін. Жергілікті өлкетанушы, абыз ақсақалдармен әңгіме дүкен құрдық. Солардың барлығында осы Байтайлақ батыр туралы аңыз әңгімелер айтылды. Ол кісі туралы аңыздарда Байтайлақ батыр 88 рет жоңғар батырларына қарсы жекпе-жекке шыққан деген аңыздар бар. Атасы Ұзыммылтық та, әкесі Бәйімбетте ту ұстаған батырлар болған. Өзім де Ақжар ауданын біраз жыл құтты қоныс еттім. Осы елдің тарихы мен шежіресін түгендеуге бір кісідей ат салыстым.  Жергілікті өлкетанушы ретінде аудандық, облыстық басылымдарға мақалаларда жарияладық. Байтайлақ батыр жайында да көп жаздық. Басылмдарға мақалалар бердік. Енді міне рухани жаңғыру бағдарламасы аясында Байтайлақ батыр қорымын киелі нысандарға қосып, батыр ескерткішін салсақ деген ойымыз бар. Бұл бір ғана адамның қолынан келетін дүние емес. Аудан тарапы да бұл жұмысты өз жоспарларына бекітсе деген ойымыз бар. Байтайлақ батырдың қорымы ақжар ауданында болғаны үлкен рухты, шарапатты дүние. Осындай ауылда әулиелі, батыр адамның жатуы, оның есімінің ұмытылмай ұрпақ санасында жаңғыруы ұлттық кодтың негізімен байланысты»,- деді Білімтай Біләлұлы.

Шара соңында экспедиция қонақтары Ақжар ауданындағы Смағұл Садуақасов музейін аралап көріп, ауданның рухани жаңғыру бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарымен танысты. 

Есімі ұранға айналған батыр

Байтайлақ батыр - қазақ халқының жоңғар, шүршіт, қырғыз, орыс шапқыншыларына қарсы ұлт азаттық соғысында ерлiк көрсетiп, аты аңызға айналған, 12 абақ керейдің  Шеруші руына ұран болған тарихи тұлға. XVIII ғасырда қазақ даласында ұлы төңкерістер мен соғыс ұрыстары өткен қайғылы жылдарымен тарихта қалған. «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұлама» уақыты да осы кезеңнің еншісінде. Ол уақытта қазақ даласында батырлық институт қалыптасып, соғыстарға қарсы үш жүздің басы біріккен заман болды. Қаракерей Қабанбай, Қанғыжалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Ер Жәнібек, Байтайлақ батыр сынды ұлы қаһармандарымыз осы ғасырдың тарихына есімдерін алтын әріппен қалдырды.

Байтайлақ батыр XVIII ғасырдың басындағы қалмақ-қазақ соғыстарының көбісіне қатысып, бүтіндей бір рулы елдің рухани жебеушісі, Абылайдың майдан даласындағы сенімді сарбазы,  артынан қол ерте білген қолбасшысы деңгейіне дейін көтеріледі.

Байтайлақ батыр шамамен 1695 жылы Ресей Федерациясының Ор қаласында дүниеге келген. Бұл қаланың төңірегінде әлі күнге дейін Керей жұрты деген жер бар. Ресей Ор қаласын салып, қазақ даласына қақпа ретінде отарлау саясатын жүргізгені анық. Ал Байтайлақ батыр Ор қаласына алғашқы жорықтарын жасаған. Жоңғарға қарсы атой салып, жеңістің туын тіккен.

Әкесі Бәйімбет те ту ұстаған батыр болған. Атасы Құттымбет, лақап аты Ұзынмылтық. Он екі ата Абақ Керей руының алты шеруші баласының бірі.  Ол жауға мылтықша атылатын мінезді адам болғандықтан Ұзынмылтық аталып кетіпті.

 

Байтайлақ батыр 13 жасында қолына қару алып, қазақ-жоңғар соғысында аттанған. 1718 жылғы «Аягөз» шайқасында қалмақтың үш батырының басын алып,  көзге түскен.  1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» шабуылында да қанды қырғын ортасынан табылады. 1724 жылы Қанжығалы Бөгенбай батыр бастаған шайқаста да аянбай шайқасып, ерлік көрсеткен. Байталық батырдың даңқын әспеттеген жорық - «Бұланты шайқасы». Бұл жорық туралы өлкетанушы ғалым, ақын Білімтай Біләлұлы «Арқа ажары» газетінде былай деп дерек келтіреді: «1726 жылы Әбілхайыр ұйымдастырған жеңісті жорық әйгілі Бұланты шайқасында Байтайлақ батыр ерекше көзге түседі. Қазақ жасағы, қатарлас қаруластары Байтайлақ батырды жекпе-жекке шығарып, «Байтайлақтап» атын шақырып ұрандатып, аруақтандырып, жігерлендіріп, қолдап, көтермелегенде жекпе-жекте жан шыдатпастай қарқынға ие болып арқаланып кеткен. Сол екпінмен жекпе-жекке шыққан жоңғар батырымен сайысып жүріп оқыс қимыл кезінде темір сауытының етегінен жік тауып жұқа шаптан жарып жіберген. Ат үстінен ішек қарыны жерге ақтарылып түсіп, жаны шығып та үлгермеген жоңғар батырының салақтаған қанжоса ішек қарынын көрген, жан ұшыра шыңғырған ащы дауысын естіген жоңғарлардың мысы басылып, үрейін ұшырып, қазаққа өр рух, үміт сыйлайды. Сол қарқынын байқаған қаруластары «Байтайлақтап» атын шақырып ұрандап жігерлендіріп жібергенде қарқын алып екпінімен жаудың тобына қаққан сынадай топты жарып кіріп жайпайтын, алды-артынан алдырмайтын айлалы батыр болғаны ел ішінде сақталған».

Байтайлақ батырдың Бұланты шайқасында ерекше көзге түсуіне тағы бір дәлелі 1729-1730 жылдарының шамасында жас Әбілмансұр «Абылайлап» шауып жоңғардың батыры Шарыстың басын алатын жеңісті жол Балқаш көл шайқасында «Ұрандап шапты Байтайлақ!» деп тарихи жырда жырлануы оның рулық ұранға айналып қолбасшы болғанын көрсетеді.

1745 жылы Қалдансері қайтыс болғаннан кейін Абылай хан қазіргі Орталық Қазақстан өңірінен Солтүстікке қарай жойқын тазарту жорығын жасайды. Ең үлкен шешуші шайқастарының бірі еді. Осы шайқасты ғалым, академик Манаш Қозыбаев та нақтылап, дәлелдеп тұжырымдаған. Ел арасынан жинаған аңыз әңгімелерді басшылыққа алар болсақ Байтайлақ батыр осы шешуші шайқаста қапыда қаза болғаны туралы айтылады. 

 

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English