
Қазақ халқының тума өнерінің бірі – құсбегілік. Маман орнитологтар бүркітті мекендік, фаунистикалық ерекшелігіне карай 65 түрге жіктеп, кырандығына қарай 19 топқа бөлсе, Шыңжаң өлкесінде өмір сүрген зерттеуші - құсбегі Айып Нүсіпоқасұлы 2012 жылы жарық көрген «Ит жүгіртіп, құс салған» атты кітабында атақты аңыз-құсбегі Жалайыр Шора бүркітті үлкен жақтан төрт түрге бөліп таратқаны туралы жазады: бірінші түрі – қандыкөз қара немесе кескен терек; екінші түрі – қаусырма немесе доғал шөгел; үшінші түрі – шапшаң сары немесе жанбау сары; төртінші түрі – кекшіл шекір немесе Оралдың орауызы.
Яғни қазақ құсбегілері бүрттің жоғарыдағы түрлерін оның қырандағына қарап, танып алатын болған. Осы орайда, қазақ этнографтары мен атақты құс сыншыларының «қыран сынау» үлгісін жариялап отырмыз.
Академик Әлкей Марғұланның қыран сыны
Қарулы қыран бүркіттің денесі әрқашан соқталы, омырауы кең, топшы-иық сүйектері шығыңқы, мейлінше әлді, жауырыны, арқа үсті жазық, қайқаң, өзге құстан құдіреттілігі көзге ерекше түсіп тұрады.
Аса қыран бүркіттің белгісі – құйымшақ сүйегі дембелше қысқа келіп, бабы көп шалағай бүркіттердікі имиген ұзын, ұшуға икемсіз, солбақ келеді. Олардың жаратылыстағы бір ерекшелігі қарулы қыран бүркіттердің басы үлкен, көзі шүңгіл, көз алды жарқабақ. Самқау үсті кең, езуі жазық, самқап қалғанда аузы жөпшеңді бір үлкен жануардың аузынан кем көрінбейді.
Қыран бүркіттердің тұмсығы бітеу біткен әлді, кейкі тұмсық, мұрнының имегі ішіне қарай түсіңкі кешкіл, танауының тесігі кеңсірігіне көсе-көлденең үңірлене біткен кең, ысқырғанда, саңқылдағанда дауысы әдемі, ашық шығады.
Қазақ құсбегілерінің тәжірибесіне жүгінсек, бүркіттің тұмсық ұшы мұқылдау қара, әрі тым қалың, қарақұстың тұмсығы сияқты арбиған үлкен, доғалдау болса ол қыран затына жатпайды. Құсбегілер ондай құсты «бабы көп күйшіл болады» деп ұната қоймайды.
Ал бүркітің тұмсық ұшы қаралтым болып кездессе, ол күй таңдайтын құс. Сондай-ақ, күйі қайтқан кәрі бүркіттің де тұмсығы қаралтым түрге өнеді.
Баршындамаған жас бүркіттің тұмсығы мөлдір шыны тәрізді көгілдір әрі қағылшаң жұқарақ келіп, қышылдаған имегі ішіне қарай сүйірленіп тұрады.
Қазақ құсбегілері бүркітті сынағанда, ең алдымен оның бет аузына қарайды. Бет аузы бүріскен, езуі жазық емес түріңкі келсе, ондай құсты ұнатпай «бас-күйсіз құс екен» деп сөгеді. Немесе «аңшылдығы нашар» деп жақтырмайды.
«Бас-күйсіз» бүркіттің тағы бір кемшілігі – тоғышар келеді. Аң қағып пайда келтіргені былай тұрсын, бабын тауып асыраудың қиын, Бір сөзбен айтқанда иесіне үлкен масыл болып жабысады. «Бас-күйсіз» деудің ар жағында, күйшіл, аңға шалағай, тоғышар деген ұғым жатыр.
Ал, нағыз қыран қарулы бүркіттің бет әлпеті түксиген айбарлы, қара қыпшақ, жар қабақ, аяқ саусақтары бартиған жуан, тұяғы шалымды ұзын, табаны шорланып біткен қалың, құс табан, жембасары мейлінше қарулы, ұстаған аңын жау-жаламда қусырып әкететін аса қабылетті келеді.
Қыран бүркіттің жембасары қашанда болсын тегеурініне сай келіп, көбінесе іле түсіп, тез жаруға арналған әрі үшкір, әрі шалымды келеді. Осы екі тұяқтың арасына түскен аңды жарып сығымдамай, бүркіттің еш уақытта көңілі көншімейді. Бүркіттің тегеурініндей күшті тегеуірін, оның тұяғындай күшті тұяқ ешбір құста жоқ.
Қыран сипатты бүркіттің бұлшық еті, тарамысы, аяқтары тарбиған жуан, денесі кесек, тұяқ саусақтары көктемірдей қарулы болады. Бұндай бүркіт қандай аң (қасқыр, сілеусін, түлкі) болса да ешбір жасқануды білмейді. Олардың өзіне де түсіп, қан майданның үстінде жеңуден басқаны ойламайды.
Қазақ құсбегілер бүркітті сынағанда, оның қанат-құйрық бітіміне қарайды. Қарулы қыран бүркіттің белгісі: ұшқанда күш алатын бір жақ қанат-қауырсыны 40-45-тен кем болмайды. Қанат-құйрық бітімі келіскен құс өте оңтайлы қозғалып, талмай ұзақ ұшумен қатар, аңға түскенде қарулы, өте епті келеді.
Ал қазақ құсбегілері ұзын құйрық бүркітті ұнатады. Өйткені, мұндай құйрық бүркітке зор тиянақ болып, биікте жүргенде неше алуан құбылып ұшуына орай туғызады. Кейде аң ілу үшін аспаннан төмен қарай сорғалап келе жатқан бүркіт кенеттен тоқтап, қайқаң етіп жоғары көтерілуі – осы құйрық бітіміне байланысты.
Бүркіт жүндес болған сайын жақсы саналады. Себебі, ол қыстың үскірік аязында тоңбайды. Одан кейін қыран бүркіттің сыртқы жүні сатырлаған ірі, жаңбыр, жел, суық өтпейтін тығыз болса, бауыр-балақ жүндері де шудалы әрі тығыз, оның қалың шудасы тұғырға отырғанда тұғырды жауып, қолға қондырғанда балақ жүні биялай мен жеңді жауып тұрады.
Қыран болатын бүркітті бұғана сүйегінің бітіміне қарап білуге болады. Мысалы, оның бұғанасы шымыр әрі соқталы келіп, шодыр басы арқа омыртқамен, келесі басы төс сүйекпен берік ұштасып тұрса жақсы. Бұндай қыранды қазақ құсбегілері «төс айшық қыран» дейді.
Одан кейін қыранның ең мықты қаруы – көк мүйіз болат тұмсығы. Тәжірибелі құсбегілердің айтуынша, қыран болатын құстың тұмсығы кейкі, ұшы қармақты ішіне қарай иір біткен, езуінің самқау жиегі өткір, қиғаш қияқтанып тұрады дейді.
Ал бүркіттің көз алдының кеңсірік қабығы пен езу (самқау) арасын ала көлденең біткен танаудың тесігі болады. Бұл бүркіт, қаршыға тектес құстарда көлденең тартқан сопақтау «жарма тесік» болса, сұңқар, лашын тектес құстарда дөңгеленген «шұңқыр тесік» сыпатта кезігеді. Бірақ, саят құстардың бітімі және ығайына қарай танау-тұмсығы әрқилы болады. Осылардың ішінде тұмсығының түп жағы келтелеу соқталы, имек ұшы недәуір ұзын әрі үшкір, жарғыш болса, бұл жақсы алымыр қыран деп есептеледі.
Қыран құстың сынын білетін тағы бір белгісі - алмас тұяқтары. Бүркіттің тегеурінді болат тұяғы аңды бұлжытпай ұстап, іліп әкетуі үшін жаралғандықтан, мықты әрі жарғыш үшкір, кеспелтек берік әрі икемді болуы шарт. Сонымен қатар, жақсы бүркіттің бұлшық ет пен тарамыс сіңірлері сүйекпен бірге берік тұтасып тұрады. Өйткені, бұл құстың күш алатын үлкен қаруы болып табылады.
Қазақ құсбегілері шәулі саят құстарды сынағанда осы тарамыс бітіміне қарайды. Егерде саят құстың тарамысы жембасар мен тегеуіріннің бауырын ала иректеле бітсе, әрбір ирегі шодырайып сіңірдің қырына үйлесіп тұрса бұл қырандықтың сипаты деп біледі.
Бүркіт түс-реңі жағынан сары, қара болып негізгі екі түстен тарайды. Осы екі түстің әртүрлі өзгеруінен олар әлденеше түске ауысып отырады. Саятшылар тілінде оларды «қара тарлан», «қызыл тарлан, «сары тарлан» деп әртүрлі атақпен құбылтып айта береді. Қызыл тарланның басы, маңдайы, көз алды қара қылшық, қоңырлау келсе, желке-мойын, иық шудалары алтын тәрізді күреңітіп тұрады. Оған қарсы қара тарланның бауыры мен балақ жүндері қылаңытқан қоңыр шұбар, қанат құйрығының үсті қара қоңыр, қылаң түсінен қоңыр түсі басым келеді.
Бүркіттің түсі жасы мен түлегіне қарай өзгеріп отырады. Жас бүркіттердің шудасында қылаңы басым, балақ, бауыр жүндері тегісімен ақтаңлақ мамық жүнге малынып тұрғандықтан, олар қанатын жайып ұшқанда бауыры алыстан ақтаңлақ шұбар болып көрінеді. Олардың сыртқы түсі де кәрі бүркіттікіндей бірыңғай қара болмай, көбінесе бурылдау келіп, қоңыр түстерін қылаң теңбілдері жауып тұрады.
Қазақ саятшыларының, «ақ құс», «сары құс» дейтіндері көбінесе жас бүркіттер. «Ақ құс» деп айтатын бүркіттердің бұл атқа ие болуы олардың жүнінің түбі ақ мамық болып келіп, балақ, бауыр жүндерінің тегіс ақтаңлақ болып тұруынан. «Сары құстың» да жүнінің түбі осы тәрізді қылаң келеді. Бұларға қарсы сақа бүркіттердің жүнінің, қанат-құйрығының түбіндегі ақ мамығы аз, үсті жағы не бірыңғай қоңыр, не қара қоңыр келіп, содан әрбір түлеген сайын түстің қылаңдары мүлде азайып, шымқай қара түске ауысқан кезін саятшылар «баршын» дейді, мәнісі «кәрі бүркіт» дегенді аңдатады.
Құсбегі Шәкен Оңалбайұлының қыран сыны
Бүркіт текті құс. Дегенмен мұның да асылы мен жасығы, қыраны мен мылжыңы, қырағысы мен көз састысы, жүректісі мен жүрексізі, әлдісі мен әлсізі болады. Бапты бапсызы, мінезді - мінезсізі, қоренділері мен кірпияздары кездеседі. Соған орай құсбегілердің ауызға алатындары жер бедерінің қолайлы-қолайсыздығына әбден машықтанған бүркіттерді - ой құсы, ортатау құсы, Ұлытау құсы деп жіктейді. Осылардың ішінен Ұлытау құсын дәріптейді.
Ақиық - Өр Алтай тауының құсы, мұның қатарынан қырандар көп шығады. Нарынсары, Еренқара, Оралқара дегенде құс аттары олар мекендеген жер аттарына байланысты айтылған. Бұлардың бәрі Ұлытау құстары екенін білдіреді.
Ал Ұлытау құсының ерекшелігі - денесі ірі, басы жебелі, жылан бас, одан кейін кешкіл тұмсықты, от жанарлы, шүңірек көзді, ұзын мойынды, шудасы әрі ұзын, әрі қалың болады. Одан кейін топшысы құранды ердің желқомындай алдына итере біткен, тік қос жауырынды, шалқақ денелі, салқы төсті. Көтеріңкі ер сүйегі дір қаққан, шалғысы мен құйрығының қауырсындары сабаудай. Тораңғы жапырақ жүнді, талтақ бұт, қожыр аяқ келеді.
Одан кейін қыранның сыны – жүнінде. Бүркіт кесек қауырсынды, ұсақ қауырсынды (кесек жүнді, ұсақ жүнді) болып бөлінеді. Кейде оны тораңғы жапырақ жүнді, тал жапырақ жүнді деп те атайды. Қаршыға қанат, сұңқар қанат, сауысқан құйрық, кез құйрық, қара қасқа, ақиық, қантамар, текжүн, сары шуда, ақбұршақ, қандыбалақ, мұзбалақ аталатын құстың түсі-түгіне тән атаулардың бәрі де құс сынына байланысты айтылады.
Бүркіттің бармақтай басына арналған сын да аз емес - жыланбас, бақабас, кешкілбас, жырық езу, қылыш тұмсық, шолақ тұмсық, жұқа тұмсық, қалың тұмсық сияқты бас ерекшеліктері де құс сынында айтарлықтай орын алған.
Құс көзінің аттары да көп. Көз жанарынан сағым аунап, түбінен миы көрінген ақ шегір, көк шегір, сары шегір, алтын шегір, жалт еткен жанарынан от шапқан қара көз, қанды көз, құмды көздер де сыншылар назарынан тыс қалмаған.
Бүркіттің титімдей тілі дес құс сынын баяндайды. Баптың артық-кемін елемейтін, талғамы аз “қанға тоймас қара тіл”, баптың азын да, көбін де ұнатпайтын “қызыл тіл”, бабын таппасаң жүз құбылып, қылтылдап қалатын бапшыл “боз тіл” де сынға жатады.
Қыранның сүйек бітімі де сыннан тыс қалмайды. Құс сүйегі қалың, жұқа деп аталады да, құсбегілер жұқа сүйектісін жақсы көреді. Құстың қарын сүйегі етекті келіп, ашамай сүйегінің ашасына бармақ басы еркін сыйса, ер сүйегі биіктеу, өткір келсе, жемсау ойығы шықшытты болса, бұлардың барлығы да жақсылықтың нышаны.
Бүркіттің күн көрісі мен қорғанысы оның төрт саусағына байланысты. Құсбегілерді қызықтыратын да осы саусақтар. “Бас бастайды, аяқ қостайды” дегендей, аяқ қауқары тегеурінді болмаса, құстың аңға әлі жетпейді. Санының бұлшығы тұтам төрт елі, әрі қысқалау, шоқпар санды келсе, әлділіктің белгісі. Тұтам үш елі де, тұтам екі елі де бабы келіссе көңіл қалдырмайды. Онан төмендегілері – нашарлар.
Бүркіттің тірсегі (тобығы) сұқ саусақ пен бармақтың бірінші буынына жетіп тұрса, яғни орамына толса немесе одан артылса – бұл қыран құс. Орамы одан төмендесе – нашар бүркіт болғаны. Дәлірек айтқанда, бүркіттің тобығы түлкі тобығынан кішкене болса, түлкіге бүркіттің әлі жете бермейді деген сөз. Бұны бүркітшілер білгені дұрыс.
Жіліншігі сіңірлі, саусақтарының арасы алшақ бітсе, мұны құсбегілер «талтақ бұт бүркіт» деп атайды. Саусақтың үстіндегі болат бұдыры (тасы) бес буын әрі қалың, әрі көтеріңкі болса, бұндай бүркітті «қожыр аяқ құс» дейді. Бұл өте қыран болады. Ал болат бұдыры төрт немесе үш буыңды болса, бұны «бір түлкілік құс» дейді сыншылар. Яғни, бір түлкіге шамасы келеді деген сөз. Ал болаты бұдыры үшеу болғанымен жұқа, сыптығыр келсе, ол «тақыр аяқ құс» болғаны. Бұндай бүркіттің тіпті түлкіге шамасы келе бермейді.

Бүркіттың саусақтарының табан астындағы бұлшық бүртіктерін «без» деп айтады. Табан қышыры қалың және бүртіктері емшек-емшек (үзік-үзік) бездері ірі болып, әсіресе көбесінің астындағы шеткі без емшек без мелжемділеу келсе, бұл мықты құсқа жатады. «Алған аңын бүркіт ұяғымен емес, табанындағы бүрлі бездері арқылы қысып өлтіреді» дейді байырғы құсбегілер.
Бүркіт тұяғының бауыры ойық, өзекті болады да, өзектің екі жағы тұяқ мүйізімен көмкеріледі. Осы мүйіз әрі биіктеу, әрі өткір болғандықтан «пышақ» деп аталады. Пышағы өткір бүркіт алғыр әрі жылдам болады. Бұл жақсы құс есебінде.
Бүркіттің аяғының өкше саусағы - тегеуріні, екі аяқтың ішкі жағындағы сұқ саусағы - жембасар, ортан саусағы - сығым, шынтағы - (шынашақ) - шеңгел немесе ілім деп аталады. Кей жерлерде ортан саусақ пен тегеурін аралығын - сығым, төрт саусақтың алақан аралығын - шеңгел деп де атайды.
Өз басым ірі денелі, жебелі жылан басты, кешкіл тұмсықты, от жанарлы, шүңірек көзді, ұзын мойынды, шудасы әрі ұзын, әрі қалың, құранды ердің желқомындай алдына итере біткен қалың топшылы, тік қос жауырынды, шалқақ денелі, салық төсті, көтеріңкі ер сүйегі діріл қаққан, шалғысы мен құйрық қауырсындары сабаудай, тораңғы жапырақ жүнді, талтақ бұт, қожыр аяқ, тау бүркіттерін қыран деп есептейтін.
Бүркіттің «қара бүркіт» деген түрі болады. Оның сипаты – арқа бойы күлгін, құбылып тұрады, жүні тығыз, өзі ұшқыр, толарсағы жуан, көзі өткір. Қара өңді бүркіттер қайтпайтын өжет келеді. Ал қара сүр түсті бүркіт қара құс тектес осал дейді.
Жетісу бүркіттері негізінен қоңыр ала түсті. Ішінен ақкөз, су көз, ақдамбал, қоңырала, ұзын шуда, үзбе шуда деп бөлінеді. Жетісуда көп тараған түс – күйсіз қоңыр бүркіт. Оның асылдарын - қойкөз қызыл, жасықтарын - көлкөз, ұршық бас деп бөледі.
Басқа өңірлерде шолақ сары, ешкі сары, құрым сары, ірің сары деген түрлер көп тараған. Оның алғыры шолақ сары. Оның құйрығы қысқа, көзі кер шегір, баутағары қызғылт, құйрығының ауқымы жалпақ болып келеді.
Құсбегі Бәйтей Бабиұлының бүркіт сыны
Менің жеке тәжірибемде қыран бүркітті көзіне қарап танимын. Қыранның көзі күрең болады. Ақшегір, құмшегір қырандар да болады. Қанқүрең көзді бүркіт ешнәрседен қайтпай түседі. Оның көзі қанталап, қызарып тұрады. Содан кейін желке шудасы, яғни, шүйде жүні жапырақ жуан болады. Бұны «Жапырақ қыран» дейміз. Бұл көп күй талғамайтын құс. Құстың аяғына қарау керек. «Оймақ аяқ», «Ұлар аяқ» дейтін түрлері болады.
Бүркіттің жембасары төрт тасты болып келсе, бұл нағыз қыран. «Тас» деп отырғаным, тұяқтың буындарында шорланып біткен қатты сүйел. «Жазық тұяқ» құстар да болады. Бұл құс көп күй тілемейді.
Одан басқа қыранның кеуде сүйегіне қарау керек. Бүркіттің төс сүйегінің басы қозының жауырыны сияқты келеді. Кейбір құста осы екі бас болады. Бұл алғыр қыранның сипаты. Өз басым қос сауытты (кеуде сүйегі қос қабат) құс көрдім. Бұндай құс желді жарып ұшқанда қиналмайды және аңға түскенде мығым келеді, тайсалмайды.
Сол сияқты, құстың тұмсығы қаракөктеніп тұрса, бұл нашар. Қыранның тұмсығы ақшыл келсе жақсы. Жағы түзу, ержақтылау болса, оны «Ержақты қыран» дейді. Жақсы бүркіттің құйрығы бүкір болады. Оны «Бүкір құйрық» құс дейміз. Бұдан басқа «Бір құйрық», «Кір құйрық», «Күрек құйрық» дегендері бар.
Содан кейін нағыз қыранның қанаты бір құлаш болады. Ертеректе Қайырбай деген бүркітшінің «Құлашкер» деген қыраны болды. Осы құсты Қайракең Дайынның (жер аты) Байге төбесінің етегіндегі жер ошаққа жұмыртқалаған жерінен алыпты. Нағыз қыран айлалы келеді. Шыңдағы балапанын адамдар үнемі ала берген соң, жасырып жайдақ жерге ұя салған сияқты. Осы құс зарына келгенде өзі тілеп қасқыр ұстайтын. Ақыры ажалы қасқырдан болды.
Моңғолия қазақтары көп салатын әрі оның баптау, бағын жақсы білетін «Қобданың жапырақ қарагері» дейтін құс бар. Сирек кездеседі. Бұдан өткен қыран жоқ. Бұл бүркіт қолыма бір рет түсті. Түзден ұстадым. Тура қыс түсе бастаған мезгіл еді. Қалқабай деген атамыз құсты көріп жіберіп: «Япырмай, сен қолға түспейтін жапырақты ұстаған екенсің, бұл тек асылға түседі деуші еді, асыл жердің бетінде емес астында болады, қайтер екенсің...» дегені. Осы құс 13 күнде бау асты.
Қобда бетінде «Алтайдың ақиығы» мен «Қобданың саршолағы» көп кездеседі. Баяғыда біздің ауылда құсбегі Бейіс дейтін адам болды. Сол кісі айтатын:
Қыран ұстау қазақтың ен-таңбасы,
Сыйласқан қисық сүйек бір жамбасы,
Жатсам-тұрсам ойымнан бір кетпейді,
Бүркіттің салпы тұяқ, қарақасы.
Өзі қағып, өзі алар саршолағым,
Құзғын тұмсық, қысық көз, қарагерім,
Қайқы құйрық, май қара, шөңгелсарым, - деп.
Осында айтылған құстың бәрін көрдім. Бір қызық айтайын осы Сарша қыраным төрт жылдай керген түлкіге түсе алмай тайсап жүрді. Содан тастүлек шыққанда жаңадан бір қауырсын пайда болды. Осы қауырсын қанаты түсіп, қайта көктеп шыққанда барып, керген түлкіні керген күйінде басып қалатын дәрежеге жетті.
(жалғасы бар)