«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Табиғаты қызық Қиын Керіш

3712 0
Табиғаты қызық Қиын Керіш
Оны ғалымдар «Әлемнің сегізінші кереметі» дейді

Зайсан көлінің солтүстігінде Құйған, Аманат, Ақсуат, Мөнекей, Жолнұсқау сияқты ауылдар тұрғындары ежелдің ен күнінен балықшылықты кәсіп етеді. Көлдің солтүстік-шығысында «Қиын Керіш» деген геологтар мен табиғат та­нушыларды, археологтарды жіпсіз байлайтын жер бар. Бұл атырап туралы да ғалымдар мен натуралист жазушылар ара-тұра жазып жүр. Қиын Керішке барарда Қарабүйрек шоқысы менмұндалайды. Осы жота қып-қызыл болып көз тартады. Неге олай? Топырағы неге қызыл деген сауал өзінен-өзі туын­дайды. Геологтар бұл араны «Балқып жатқан адырлар» деп те атайды. Қарабүйрек шоқысының қарасы көрінгеннен ақ түрлі түске еніп, сағым ойнайды. Жақындаған сайын от шашқан сияқты көрінген адырлар айқын көріне бастайды. Сағымдар «қисық айнаға» түскендей құбылады. Жалт-жұлт еткен отты ұшқын көзді арбайды. Расында, таңғаларлық-ақ. Осының бәрін сөзбенен айтып жеткізу қиын. Бейне отты адырларға әлемнің барлық жұлдыздары жауып, енді торға түскен балықтар сияқты тыпырлап, көз қызықтырар сәулесін шашып, аспанға ұшып кеткелі жатқандай көрінеді. Нағыз «Жатпланеталық пейзаж». Ғажайып адырларға қадам басқанда түс көріп немесе ертегі әлемінде жүргендей сезінесің. Көре келе жарқыраған жұлдыздардың да құпиясы ашылады. Оның өзі жарық шашқан күн нұрымен шағылысқан друзалар (бір негізді кристалдар тобы) мен олардың жарықшақтары екен. Бұл дегеніңіз – геологиялық Зайсан Колорадасы не­месе әлемнің кереметі – Қиын Керіш.

«Мұнда әр келген сайын керіштер әр қырынан көрінеді», – деп жазады жазушы Борис Щербаков. Зайсанның бұл керіштері шөгінді жыныстардан пайда болған. Миллиондаған жыл­дар теңіз бен көл түбінде жатқандықтан әр түрлі химиялық құрамдағы қатпарлар қабаттаса берген. Әр геологиялық дәуір өз қолтаңбасын, өз бояуын қалдырып отырған. Жұмақ сипатындағы тропикалық өсімдіктер саясында да болды. Мейірімді күн нұрын төгіп, көк жасаңға оранды, пальма­лар мен папортниктердің орнын қылқан жапырақты орман­дар басқанын да бастан кешірді. Олардың керіштер мен тасқа түскен бедерлері бүгінгі бізге жазылған хаттай таңбаланып қалды. Осы арадан алып тасбақалар мен жыландардың қаңқалары сияқты өте ертедегі тропикалық кезең фауна және флораның белгілері болып бізге жетті. Алып жануарлар мен құстар зулаған ғасырлармен бірге кетті. Қаһарлы суық кли­мат пен құрғақшылықтар да өте шықты. Қазіргі өсімдіктерге ұқсас табиғат әлемі де осы арада үстемдік құрды. Уақыт өте келе біздің планетамыз жаңаша жасанып шыға келді. Артын­ша осы алапты мұз құрсауы басып жатты. Қиын Керіш бейне геологиялық кітап дерсің. Бәрі өткенге кетсе де, бірінен соң бірі өткен тізбектелген дәуірлердің тасқа айналған бейнелері осы кітапта сыр қозғап тұрғандай.

Антрополог ғалымдар адамзаттың арғы атасы қайдан бастау алатынын білу жолында қаншама ізденіп, сарыла еңбектенді десеңізші. Соңғы жылдары Еуропадан есте жоқ ескі замандағы «Идой» деп ат қойылған маймылдың қаңқа сүйегі табылды. Планетологтар барлық адамзат дамуына бастау болған, эво­люциясына негіз болған бір тармақ осындай жан иелері ме екен деген ойға келген. Алайда дәл осы жерде Зайсан қазаншұңқырындағы біз сипаттап отырған керіштерден өте ертедегі приматтардың түпкі ата-бабаларына ұқсас қаңқаны тапқанын естен шығаруға болмайды.

Қиын Керіш – бағзы замандардағы «үшінші мыңжылдық» деп аталатын дәуірдің, бір кездердегі теңіздер мен бұғаздардың көзі. Куәсі десе де болады. Осында аяқ басқан мамандар мен ғалымдар, қызық құмар әуесқойлар, жақсыны көрмекке құлшынып тұратын қаламгерлер Кайнозой дәуірінен кейін келген, осыдан 60 миллион жыл бұрынғы үш мыңыншы дәуірде жүргендей әсер алатыны сөзсіз.

Голландияның табиғатты қорғау департаментінің натуралистері осында болып, табиғаттың ғажайыбына таңырқап, Шығыс Қазақстанның Колорадасын сақтап қалудың барлық шығынын өзіміз көтеріп алсақ деген тілек білдіріпті. Оның өзі түсінікті де. Бағзы заман көзіндей болған табиғат ғажайыбына қамқорлық жасап, сақтап қалудың қамын ойлаған ғой. Шет ел­дерде болса Қиын Керішті иелікке алып, елге келген қонақтар мен туристерге көрсетер тарихи орынға айналдырар еді. Қазір алаң ашық жатыр. Зайсан көліндегі Қиын Керіш – Алтайдағы Мұзтау немесе Марқакөл сияқты қайталанбас табиғаттың құбылысы. Алланың сыйы емес пе?!

Міне, біз Кайнозойдан жеткен бір үздік інжуді тамашалап жүрміз. Адам қиялында шек бар ма? Әйтпесе, Кайнозой, Палео­зой қайда, біз қайда. Осындайда ақын Төлеужан Ысмайловтың:

Жер – сандық домалақ,

Қазына – іші мол.

Сақалы сабалақ,

Палеозой ағашы –

Көмірдің атасы,

Көк жалын – күші мол.

Тулаған, оқ атқан,

Вулкандар – өжеттер,

Ғаламат толғақтан

Туды алып перзенттер.

Келді Алтай өмірге,

Орал тау орғыды.

Мекен боп көмірге,

Мұхиттар сорғыды, –

деген жыры еске түседі.

Вулкандар демекші, Қарабүйрек шоқысы да жанартау атқылауынан тасы, топырағымен қоса жалынға оранып күйіп кеткен. Топырағы күл сияқты қып-қызыл болып жататыны да сондықтан. Ал Қиын Керіштің қазіргі «бет-бейнесін» де жа­сап кеткен осы жанартау – вулканнын «жұмысы». Өйткені осы аймақта жер сілкіністері болып тұрады. 1990 жылғы болған зілзаланы республика жұртшылығы жақсы біледі. Өткен замандарда қыс ішінде жер сілкініп, Зайсан көлін құрсап жатқан қалың мұзды бұзып су атқылағанын тарихшылар хатқа түсірген болатын. Аллаға шүкір, қазір Зайсан жағалауы тамаша, мамыражай. Таң ата өзінің жасана жайнағанын күтіп, күннің көтерілуін тосып Қызыл Керіш те мүлгіп жа­тыр. Алғашқы сәуле адырларға шашырағанда сары-ала қаздар тобы ұшып келеді. Жер бедерімен үйлесім тапқысы келетіндей сары-ала қаздардан қызыл үйректердің қалыспайтынын қайтерсің. Өлеңдер мен жырларда «көкала» үйрек деуші еді. Бұл арада сирек кездесетін қызыл үйрек бар. Оны айтасыз, ер­теректе қызыл қасқырлар да болған. Сай бойлай сумаң қағып қызыл түлкі жалт етіп бір көрініп, жоқ болады. Бұл енді үйреншікті көрініс. Зайсан көлінен онша алыс болмаса да ап­тап ыстықтан қажып, шіркін, суға бір шомылып, демалып алса ғой дейсіз. Өйткені дәл Қызыл керіш сусыз адырлар. Оның ғажайыптарын көру үшін аяққа тыным бермей шаршайтының рас. Топырақ қабатының өзі қызыл, ақ, сары, көгілдір бо­лып, сан түрлі бояуға малынғандай. Қарайсың да таңқаласың. Жыралар мен жарқабақтарды аралап келе жатқанда айналаң түгелдей көгілдір түске айналады. Кинофильмдерде «Марс аңғары» дегенді көрсетіп жатпай ма. Міне сол фантастикалық пейзажға тап боласыз. Ғажайып көріністерден көз ала ал­майсыз. Табиғаттың осындай жұмбақтарын шеше алмай, әрі шөлден қаталап шаршап, шөлдегенде бұл жердің неге «Қиын Керіш» атанғанын ойлайсың. Қазекең де жерге ат қойғыш-ақ қой.

Қиын Керішке келушілер соңғы кездері аздап болса да төбе көрсете бастаған. Ал жергілікті халықтың көзі үйреніп кет­кен. Бәрі үйреншікті жайттар сияқты. Содан болар журналистеріміз бен жазушыларымыз республикалық бұқаралық ақпарат құралдарына ештеңе жазбай келеді. Бұл салғырттық, енжарлық дегенді қойсаңшы. Біз «әлі көремізбен» жүргенде палентолог – жазушы И.А. Ефремов осында келген екен. Қатты әсерленгені сондай, «Ойкумендер өлкесінде» деген кітап жазбақ болып кетіпті.

Қиын Керіштің тылсым жұмбақтары әлі шешіліп болған жоқ. Әлі де талай қиял қуған таланттар келер. Осы араны ғарыш әлемімен байланыста деп болжам жасар. Фантастикалық шығармаларына, кинофильмдерге арқау етер. Ол – келешектің ісі.

Зайсан көлі жағасын алғашқы адамдар қай замандардан бері мекендей бастады деген сұрақтың туындауы заңды. Бұл арада ғалымдар зерттеуіне жүгінеміз. Бұдан алты, жеті мың жыл бұрын жаңа тас ғасырында Шығыс Қазақстанның жануарлар әлемі, табиғаты мен ауа райы қазіргі кездегідей қалыпқа келген. Ол замандағы адамдар металл құрал-жабдықтарды жасауды білмеген. Аңшылық, балық аулау, терімшілікпен күнелткен. Тас дәуірінің палеолит, неолит кезеңдерінің іздері облыста біршама зерттелді. Зайсан көлінің Қоржын мүйісінен археологтар неолит кезеңінің құралдарын тап­ты. «Жоғарыдағы құрал-заттарды сабақтай келсек, бұларды пайдаланғандар аңшылар мен балықшылар болса керек. Қазақстан аумағының барлық жерінде кездесетін неолиттік мәдениет бір-біріне ұқсас. Тасты қолдану мақсаттары бір болғанымен, атқарған жұмыстары әртүрлі. Мұны археолог-ғалымдар Шығыс Қазақстанды зерттеу нәтижесінде дәлелдеп берді. Тас ғасырының ескерткіштерін зерттей келе Шығыс Қазақстан туралы мынандай қорытындыға келесің: Жоғары Ертіс өңірін мекендеу процесі алғаш мұз дәуірінің соңында (80 мың жыл бұрын) болған сияқты», – деп жазады тарихшы Зейнолла Қайсенов.

Тас ғасыры адамзаттың қаз тұрған балалық шағы ғой. Демек, айдын шалқар көл көне дәуірден адамзатқа қоныс, күнкөріс көзі болып келеді. Асқар Алтай мен оның айналасы адамзат қауымының бесігі десе де болады. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында «Алтай – түркі халықтары мәдениетінің алтын бесігі» деген ғылыми-тәжірибелік конференцияның өтуі де жайдан-жай емес. Сонда бас қосқан ғалымдар Шығыс Қазақстанға жеке дара тоқталды. Бергі мыс, темір ғасырларын айтпағанда оның алдыңғы жағындағы тас ғасырларында неандерталдықтар (осыдан 100 мың жыл бұрын өмір сүрген адамдарды ғалымдар осылай деп атайды) тастан жасалған (до­балдап) қарапайым пышақтарды, басқа да ағаштан, сүйектен жасалған құралдарды пайдаланып, тауларда кездесетін үңгірлерді күнделікті тіршілік жасайтын баспанасына айнал­дырды. Алғашқы адамдардың мұндай мекендері өңірімізде көптеп кездеседі. Осы арада Шығыс Қазақстанда есте жоқ ескі замандарда Еуразияның ірі металлургиялық орталығы қалыптасқанын да атап өткен жөн.

Ғалым БАЙБАТЫРОВ, өлкетанушы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English