
«Qazaqstan tarihy» партолына өткен 25 маусым күні «Қыран сыны» деген атпен сериалды этнографиялық зерттеудің бірінші бөлімі жарық көрген болатын. Осы жазбаның жалғасы яғни, екінші бөлімін жариялап отымыз.
Кете Жүсіп Ешниязұлының қыран сыны
Қызылдың балапаны ірі болса,
Қалмайды олан алмай, тірі болса.
Болмаса тым кішкене аяқ салым,
Бос жүрмес бұл айтқанның бірі болса.
Өр болса, орта салым балақ жүні,
Жеті елі желкесінде гүлі болса.
Сары еттің тұсы батық, кейкі тұмсық,
Көзі - іннің көк буалдыр түбі болса.
Айналған екі езуі шықшытынан,
Бекінген бет аузының түгі болса.
Қап-қара, қасық қанат, жұмыр сүйек,
Жапырақ жұлып шыққан жүні болса.
Айырып аларсыңдар, ақылдылар,
Бұл айтқан бүркітімнің міні болса.
Басы - әйдік, жуан - балтыр, қалың - топшы,
Тырнақтың қызыл жирен көгі болса.
Мұндай құс кез боп қалса, керегінде,
Ет берер иесінің ебі болса,
Таңырқап талай адам тұратұғын,
Жарты аршын құйрығының ағы болса.
Қылменен қимайыны тамызғандай,
Ағының әр жерінде дағы болса.
Һәм және алқа болып төске түскен,
Аралас қызыл менен сары болса.
Қарадан қашқан түлкі құтылмайтын,
Тазының әдіске үйір сағы болса.
Тап болып таланыңа мұндай бүркіт,
Тағы да ішіп-жейтін малы болса.
Астыңа мінген атың еті семіз,
Қалың жал, қабан құлақ, жабы болса.
Көсеудей ұшын сүйір етіп жонған,
Тобылғы қамшысының сабы болса...
(Кете Жүсіп Ешниязұлы. Шығармалары. Астана. 2009 ж. 24-б)
Абай Құнанбаев айтқан қыран сыны
Көк тұмсығы жұқалау, келсе жалпақ,
Мелжемді қожыр аяқ, бұты талтақ.
Көз ауданы қып-қызыл, кешкіл маңдай,
Іші кең, саны жуан, өзі шалқақ.
Баялы, құйымшақты, қауырсынды,
Құйрығы ап-ажарлы ұзын жүнді.
Жүнді басты, шекелі, кең маңдайлы,
Жапырақ жирен шуда, жалпақ қылды.
Саңғыру жүн сабалақ, алқалы кер,
Тақысы, бүкісі жоқ, қомағай ер.
Айыр сүйек ашамай арасы кең
Болса, жақсы бұлдағы бір қарар жер.
Топшысы әлді біткен жоғарылау,
Шалғысы құйрығына барса таяу.
Ұшса ұшқыр, тау басында шақырмайтын,
Бір түлкіден басқамен болмаса жау.
Қалың ерін, қара тіл, қанға тоймас,
Қанша қымбат алсаң да бәсін жоймас.
Жирен тұяқ шұбарды тауып алсаң,
Жаза ұстаса және ұшып, әсте қоймас.
Қолыңнан өзі тілеп ұшса самғап,
Құрғатпай қанжығаңды күнде қандап.
Шегір көз қанды балақ қыран бүркіт
Бозбала, қапы қалма, малыңды іркіп.
Алпыс екі айлалы түлкі ұстап,
Байласаң қандай қызық, қарға сілкіп.
(филолог-ғалым Зарқын Тайшыбайдың жазбасынан алынды)

Себепбай құсбегінің қыран сыны
Нағыз қыран ақпанның аязында жұмытқалап, жұмырқасын аязға тастайды да, наурызда басады, әрі ұзақ басады және ешқашан көзге түсетін ашық жерге ұя салмайды. Терең шатқалдың күңгей жағын таңдайды. Ұя маңынан бой көрсетуді қаламайды. Жем әкелуге шыққанда таудың иен жағымен төменде алып, сайдың аузымен тағандай өрлеп, ұяның астыңғы жағынан көзге түспей ұшады. Нағыз қыранның ұясын табу қиын болатыны осыдан.
Бүркіттің қырандығы денесінің үлкен-кішілігімен өлшенбейді. Ең бастысы белгісі – тұлғасы шымыр, қағылез, санының бұлшық еті қайыңның тошысындай бөлек бітсе, түсі көк, шалқақ, топшысы қатты, төбесі жалпақ, маңдайы кең, тұмсығындағы тыныс тесігі үлкен, тұмсық түбі етекті, аузы үлкен, жұтқыншағы зор, тегеуірін қысқа, саусағы жуан, тұяғы өткір, шүңірек көзді, биік қабақты, тұмсығы іш жағына қарай иліңкі болады. Мұндай құстың жанары отты, жүрегі үлкен болады. Ал денесі үлкен болғанымен – төбесі үшкір, тұмсық түбі қушық, бұлшық еттер салаң бүркіттен қыран шықпайды.
Нағыз қыранда екі түрлі бап, екі түрлі мінез болады. Қыранның бірінші мінезі – байыпты, байсалды, уақыт өте келе бап талғамайтын, кезіккенін құтқармайтын, жүрегі қайтуды білмейтін, зары келгенде үлкен аңдарға да түсетін болады.
Қыранның екінші мінезі – шаркез біртүрлі болады. Ол баулуға жуырда көнбейді. Иесіне үйірлеспей көп қинайды. Бәрін жат көзбен қарап, сылап-сипағанды қабылдамайды. Ашықса әлсіреп, тойса тоқмейілсіп, шырғаға көнбейді. Бұны құсбегілер «бапшыл қыран» дейді. Ол қайыруға әзер көнгенімен тоңса, ашықса адамға түсетін болады. Бұндай қыранда аса зерделі тәжірибелі құсбегілер болмаса, албаты адам ұстай алмайды.
Құсбегілер «бапсыз қыран» дейтіні бар. Бұл нағыз қыран бап тілемейді дегені. Бүркіттің қырандағы баптауына байланысты. Мысалы, ұядан алынған қолбала жазда семіртіп түлетпесе қарымы артпайды. Түлегі дұрыс болмаса қаны бұзылып, қуаты кемиді. Мұны білмегендер «құсым бұзылды» деседі.
Қыран болатын бүркіттің сыртқы түс-тұлғасы өңі қара қоңыр, тұмсығы көкшіл немесе сары шұңғыл имек, көзінің бітімі шүңіректеу болады да көзінің түсі қара, ақ шегір, сарышегір, құмшегір, қызылшегір болып келеді. Тұғырда отырғанда шалғысы айқасып, бірінен бірі сүйемдей асып тұрады. Еркін отырғанда топшысы салақтап, мелжемді көрінеді. Аяғының сыртқы бедері көкшіл сары, жіліншігінің қыры жыланның қабыршағы бейнелі болады.
Саусақтарының саласы ұзын әрі мелжемді үстінгі жақ қырында тізілген маржан тастары болады. бар. Оны «болат тасы» деп де айтады. Бүркіттің жүні (мамығы) негізінен екі түрлі болады. Біріншісі - терек жапырақ. Оны кейбіреулер мұны «алма жапырақ», «тораңғы жапырақ» депте атайды. Мұндай жапырақтар дөңгелекше келеді. Ал екінші түрі ұзынша келген «тал жапырақ» делінеді.
(Бәйтей Ахметбайұлының «Қиядан ұшқан қыран» кітабынан алынды)
Шайқасын Жәңгірұлының қыран сыны
Бүркіттің әуелі жүніне қарау керек. Жүні қалың да ұзын болса, суыққа төзімді келеді. Бұндай бүркіт аңға түскенде аянап қалмайтын қуатты болады. Ал жүні қысқалау тақыр бүркіт – тоңғақ болады да, етін төмен басып қайырғанда, суықты көтере алмайтын әлсіз жағдайға тап болады. Қандай толымды болса да жүні тақыр құстардан шыққан қыранның алымы, жүні қалың қыраннан төменірек болады.
Бүркіттің желке жүні өзіне лайық жаралысына қарай бітеді. Алайда желке шудасы толық болумен бірге әрбір шуда жүндерінің ұшы ине сабақтағандай үшкір болса, қыранның ажарлы өжет болуының тағы бір өлшемі. Егер желке жүні қысқа, бастары доғалырақ болса, көңілдегідей сынға толмағаны. Сондай-ақ, желке шудасы иненің сабағындай үшкір бүркіт өжет болады. Егер желке жүні қысқа, ұшы доғал болса, бұл нашар құс.
Балақ жүні саусақтарына таманырақ түсіп тұрса, өзі қалың болып, толарсақ сүйегінің басы жуан, жіліншік жағы сүйірлеу біткен болса, жіліктерінің әрбір сүйектерінің түбі жуан, ұшы жіңішкелеу болып келсе, бұл алымыр қырандығының белгісі.
Сондай-ақ, әр жіліктерінің бас-аяғы бірдей болып біткен болса, көңілдегідей қыран болмайды. Қайта шабан ат сияқты жегенін тамақ еткіш қанағатшыл, бапшыл деп қарайды. Керісінше қомағай, тамаққа өлермен болса, қырандығының тағы бір шарты осы. Егер жемге өлермен емес, қайта паң, сыпа, қылмия, баяу қарайтын болса, бұл оңды құс болмағаны.
Қыран сипатты бүркіттің тағы бір белгісі – сыртқы жүнін қолмен баяу сипағанда бейне жылқының жалын сипағандай қайраты һәм саусағыңызға сыбдыраған дыбыс білініп тұрады. Егерде бүркіттің сыртқы жүні қоянның терісін ұстаған іспетті жұмсақ өлқая болса, бұл жасық құс.
Одан кейін ескеретін оқиға – бүркіттің қабырға-қаптал жүні артына қарай біркелкі жығылып, жапырылып тұрса, бұл қырандығы шамалы құс. Бұндай бүркітті құсбегілер керген түлкіге түса алмайды деп есептеген.
Ал бүркіттің сыртқы жүнінің бітімі кесек, тораңғы жапырақты, ең бастысы қаптал-қабырға жүндері алдыңғы жағына қарай қарсы бітсе, бұл бабы келсе аң құтқармайтын құс есебінде. Бірақ бұндай құстың бір кемшілігі – бабы айнығыш келетіндіктен, кәнігі құсбегілер болмаса батпау оңайға түсейді.
Келесі кезекте бүркіттің қырандағынан аяқ терісіне қарап білуге болады. Жақсы құстың аяғының сыртқы бедері бүршікті, түсі көксауыр, қолмен сипағанда бұдырланып қышыры білініп тұрады. Бұндай бүркітті «бұдыр аяқ» деп атайды. Сол сияқты, бүркіттің балақ жүні өлқая, жұмсақ болса ол нашар құс.
Бұрынғы құсбегілер бүркіттің қыран немесе қыран емес екенін оның тұяқ бітімі мен табан астына қарап айырған. Мысалы, тұяғы қарамақша ұзындау тұғылды болып келсе және шеңбері кеңірек бітсе әрі қатты болатты көрінсе бұл жақсы қыран құс.
Сондай-ақ, жембасары мелжемді қолмен сипап көргенде бұжыры анық білініп тұрса, бұндай бүркітті «шеңбер тұяқ ұлтабан» дейді. Бұндай құс қатты қыран болмаса да иесін құр қол қайтармайды. Ал тұяқтарының түбі нәзік әрі доға тәрізді иіліп бітсе, өкше тұсы майсыз тақыр болса бұл «иір тұяқ ит табан» құс. Бұдан қыран шықпайды.
Бүркіттің қырандығын білетін тағы бір тәсіл – оның аяғы. Қазақ құсбегілері бүркітті арық аяқ, оймақ аяқ, үкі аяқ, теріс аяқ деп бірнеше түрге бөледі. Бұдан басқа да түрлері бар. Осылардың ішінде теріс аяқ құс жақсы бүркіт санатына жатады. Оның сипаты – бүркіт саусақтарын жайып отырғанда қарсы алдына келіп бажайлап қарағанда, саусақтарының арасы барынша алшақ болады, әсіресе шеткі саусағы сыртына қарай қайырылып бөлектеніп көрінеді.
Бүркіт саусақтарының үстіңгі жағында бұжыр бедері болады. Осыған қарап бүркітшілер құстың сынын білген. Бұл бұжырды «бүркіттің тасы» деп де айтады. Егер осы бұжар тастар әрбір саусақтың үстіңгі жағында төрт-төрттен қабыса орналасса, бұл қыран бүркіттің толық сипаты болып табылады.
Ал бұжар тастары ортаңғы саусағында төртеу, қалған саусақтарында үш-үштен болса бұл да жаман емес. Ал саусақ тастары түгелдей үштен болса бұл бір түлкілік ғана бүркіт.
Сондай-ақ, бүркіт тұяғының қырында пышақтың жүзіндей өткір жүзі болады. Бұны «болаты» дейді. Осы тұяқ қыры қаншалықты өткір болса құста соншалықты қыран болады. Бұндай бүркіт аң қаққанда көп жағдайда сыпыра іліп, тұяғындағы өткір болат пышағымен ішін жарып жібереді. Қазақ құсбегілері көп айтатын «ішжарғыш қыран» дегені осы.
Бүркіттің сынын сыртқы пошымына қарап білуге болады. Яғни, тұғырда отырған бүркіт қанатын жиғанда қос топшысы бүктетіліп басы үшкірленіп көрінсе, әрі жауырын ортасы жыраланып тұрса, алдынан қарағанда төсі шалқақ болса бұл «кербез керме иық» құс болғаны. Бұл соншалықты қызығарлық бүркіт емес. Ал тұғырда отырғанда сырты күдіс, бүкіштеу, алды қушық, екі топшының көтеріңкі басы доғалданып көрінсе бұл қыран құс.
Егерде бүркіттің саны сыптығырланып бітсе оны «серке сан құс» дейді. Егер саны бір тұтам, төрт елі немесе бір тұтам үш еліден кем болмаса бұл қуатты, қарулы бүркіт есебінде. Ал бұдан төмен болса ол сарша, бұқатана тестес бүркіт болғаны. Бұлар қыран болмайды.
Бүркіттің төс сүйегі көп дүниеден хабар береді. Ауызекі тілде оны төс сүйекті «жемсауы» немесе «алқасы» деп айтады. Осы төс сүйектің сырты қалың сауытты келіп, алқа шұңқырына төрт саусақтың басы сиып тұрса және қойдың жауырынының сыртқы қырмағы сияқты шеті қайырылып бітсе, бұл жақсы бүркіт.
Бүркітті құйрығына қарап сынауға болады. Оның құйрығы 12 тал қауырсын болады. Бүркіт балапан, тірнек, тастүлек, ана жасына дейін құйрығы мен қанатының асты ақ болып көрінеді. Ана жастан (төрт жастан) асқан соң қаралтым тартады. Жас бүркіттің құйрығының орта қауырсынының екі жақ елпінде шашырынды қара ноқаттары болса бұны «қара тарлан» дейді. Бұндай құстан қыран шықпайды. Ал құйрықтағы осы бір шашыранды ноқаттары қызғылтым болса оны «қызыл тарлан» дейді. Бұндай құстардың тегі қыран болады.
Одан кейін бүркіттің құйрығының астындағы саңғыру жүні ұзын, толық болса және толарсағын ұстағанда, басбармақтың басқы буынымен шамалас шықса, ашамай сүйегінің арасына екі саусақтың басы сиып, басбармақтың ұшы кең айналып тұрса, бұл «айыр сүйек ашамайлы құс». Бұндай құс бабын тапса жаман болмайды. Ал ашамай сүйегі бітеу бітсе, бұл аса күйшіл құс болғаны.
Алымыр қыранның тағы бір белгісі – балақ жүні саусағын жауап тұрады. Толарсағының басы жуан болады. Жіліншігі сүйірлеу бітеді. Ал жіліктерінің бас-аяғы бірдей болса, бұл нашар құс. Шабан ат сияқты жегеніне малданып отыра береді. Керісінше қыран болатын құс қомағай, тамақсау өлермен келеді.
Түз құсын алғаш ұстағанда оның жүректі немесе қорқақ екенін білу үшін сылап-сипай отырып, кеудесіне құлағыңызды қойып, тыңдап көресіз. Қорқақ құс болса қорыққан жүрегінің тарсылы анық естіліп тұрады. Ер жүрек батыр құс болса, бәз баяғыдай жүрегі алқынып соқпайды. Бұл алғашқы өлшем делінеді.
(Шайқасын Жәңгірұлы. «Ғылым және өнер» журналының
1986 жылғы №4 саны және Бейжің ұлттар баспасы
«Алқап» журналының 1989 жылғы №8 санынан алынды)
Айып Нүсіпоқасұлының қыран сыны
Қазақ құсбегілері мен саятшылары бүркіттерді үлкен жақтан «батыр құс» және «қу құсы» деп екіге жіктейді. «Батыр құстар» көбіне аңқау, албырт, ерекше қомағай келеді, шеттерінен ұшқыр және әрқандай аңнан қайтпайтын қандыкөз қыран болады. Ұяларын көбінде елсіз, сусыз қиын жерлерге салады. Себебі, олар өз күш-қуаттарына сенетіндіктен ұя салуға «қу құстары» секілді аң мен суға жақын, қолайлы жерлерді қажет етпейді.
Ал, «қу құстары» болса, олар біршама жастау келеді. Бүркіттердің бұл түрінен «мырза құс» көбірек шығады. «Мырза құстар» біршама күйшіл, жүндері жылтыр қара және майдалау келеді. Тұяқтары иір, бастары жыланбас, көздері сулы, жатырқауық болады.
Күшті аң-құстарға көп жоламайды және аңмен көп алыспайды. Тек қоян, кекілік тектес ұсақ аң-құстарға ғана әуес болады. Ұяларын биік, салқын таулар мен аң-құсы көп шұрайлы өңірлерге салады. Көбінде қаршыға, сұңқар сияқты құстардың жемін тартып жеп күн көреді.
Түзден ұстағандары қашаған, ұядан алынғандары пышақтағыш болады. Осы себепті, оларға ақжем мен бөртпе көбірек беріліп, қоя мен зерде көбірек салынады. Әдетте бұл құстар іштеріне зердені көбірек сақтап қалатындықтан оларға қойдың жас құмалағын салып құстырып ішіндегі зердесін алады. Еркектеріне қарағанда, ұрғашылары денелі, үлкен келеді.
Құстар да басқа жан-жануарлар секілді кірлейді және терлейді. Алайда, олардың кірлеуі мен терлеуі басқа жануарларға мүлде ұқсамайды. Яғни құстардың тері тұмсықтарынан шығады. Кірлесе, басқа жануарлар секілді жуынбайды, керісінше, денелеріндегі шаң-тозаңдарын көк жүзінде еркін самғағанда желге қақтырып тазаласа; ал денесіне жұққан қан дақтары мен кір, майларды құйрық түбінен шыққан бір түрлі маймен жуып тазалап алады.
Дәлірек айтқанда, қыран құстар кесек ет және сүйек, тарамыс, сіңірлерді еңкейіп шоқып жеу барысында бүкіл денелері қимылға келіп, қаны емін-еркін ағылып, тұмсықтарынан су сорғалайды. Міне бұл құстардың терлегені болып табылады. Егер қолдағы құстар ұзақ уақыт туралған ет жеп, екі танауынан (тұмсығынан) су ақпаса, ол құс «маңқа» ауруына тап болады. Сондықтан қолдағы саят құстарына ауық-ауық сіңірлі кесек еттермен сүйектерді шұқытып тұру керек.
Қазақ құсбегілері мен саятшылары әр түрлі құстарды салып саят құрумен бірге, саят құстарының түр-түсіне, үлкен-кішілігіне, өскен жерлері мен басты қасиеттеріне қарай олардың барлығына сын қойып, қырандығы мен қыңырлығын, қайсарлығы мен жасықтығын сырттарынан бір қарап-ақ айтып бере алады және олардың қара, сары, қарақоңыр, қарагер, көксұр, құлагер, қызыл жирен болуын туған, өскен жерімен байланысты деп тұжырымдайды.
Яғни қызыл қиялар мен қызыл жартастарға ұя салса, олардың тұқымы қызыл жирен; көк қиялар мен көк жартастарға ұя салса, олардың балапандары көксұр; қара жартастардағы ұялардан ұшса, құс қара болады.
Нақтылап айтқанда, қас қырандардың басы үлкен, көздері отты, көз сағымдары, көз оттары, көз жарқылдары ерекше болады, көз сағымы көзінің алдындағы жүніне түсіп тұрады. Бұдан тыс, алтын шегір, қызыл шегір, ақ шегір, көк шегір, сары шегір, құм шегір құстарды біршама қыран болады деп есептейді.
Қазақтың құс сыншылары құстардың көздері мен бастарынан тыс, олардың тілдеріне де ерекше ден қояды. Мысалы, тілдері боз, қызыл және қара болса, бұл құстарды да қыран деп қарайды. Әсіресе, қара тілді құстарды ерекше қыран болады деп есептейді. Бұлапрдан сырт қазақтың құс сыншылары құстардың тұмсығына қарап та баға бере алады.
Мысалы, құстардың тұмсығын «көк тұмсық», «қылыш тұмсық», «орақ тұмсық», «кекшіл тұмсық» және «жапсар тұмсық» деп жіктеп, қылыш тұмсықты құстарды «күй талғамас» десе; кекшіл тұмсықты «текті құс» деп қарайды. Ал жапсар тұмсықты, қасқа маңдайлы, кең езулі құстарды «қанды көз қыран» деп есептейді.
Құстардың тұмсық, маңдай, езулерінен тыс, олардың аяғы мен тұяғына қарап та кесім айтуға болады. Мысалы, жіліншікті, баутағары қысқа, сәнді, жүн жапырақшалары ірі, жемсаулы, бақайлары жуан, тұяқтары жазық әрі бұқа мүйізі секілді түбірлі болса, оларды «битті қыран» немесе «құртты қыран» деп бағалайды. Себебі, ондай құстардың кейбіреулері битті, кейбіреулерінің саңғырығы құртты болады.
Яғни, саңғырығынан бір түрлі қызыл құрт түседі. Егер кейбір құстардың жүндерінің жебесі әрі қысқа, әрі жазық, ажарлы болса, сыртынан қарағанда тақырлау көрінсе, онда ондай құстарды жақсы қырандар деп бағамдайды. Олардың алқа, қарын сүйектерінің түсі көк келеді, қанаттарының екі топшысында мүйіз сүйегі томпайып білініп тұрады. Кейде сол мүйіз сүйегі арқылы өздері ұнатпаған жан-жануарларды қағып, жасқап қуып жібереді.
Жоғарыдағылардан басқа, кейбір тәжірибелі сыншылар құстардың жалпы тұлғасына қарап та әділ баға бере алады. Мысалы, төс сүйектері қырлы, жұқа; ер сүйектері жалпақ, ұзын жебелі, ашақай сүйектері таға формалы кең; жуан тірсек, бура сан, төрт саусағының арасы кең, саусақ сыртындағы бедер болаттары томпақ, табаны биік, қышырлы, аяғы үлкен, саусақ буындары астындағы безшелері қақты әрі ірі болса; екі топшысы арқасына шығыңқы, қанат шалғылары ұзын әрі жалпақ, түзу келіп, жастығы қайратты болса, мұндай құстарда ерен қыран болады деп тұжырымдайды.
Бұлардан тыс, Іленің «Қаусырмасы» мен «Қызыл аяғы», Боғданың «Қарагері», Ерентаудың «Кір құйрығы», Алтайдың «Ақиығы» қатарлы құстары біршама қыран болады, әсіресе, Оралдың «Орауызы» ерекше қандыкөз қыран болады деп өте жоғары бағалайды және «Жығалы қыран» деген құсты да ілуде бір кездесетін ерек қыран деп қарап олардың ішінен «Қара қасқа» деген түрін ерекше асылға балайды.
Жығалы қыранның басты бөгенайы: құйрықтарының ортасында екі тал ағы болады және бір жақ қанатының астындағы сербегінде ширатылып шығып тұратын бір тал жүні болады. Ол бүркіт көкте самғағанда ысқырған дауыс шығарады. Бұл құстардың қырандығы сондай, сайдың аяғында тұрып, басында кетіп бара жатқан түлкіні қуып жүріп алады. Денелері біршама кесек, балақ жүндері қызыл әрі шудалы, алқалары зор болады. Міне, осы себепті, қазақ құсбегілері мен саятшылары: «тапсаң орды, таппасаң қара қасқа зорды сал» дейді.
(Айып Нүсіпоқасұлының «Ит жүгіртіп, құс салу» кітабынан алынды)
Жағда Бабалықұлының қыран сыны
Жұқалау, көк тұмсығы келсе жалпақ,
Мелжемді қожыр аяқ , бұты талтақ.
Көз ауданы шүңірек, кешкіл маңдай,
Кең иық, саны жуан, төсі шалқақ.
Топшысы келсе алдына жоғарылау,
Шалғысы құйрығына тұрса таяу.
Көкте ұшқыр, тұрғыда шаңқылы жоқ,
Бір түлкіден басқаға болмаса жау.
Қолыңнан өзі тілеп ұшса самғап,
Құрғатпай қанжығаңды күнде қандап.
Дүниенің бір қызығы – қыран бүркіт,
Алыстан ат терлетіп таңсап таңдап.
Шегір көз, қанды балақ, қыран бүркіт,
Бозбала, қапы қалма малыңды іркіп.
Алпыс екі айлалы түлкі ұстап,
Байланса қандай қызық қарға сілкіп.
Қара тіл, қанжар қияқ, қанға тоймас,
Қанша керігі тұрса да алмай қоймас.
Шұбар төс жиренді тауып салсаң,
Ердің құнын берсең де басын жоймас.
Лып етіп, етпетімен кетсе зулап,
Тым епті сыпырғанда жер бауырлап.
Жарқ етіп жақпар тастан түлкі қашса,
Сап етіп қызды ұстаған бозбала нақ.
Бұлқынып, болмайды деп шайқасқанда,
Сытылып құтылмақ болып байқасқандай.
Қараңдап дөң астында жатса басып,
Тар жерде екі ғашық айқасқандай.
Жібермей басып алса жұлқынғанға,
Босатпай бүре түсіп, бұлқынғанда.
Бұлтартпай жұмарлап ап, илеп жатар,
Шынымен ынтасы ауып ұмтылғанда.
Көк тұмсық көзге дейін қанға батып,
Үстіне аттай мініп отырғанда.
Көңілге кермек үшін о да қызық,
Ұқсайды қыз бен жігіт қосылғанға.
Жапырақ жирен шуда, алқалы кер,
Тақысы, бүкісі жоқ, қомағай ер.
Айыр сүйек ашамай арасы кең,
Болса жақсы бұл-дағы бір қарар жер.
(Б.Хинаят, Қ.Исабеков «Саятшылық қазақтың
дәстүрлі аңшылығы» кітабынан алынды)
Күнтуған Тоқыбайұлының қыран сыны
Аулақпын деп айтудан мен білемін,
Келмейді кейбір сөзге сенгілерім.
Өмірде көргенімді естігенді,
Айтайын қыран құстың белгілерін.
Бүркіттің жолықсаңыз тектісіне,
Кейбіреу мән бермейді бек түсіне.
Түлегі жақсы болса жүні қалың,
Түлкінің шыдайды екен тепкісіне.
Жасымнан қыран құсқа болдым құштар,
Тілеп ұшып, қиырдан түлкі ұстар.
Даланың сербендесі көк тәңірі,
Мыңнан бірі қолға түсер ондай құстар.
Мекенім Алтай тауы жер ұйығы,
Түсті ғой талайлардың көз қиығы.
Тауынан үзілмейді нелер қыран,
Атақты даңқы шыққан «Ақ иығы».
Осындай құсың болса мақтанып ал,
Тәуекел сырыңды енді ақтарып ал.
Қолға түссе мұндай құс бәрі қыран,
Шегір көз, иығында ақтары бар.
Қанаты туырдықтай көрер көзге,
Тоқтадым көп ойланып осы сөзге.
Шапанының етегіндей қазағымның,
Таппадым артық теңеу мұнан өзге.
Жұқылау көк тұмсығы келсе жалпақ,
Денелі, бұжыр табан, бұты талтақ.
Үңгір қабақ, шүңірек, шегір көзді,
Шоқпар сан, кең иықты, төсі шалқақ.
Қомағай, мешкейленіп жесе тамақ,
Жылынбас болса терең екі қабақ.
Аң құйрық, бар бітімі өзіне сай,
Балалар бұл айтқаннан алса сабақ.
Шудасы жапырақты, алтын сары,
Құмар боп бітіміне жанның бәрі.
Екі асап жей салатын саптыаяқтан,
Жылан езу шыбығы жатса ары.
Толарсағы сіңірлі тұрса шығып,
Жасырсаңда болатын асық тығып.
Шудасы мен денеден өрген биттер,
Бірі кіріп жүніне бірі шығып.
Кең жауырын, жалпақтау күжірейген,
Ай қабақ болса терең шүңірейген.
Сарысы тұмсығының қысқалау боп,
Танаудан тесігі үлкен үңірейген.
Болат тұяқ, жембасар тегеуірі,
Көк аяқ денеге сай болса ірі.
Он үш құйрық болса егер санасаңыз,
Мұндай құс кезігеді мыңнан бірі.
Қыранды таңдап ұстап салып көрсе,
Бос сөз ғой әңгіме етіп айта берсе.
Төсінің қыр сүйегі пышақтай боп,
Көк тасы тұмсығының жұқа келсе.
Аяғы палуан болса бұжыр табан,
Отырса мінезі кең болмай алаң.
Екі топшы шығыңқы сапқы қанат,
Алдынан қашқан аңы қалмас аман.
Қанды балақ, сұңқар қылыш, серке санды,
Отты көз шалып өтсе жақын маңды.
Су ағып тұмсығынан тілеп ұшса,
Жібермес қиырданда қашқан аңды.
Томаға тартқан сайын ерте кеші,
Далақтап қозбай тұрса делебесі.
Қанатын отырғанда өбістіріп,
Қылыштан оқшау тұрса керегесі.
Төгіліп саңғыруы балақ жүні,
Қозғалмас отырсада күндіз-түні.
Адамға пейіл берсе мінезі кең,
Есте болар қыранның бұлда сыны.
Үкі тұяқ денесі жатағандау,
Жөн көрдім ерекшелеп атағанды-ау.
Көздері шарадай боп шатынаған,
Мұндай құс болады екен қашағандау.
Көргенін жібермесе олда жарар,
Амалсыз кейбір құсты жалғыз салар.
Қанды көз, сида санды болса егер,
Әуелі қолыңдағы құсыңды алар.
Құс болса күйсіз қыран шаттанарсың,
Ерінбей ерте тұрып аттанарсың.
Күй тартпай алыс демей ала берсе,
Досыңа дұшпанға да мақтанарсың.
Қыран құс ойыңдағы болса шіркін!
Сілкініп отырса егер дүркін-дүркін.
Қамшының сабындай-ақ қысқа ғұмыр,
Ғайып боп көз алдыңнан өтер бір күн!
(К.Тоқтыбайұлының қолжазбасынан алынды)