Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебі (соңы)

2870
Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебі (соңы) - e-history.kz

2.2. Тарбағатай күйшілік мектебінің өкілдері

Шығыс күйлерінің бойлауық, көкейді тескен ғажап шертісі мен әдемі бояуын сақтаған орындаушылық мектептің үлкен бір тармағы – Қытай Халық Рес

Қайрақбай, Бәзғалам, Әнжан, Нәсілбай, Заманбек, Бейісбай, Жұмажан, Кәсімбай, Әнуаш, Қизат, Айтыкен, Отан, Мұқаш, Ұран, Аршын т.б. күйші композиторлар осы орындаушылық мектептің өкілдері болып саналады. Тарбағатай күйшілік мектебінің қалыптасуына ықпал еткен ең ірі тұлғалардың бірі – Қайрақбай Шәлекенұлы 1828 жылы Тарбағатай тауының теріскей бетіндегі Терісайрық деген жерде дүниеге келген. Жастайынан өнерге жаны құмар Қайрақбай сыбызғы тартуға әуестеніп, 7-8 жасқа келгенде бірді-екілі күй тарта бастайды, есейе келе сыбызғы өнерін барынша дамытып, өз дәуірінің атақты сыбызғышысына айналады. Қайрақбай өз өмірінде күйші-сыбызғышы ғана емес, Тарбағатай өңіріндегі найман еліне болыс болып, қазақтардың саяси жағдайына, көптеген дау-шарларға төрелік етіп, өмірінің соңына дейін төбе би болған адам. «Қайрақбай сыбызғының сазды әуенін қуйқылжытып тартқанда, жайылып жүрген жылқы кідіріп, тыңдап тұрып қалады» - деген сөздер күні бүгінге дейін халық арасында жиі айтылады. Тіпті, Қайрақбай Қызылшалы деген жерде тұрып сыбызғы тарқанда, арасы 4-5 шақырым келетін Ермендінің даласына еркін естілетіндігін сол кездегі көнекөз қарттардың аузынан жиі айтылады. Бұдан Қайрақбайдың өз дәуіріндегі сыбызғы өнерінің аса шоқтығы биік ірі тұлғаларының бірі екенін айқын аңғаруға болады. Қайрақбай күйлерінің басым көпшілігі сыбызғыда шығарылған. Алғаш сыбызғыда – «Сал күрең», «Құр ойнақ», «Майда қоңыр», «Ой толқыны», «Мол қоңыр», «Қоңыр қаз», «Сыбызғы күйі», «Бұтабайға арналған кеңес» қатарлы 40- тан астам күй шығарып тартқан, осы күйлердің ішіндегі «Мол қоңыр», «Майда қоңыр», «Сыбызғы күйі» қатарлы күйлері халық арасында кең таралған. Қайрақбайдың күйлерін баласы Әнжан Қайрақбайұлымен, асырап алған баласы Нәсілбай Қонысбайұлы алғаш домбыраға түсіріп тартқан. Әнжанның баласы Заманбек, Қайрақбай күйлерін әкесінен үйреніп, кейінге жалғастырды. Сонымен қатар Жұмажан, Кәсімбай, Әнуаш, Қизат, Мұқаш қатарлы күйшілер Қайрақбай күйлерін бүгінге жеткізді. Бір күні Қайрақбай Қонысбайдың үйіне келсе, Нәсілбай 8 жасқа толған мешел бала екен, мешел бола тұрсада ызыңдап күй әуенін айтып жүреді. Баладан бір үміт байқаған күйші Қайрақбай: «балам маған бір күй тартып бересің бе?» - дейді. Нәсілбай тартынбастан, Қайрақбайдың халық ішіне кең таралған «Құр ойнақ» күйін аузымен әуендетіп айтып береді, бұған қатты сүйсінген күйші, Нәсілбайды бала етіп асырап алады. Кейін Қайрақбайдың немересі Заманбекке Қайрақбайдың күйлерін домбырамен үйреткен осы Нәсілбай күйші деседі. Нәсілбайдан үйренген Заманбек 1940 жылдары Тарбағатай өңірінде есімі елген танымал «күйші» атанады. Заманбек бір орында 100-дің үстінде күй тартып, ата күйін кейінге жалғастырған дәулескер күйшілердің бірі. Қайрақбай күйлері Қытай қазақтарымен қоса Шығыс Қазақстан өңіріне де кең таралған. Ғабдылхақ Барлықов, Бағаналы Саятөлеков, Уәли Бекенов, Кәзен Әбуғазы қатарлы күйшілер Қайрақбайдың бірнеше күйлерін кеңінен насихаттап, қазақтың күй қорына баға жетпес қазына етіп қалдырды. Қайрақбай өз заманында халқының қастерлі күйшісі, әділ биі болып, ел тағдырына қатысты келелі кеңестерде төрелік еткен. Сондықтанда Қайрақбай күйлері қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі көкейкесті мәселелерге арқау болып, халықтың арман-тілегімен, мақсат-мұратын сипаттайды. Сондай күйлердің бірі – «Бұтабайға арналған Кеңес» күйі. Қайрақбай заманында, Бұтабай деген кісі аға сұлтандыққа сайланады. Мәнсапқа мас болған Бұтабай көп өтпей ағайынның қадірін, Алаштың құрметін ұмыта бастайды. Мұны естіген Қайрақбай ауыл ақсақалдарымен бірге Бұтабайға барып, ақыл кеңес ретінде, елдің береке-бірлігін, тілегін ұмытпауды түйін етіп бір күй тартады, қазірге дейін Тарбағатай өңірінде бұл күй «Бұтабайдың кеңесі» - деп аталып кеткен. Негізінде Бұтабай домбыра тартқан адам емес, бұл күйді Қайрақбай Бұтабайға кеңес ретінде шығарып тартқан. Бұл күйлер сол замандағы халықтың саяси-әлеуметтік жағдайынан сыр шертумен қоса, Қайрақбайдың келелі кеңестерде ұтқыр ой, сүбелі сөз айтып, күймен төрелік еткен әділдігін жырлайды. Әйгілі күйшлі Қайрақбай Шәлекенұлы 1877 жылы Қытай Халық Республикасы, Тарбағатай аймағы Дөрбүлжін ауданының Орқашар тауының бөктеріндегі Шошқа атқан деген жерде қайтыс болды.

Тарбағатай өңірінде сыбызғышылық өнер ерте кезде қалыптасқан, яғни аты үш аймаққа мәлім Қайрақбай күйші өз кезінде асқан сыбызғышы болған адам. Осы Қайрақбай күйшіден бастау алған Тарбағатай аймағы күйшілік мектебінің күйлері төмендегі кестедегі күйшілер арқылы бізге жетті: 

12554.jpg

Тарбағатай аймағының күйлері құрылысы, әуені жағынан Қазақстанның шығыс өңірі Семей, Өскемен өңіріндегі күйшілік мектепке өте жақын тіпті бір деп айтуға болады. Ескі күйлердің дені көбіне теріс бұрауда тартылып тарихы жағынан аңыз күйлер болып келеді. Әсіресе Іле, Алтай өңірлеріне ортақ болған жиі тартылатын «Ақсақ аю», «Жорға аю», «Мерген күйі», «Шыңырау», сияқты күйлер көптеп кездескенімен осы күйлердің бұл өңірдегі тартылуы күйдің құрлысы және нұсқаулық жағынан өзгешелеу болып келеді. Нұсқаулық жағынан өзгеше дамығаны мен сарыны жағынан Іле, Алтай өңіріндегі күйлермен бірдей. Бұл аймақтағы теріс бұраудағы күйлер домбыраның кіші сағасы «до-соль» дыбысынан немесе орта буын «до-до» дыбысынан басталып тартылады. Жалпы үш аймақтағы теріс бұраудағы күйлердің дені сыбызғы күйлерімен және қобыз күйлерімен астасып жатады. Тіпті көптеген күйлер сыбызғыдан домбыраға түсіріліп тартылған. Тарбағатай күйшілік мектебінің арыдағы өкілі Қайрақбай өз заманында асқан сыбызғышы болған. Кейіннен Қайрақбай күйлерін жеткізушілер сыбызғы күйлерінің көбін домбырада тартқан.

Қайрақбай Шәлекенұлы 1828 жылы қазіргі Тарбағатай тауының теріскей бетіндегі Терісайрық деген жерде дүниеге келген. Тарбағатай күйшілік мектебінің қалыптасуына ықпал еткен. Домбырашы, әрі сыбызғышы. Қайрақбай күйлері баласы Әнжан арқылы жеткен. Немересі Зманбек, одан Жұмажан алады.

Қазақтың XIX ғасырда өмір сүрген әйгілі күйшісі. Алтай, Тарбағатай, Баян-өлгий аймағындағы күйшілік мектептің орнығып, қалыптасуына ықпал еткен біртуар дарынды тұлға. Дәулескер домбырашы, даңғыл сыбызғышы болған. Домбыра мен сыбызғыда бірдей күй шығарған. Шыққан тегі – он екі ата Абақ Керей ішіндегі Байжігіт руы, оның ішінде Сайболат атасы. Топырақ бұйырған жері – Тарбағатайдағы Дөрбілжін қорымы. Қайрақбай Шығыс Түркістандағы қазақтардың саяси-әлеуметтік өміріне сергек араласқан адам. Бейсенбі Дөненбайұлы, Қожеке Назарұлы сияқты әйгілі тұлғалармен бастас, қадірлес болған.

Қайрақбайдың мұрасын жеткізушілердің көрнектісі – күйшінің немересі Заманбек күйші. Заманбек 1946 жылы жасы ұлғайып дүние салды. Заманбектің атасына арнап шығарған «Қайрақбай» атты күйі бар. Бұл күй Абақ Керейлердің арасында Жұмажан күйшінің «Арманда» деген күйі деп тартылады.

Қайрақбай Шәлекенұлының бүгінгі күнгежеткен күйлері: «Молқоңыр», «Мұңлы қоңыр», «Майда қоңыр», «Құр ойнақ», «кеңес», «Бұтабай кеңес», «Жұмағұл жалғыз», «Төребике», «Емен толқыны»т.б. «Ақсақ марал» күйі белгілі домбырашы Қабылхақ Барлықовтың орындауында күйтабаққа жазылған.

«Молқоңыр» күйіне байланысты төмендегідей күй аңызы бар. Қайрақбай дәулеті шалқыған бай болып, ылғи сарыала жылқы біткен екен. Ал өзі мініске қоңыр түсті атты мінгенді ұнатыпты. Қайрақбайдың «Молқоңыр» күйі атқа арналған. Қайрақбай еңгезердей, салмақты, денелі кісі екен. Кез келген ат көтеріп жүруге белі шыдамай, болдырып қала берсе керек. «Молқоңыр» Қайрақбайдың топқа мінер, таңдаулы аты болған. Жылқыға бітер барлық жақсы қасиет бір «Молқоңырдың» бойынан табылған екен. Әлді, жуан, жуас, мінсе берік, шапса жүйрік ат екен. Бес күндік жолды бір-ақ күнде басатын әлуетті және аса жүйрік жануар болғандығы жөнінде ел арасында көп айтылады.

Күйді тартып, шығу тарихын жеткізуші, домбырашы мұқаш таңғытұлы.

Тарбағатай күй өнерінің белді өкілдерінің бірі Бейсенбай Шабанбайұлы (1898-1947) Тарбағатайдың Толы ауданында дүниеге келген. Әкесі төреге жалшы болған. Қайрақбай, Сайлыбайлардан келе жатқан күйшілік дәстүрді жалғастырушы. Өз өмірінде «Шыңырау», «Ақсақ арқар» т.б. жиырма шақты күй шығарған. Жалғастырушылары өз ұлы Айтыкен Бейісбайұлы, Әнуаш Сүлейменұлы, Мұрат Ыбырайұлы, Мұқаш Таңғытұлы, Еркін Ергенұлы, т.б.

Өзі ұста, шебер болған, мылтық жасағаны үшін қытай түрмесіне де отырған. Өз жерінде қайтыс болған.

Тарбағатай күйшілік мектебінде аты бөлек аталатын, соқталы тұлға – Кәсімбай Құсайынұлы (1910-1991) Тарбағатай аймағының Толы ауданына қарасты Майлы тауы баурайында туған. Қайрақбай, Сайлыбай сияқты күйші-композиторлардың ізін жалғастырушы Кәсімбай әнші, киноактер, айтыс ақыны болумен қатар, өз жанынан 38 күй, 70-ке жуық ән шығарған. Шанхай музыкалық институтын бітірген ол халық ауыз әдебиеті шығармаларын жинастыру ісіне де үлкен үлес қосқан. Айткен Бейісбайұлы, Мұрат Ыбырайұлы, Әнуаш Сүлейменұлы сияқты бірқатар домбырашыларға күй үйреткен Кәсімбайдың өзі көзі тірісінде мұрасын аманаттап кеткен төл шәкірттерінің бірі – Мұқаш Таңғытұлы. Жастайынан әкесінен жетім қалған Кәсімбай әжесі Ақбілектің тәрбиесінде өседі. Кәсімбайдың әкесі өз заманында төкпе ақын болған екен. Ал, әжесі де әнші, күйші болған.  

Кәсімбай  ауыл молласынан оқыған білімдар адам.  Қойеке зәңгінің ұсынысымен Қазақстаннан барып «Бөзқұстай» мектебінде оқытушылық істеп жатқан Тіленісов, Ғайтбек деген кісілерден әдебиет, математика, жағрапия, ұлттық спорт және қазақтың халық ән-күйлері сынды пәндерден сабақ алады.  Кәсімбай 1952 жылы Толы ауданында алғашқы орта мектепті құрушылардың бірі болды, әрі өзі сабақ беріп, ұстаздық жолға түседі. 1953 жылы саралаудан өтіп, Қытай кино студиясының Шыңжаң бөлімшесінде актер болып қызмет атқарады. Осы мезгілде  Шаңхай қаласынан актерлік білімін толықтырады. 1953-1955 жылдары Қытайдағы қазақтар өмірінен алынған «Хасен-Жәмила» кино филімінде күйші қарттың образын сәтті сомдап, Қытайдағы алғашқы қазақ кино актерлерінің бірі болды. Іле облыстық ойын-сауық үйірмесінде жұмыс жасайды. Ел аралап, өнер көрсете жүріп, халық арасынан әдебиет-көркемөнер мұраларын жинап, реттеу, зерттеу жақтарында талай жұмыс бітірді.

Және осылармен қоса Таңғыт Мұқатұлы, Камал Мақайұлы ірі күй жеткізушілер шығарған қасиетті Тарбағатай жұрты таланттан кенде болған емес. Біз сөз соңында осы мектептің аса ірі өкілі, күйші-композитор Қизат Сейітқазинды атап өтпекшіміз.

Қизат Сейітқазин 1942 жылы 15-қыркүйекте Толы ауданының Жайыр өңіріндегі, Қату деген тауда, үш атасынан дін жолын қуған молла отбасында дүниеге келген. 1959 жылы Шыңжаң өнеркәсіп қатынас мектебінің тас жол кәсібіне оқуға түсіп, 1962 жылы орта техникумды тәмамдап, Толы аудандық тас жол мекемесіне техник болып жұмысқа орналасады. 1981 жылы аудан басшыларының ұсынысымен аудандық радио-телеарна мекемесіне редактор әрі тілші болып ауысып, 1984 жылы жоғары білім дәрежесін алып, орта дәрежелі редактор деген ғылыми атақпен істеп, 1999 жылы мамыр айында құрметті демалысқа шыққан. Қизат Сейітқазын 1962 жылдан домбыра өнерімен айналысып ән-күй шығара бастаған. 1986 жылы алғашқы туындысы – «Дауылпаз» бүкіл мемлекеттік кезекті байқауда бас жүлдені жеңвп алады. 1992 жылы Түркияның Анкара қаласында халқаралық «Картал» он біріншікезекті фестивальінде «Дауылпаз» тағы да үздік туынды болды. Алматы қаласында үш рет Еркін Ергенұлының орындауында, Талдықорғанда екі рет Ұран Ақатайұлының орындауында үлкен марапатқа ие болды. қизат шығармашылығында 97 ән, 21 күй, 50-ден астам ән-өлең, толғаулары түрлі басылымдарда жарияланған танымал өнерпаз.

Жоғарыдағы «Дауылпаз» күйінің шығу тарихы туралы Қизат Сейітқазин кезекті радио сұхбатында: «1975 жылы қаңтардың 21 күні «Көркем жайыр» қатарлы бірнеше күйім Шыңжан халық радиосынан естіле бастаған. Жекелеген күншіл жандар, «Көркем Жайыр» Қайрақбай Шәлекенұлының «Молқоңыр» деген күйі деп, аяғымнан шалу мақсатында радиоға арыз жазыпты. Бұл арыздар кейін заңды жолдармен өз шешімін тапты. 1976 жылы маусым айында науқастанып, Үрімжідегі емханада емделіп жатқан кезде Тарбағатай аймағының әкімі Нұрмұхамет келіп көңілімді сұрады. Ол уақытта сақайып қалғандықтан ағамызбен бірге ауылға қайттық. Шекара қорғанысы жолында «Шуырма асуынан» жүріп, Ерентауды қақ жарып «Қызыл сай» деген шатқалдың басына шыққанда Нұкең ақсақал машинаны тоқтатып, аспанда қалықтап жүрген бүркітті нұсқап: «Мынау Еренқабырғаның мұзбалағы, бұл еш бір аңнан қорықпайды, егер шынайы қарыны ашып қалса қасқырға да түседі. Қизат, сен де өз ортаңда өнеріңмен қанат қаққан өнерпазсың, мәдениеттің зор төңкерісінде көрмегенді көріп, жарым жан болдың. Ол аз болғандай науқастан екі бірдей балаң шетінеп, қайғының қармағына алындың. Осындай қатерлі сәтте қайғыны қажырыңмен жеңіп шық» – деп, «халқыңа қызмет етіп, ұлттық өнерге сусаған елдің зарығын басуды биік мақсат санап, ән мен күй сыйладың. Енді, Қизат, саған айтарым, «Ерентаудың мұзбалағы» деген атпен бір күй жазсаң болар ма екен», – деген ұсыныс айтты. Осы сапардан кейін бала-шағамды алып, Жайыртау жайлауындағы үлкен үйге барып, күй шығарудың күрделі сапарына қадам басып, күйге «Дауылпаз» деген ат қойып, домбырамды қолыма алдым. Тамаша дала табиғатының алуан құбылыстарына еліте отырып, дауылды толқындарды жара ұшқан «Дауылпаз» күйі шықты, ал 1977 жылы радиодан беріле бастады. Оның ә, деп толқыған теңізден көтеріле қалықтауын, одан соң ақ өркеш дауылды толқындарды жарып өтерінде кедергілерге қарсы ұшып, екі қанатын қомдап, толқын қатерінен өткен соң орлы-қырлы құйылып, көк теңіз бен көк аспанның ортасында еркін қанат қаққан Дауылпазды суреттедім», – деп баяндаған (10.08.2012). Күйдің музыкалық ерекшелігінен пентатоникалық ладтардың ауысып дамитыны аңғарылады. Автор әуендік құрылысын мелизм түрлерімен байытып, мұнда форшлаг, мордент, трель, тремоло әдістерін пайдаланған. Ал оң қол қағыстарына келетін болсақ, қазақтың көнеден келе жатқан ілме қағыс, теріс қағыс, қара қағыс, дара ілме, табандату қағыстарын гитара аспабында кездесетін қағыстармен жымдастырған. Соның негізінде қағыс түрлерінің өте кең ауқымы қамтылған. Күйшінің «Жан сыры» күйнде тебіренген қиял, мол сырлы сезім, адам жанын терберліктей толғау арқау болады. Осы арқылы адам жанымен сырласып, мұңдасады.

Қорытынды

Күй тарихы қаншалықты әріде болса, Алтай-Тарбағатай күйлерінің тамыры да соншалықты тереңге кеткен. Олай дейтініміз бүгінде белгілі ең ескі күйлер сол Шығыс (Алтай) күйшілік мектебіне жатады. Оның орындалудағы мәнері, дыбыс бояуы соны аңғартады. Және алғашқы түркі күйлерінде қимыл-қозғалысты, табиғаттың әлде бір дыбыстық немесе басқалай ерекшелігін өз қалыпнда беруге тырысқан, қарапайым бейнелеушілік басым. «Ақсақ қаз», «Бұлғын-сусар», «Жалғыз қурай» күйлерінде бұл әсіресе байқалады. Ал кейін келе күй әр жағынан дамып, күрделі сөйлемдік тәсілдерді арқалап, адам жанының ішкі сыры, көңіл-күйі суреттеліп, жұмбағы артып, жан-дүниеңді жаулап алатын ғажайып дыбыс өрнектерін құрады.

Осы барыста Алтай-Тарбағатай өңірінде кең тараған ескі күйлер бұзылмай, өзгермей жету арқылы, кейінгі күйшілерге түп негіздік бағыт беріп отырды. Шығыс күйі әр өңірдің өзінің тұрмыс-салты, мінез-құлқына қатты бейімделгендіктен, басқа өңірлік ерекшеліктерді қабылдауға тым шабан болды. Егер жаңалық әкелген күннің өзінде тұрғылықты жұрт оны қабыл етуі екіталай еді. Міне осы ерекшеліктің себебінен Алтай-Тарбағатай күйлері бұрынғы өзінің түркілік тегін сақтай отырып дамыды. Ең көне музыкалық аспап сыбызғы болғаны мәлім. Алтай-Тарбағатай кйлері де ең көнеден тамыр тартқандықтан сыбызғы әуені домбыра күйлерінде ілесе жүрді. Бұл әуен бірде тым қатты байқалса, бірде байқалмай қалатын кездері де болады. Тағы бір ерекшелігі сол өңірдің әндері сеілді белгілі бір баяу, жұмсақ ырғақтар мол кезігеді. Мұны да күйді кәдімгі сөз қолданғандай қолдануға ниет қылғандығы деп білеміз. Және көпшілік күйлерде бұл орындалған. Бұған байланысты әр түрлі күй аңыздары мен сол күйдің өзі дәлел бола алады.

Кейінгі Шығыстық әйгілі күйшідердің де осы көне сарынға қосқан үлесі, әкелген өзіндік қолтаңбасы айқын. Кетбұғаның «Ақсақ құлан» күйі де арғы түркілік қимылды бейнелеу, қозғалысты дәп басып суреттеуге құрылған. Ал Байжігіт күйлерінде Шығыс күйі тым тереңдеп, тұлғаланып, ішкі көңіл-күйді, әлде бір сипатты, тіпті бір дәуірлік заман суретін беруге дейін дамыған. Оның «Құлан жарғақ», «Қайың сауған» секілді күйлері, алғашқысы жалпы түркі жұрты басынан кешкен, сонау көне аңшылық заманнан хабар берсе, соңғыс қасірет шегіп ақтабан-шұбырынды болған қазақ жұртының хал-ахуалын суреттейді. Оның шәкірті болған Қызыл мойын Қуандықтың да күй өрнегі ішкі әлемді ашуға жол салған.

Байжігіт, Қуандық, Тәттімбет, тағы да басқа күйшілер дамытқан өнер Бейсенбі Дөненбайұлы, Қайрақбай Шәлекенұлы бастаған Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебінің негізін салушы өкілдермен одан әрі толықтана түсті. Бейсенбі күйлері шертпе күйлерге жатады. Бежең жасаған өңір – Алтай тауының күнгейі. Сондықтан оның күйлерін Арқа және Шығыс Қазақстан күйшілік ұясынан шыққан күйлерге жатқызуға болады. Бұл ұяның күйлері шертпе күйлер екені жұртқа мәлім. Жеке адамның күйшілік өнері көрген, игерген дәстүрінен тамыр тартады. Сол секілді оның соңынан ізін басқан шәкірттері де, басқа да Алтай күйшілерде осы жобадан озған жоқ. Түп негізді сақтай отырып, дамып, өркендеп шерпе күйлердің мол қазынасын қалыптастырды.

Қайрақбай Шәлекенұлы күйлерінің көбі сыбызғы күйлері болған. Кейінгі орындаушыларда домбыраға түсіріп орындап жүргендері бар. Яғни әрі домбыраға, әрі сыбызғыға арналған, байырғы түркілік негізді ұстанады. Оның ізін басқан Бәзғалам, Қизат Сейітқазин секілді күйшілер де осы бағыттан ауытқымады. Кейінгі өкілдерде әрине төкпе күйге де бағын сынап көрушілік бар. Алайда бәрібір бұрынғы шертпелік негіздің сақталуы маңызды болды.

Сөз соңында айтар болсақ, Алтай-Тарбағатай күйлері бағы ғасырлардан жалғасқан дәстүрлі түркілік күй өнерін негіз ете отырып дамып, не бір терең тұңғиықтардан сыр шертіп, өзіне ғана тән аймақтық ерекшелікке ие күйшілік дәстүрін қалыптастыру арқылы, ұлтымыздың мәдениет қоржынына мол олжа сала білді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?