Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жоламан Тіленшіұлы

Жоламан Тіленшіұлы - e-history.kz
Аты Жоламан Тіленшіұлы
Қазақ халқының 19 ғасырдың 20-30-ыншы жылдарындағы Ресей империясының отаршыл саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілісі басшыларының бірі, халық батыры

Тіленші тарханның ұлы Жоламан батырдың есімі мектептегі Қазақстан тарихы оқулығы, Кеңес дәуірінде Қазақ совет энциклопедиясы, көркем әдебиеттен Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы секілді салмақты туындылар арқылы көпке мәлім. Жоламан батыр тақырыбын тарихшы Ермахан Бекмаханов жүйелі түрде зерттеген.

Жоламан Тіленшіұлы 1822 жылдың 27 тамызында табын, тама руларының батырларымен бірігіп, орыс-казак форпостарына шабуыл жасайды. Қыркүйек айында жасақшылар саны 1000-ға жетеді. Шерғазы сұлтан Жоламанның қарулы әскермен хан ордасын шабуға дайындалып жатқаны туралы Ресей әкімшілігіне мәлімдеме түсіреді. 1822 жылдың күзінде Жоламан Тіленшіұлы 500 қолмен Елек бойына шабуылдар ұйымдастырды. Жоламан Тіленшіұлы бастаған табын руының қарсылық күресі 1835 жылы бұқаралық сипат алады. Патша әкімшілігі мен әскерилері батырға «бүлікші», «қарақшы», «банда», «шайка», «хищник» деген теңеулерін тағады.

Жоламан Тіленшіұлы бастаған азаттық күрестің алғашқы кезеңі 1817 ж. Орынбор шекаралық комиссиясының өкілі В.Топориннің іс-әрекетіне наразылық білдіруден басталды. Күрестің екінші кезеңі батырдың елдегі ахуалды патша шенеуніктеріне баяндап жазған хаттары, дипломатиялық шаралары арқылы көрініс тапты.

Жоламанның адамгершілігі мол адам екендігін батырдың ауылында сегіз ай тұтқын болған Падуровқа қатысты «Он пробыл в плену восемь месяцев. Джулламан держал его конечно довольно хорошо» деген мәліметтен көруге болады.

19 ғасырдың 20-жылдарының басында Ресей империясының Орынбор әкімшілігі Елек өзенінің бойындағы табын руының жерлерін тартып алып, бекіністер сала бастайды. Орал, Елек, Бердянка, Құраты өзендерінің бойында 29 бекініс бой көтеріп, ол Жаңа Елек шебі деп аталды. Ресей империясы әкімшілігінің мұндай отарлау саясатына қарсылық білдіріп, Жоламан бастаған бір топ табын руының адамдары 1823 жылы, 3 қыркүйекте Орынбор генерал-губернаторы Эссенге хат жолдайды.

Қазақтардың жер мәселесін қарайтын комиссия төрағасы Шерғазы хан олардың бұл талаптарын заңсыз деп танып, наразылық қимылдарына қарсы әскер күші қолданылатынын ескертеді. Мұндай өктем жауап Жоламан батыр бастаған әскердің қарулы көтеріліске шығуына түрткі болды.

19 ғасырдың 30-жылдарының ортасынан бастап Жоламан батыр Кенесары Қасымұлы жасағымен бірігіп, отаршыл саясатқа қарсы күрес жүргізеді. Кенесары қолы оңтүстікке қарай бет алғанда Жоламан батыр бастаған көтерілісшілер тобы ыдырай бастайды. 19 ғасырдың 40-жылдарының басында Жоламан батырдың өзі Бұхараға қоныс аударады. Одан кейінгі тағдыры белгісіз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?