Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жүсіпбек Аймауытұлының еш жерде жарияланбаған әңгімелері табылды

975
Жүсіпбек Аймауытұлының еш жерде жарияланбаған әңгімелері табылды - e-history.kz

Қазақ прозасының негізін қалаған көрнекті қаламгер Жүсіпбек Аймауытұлының «Балаларға әңгіме» атты шағын әңгімелер топтамасының жарыққа шыққаны анықталды. Бұл сүйінші жаңалықты «Аq jelken» журналының қызметкері Айнұр Мұратова анықтаған, деп хабарлайды е-history.kz порталы Ult.kz сайтына сілтеме жасап. 

Аталған ерекше жаңалық «Аq jelken» журналының 1925–1939 жылдар аралығындағы басылымдарын парақтау барысында белгілі болған. Бұл шығармалар 1925 жылы Орынбор қаласында «Аq jelken» журналының 1925 жылы Орынборда «Пионер» деген атпен жарық көрген ең алғашқы санына «Жік»деген бүркеншік атпен жарияланыпты.

«Журналымыздың 1925-1939 жылдар аралығындағы нөмірлеріне шолу жасау барысында 1 ғасыр бойы архивте жатқан араб қарпімен яғни төте жазумен жазылған Жүсіпбек Аймауытұлының бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған «Балаларға әңгіме» деп аталатын әңгімелер топтамасын таптық. Жазушының бұл шығармалары қазіргі «Ақ желкен» журналының 1925 жылы Орынборда «Пионер» деген атпен жарық көрген ең алғашқы санына «Жік»деген бүркеншік атпен жарияланыпты. Жүз жыл бойы расымен де мұндай қазына ғылыми тұрғыда зерттелмей жатуы, Жүсіпбек Аймауытұлы шығармалары жинақталған кітаптарға енбеуі мүмкін емес деп, кітапханалардағы Жүсіпбек Аймауытұлы шығармалары жинақтарының бірін қалдырмай қарап шықтым. Бірақ дәл «Пионер» журналының 1 санына шыққан әңгімелер топтамасын еш жерден кездестірмедім. Бұл шығарманы Жүсіпбек шығармашылығын терең зерттеп жүрген жазушы, жүсіпбектанушы Нұржан Қуантайұлына ұсынып, ғылыми сараптамадан өткізуін өтіндім. Ғалым жан-жақты зерделеп, шығарманың шынымен де Жүсіпбек Аймауытұлының қаламынан туғанын растап берді», – дейді Айнұр Мұратова.

Араб қарпінде тасқа басылған топтаманы журнал қызметкері Айнұр Мұратованың өзі кирилл қарпіне түсірген. Журналдың бұл ең алғашқы нөмірі Алматыдағы Ұлттық кітапхананың Сирек кітаптар және қолжазбалар бөлімінде сақтаулы.

«Осылайша, ғасырлық тарихтың тасасында қалып келген деректер жаңғырып, «Aq jelken» журналының шынайы шежіресі ғылыми негізде қайта түзіліп жатыр. Зерттеу барысында Қызылорда қаласының архивіне және Ресей мен Өзбекстандағы архивтерге сұрау салып, қосымша дереккөздер іздестірдім. Алайда 1925 жылы жарық көрген «Пионер» журналы ол жақтардан табылмады. Еліміздегі архивтерді қарап, соңында журналдың ең алғашқы нөмірін Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасының Сирек кітаптар және қолжазбалар бөлімінен  таптық. Бір ғана нөмірі сақталыпты», – дейді Айнұр Мұратова.

Жүсіпбек Аймауытұлы 1917–1929 жылдары жарық көрген басылымдарда аты-жөніне қысқарған түрлерімен – «Ж», «Ж.А.», кейде толық «Жүсіпбек» не «Исуфбек» деп қол қойып отырған.

Зерттеушілердің айтуынша, жазушы ЖүсіпбекАймауытұлы өз туындыларын жариялау кезінде бірнеше бүркеншік ат қолданған. Солардың бірі – «Жік». Бұл бүркеншік есім қаламгердің толық атының бірінші және соңғы әріптерінен құралған.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?