Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Сұлтанмәмет сұлтан туралы Ресей архивтеріндегі деректер

904
Сұлтанмәмет сұлтан туралы Ресей архивтеріндегі деректер - e-history.kz

Қазақ тарихында советтік дәуірдегі объективті және субъективті себептер салдарынан есімі ұмыт болуға айналған қайраткерлер баршылық. Солардың бірі  он сегізінші ғасырдағы аса ірі тарихи тұлғалардың санатындағы Сұлтанмәмбет сұлтан. Бүгін осы тұлға жайлы баяндамақпыз. Батыр әрі айтулы сардар, көрнекті мемлекет қайраткері Сұлтанмәмбет сұлтан  Жошы ханның ұрпағы, Абылай ханның немере ағасы, Орта Ертіс аумағындағы Қыпшақ ұлысының сұлтаны. Ол 1771 жылы Шаңды жорық кезінде Еділ қалмақтарына қарсы елу мың атты әскер жинаған. Жоңғарлармен және Еділ қалмақтарымен аяусыз шайқасқан.

Он сегізінші ғасырдың отызыншы жылдары Сұлтанмәмбет Орта Ертіс аумағын билеген. Мамандар немере ағайындар Абылай мен Сұлтанмәмбет бір мезгілде сұлтан болып тағайындалған деген пікірде. Атап айтқанда, Абылай Арғын ішіндегі Атығай руына, ал Сұлтанмәмбет солтүстік-шығыс өңірдегі Қыпшақ ұлысына сұлтан болған. Сөйтіп, ол Абылаймен бірге қазақ жерінің тұтастығын қорғап, қазақтың мүддесі үшін күрескен.

«Сұлтан»  арабша «билік», «құдіреттілік», «тәуелсіз ақсүйек билеушінің атағы». Құранда сұлтан сөзі бастапқы билік, құдіреттілік мағынасында және басқа хадистерде, көркем әдебиеттерде саяси билік, соның ішінде халифа билігі мәнінде қолданылды. Он алтыншы ғасырдан бастап Османдар өз өкіметінің қол астына мұсылман әлемінің бүкіл батыс бөлігін біріктірген кезде, Еуропаның және Азия мен Африканың едәуір бөлігі үшін «сұлтан» атағы сол билеушілерге байланысты айтылды. «Сұлтан» арабтың «билік», «мансап» деген ұғымынан шыққан деген түсінік бар.

Шыңғыс хан үлкен ұлы Жошының ұрпақтары Қазақстанның үш ұлысында жерді иелік етті. Міне, солардың тұқымдары  Шыңғыс ұрпақтарының бәрін біз «сұлтандар» деп атаймыз. Билікке келмеген ұрпақтарын төре дейді. «Төре» сөзінің этимологиясы нақтыланбаған, дегенмен қазақтың өз сөзі болуы мүмкін, төр  төрде отыратын адамды білдіреді. Қазақ қоғамында сұлтандар ақсүйек тобына жатқызылды және оларға белгілі бір артықшылықтар берілді. Соған сәйкес сұлтандарға көрсетілетін сый-құрмет те ерекше болды. Қазақ қоғамындағы ақсүйектер ұғымына Шыңғыс ұрпақтары  төрелер және қожалар жатты.

Шыңғыс ханның жасақтары, кейін Тәуке ханның заңдарында Шыңғыс ұрпақтары ерекше мәртебеге ие болды. Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағында да Шыңғыс ұрпақтарының артықшылықтары белгіленген. Мысалы, жай қарапайым адам өлтірілсе, құны  мың қой, әйелдікі – жартысы, бес жүз қой. Ал Шыңғыс ұрпақтарын өлтірсе, құны жеті мың қой. Сондай-ақ Шыңғыс ұрпақтарын балағаттағаны үшін тоғыз ірі қара, қол тигізсе үш тоғыз, яғни жиырма жеті ірі қара төлеу міндеттелген. Бұл төре ұрпақтарының ерекшелігін айқындады.

Шыңғыс хан өз иелігіндегі ұлыстарды ұлдарына бөліп бергені тарихтан белгілі. Мысалы, Жошыдан тараған ұрпақтары Қазақстан аумағын биледі. Ұлыс  әрбір сұлтанға тиесілі жер. Әр сұлтанның өзіне қарасты руы, тайпасы болды. Сұлтан  ұлыстың  әкімшілік басқарушысы, билікке мұрагер бола алатын тұлға. Он сегізінші ғасырда ұлы далада Абылай, Әбілмәмбет, Әбілхайыр сияқты мықты тұлғалар шықты. Солардың ішінде Сұлтанмәмбет сұлтанның аты ерекше. Хан болмаса да, атағы, беделі жағынан ханға жақын тұлға еді.

Сұлтанмәмбет сұлтан қазіргі Түркістан қаласының тумасы. Қазақ халқына адал қызмет еткен Шыңғыс ұрпағының бірегей өкілі. Өкінішке қарай, Ресей империясы, кейін Совет өкіметі кезінде, тіпті соңғы отыз жылда да Сұлтанмәмбет сұлтан туралы деректер айтылмай келді. Ол туралы алғашқы мәлімет Шоқан Уәлихановтың жазбаларында кездеседі. Шоқанның жазуынша, 1739 жылы ресейліктер хан мәртебесі бола тұра, Әбілмәмбетті айналып өтіп, тікелей Абылаймен келіссөз жүргізген кезде Сұлтанмәмбет немере інісінің жанында болған. Шоқанның жазбасында: «Қалай болғанда да Абылай 1739 жылы Орта жүз билеушілерінің ішіндегі ең ықпалдысы болды. Орыс үкіметі Абылаймен және ағасы Сұлтанмәмбетпен келіссөз жүргізді. Себебі ордаға жіберілген орыстардың пікірінше, Әбілмәмбеттің билікте еш маңызы болмаған» делінеді.

Сұлтанмәмбеттің толық есімі  Сұлтанмұхаммед. Ресей архивтерінде ол Сұлтанбет, Салтанмайет, Сұлтанмәмет деп түрліше жазылған. Қыпшақ ұлысының сұлтаны әрі бүкіл Орта Ертістің билеушісі болған Сұлтанмәмбет өз заманында білікті дипломат ретінде танылды. Ол жоңғарлармен шайқаста әскерді өзі бастап барған. 1771 жылғы Шаңды жорықта Абылайдың тапсырмасымен Балқаш маңына Солтүстік және Солтүстік-Шығыс Қазақстаннан елу мың әскер жинап әкелгені тарихта сақталған. Ертістің оң жағына қазақтардың қайта өтуі – ата-баба жерін қайтарып алу ісінде Сұлтанмәмбет Абылаймен бірлесе саясат жүргізіп, қазақ жерін иелікке қайтарған.

Ресей империясы 1788-1798 жылдары Ертістің сол жағында мекендеген қазақтарға ресми түрде рұқсат берген болса, бұл  Сұлтанмәмбет сұлтанның ерен еңбегінің нәтижесі. Сұлтан билік жүргізген көшпелі Қыпшақ ұлысының аумағы Ямшевск бекінісінен басталып, Ертіс жағалауымен Железинск бекінісіне дейін созылған. Капитан Андреев еңбегінде «Сұлтанмәмбет сұлтанның қол астындағы адамдар саны, әйелдері мен балаларын қоспағанда, бес мың шамасында» деп көрсетілген. Әскери жорық кезінде ол жеті-сегіз мың сарбазға дейін жинай алған. Абылаймен бірлесе отырып, ұлысын ұлдары арқылы басқарған. Оның он сегіз ұлы болған, бәрі жорықтарға қатысқан, дәулетті болған: кейбірінің 2-3 мың жылқысы, ал Өмір сұлтан мен Қараштың ауылында жиырма мың жылқысы болған.

Сұлтан сенімді батырларын да басқаруға тартқан. Уақтан шыққан Серкебай, Қанжығалыдан Тілеуімбет, Қыпшақ Қошқарбай сияқты батырлар хаттарда жиі аталады. Сұлтан балаларын арабша оқытуға да көңіл бөлген. Омбыдағы басшыларға хат жолдап, балаларын оқытатын молда сұратқан. Ресей империясы Башқұрт, татар, бұқар молдаларын жалақымен қазақ сұлтандарының ордаларына жіберіп отырған. Олар діни қызмет атқарған, балалардың сауатын ашқан, сұлтандарға ресми хаттарды дайындауға көмектескен. Бірақ олар арқылы империя сұлтандарды бақылап отырған.

Сұлтанмәмбет пен қол астындағы халық негізінен мал шаруашылығымен айналысқан. Бұрын мыңдаған шақырымға көшіп жүрген оларды Ресей билігі 1778 жылы тұрақты үй салып беріп, Ертіс жағасында ұстауға тырысқан. Сұлтан өз ұлысының жерінің қожайыны болған. Қыстауы, жайлауы ең шұрайлы жерлерге орналасқан. Малдан кіріс түсіріп, халықтан салық алып, дәулетті өмір сүрген.

Сұлтанмәмбет сұлтан малды өсіру, басқару ісінде де үлгі боларлық тұлға. Архив құжаттарына сай, 1770-жылдары бір өзінде жиырма мың жылқысы болған. Бұл малдар Ертістің оң жағына өтерде ресейлік әскерилер тарапынан саналып, құжатталған. Мұндай нақты деректер бүгінгі мал өсірушілерге де үлгі.

Қазақ даласын қуаңшылық пен жұт жылдары қатты қинаған. Сұлтанмәмбет жұттан құтылу үшін Ертістің оң жағына малын айдап өтіп отырған. 1754 жылдан бастап құрғақшылық кезінде сұлтандар мен қарапайым қазақтар Ертістің оң жағына өтуге рұқсат сұрап, орыс билігімен келіссөз жүргізген. Кейде рұқсат берілмей, шайқастар да болған. Мысалы, Сұлтанмәмбеттің екі жүздей бәсентин батырлары Коряков бекінісіне шабуыл жасап, үйлерді өртеген.

Сұлтан аңшылықпен де айналысқан, оқ-дәрі жетіспегенде Ресейге өтініш жасап, қорғасын сұраған. 1760 жылғы 23 қыркүйектегі хатында: «Сібір әскери бөлімінің қолбасшысы, генерал-майор фон Веймаронға. Қазақ ұлысы сізден қашықта болса да, барынша сенімді. Бізде аң-құс көп, оларды ату үшін қорғасын жіберуіңізді сұраймыз»,  деп жазған.

Сұлтанмәмбет  жаужүрек батыр, тәжірибелі сардар. Фальк пен Барданес сынды орыс зерттеушілері 1771 жылы Кереку бекінісі маңында онымен кездескен. Сұлтанмәмбет алған олжасы туралы айтып, «Елу мың әскермен Еділ қалмақтарына шабуылдап, көп мал, тұтқын әкелдік» деген. Алпыстан асқан шағында да атқа қонып, елін қорғаған.

Сұлтан ордасы сегіз киіз үйден тұрған, үшеуі ақ киізбен жабылып, тап-таза ұсталған. Қалғандары қызметшілер мен малшыларға арналған. Парсы кілемі төселген ақ үйде сұлтан әйелімен отырған, үстінде жібек шапан, алтын жіппен әдіптелген қалпақ киген.

Абылай мен Сұлтанмәмбет арасында берік, достық қатынас болған. Немере ағайын болғандықтан ғана емес, сыртқы және ішкі саясатта пікірлес, қан майданда қатар шайқасқан бауырластықтары олардың байланысын нығайтты. Қиын кезеңдерде екеуі ақылдасып, шешім қабылдап отырған. Ресей билігі Омбыдан сұлтанға хат жолдап, Абылай туралы мәлімет сұраған кезде Сұлтанмәмбет: «Абылай сұлтан менің бауырым болса да, қазір қонысымнан алыста. Оның ойы туралы білмеймін» деп, бауырын сатпаған.

Мәмілегерлік қабілеті мол Сұлтанмәмбет елдің мұң-мұқтажын жеткізіп, Ресей ұлықтарына жиі барған. Абылайдың тапсырмасымен екі рет Қытайға елші болып барып, шекара мәселелерін реттеген. 1780 жылы Абылай дүние салғанда, үш жүздің хандығына үміткерлердің бірі ретінде Сұлтанмәмбет ұсынылған. Бірақ жасы жетіп қалғанын айтып, өзі бас тартып, ақ киізге көтермеуді сұраған. Ақыры хандыққа Уәли сұлтан отырған.

Сұлтанмәмбет сұлтан 1794 жылы 84 жасында дүниеден өтті. Өлерінде Қыпшақ ұлысының сұлтандығына ұлы Сейітті тағайындау туралы өсиет қалдырды. Алайда патшалық билік өз еркін жүргізіп, Қарашты сұлтандыққа бекітті. Бұл мәліметтер Омбы мемлекеттік мұрағатының бірінші қорында сақталған. Қазақ хандығының аса көрнекті қайраткері Сұлтанмәмбет сұлтанның ұлт тарихындағы еңбегі әлі де жан-жақты зерттеуді қажет етеді. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?