
Бұл көлдің ауданы 54, 7 км2, ұзындығы 9, 5 км, жері 8, 3 км, жағалау бойының ұзындығы 27 км, су жиналатын алабы 773 км2 құрайды.
Маралдының тарихы
Қазақ даласында қасиетті де киелі мекендерге толы. Әр өңірдегі киелі мекендердің өзіндік тарихы адам санасын баурап, түрлі мистикалық оқиғаларды көз алдынан өткізіп, кейде ғылым дәлелдей алмайтын құбылыстарға жетелейді. Арал теңізінің төскейінде орналасқан Ақеспе ыстық суы, Ұлы Жыланшық даласы, киелі Түркістан қонысы, Шымкент қаласына қарасты Аманкелді ауылының маңында орналасқан жер астынан шығатын ыстық су адам бойындағы бар дертті емдеп, тән саулығын сақтауда маңызды рөл атқаратын емдік қасиетінің сыры әлі күнге дейін жұмбақ. Осындай киелі, тарихы тым тереңге бойлайттын мекендердің бірі –Маралды тұзды көлі.
Павлодар қаласынан Шығысқа қарай 54 км жерде Маралды атты ауылдық округ орналасқан. Бұл ауылдың іргесі 1906-1908 жылы Семей губерниясынан Қосқой қонысына көшіп келген шаруалардың бастауымен қаланған. Шаруалар осы жерде қызмет етіп, маңайындағы кеңшарларды ірілендіріп, Маралдыны сүт кеңшарының ірі орталығына айналдырған.Кейін де осы жер колхоз шаруашылығының үлкен қонысы болған. Дегенмен, Маралды аулының тарихы сонау палеолит дәуірінен басталады. Бұл ауылдан археолог Л.Л.Гайдученко 1974 жылы палеолит дәуіріне жататын тас құралдарды тапқан. Тас құралдар Маралды- 1 тұрағы көлінің оңтүстік-шығыс бөлігінде жағалаудан 0, 5 гектар жерді алады. Бұл жерден тас құралдармен қатар, жабайы түйе қалдықтары табылған. Маралды-2 тұрағы көлдің оңтүстік жағалауынан табылған. Бұл тұрақтан тас құралдардан басқа құлан, түйе, піл, бизон сынды аңдардың сүйектері жинастырылған, бұл жердің аумағы 0, 8 гектарды алады. Фауна қалдықтары мерзімі жағынан ерте плейстоценнен кейінгі плейстоценге дейінгі аралықты қамтиды. Бұл жерде көбіне көп тас құралдар жиынтығы жағынан өзектастар, қырғыш тәрізді құралдар, тас, өндіріс қалдықтары табылған. Павлодар университетінің зерттеушілері В.Н. Алиясова, Г.Е. Асылбекова, М.Ю. Клименко, Н.Е. Тарасовская «Қазақстан аумағынан үңгір арыстаны (panthera spelaea)ның қазба қалдықтарының табылуы» атты мақалаларында 2005 жылы осы Маралды көлінің маңайынан нақтырақ айтқанда, Маралды көлінің жарқабақты бөлігінен үңгір арыстанының (Panthera spelaea) тоқпан жілігі табылған (анықтаған -Шпанский А.В.). Маралды ойысы Павлодар қаласынан 70 шақырым шығыста орналасқан. Бұл ойыс – диаметрі шамамен 15 шақырымды құрайтын табақша тәрізді құрылым. Ол аздап төбешіктелген жазыққа 110 метр тереңдікпен бойлап енген. Ойыстың түбінде диаметрі 8 шақырымға жуық көл орналасқан.
Ойысты қоршаған аумақ төрттік геологиялық жүйеге жатады, жасы шамамен 3,5 миллион жылды құрайды. Ал Маралды ойысының өзінде неоген жүйесінің қабаттары ашылған, олардың жасы шамамен 25 миллион жыл. Қазба жануар қалдықтарының басым бөлігі төрттік жүйеден табылған.
Маралды маңынан табылған фауна қалдықтарының түрлік құрамы мынадай:
Жыртқыштар (Carnivora): Panthera spelaea – үңгір арыстаны;
Сүйіртұмсықтылар (Proboscidea): Mammuthus sp. – мамонт;
Жұптұяқтылар (Artiodactyla): Paracamelus sp. – ежелгі түйе;
Тақтұяқтылар (Perissodactyla): Coelodonta antiquitatis (Blum) – жүнді мүйізтұмсық.
Сонымен қатар, неоген жүйесіне жататын болуы мүмкін, жұптұяқты жануардың сүйегі де табылған. Бұл мәліметтер Маралды ойысындағы ежелгі жануарлар дүниесінің әртүрлілігін және өңірдің палеонтологиялық маңыздылығын айқындайтындығын ғылыми зерттеу еңбегінде жан-жақты дәлелдейді. Яғни, бұндай ғылыми, археологиялық зерттеу еңбектері бұл мекеннің тархы тым тереңде және сан қырлы құпияға толы екендігін айғақтай түседі.
Маралды тұзды көлі
Павлодар қаласынан 60 шақырым жерде Маралды тұзды көлі орналасқан. Бұл көлдің ауданы 54, 7 км2, ұзындығы 9, 5 км, жері 8, 3 км, жағалау бойының ұзындығы 27 км, су жиналатын алабы 773 км2 құрайды. Маралды Қазақстандағы тым ащы, тұзды көлдер қатарын құрайды. Бұл көлді қазақ халқы осы өңірдің тумасы, қазақ халқына белгілі балалар ақыны Мұзафар Әлімбаевтің сөзіне жазылған «Маралдым» әні арқылы таниды. Әнде айтылғандай, Естай мен Қорланның ән салған жері осы Маралды көлінің жағасы. Маралды көлінде жазда судың булануына байланысты тұздылығы жоғарылап, көл бетінде тұз қабаты түзіледі. Маралды тұзды көліне жазғы уақытта әр өңірден келушілердің қатары көп. Бұл көлдің адам денсаулығын емдеуде айрықша рөл атқаратынды, бұлшық ет ауруына және түрлі аурудың бастауына ем болатындығы халық арасында кеңінен таралған. Сондықтан әр өңірдегі адамдардың жазғы демалысты осы көлдің аумағында өткізетіндігі қалыпты жағдай. Маралды көлінің маңайында бірнеше көлшіктер бар. Бұл судың жыл сайын тарылып жатқанынан пайда болса керек. Көлдің емдік қасиеттерінің бірі – батпақ. Көлдің түбіндегі батпақ ревматизмді және бұлшықет ауруларын емдейді. Бұл емдік батпақтың қоры 100 мың шаршы метрге дейін жетеді. Қазақстанның әр түпкірінен келген адамдар көлге шомылып, қара батпақты барлық денесіне жағып, күнге қыздырынады. Бұл әдіс арнайы емдік процедура сияқты жүреді. Жарты сағатқа дейін күнге қыздырынып, кейін қайта көлге түседі, осылай бірнеше рет қайланады. Көлге түскеннен кейін адам денесі майланап, өзін жеңіл сезінеді. Бұл әдісті бірнеше күн бойы қайталау арқылы адам денсаулығында оң өзгерістер байқала бастайды. Көлдің тұзыдылығы түрлі тері аурын да емдеуге қабілетті. Көл суы мен тұзының құрамында натрий, магний, кальций, хлоридтер, сульфаттар бар. Бұл элементтер терінің қабынуын азайтып, теріні залалсыздандырады. Тұзды судың тығыздығы денені су бетінде ұстап, оны су түбіне батырмайды. Тұздың тым ащылығы сондай, адам басын суға батыруға мүмкіндік бермейді. Дегенмен, бұл көл халықаралық шипажайға, туристік ортаға әлі айналмаған. Туризм тарту, қара батпақпен емдеу, шипажай ашу мәселелері толық жолға қойылмаған. Бірақ Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, тіпті, Ресей мемлекетінің ішкі қалалары Омбы, Орынбор, Мәскеу, Петербор қалаларынан келген адамдардың саны аз емес. Әр өңірден келген адамдардың айтуынша, бұл жерге олардан бұрын келген адамдар денсаулықтарының шағымы азайғанын, көңілі сергіп, ауруына ем тапқанын айтқан. Сондықтан көлдің емдік қасиеті бар екендігіадамдардың бір-біріне жеткізуі арқылы кеңінен таралған.
Маралды – Павлодар өңіріндегі бірегей табиғи нысан. Оның тұзды суы, геологиялық құрылысы, палеонтологиялық табылымдары мен биологиялық әртүрлілігі бұл аумақты ғылыми-зерттеу мен табиғи мұра ретінде қорғауға және тануды әлі де қажет етеді.