Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Анар Фазылжанова: Жаңа әліпбиге жастардың көзқарасы оң

2865
Анар Фазылжанова: Жаңа әліпбиге жастардың көзқарасы оң - e-history.kz

Қоғам арасында бірде көтеріліп, бірде бәсеңдейтін тақырыптардың бірі – жаңа әліпбиге көшу. Осы уақытқа дейін желі қолданушылары жаңа «графиканың тіл дәрежесін көтермейтіні, кириллицадан қалған мәдениетімізді ұмытпауымыз к

Қоғам арасында бірде көтеріліп, бірде бәсеңдейтін тақырыптардың бірі – жаңа әліпбиге көшу. Осы уақытқа дейін желі қолданушылары жаңа «графиканың тіл дәрежесін көтермейтіні, кириллицадан қалған мәдениетімізді ұмытпауымыз керек» деген пікірлер кең тараған еді. Бұл және басқа да мәселе бойынша соңғы жетілдірілген әліпбиге тікелей атсалысқан Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжановамен сұхбаттастық.

- Латын графикасына жастардың көзқарасы қандай? Тілтанушылар тарапынан белгілі бір зерттеулер жүргізілді ме?

- Сәуір айында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білім институтының ғалымдары Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен латын әліпбиіне байланысты «Google» платформасында сауалнама ұйымдастырды. Оған Алматы қаласының жоғарғы сынып оқушылары мен студенттері қатысты. Сауалнамаға қатысушылардың 78 пайызы «z» ұрпақ өкілдері, яғни 2000 жылдар төңірегінде дүниеге келген ұрпақ. Олардың бәрі дерлік латын әліпбиіне көшуді қолдады. Қолдайды деп айтудың өзі артық. Бұл ұрпақ қазақ мәтіндерін латын әліпбиімен жазуды қалыпты дүние ретінде қабылдайды. Сондықтан бұл сұрақтың жауабы белгілі. Жастардың жаңа әліпбиге көзқарасы оң.

- БАҚ өкілдері бұл тақырыпты бірде қарқыны артып, бірде бәсеңдеп қалады дейді. Ұзаққа созылуына не кедергі? Қандай қиындық бар?

- Мен де бұл сұраққа жауап іздеушілердің бірімін. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты - қазақ тілін іргелі және қолданбалы бағдарламалар аясында зерттейтін әлемдегі жалғыз ғылыми мекеме. Мұндағы мамандар кәсіби өмірін түгел дерлік қазақ тілінде болып жатқан үрдістер мен үдерістері бақылауға, тілдегі өзгерістерді тіркеп жинақтауға, жүйелеуге сонымен қатар әдеби тілдің нормасына енгендерін анықтап, стандарттап, нормативтік-ортологиялық сөздіктерге енгізіп отырумен айналысады. Сол себепті жаңа әліпбиге көшкенде жазба коммуникацияны сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік беретін емле ережелерін де Институт ұжымы әзірлеп отыр. Емле ережелері негізіндегі анықтағыш, сөздік сияқты тілтанымдық құралдар да жасалып жатыр.

Нақтырақ айтатын болсақ, 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әліпбиді әлі жетілдіру керек деген тапсырмасын институт ұжымы ғылыми негізде теориялық зерттеулер, практикалық тексерулер арқылы орындап шықты. Жетілдірілген әліпби нұсқасы 2021 жылдың 28 қаңтарында Премьер-министр басқаруындағы қазақ тілін жаңа әліпбиге көшіру жөніндегі Ұлттық кеңестің мақұлдауынан өтті. Бұл әліпби құр өзі ұсынылған жоқ, онымен бірге жаңа емле ережелері де талқыланып, мақұлданды.

- Демек латын графикасындағы жаңа әліпбиіміз дайын деген сөз бе? Жаңа графиканың артықшылықтарына тоқтала кетсеңіз.

- Қазіргі таңда институт латын графикасы негізіндегі орфографиялық және орфоэпиялық үлкен сөздіктерді, орфографиялық анықтағышты, басқа да қосымша құралдарды әзірлеп қойды. Ендігі кезекте осы мәселеге байланысты саяси шешімнің шыққанын күтіп отырмыз. Қаңтар айында жетілдірілген әліпби мақұлданғанмен, әлі бекітілген жоқ. Сондықтан да осы әліпбиге қатысты пікір айтушылар әлі де бар. Қоғам болғаннан кейін оның әртүрлі топтарының бір-біріне үйлеспейтін көзқарасының да болуы заңды. Дегенмен жетілдірілген әліпби нұсқасын ғалымдардың да, қоғамның да 70 пайыздан астамы қолдап отыр деп сенімді айта аламыз.

Ғалымдар ұсынған бұл әліпбидің артықшылығы ол - ғылыми қауымдастықтың түрлі сараптамаларынан, әлеуметтік топ өкілдері арасында сынамалардан өткен жоба. Ұсынылған барлық жоба ішінде, тек осы жетілдірілген нұсқаның ғана ғылыми-лингвистикалық ортологиялық базасы әзірленді. Сөзбен айту оңай болғанмен, осы базаны асау үшін Институт ғалымдары талай жыл еңбектенді. Ғылыми-лингвистикалық база дегеніміз - осы әліпбидің негізінде жазып, сызудың ережелер жиынтығы, осы ереженің ғылыми тұжырымдамасы, орфографиялық және орфоэпиялық сөздік пен анықтағыш және т.б құралдар.

- Бүгінде жасөспірімдер ыңғайлы тіл ретінде орыс тілінде сөйлеседі. Әлеуметтік желілердің әсері болар, бұл тілдің ауқымы кеңейіп барады. Тілтанушылардың арасында бұл мәселе қаншалықты қозғалады...

- Қазір қазақ қоғамында тек орыс тілінде сөйлейтін жастардың азаймай жатқаны, орыс мектебіне балаларын беріп жатқан ата-аналардың көптігі қатты талқыланып жатыр. Бұл тілтанушыларды да ерекше мазалайды. Өз тілінің кеңістігінде жүріп, өзге тілден қол үзбей, тіпті сол өзге кеңістіктің ел территориясында кеңейіп жатуының себептеріне жауап іздеп көрдік. Ең алдымен бұл жаһанданудың салдары. Жаһандану – экономикалық, мәдени құрмаласу. Бірақ бұл құрмаласу әрдайым оған қатысушы барлық ұлттар үшін тиімді түрде өте бермейді. Ақпараттық кеңістіктегі жаңа құралдары мен экономикадағы қуаты күшті ұлттың тілі сол отырған кеңістіктен шығып, басқа тілдік-мәдени кеңістікті де еркін жаулап алады. Ол үшін көзбе-көз тілдік қарым-қатынас орнатудың, жаулап алушы тіл иелмендерінің сол кеңістікке қоныс аударуының қажеті жоқ болып қалды. Компьютерлік техника, ақпараттық құралдар мен Интернет жеткілікті.

Сан ғасыр бойы үстем болған мәдениеттер бұл құрмаласуға енді ғана қатысу мүмкіндігін алған мәдениеттерді жұтып алуы қазіргі кезде үрдіске айналды. Егер бұрын бір тілдің жойылып кетуі үшін екінші тілдің нақты агрессиясы, яғни жаулап алушы тілдік ортаны иемденіп, басып алуы керек болса, жаһандану дәуірінде бұл үдеріс виртуалды түрде жүзеге асады. Мемлекеттік тіл саясаты мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін қолдауға арналып келе жатыр. Бірақ неге орыс тілінің кеңістігі кеңейіп, күшейеді деген сұрақ туындайды. Мұның бір себебі осында жатыр.

Әлеуметтік желідегі ақпараттар мен өзге тілдегі мультфильмдер тіпті қазақтілді жасөспірімдер мен балаларды елітіп, баурап әкетіп жатыр. Себебі бұл өнімдердің прагматикасы күшті. Прагматика дегеніміз үнемі тұтынушыны ойлау, соның үдесінен шығуды басшылыққа алу. Бір өкініштісі, қазақтілді өнімдердің прагматикасы ақсап жатыр. Бұл - екінші себеп. Үшіншіден, олардың көлемі де орыс және ағылшын тіліндегі өнімдерден әлдеқайда аз. Міне, сонықтан күш салатын жеріміз – осы, яғни қазақ тілінің ақпараттық арнадағы контентінің саны мен сапасы.

- Ана тілімізді үйренуді көпке созбай шешудің жолдары бар ма? Бұл мәселені шешу үшін қандай механизм ұсына аласыз?

- Социолингвистикалық зерттеулерге сүйенсек, бұл мәселені ел кеңістігінде заңдар арқылы шешуге болады деп ойлаймыз. Мемлекеттік тіл туралы заң қажет. Онда қазақ тілінің қандай қатынаста, сапада қолданылуы туралы нақты механизмі анық көрсетілуі керек. Ол механизмдер тек констатациялық қызмет атқармау қажет, заңның ынталандырушы қызметі мен жазалаушы құралдары да болуы тиіс. Яғни қазақ тілін заңда талап еткен орында, көрсетілген сапада қолданып жатсаңыз, сізге қандай артықшылық берілетіні нақты жазылуы керек. Егер керісінше болған жағдайда, қолданатын жерінде қолданбасаңыз, тіл сапасын бұзсаңыз, онда заңда қандай жаза күтетіні анық көрсетілу керек. Заңнамада бұны инструменталды әдістер деп атайды. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары тіл туралы заң либералды болды. Ол егемендіктің алғашқы жылдарында қажет болды және өз миссиясын орындады. Бүгін жағдай өзгерді. Халықтың дені қазақ этнос өкілінен тұрады. Онымен қоса өзге этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілде сапалы тілдік орта қалыптастыруға деген сұранысы артып келе жатыр.

- Егер латын әліпбиіне көшетін болсақ, балаларын орыс мектебіне берем деп отырған ата-аналар бар. Бұған не дейсіз?

Графика – тіл дыбыстарын таңбалайтын шартты дүние. Әліпбидің де арқалайтын жүгі болады. Тіл білімі институтында Орхон жазуы, Араб графикасы және Кирилл әліпбиіне қатысты сізде қандай ассоцияциялар туындайды деген сауалнама жүргізген болатын. Сауалнамаға қатысушылардың көбі кирил әрпі – «орыс», араб жазуы – «ислам діні» концептісімен ассоциацияланатынын көрсетті. Бір қызығы латын әліпбиінде – «сапа» концептісі басым екені белгілі болды. Жаһандану заманында латын графикасы кең таралып кетті. Мәселен, Шығыс Еуропа славян мемлекеттері кирил әріптерінен бас тартып латынды қолданады. Жаһандану заманында бұл графиканың кеңейе беруі – тенденция. Олай болса, латынграфикалы жазуы бар қазақ кеңістігінен алып кирилграфикалы орыстілді кеңістігіне баласын «лақтырып» отырған ата-ананікі дұрыс па? Кеңейіп келе жатқан кең дүниені ескермей, тарылып бара жатқан тар дүниеге қызығу баланың болашағын ойлау ма?

Олжас АДАЙ

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?